- Advertisement -

Ердің сойы – Елдос

81

- Advertisement -

Жамбылдық дзюдошы ел қоржынына алғашқы жүлдені салды.

Жапония астанасы Токио қаласында жалауы желбіреген Жазғы Олимпиада ойындарының екінші күні қазақстандық жанкүйерлерге шексіз қуаныш сыйлады. Жұрт сенім артқан саңлақтарымыздың ішінде дзюдошы Елдос Сметовтың жөні бөлек екені айтпаса да түсінікті. Сол Елдос сенімнің үдесінен шығып, ел қоржынына алғашқы қола жүлдені салды.

Жалпы алғанда Елдостың еншісінде Олимпиада чемпионы деген мәртебелі атақтан басқа жүлденің барлығы да бар болатын. Иә, ол дзюдо күресінен әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, одан бөлек, әлем чемпионаты мен Азия чемпионатынан алған қола жүлделері мен бірнеше үлкен дулығалы жарыстарда қол жеткізген жеңістері және бар. Содан да болар, ол Токиодағы аламанға алтын жүлдені қоржынға түсіру мақсатымен аттанды. Өзі де: «Бұйырмаған алтынды алсам деген ниеттемін» дегенді бірнеше мәрте айтып жүрді. Токио төрінде дзюдо күресінен алтын медаль алған алғашқы қазақ атануды мақсат тұтты. Сол жолда талмай тер төкті, аянбай еңбектенді.

Сонымен, Токиодағы доданың екінші күнінде қазақ жанкүйерлері ресейлік және өзбекстандық сайттар арқылы 60 килограмм салмақ дәрежесіндегі бәсекеге көз тікті. Бәрі Елдос Сметовтың жеңістің биік тұғырынан көрінуін қалады. Жеребе бойынша бірінші кезеңнен еркін өткен жерлесіміз екінші кезеңде түркиялық Михраш Аққұспен белдесетін болды. Татамиге беттеген жампоздың жүзінен сенімділіктің белгісі айқын аңғарылып тұрды. Ол үшін қарсылас Аққұс бола ма, басқа бола ма, маңызы жоқ. Ең бастысы – жеңіске жету. Татамиде еркін ойқастаған Елдос Сметов қарсыласын мерзімінен бұрын таза жеңді. Тақым қысқан қазақ елімен бірге біз де: «Жарайсың, Елдос!» дестік. Сенімді жеңіс! Жарайсыңнан басқа не айтамыз?

Келесі қарсылас – оңтүстіккореялық Ким Вон Жин. Талай додада жүлде алған шын мықтының бірі де осы жігіт екені талас тудырмаса керек. Сұңғақ бойлы кәріс жігітінің де арманы асқақ. Ол да Олимпиада ойындарына жасындай жарқырау мақсатында келді. Риода күміспен күптелген қазақ оғланы үшін кәріс жігіті оңай қарсылас емес. Бірақ, Елдос оны да бұйым құрлы көрген жоқ. Ким Вон Жиніңізді де өзінің әдісіне, ыңғайына туралап алды да, жер бауырлатты. Нәтижесінде бұл қарсыласын да мерзімінен бұрын жеңіп, жартылай финалдың жолдамасын қалтаға салды. Алда финалдық жолдама сарапқа салынатын негізгі белдесу…

Жартылай финалда Олимпиаданың алтыны үшін жарыс жолына шыққан шын мәніндегі екі мықтының жолы түйісті. Үш мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізген жапониялық Наохиса Такатоңыз бес жыл бұрын өткен Рио Олимпиадасының алтыны ресейлік Беслан Мудрановтың қанжығасында кеткенде кәдімгідей тістеніп, бір бармағын ішіне бүгіп қалған болатын. Сол кезде оның жүзінен «Токионың алтыны менікі», – дегенді оқығандай едік. Сол Мудрановқа финалда есе жіберген Елдос та Олимпиаданың алтынын алуға келген. Енді міне, жауапты сәт. Татами қожайынына қарсы белдесетін уақыт таяды. Дзюдо күресінің жілігін шағып майын ішкен мамандар бұл белдесуді: «Финалға дейінгі финал», – деп жатты. Енді ше, төрткүл дүниенің маңдайалды дзюдошыларының жолы жартылай финалда түйіссе ол шынында да нағыз финал емес пе?

Төреші белгі берді. Белдесу басталды. Екеуі де мықтылардың мықтысы ғой. Салған жерден шабуылға басқан жоқ. Аңдысып бақты. Кім мүлт кетеді, екіншісі соны пайдаланбақ. Алғашқы минут өткен соң қос мықты біртіндеп шабуылға көше бастады. Бірақ бір-біріне сыр алдырған жоқ. Қолданылған тәсілдер еш нәтиже бермеді. Бұдан кейін қосымша уақыт белгіленді. Алдында төрт минут бойы кім үздік деген сауалға жауап таппаған Такато мен Сметов жеті минут бойы бір-бірінің әлсіз тұсын тап басып табуға талпынды. Елдоста қарсыласын жеңетін бір мүмкіндік болды. Алайда соңғы сәтте жапон жігіті сытылып шықты. Шын жүйріктердің қорғанысы да ғажап екенін көз көрді. Ақырында екеуі де шаршап, ентігіп қалды. Қосымша уақыттың жетінші минутында Елдос әдіс жасап баққан. Әйткенмен осы сәтте қарсылас құрған қақпанға топ етіп түсіп қалды. Осылайша жеңіс қолдан сусып кете барды. Жұрт өкінген жоқ. Десе де Елдостың жүзінен өкініштің табы айқын аңғарылып тұрды. Ал біз қола жүлде үшін өтетін белдесуді күттік.

