- Advertisement -

Алтынның ауылы алыстап барады

92

- Advertisement -

Жапаровқа жүлде бұйырмады

Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Жазғы Олимпиада ойындарында әзірге Қазақстан қоржынына қоладан басқа жүлде түсер емес. Сенім артқан сайыпқырандарымыздың біразы жеңілістің кермек дәмін татып жатса, жұрт аса сенбеген кейбір спортшыларымыз әзірге жарысты жалғастырып жатыр.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында таэквондо шебері Арман Шілманов қола жүлде алғаннан кейін біздің елде бұл спорт түріне аңсары ауған жастардың қатары көп болған. Жақсы нәтижелерімен жанымызды жадыратқан саңлақтар да баршылық болатын. Олардың қатарында жамбылдық спортшы Руслан Жапаров та бар. Рио Олимпиадасында Көк туымызды көтеріп шыққан жерлесімізге жүлде бұйырмағаны жұрттың есінде ғой. Одан бері де бес жылдың жүзі өтті. Әрине, Русланды +80 килограмм салмақ дәрежесіндегі фавориттердің қатарына жатқыза алмаймыз. Әйткенмен, бес жылды тәжірибе толыстырған жампозымызға бәлкім осы жолы қола жүлде бұйырар деген үміт сәулесі болғаны да рас.

Олимпиада ойындарының 1\16 финалында жамбылдық спортшы неміс жігіті Александр Бахманнмен кездесті. Бірінші және екінші кезеңде сауаттылық танытқан ол жеңісті уыстан шығарған жоқ. Үшінші кезеңде неміс спортшысы белсенділік танытқанмен, жалпы есепте 11:7 есебімен Руслан жеңімпаз атанды. Осылайша ширек финал жолдамасын қалтаға салған Руслан жартылаф финалға таласатын кездесуде қарсыласына есе жіберді.

Руслан ширек финалдық бәсекеде оңтүстіккореялық Ку Дон Инге қарсы шықты. Жерлесіміз бірінші кезеңде бір ұпай айырмасымен қарсыласына есе жібергенімен, екінші кезеңде таразы басын теңестірген болатын. Алайда үшінші кезеңде кәріс жігіті қазақстандықты сегіз ұпай айырмасымен жеңіп, Жапаровты жарыс жолынан шығарып тастады.

Қазақ жанкүйерлері сенім артқан таэквондошы қыз Жансель Дениз де алысқа бармады. 67 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы жарысты жақсы-ақ бастаған болатын. Ол бірінші кездесуінде өзбекстандық Светлана Осиповадан айласын асырып, жанкүйерлерді қуантқанымен, екінші айналымда ұлыбританиялық Бьянко Уокденге есе жіберді. Осылайша екі таэквондошымыз да екінші кезеңнен әрі аса алмай, елге қайтуға мәжбүр болды.

Елдостан басқасы еңсемізді түсірді

Дзюдо күресінен Токио Олимпиадасына аттанған саңлақтарымыздың ішінде Елдостан басқасына жүлде бұйырмады. 73 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Жансай Смағұлдың бірінші кезеңде армениялық қарсыласынан айласын асырғанымен, әрмен қарай жарқырай алмағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Екінші кездесуінде канадалық қарсыласына есе жіберген Жансайдың жолын өзгелер де жалғады. Иә, 81 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дидар Хамзаның моңғол балуанынан жеңілгені де жұрттың жадында. 90 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Ислам Бозбаев те сенімнің үдесінен шыға алмады. Ол әзірбайжандық Маммадәлі Мехдиевке қарсы белдесуде жеңілістің кермек дәмін татқан болатын.

Иә, Токиоға сенім арқалап барған дзюдошыларымыз осылайша еңсемізді түсірді. Рио Олимпиадасында атой салып, қола медаль алған Отгонцецег Галбадрах та биыл ойдағыдай нәтиже көрсете алмағаны мәлім. Қысқасы, қазақ дзюдошыларының бірқатары татамиде дәрменсіздік танытқаны жанкүйерлерге ұнамағаны анық. Олар алдағы уақытта қателікпен жұмыс істесе дейміз.

  Сенсация жасаса, Рыбакина жасасын!

Олимпиада ойындарына ел сенімін арқалап аттанған теннисшілеріміздің ішінде Елена Рыбакина жарап тұр. Елена қыздың Олимпиада ойындарының финалына шығу мүмкіндігі күн санап артып келеді. Ең қуаныштысы, Рыбакина дәл қазір Олимпиада ойындарының жартылай финалына жолдама алды.

