- Advertisement -

«Қажетсіз» мамандар жұмыс берушіге де қажет емес

167

- Advertisement -

Дәл қазір еңбек нарығындағы кадрға деген сұранысты өтеу – ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұған электронды еңбек биржасының бірыңғай базасын бір шолып шықсаңыз көзіңіз жете түседі.

Сонда қай мамандықтар қат дейсіз ғой?! Көбіне-көп табылмай жататыны – кәсіптік-техникалық біліктілігі барлар. Мысалы, Жамбыл өңірінде жалпы 1504 маман қажет екен. Ал Шу ауданы білікті электромеханикке іздеу салып жатыр. Тепловоз машинисі де, электр желілерін пайдалану жөніндегі электрик, инженер-технолог-металлург те таптырмайтын мамандардың қатарында.

Зерделеп көрсек, кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұраныс алдағы он жылда да төмендемейтін секілді. Ендеше, орта арнаулы білім беретін оқу орындары бағыт-бағдарын уақыт талабына сай қайта құрылымдап, неге қажет кадрларды дайындамайды деген заңды сауал туындайды. Тіпті, қазір өңірімізде бизнес өкілдеріне колледждерді сенімгерлік басқаруға беріп, бұл істі жандандыруға мүмкіндік те беріліп отыр емес пе?! Облыстық әкімдікте өткен кеңес отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев әлі күнге толық шешімін таппай отырған осы мәселенің мәнісін сұрады.

Шынтуайтына келгенде, қазір облыста жұмыс істеп тұрған 46 колледж уақыт талабына сай жұмыс істей алмай отыр. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, осы 46-ның тең жартысы «қажетсіз» мамандарды даярлайды екен. Ал кейбір жұмыс берушілер бірқатар оқу орындарының дипломы бар, біліктілігі жоқ кадрларына көңілі толмайтын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, берген білімі сапаға сай келмейді деп есептейді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл – маман даярлау ісін бақылаудан шығарып алған білім басқармасы басшыларының кемшілігі деді.

Өңір басшысының қатаң сыны негізсіз емес. Жиында колледждердің саны мен жылына қанша маман даярлайтынын тізіп шыққан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың құрғақ есебі – соған дәлел. Сондықтан өңір басшысы алдағы міндетті нақтылап, саны көп, сапасы жоқ арнаулы орта оқу орындарын біріктіріп, уақыт талабына қарай қайта құрылымдауды тапсырды.

– Бір ауданда бірнеше колледж бар. Көпшілігінің студенттері өз мамандығын жете меңгермеген. Оқыту барысында болашақ қызметінің қыр-сырын көзбен көріп, өздері іске араласпаған соң олардан не күтуге болады? Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқып, бірде-бір рет егіс даласында болмаған «мамандар» бар. Сондықтан олардың өндірістік тәжірибеден өтуін қатаң қадағалау керек. Колледждерді біріктіріп, сапалы білім беруге көшуіміз қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырған бірқатар ірі кәсіпорындар бар екенін, ал өндірістік салада істің алға басуы білікті кадрға байланысты екенін айтты. Алайда, аудандардағы, тіпті Тараз қаласындағы кейбір колледждердің маман даярлау ісінде талапқа сай жұмыс жүргізе алмай отырғанын сынға алды. Колледж түлектері еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы тиіс екенін атап өткен Бердібек Машбекұлы жақсы мамандарға деген қажеттілік әлі де бар екенін ескертті. «Сондықтан колледждер жағдайды жақсарту үшін үнемі жұмыс істеуі керек. Оқу орындары өңірді мамандармен қамтамасыз ете алатынын барлық уақытта дәлелдеуі тиіс», — деді Бердібек Сапарбаев.

Талғат Жамалов колледждердің жұмысын жақсартудың ең бір тиімді жолы оларды сенімгерлік басқаруға беру екенін алға тартты. Алайда, бизнес өкілдерінің оқу орындарын жандандыруға деген қызығушылығы төмен көрінеді. Мәселен, бизнес-қауымдастық өкілдері №5 Жаңатас, №17 Жамбыл, №2 Қаратау колледждерін басқаруға алудан қажетсіз кадрларды даярлайтын болғандықтан бас тартқан. Солардың бірі – «Еврохим удобрения» ЖШС директоры В.Бугаев. Ол ұзақ уақыт келіссөздерден кейін химия өнеркәсібіне қатысы жоқ мамандарды дайындап келген оқу орнының жұмысын жандандыруға қаржы жұмсауды негізсіз деп тапқан.