Наохиса Такато біздің Елдос Сметов үшін ең ыңғайсыз қарсылас саналады. Токио Олимпиадасына дейін екеуі бес мәрте кездесіп, барлығында жапон жігітінің асығы алшысынан түскен болатын. Өз елінде де сол дәстүрді сәтімен жалғастыра білді. Ал бұл салмақтағы қалған мықты қарсыластардың барлығынан жеңіс саны бойынша Елдос басым тұрған еді. Соған қарап-ақ Сметов жартылай финалда Такатомен жолықпағанда финалда алтынға таласатынын болжау қиын емес-тін. Амал нешік, бәрі біз ойлағандай болған жоқ.

Қазақ дзюдосының жанкүйері ретінде көкейімізде күдік болды. Финалға өте алмаған соң Елдостың көңіл-күйі түсіп кеткен жоқ па екен деп қобалжып отырмыз. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуге беттеді. Жанарынан жеңіске деген құштарлық айқын аңғарылды. Көкейдегі күдік тұманы да сейіле бастады. Жерлесіміз қола жүлде үшін өткен кездесуде нидерландылық балуан Торнике Тсакадоемен белдесті. Такатомен 11 минут бойы толассыз алысқан Елдос қатты асықпады. Қанша дегенмен шаршаңқылық байқалады ғой. Әйткенмен, қазақ жанкүйерлерін қуанту үшін барын салды. Асықпай жүріп арбамен қоян алуға тырысты. Сөйтіп бұл белдесу де қосымша уақытта жалғасты. Негізгі уақытта қарсыласынан айласын асыра алмаған Елдос Сметов қосымша уақытта өз дегеніне жетті. Қарсыласын қарсы шабуылда әдемі ұстай білген ол жеңісті жұлып алды. Татамиде жүзіне ыза тұнған Елдостың реңінен қуанышты байқағандай болғанбыз. Алайда ол татамиден түсе бере көз жасына ерік берді. Жанарынан ыршыған жас пен еңкілдеген үннен қайтадан өкініштің дыбысын естігендей күй кештік. Иә, оның көкейінде: «Алтын жүлдеге бір ғана қадам қалып еді ғой», – деген жазу тұрғандай көрінді.

Жамбылдық жампоз Риодағы күміс жүлдесіне Токиодан қола медаль қосқан сәтте қобалжыған күйі оның алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға хабарластық. Талай биікті бағындырған тарланбоз спортшының бірінші бапкері өзі бес жасынан баптаған жүйрігінің көз жасына ерік бергенін қалай түсінгенін сұрадық.

– Иә, дұрыс айтасың. Ол жерде Елдос орын алғаны үшін қуанып жылап тұрған жоқ. Шындық та сол. Елдос балам алтын жүлде алмағаны үшін өкініп жылап тұрғаны даусыз. Қарап тұрсаң бір өзінде бүкіл жарыстың алтын жүлдесі бар. Тек қана осы Олимпиада ойындарының алтын медалі жетпей жүр дегенді өзі де айтатын. Сол үшін де көз жасына ерік берді.

Адамның айтқаны емес, Алланың бұйыртқаны болады ғой. Олимпиадаға қаншама спортшы барса, оның қаншасы жүлдесіз қайтады десеңізші. Біз Елдостың қола жүлдесіне шүкір дейміз. Бір емес, екі мәрте өзінің мықты екенін дәлелдеген алғашқы қазақ дзюдошысы да осы Елдос. Ең бастысы Жаратқан иеміз Елдос балама қуат берсін, денсаулығы зор болсын. Әрі қарай күрескісі келсе, күресе жатар. Ол жағын Елдостың өзі біледі. Отыз жастан асқан соң да күресіп жатқан балуандар жеткілікті. Осындай қуанышты күндеріміз таусылмасын, жеңісті күндерде жақсы жаңалықтарды бөлісіп аман жүрейік, – деді қашанда Елдостың қасынан табыла кететін алғашқы бапкері ақжарма тілегін арнап.

Расында да талай айтулы додаларда барын салып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінген Елдос Сметов дзюдо күресіне жиырма жылдан астам уақытын арнағаны мәлім. Содан бергі аралықта сан түрлі жарақат алса да ештеңеге мойыған жоқ. Алда тұрған барлық кедергілерді жеңе білді. Нәтижесінде әлем чемпионы атанды, Азия құрлығында өзінің теңдессіз екенін танытты. Одан да көптеген жарыстарда чемпион болғанын жоғарыда жаздық. Көптеген кереметтей жетістіктерге қол жеткізген саңлағымыздың ендігі мақсаты қандай?

