- Advertisement -

Жанкүйері жоқ бәсеке

85

- Advertisement -

Жұрт асыға күткен Олимпиада ойындары да басталды! Иә, пандемияға байланысты «толғағы» тоғыз айдан да асып, жыл он екі айға жалғасқан басты спорттық доданы тамашалайтын, сайыпқырандарымызға тақым қысатын кез де келіп жетті. Токио төрінде өткен Жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен үш қарғып секіруден Олимпиада ойындарының алтынын да, күмісі мен қоласын да иеленген Ольга Рыпакова Мемлекеттік Туды көтеріп шықты.   Сонымен, енді жанкүйерлер 23 тамыз бен 8 тамыз аралығында Жапониядан жақсы жаңалықтар күтеді…

Токиода кімдердің нәтижесіне тамсанамыз?

«Бесжылдықтың» басты бәсекесі саналған Жапония астанасы Токио қаласындағы Олимпиада ойындарының алауы да тұтанды. Иә, дәл солай, бұрын төрт жылда бір өтетін айтулы аламан әлемді әбігерге салған пандемия дейтін пәлекеттің кесірінен алғаш рет бес жылдан кейін басталып отыр. Жалпы Токио төріндегі спорттық басты додада әлемнің екі жүзден астам мемлекетінен 12500 спортшы бақ сынап, жүлделі орындарды сарапқа салатын болады. Олардың қатарында көк туды көкте желбіретсем деген асқақ арманның жетегінде аттанған қазақстандық спортшыларымыз да бар.

Иә, Жапония жерінде жалауы желбіреген аламанға Қазақстаннан 97 спортшы спорттың 27 түрі бойынша бақ сынайды. Бұл осы күнге дейінгі көрсеткіштеріміздің ішінде антирекорд болып есептеледі. Мәселен, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында ел намысын 98 спортшы қорғаса, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында 126 спортшы топқа түскен. 2004 жылы өткен Афины Олимпиадасында 117 спортшы бақ сынаса, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында 132 спортшы жолдама алған еді. Сонымен қатар, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында 114 спортшы сынға түссе, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 107 спортшы лицензия иегері атанған болатын. Қуаныштысы, ұлттық құрамамызда Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері бойынша бес спортшы жолдама алған. Олардың қатарында каратэ шеберлері де бар.

Жанкүйер біткен сағынып күткен Токио Олимпиадасында ел намысын жамбылдық жампоздар да қорғайды, олардың қатарында 60 килограмм салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін мойнына таққан Елдос Сметов, бокстан 75 килограмм салмақ дәрежесінде әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген Әбілхан Аманқұл, еркін күрестен 97 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түсетін үкілі үмітіміз Әлішер Ерғали және Рио Олимпиадасына қатысып тәжірибе жинақтаған таэквондошы Руслан Жапаров бар. Сонымен, жамбылдық жампоздардың бұл Олимпиадада мүмкіндігі қандай?

Елдос татамиде барын салады

Жалпы қазақстандық жанкүйерлер де, жамбылдық дзюдо фанаттары да 60 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түсетін сайыпқыранымыз, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің жолына үмітпен қарайтыны айтпаса да түсінікті шығар. Әйткенмен, биылғы Олимпиада ойындары оңайға соқпайтыны белгілі. Дәл осы 60 килограмм салмақ дәрежесінде бәсеке қызып тұр. Айталық, осыдан бес жыл бұрын Рио төрінде өткен дуы басым додада қанша мықты болса да, мамандар ресейлік Беслан Мудрановты алтын жүлде алады деп ойламағаны мәлім. Мұның өзі дәл осы салмақта мықты дзюдошылар шоғыры жеткілікті екенін аңғартса керек. Қазірдің өзінде спорт білгірлері 60 килограмм салмақ дәрежесінің басты фавориті ретінде жапон жігіті, үш дүркін әлем чемпионы Наохисо Такатоны мықтылардың мықтысы санайды. Елдос сол Такатомен бір себетке түсіп отыр. Әрине, спортшылардың жолы ә дегеннен қиылыспайды. Елдос бірінші кезеңнен еркін өтті. Егер спортшылар білгенінен жаңылмаса, екеуінің жолы жартылай финалда түйіседі. Бәрі біз ойлағандай болса, Сметов сол белдесуде татамиде барын салуға тиіс. Арманың алтын жүлде болса, әлемнің шын мықтысын жеңуге, сөйтіп, жарыс қожайынынан айлаңды асыруға тиістісің. Мұны талай аламанда атой салған Сметов жақсы біледі деген ойдамыз. Әрине, біздікінің бәрі де жанкүйерлік тілек. Қалғанын татамидегі тартыс көрсетеді.

Головкинге бұйырмаған алтын Аманқұлға бұйыра ма?

Әлемдегі спортсүйер қауым үшін футбол нөмірі бірінші спорт түрі саналғанымен, қазақ фанаттары үшін бокстың орны да, жөні де бөлек. Әуесқой бокста өзіндік орны бар, мектебі қалыптасқан боксшыларымыздың жолына үмітпен қарамағанда, кімнің жолына үмітпен қараймыз? Осы күнге дейін өткен Жазғы Олимпиада ойындарында боксшыларымыз алтын жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ, биыл бәсекелестік тіпті зор болып тұр. Сайыпқырандарымыз соған қарамастан, сенімнің үдесінен шығады деген пікірдеміз.

Бокстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарына толық құрамда аттанғаны белгілі. Олардың қатарында жамбылдық жампоз Әбілхан Аманқұл да бар. Әлем чемпионатының күміс жүлдегерінен жанкүйерлер жақсы нәтиже күтетіні даусыз. Бірақ, бокстағы ең бәсекеге толы салмақтардың бірі де, бірегейі де дәл осы 75 килограмм екені рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Десе де, жұрттың бәрі дәл осы салмақтың басты фавориті ретінде украиналық шебер Александр Хижнякты алтын жүлдеден басты үміткер санайтыны да даусыз.

Жалпы, Александр Хижниякты букмекерлік кеңселер де 75 килограмда алтын медаль алады деп болжам жасап отыр. Оның жеңісіне olimpbet.kz букмекерлік кеңсесі 1,65 коэффициент ұсыныпты. Сондай-ақ аталмыш букмекерлік кеңсе қызметкерлері алтыннан үмітті спортшылардың төрттігіне Әбілхан Аманқұлды да қосқан. Әйткенмен, оған 11 коэффицент белгілеуі – қазақстандық спортшыға деген сенімнің аздығын көрсетеді. Шіркін, Әбілхан осы сарапшылардың болжамын жоққа шығарса дейміз. Рас, Хижняк осы салмақтың шын мықтысы. Алайда Олимпиадада неше түрлі тосын нәтижелер тіркеліп жататынын да ұмытпайық.

Иә, 75 килограмм салмақта Александр Хижняктан басқа ресейлік Глеб Бакши, филиппиндік Эумир Марсиаль бастаған өзге де кіл мықтылар бар екенін білеміз. Осыған қарап-ақ жерлесімізге оңай соқпасын білеміз. Оның үстіне Әбілхан жарысты екінші айналымнан бастайды. Бұл шайқаста оның қарсыласы өзбекстандық Фанат Кахрамонов болуы ықтимал. Біз сайыпқыранымызға сенеміз. Ол да сенім үдесінен шығу үшін барын салмақ.

Әлішердің алыптарға әлі келе ме?

97 килограмм салмақ дәрежесінде белдесетін еркін күрес шебері Әлішер Ерғали Олимпиада ойындарының бір жүлдесін мойнына тағуды армандайтыны сөзсіз. Әйткенмен бұл салмақта да кіл мықтылар топтасқанын айта кеткен ләзім. Дәл осы 97 килограмм салмақта ресейлік Абдурашид Садулаевтың алтын жүлде алатынына ешкім күмән келтірмейді. Рио Олимпиадасында 86 килограмм салмақ дәрежесінде қарсылас шыдатпаған ол 97 килограмм салмақ дәрежесіне ауысқалы бері де өзінің шын мықты екенін айқындап келеді. Жаңа салмақта Садулаев 2 мәрте әлем чемпионы атанып үлгергенін де естен шығармаған ләзім. Бұл салмақта америкалық Кайл Снайдер, ирандық Мохаммад Хуссейн Мохаммадиан, әзірбайжандық Шариф Шарфиов сынды спортшылар да жүлдеден үмітті екенін ұмытпаған жөн. Әрине, бойында жастықтың оты жалындап тұрған Әлішер Ерғали да барын салып бағады. Мүмкін осы Олимпиадада жүлдегерлер қатарынан көрініп, бағы жанатын шығар. Кім білсін…

Алғашқы жарыс күні, алғашқы нәтижелер…

Токио төріндегі Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар да жарыс жолына шығып үлгерді. Академиялық есуден ерлер арасындағы додада бақ сынаған Владислав Яковлев іріктеудің бірінші айналымын үшінші орынмен аяқтады. Оның уақыт көрсеткіші – 7:10.08. Іріктеу кезеңінің бірінші айналымында даниялық Сверре Нильсен көш бастаса, екінші орынды Дженнаро Альберто ди Мауро иеленгенін айта кеткен ләзім.

Бұдан бөлек, садақ атудан іріктеу сындары мәресіне жетті. Бұл сында қазақстандық спортшылар арасынан ең тәуір көрсеткішке Денис Ганькин қол жеткізді. Ол 669 ұпай жинап, жалпы есепте 9-сатыға тұрақтады. Ильфат Абдуллин тиісінше 27-ші, Санжар Мұсаев 52-ші орынға орнықты.

Айтпақшы, Токио Олимпиадасында бақ сынап жатқан спортшыларымыздың киім үлгісі ең үздік киім үлгілерінің қатарына кірді. «Forbes.com» сайты келтірген мәліметтерге сенсек, қазақстандықтардың олимпиадалық костюмдері ең сәнді дизайнның бірі ретінде таңдалған. Қазақстанмен бірге үздіктер қатарына АҚШ, Ресей, Либерия, Чехия, Қытай, Оңтүстік Африка және Жапония сияқты сегіз елдің формалары бар екен.

Табиғат Абаилдаев

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support