–  Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жамбыл жоғары медициналық колледжі Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне сенімгерлік басқаруға жеті жылға берілді. Бүгінгі таңда Жамбыл ауданы Өрнек ауылындағы №17 Жамбыл колледжін, Қордай ауданы Ноғайбай ауылындағы Қордай ауыл шаруашылығы колледжін және Мойынқұм ауданындағы № 8 Мойынқұм колледжін сенімгерлік басқаруға беруді ұсынамыз, — деп атап өтті басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, сенімді басқару арқылы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады, қосымша ақылы қызметтер есебінен табыс артады және материалдық-техникалық базасы жақсарады. Жөн-ақ. Алайда, сала мамандарының сөзі басқа, ісі басқа болып шығатыны таңғалдырады. Жиында қажетсіз кадрларды даярлаудан қашып, кәсіби білікті мамандарды даярлаудың жолы – оқу орындарын оңтайландыру, оларды сенімгерлік басқаруға беру екені айтылды. Сөйте тұра, осыдан үш жыл бұрын 2018 жылы Тараз химия-технологиялық колледжін қосу жолымен қайта құрылған  Жамбыл жоғары политехникалық колледжін басқарма қайтадан екіге бөлу туралы ұсыныс жасағаны – түсініксіз. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев негізсіз деп тапты.

Талғат Жамаловтың берген мәліметіне сүйенсек, оңтайландыру кезінде екі мекеменің штаттық құрамы сәйкестендірілмепті. Осының салдарынан  120 қызметкерді жұмыстан қысқару мәселесі туындап отыр екен. Жағдайдан шығу үшін фосфор класстеріне мамандар дайындайтын жаңа оқу орнын ашуды жөн деп тауыпты. Оқытушыларды жұмыссыз қалудан сақтап қалудың жолы осы көрінеді. Ал өңір басшысы бұл ойланбай, асығыс қабылданған шешім деді. Облыс әкімі жаңа колледж ашу арқылы тек қажетсіз басшылар санын ғана көбейетінін айтып, тығырықтан шығудың басқа жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев өңірдегі дуалды оқыту жүйесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар республикалық деңгейден төмен болып отырғанын жеткізді.

– Студенттерге білім беруге есептелген уақыттың 60 пайызы практикалық, 40 пайызы теориялық оқытуға жұмсалуы қажет. Мен кәсіпорындарды аралап, басшыларымен сөйлескен кезде олар өңірде даярланатын мамандардың басым бөлігінің біліктілігі сәйкес келмейтіні, алған мамандықтардың өндіріс саласына еш қажеті жоқтығын айтып жүр. Осының салдарынан өңірдегі ірі кәсіпорындар Ресейден мамандар алдыруға мәжбүр. Бұл бірінші кезекте білім басқармасының жұмысты жүйелі жүргізе алмай отырғандығын көрсетеді. Сіздер өндіріс ошақтарымен тығыз байланыс орнатып, соларға қажетті кадрларды оқытуды жолға қоюларыңыз қажет, – деді Бердібек Машбекұлы.

Жиында колледждердің маман даярлау ісімен қатар, пайда табу жолын жандандыру мәселесі де талқыланды. Теңгерімдерінде қымбат техникалар, қажетті қондырғылар бола тұра оларды пайдалана алмай отырған білім ошақтарының жұмысын сынға алған облыс әкімі мемлекеттің қаржыландыруына қарап отырмай, қолда бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтты.

– Мысалы, Тараз сервистік-техникалық колледжінде облыс орталығындағы қымбат мейрамханаларда жоқ асханаға арналған қондырғылар бар. Олар неліктен өздері кондитерлік өнімдерді дайындап, дүкендерге сатпайды? Сол секілді ауыл шаруашылығы колледждерінде экскаватор, кран, комбайн секілді техникалар тұр. Соларды құрылысқа, егіс маусымында жалға берсін. Осылайша мекеме бюджетіне қаржы түседі. Студенттер де табыс табады. Осыны назарға алыңыздар, – деді облыс әкімі.

Жиында арнаулы орта оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру мәселесіне қатысты өзге де тараптардан жауап алынып, нақты тапсырмалар жүктелді.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support