Елена Рыбакина 1\8 финалдық кездесуде хорват қызы Донна Векичке қарсы кортқа шыққанын жұртшылық жақсы біледі. Токио төрінде барын салып жатқан қазақстандық спортшы бұл кездесуде өзінің мықты екенін дәлелдей білді. Ойынның бірінші сеті қазақстандық спортшығы оңай соққан жоқ. Тәжірибелі қарсыласын 7:6 есебімен әрең жеңді. Алайда Елена екінші сетте хорват қызын 6:4 есебімен ұтып, ширек финал жолдамасын қалтаға салған болатын.

Ширек финалда Елена Рыбакинаға қарсы әлемнің экс бірінші ракеткасы, испаниялық Габринье Мугуруса тұрды. Бұл екі теннисші маусым айында алғаш рет кортта кездескен болатын. Сол жолы испаниялық спортшының мерейі үстем түскенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл жолы Елена сол кеткен есені қайтару үшін бар күшін салып бақты.

Иә, Елена қазақстандық жанкүйерлерді қуантты. Тәжірибелі қарсыласын бірінші сетте 7:5 есебімен ұтқан ол екінші сетте Мугурусаға ешбір мүмкіндік қалдырмай, қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңді.

Жартылай финалға шыққан Елена Рыбакина кездесу аяқталғаннан кейін өз ойынына көңілі толғанын жеткізді. «Бүгін мен шын мәнінде жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсете білдім. Әрине, аз-маз қажет емес қателіктерге бой алдырғаным рас. Соған қарамастан жекелеген сәттерде өз шеберлігімді көрсетіп, жеңісті жорықты жалғастырдым. Әлбетте, мұнымен іс біткен жоқ. Мен дәл осы деңгейімді жартылай финалдық кездесуде көрсетуге бар күшімді салатын боламын. Өйткені ол мен үшін өте маңызды матч болып тұрғаны анық»,-деді Елена Рыбакина өз ойымен бөлісіп.

Расымен де жартылай финалға бастар жолды жаңылмай тапқан Елена Рыбакина финалға шықса деген тілек көкейде атой салып тұр. Рыбакинадан жұрттың жүлде күтпегені рас. Айды аспанға шығарып, алтын алып жатса, тіпті ғажап емес пе? Ол үшін алдымен финалға жолдама алу керек. Жартылай финалда қазақстандық теннисші қыз швейцариялық Белинда Бенчичпен кездеседі. Бенчич мықты теннисшілердің бірі саналғанымен, алып бара жатқан түгі жоқ. Елена Рыбакина барын салып бақса, финалдың да төбесі көрінеді. Солай болса, шіркін, дейміз біз.

«Қазақ салмағынан» қадір кетті

Олимпиада ойындарында қазақ жанкүйерлері боксшыларымыздан алтын жүлде күтетіні айтпаса да түсінікті. Тәуелсіздік алғалы бері Олимпиададан боксшыларымыз алтынсыз қайтқан емес. Тіпті, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында былғары қолғап шеберлеріміз бір емес, екі алтын жүлдемен оралғанын ел есінен қалай шығарсын? Бірақ, Токио Олимпиадасы боксшыларымыз үшін сәтсіз болып тұр.

Біз 69 килограмм салмақ дәрежесін «қазақ салмағы» деп атап кеткелі де біраз уақыт болды. Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов секілді сайыпқырандарымыз төрт Олимпиада қатарынан алтын жүлде алған соң «қазақ салмағы» демеске лажымыз қайсы? Содан да болар, осы салмақта ел намысын қорғайтын Абылайхан Жүсіповке зор сенім артылған еді. Алайда Абылайхан Жүсіпов сол сенімнің үдесінен шыға алмады.

Қарағандылық боксшы бірінші кездесуінде жеңіліс тапты. Абылайханның рингтегі қарсыласы америкалық Деланте Джонсон бұл салмақтың фавориті саналмаған болатын. Содан да болса керек, қазақстандық былғары қолғап шеберінің мүмкіндігін жоғары бағалағанбыз. Алайда Абылайханның бойынан жеңіске деген құштарлықты көргенімізбен, шеберлікті байқай алмадық. Ең осал тұсы қорғанысы екенін де көз көрді. Қажет кезінде шабуылға шығып, керек кезінде қорғана білген АҚШ спортшысы бұл күні Жүсіповтен шын мәнінде басым болғанына ешкімнің таласы жоқ шығар. Абылайхан жеңілгеннен кейін лицензиялық жарысқа осы салмақтағы үздіктердің бірі саналған Асланбек Шымбергеновтың барғаны дұрыс па еді деп даурықты әлеуметтік желі қолданушылары. Олар Шымбергенов халықаралық жарыстарда ресейлік Андрей Замкавойды, кубалық Рониель Иглесиас Сотолонгоны, өзбекстандық Бобо-Усмон Ботуровты, тіпті, кезінде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері болған өзбекстандық Шахрам Гиясовты уақытында ұтқанын алға тартып жатты. Әрине, әркімнің өз пікірі бар. Бапкерлік штабтың таңдауы Абылайханға түсті. Ендігі сауалдарға солар жауап бере жатар.