– Дәл осы Токио қаласындағы Жазғы Олимпиада ойындарына алтын жүлде алу мақсатымен келгенімді барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Риодан кейін дзюдошы ретіндегі мансабымды аяқтамағанымның да себебі сол болатын. Оны да жақсы түсінесіздер деп ойлаймын. Шынында да солай, күміс жүлдеден кейін алтын медаль алғым келді. Мемлекетіміздің мерейін асырып, Гимнді шырқату үшін аянбай еңбек еткенім де рас. Бар арманым да сол биікті бағындыру болатын. Маңдайға жазылғаны шығар, маған бұйырғаны қола медаль екен.

Татамиде еш аянып қалғаным жоқ. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осыншама жыл бойы жинаған тәжірибемнің барлығын Токио татамиінде көрсеттім. Жартылай финалдағы өнерімді барлықтарыңыз көрген шығарсыздар. Тартысқа толы жағдайда өрбіді. Сан мәрте шабуыл ұйымдастырып, жеңісті жұлып алуға тырысудай тырыстым. Бірақ өздеріңіз көргендей, жеңіс жапон жігітіне бұйырды. Наохиса Такато менімен финалдық белдесуге шыққандай шықты. Шынында да жартылай финалда барын салды. Екеуміз бір-біріміздің қыр-сырымызды бес саусақтай білеміз. Қысқасы, бұл күні маған қола медаль бұйырды. Соған шүкір етемін. Барлық жанкүйерлерімнің қолдауын сезіндім. Құттықтап жатқан қазақстандықтардың барлығына да шексіз алғысымды білдіремін. Мен әрқашан жанкүйерлеріме ризамын. Ешқашан қолдаудан кенде болған емеспін.

Әзірге ешқандай шешім қабылдаған жоқпын. Өйткені нақты шешім қабылдауыма уақыт жеткілікті деп ойлаймын. Бірінші кезекте емделуім керек. Жұрттың алдында жарқырап жүргеніммен, өзімнің жаныма бататын жарақаттар баршылық. Солардан құлан таза айыққым келеді. Дзюдошыларымыз мен бағындырмаған биікті бағындырып жатса, қуанамын. Елімізге алтын жүлде бұйырса екен, – дейді Елдос Сметов өз ойымен бөлісіп.

Токиода жүрген тілшілер Елдостан бірнеше сұхбат та алып үлгеріпті. Олардың бірі: «Егер қазақстандық дзюдошылар Токио Олимпиадасында алтын алмаса, Париж Олимпиадасына баруға дайынсың ба?» деп сауалды төтесінен де қойыпты. Елдос бұл сұраққа еш тосылмастан жауап берген екен.

– Егер де біздің дзюдошы жігіттер бұл Олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз қайтатын болса, белімді бекем буып, алдағы Олимпиада ойындарына баруға бір кісідей дайынмын, – депті Елдос тілшінің сауалына қарата жауап беріп. Нағыз ердің сөзі ғой, шіркін!

Елдос Сметов Олимпиада ойындарында еліміздің қоржынына алғашқы жүлдені түсірген соң тағы бір спортшымыз жанкүйерлерді қуантты. Зілтемірші Игорь Сон Токио төрінде қола жүлдегер атанды. 61 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол қола жүлде алғанына шын мәнінде қуанышты екенін жасырмады.

– Бұл Олимпиадада өзім күткеннен де жоғары нәтиже көрсеттім. Бұрын-соңды жарыстарда көтермеген салмақтарды бойымнан асырдым. Сол үшін де бек қуаныштымын. Елдің сенімін ақтай алғаныма ризамын. Алдымды ораған спортшылардан болашақта есе қайтаруға болады. Оған шамам жетеді. Мен бұл салмаққа жаңадан қосылған спортшымын, – деді Игорь Сон өз ойымен бөлісіп.

Олимпиадаға аттанған теннисші қыздарымыздың ішінде әзірге Елена Рыбакина жарап тұр. Ол бүгін ширек финал жолдамасы сарапқа салынатын кездесуде хорватиялық Донна Векичке қарсы кортқа шықты.  Олимпиада ойындары сәтімен жалғасып жатыр. Әзірге бірнеше боксшымыз алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. Олардың қатарында 57 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Серік Теміржанов, 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі сайыпқыранымыз Сәкен Бибосынов және 63 килограмм салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Зәкір Сафиуллин бар. Ал жамбылдық жанкүйерлер енді рингке көтерілетін 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі жампозымыз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлдың жолына үмітпен қарайды.

Бет қатталып жатқанда 55 килограмм салмақта бақ сынаған ауыр атлет аруымыз Зүльфия Чиншанло қоржынымызға тағы бір қола жүлде түсірді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support