Абылайханның жеңілісі жанымызға батып үлгермей жатып, тағы бір үміт артқан саңлағымыз Олимпиада ойындарымен қош айтысты. Қош айтысқанда да мерзімінен бұрын жеңіліп, көңіл-күйімізді тас-талқанын шығарған болатын. Иә, 91 килограмм салмақ дәрежесіндегі сенім артқан саңлағымыз Василий Левит түбі кубалық, бүгінде Испания құрамасының намысын қорғаған Эммануэль Рейестен екінші раундта нокаутпен жеңілді. Раунд басында екі соққы жіберген соң Левиттің теңселіп кеткенін байқаған Рейес әрмен қарай бірнеше соққысын дарытып, қазақстандық былғары қолғап шеберін сұлатып түсірді. Өкінішті, әрине. Осылайша Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері де Олимпиада ойындарымен ерте қоштасты.

Екі боксшымыз жарыс жолынан шығып қалған соң, басқа былғары қолғап шеберлері сол сәтсіз серияны үзетін шығар деп топшылағанбыз. Олай болмай шықты. 57 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Серік Теміржанов екінші айналымнан кейін жарыстан шығып қалды. Америкалық Дюк Раганға қарсы шаршы алаңға шыққан отандасымыз қарсыласына қарсы еш қайран көрсете алған жоқ. Бұл кездесуде америкалық боксшының мықты екені айқын байқалып тұрды. Нәтижесінде Раган келесі кезең жолдамасын қалтаға салды. Серік Теміржановтың қарсыласынан анық жеңілгенін көріп отырып, ойымызға еріксіз Қайрат Ералиев оралды. Иә, ол кезде 56 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан (қазіргідей 57 емес, 56 килограмм салмақ дәрежесі бар болатын) Қайрат Ералиев Гамбургтегі әлем чемпионатының финалында дәл осы Дюк Раганды айқын басымдылықпен ұтып, айызымызды қандырып еді-ау.

Жанкүйерлер 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовті осы Олимпиаданың чемпионы атанады деп күткені жасырын емес. Оған негіз де бар. Соңғы әлем чемпионатында Бекзат айласын асырған кубалық Хулио Сесар Ла Круз 91 килограмм салмақ дәрежесіне ауысқан болатын. Былайша айтқанда Бекзат ойдағыдай жұдырықтаса алса, алтын жүлдені мойнына тағу мүмкіндігі зор еді. Бірақ, сенім артқан саңлағымыз бірінші кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Ресейлік Имам Хатаевпен жұдырықтасқан ол екінші раундта қарсыласынан басым көрінгенімен, бірінші және екінші үш минуттықтарда Хатаевтан айласын асыра алмады. Осылайша Бекзат та Олимпиада ойындарына қол бұлғап кетті. Өкінішті әрине.

Арулар бәсекесінде бақ сынаған Надежда Рябецтің жеңілісі де көңілімізді су сепкендей басты. 75 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Надежда канадалық Тамара Тиболтқа есе жіберді.

Олимпиадада Қазақстан ерлер құрамасының төрт боксшысы жарысты жалғастырып жатыр. Олар: 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі Сәкен Бибосынов, 63 килограмм салмақтағы Зәкір Сафиуллин, 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл және +91 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз, ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев. Енді осы жігіттердің жолына үмітпен қараймыз. Әбілхан рингте өзбекстандық Фанат Кахромоновтан айласын асыратындығына сенеміз.

Қысқасы, Токио Олимпидасының әзірге қазақ спортшылары үшін басы қатты болып тұр. Алдағы күндерде аяғы тәтті аяқталады деген ойдамыз. Өйткені бақ сынайтын әлі де біраз үкілі үміттеріміз баршылық. Олар енді намысты қолдан бермеуге бар күштерін сарқа жұмсамақ.

Табиғат Абаилдаев

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support