- Advertisement -

Балаларды жазғы демалыста ата-әжесіне жіберу керек

145

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Жиында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Ол облыс халқының 22,4 пайызын жастар құрайтынын, облыста жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы қабылданғанын, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығымен жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайызды құрағанын, ол республика бойынша өңірлер арасындағы ең төменгі көрсеткіш екенін атап өтті.

– «NEET және пробация тізімінде тұрған жастармен» 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шаралар жоспарында нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. Жоспар бойынша жыл басынан 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 655 жас жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына облыстық бюджеттен бөлінген 53,4 миллион теңгеге жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылуда. Бүгінге еңбек маусымының жұмыстары басталып, кезең-кезеңмен 463 жас жұмыс атқаруда. Жыл соңына дейін 1 мың жасты тарту көзделуде. Одан бөлек, 200-ге тарта студент жастарды құрылыс нысандарына маусымдық еңбекпен қамту бойынша салалық басқармамен бірлесе тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Серікбол Берікқожа.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастар саясаты мен тәрбиесінде орын алып отырған өзекті мәселелерге ерекше назар аударды.

– Жас ұрпақ үшін ата мен әже тәрбиесі – үлкен мектеп. Тараз қаласындағы оқушы балаларды жазғы демалыста ауылдағы ата-әжелеріне жіберу керек. Ата-аналар осы жағын ойластырғаны абзал. Бүгінде жастардың бос уақытын тиімді өткізу жағына да баса мән берген дұрыс. Біз өткен жылдың өзінде өңірде 14 спорт кешенін, 92 спорт алаңшаларын салдық. Әр ауылда жастардың спорт, өнер, шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндіктері бар. Тиісті сала мамандары осы орайда жұмыла жұмыс жүргізуі керек. Жастар арасындағы қылмысты азайтуға тиіспіз. Әр аудандағы «Жастар орталығы» жеке ғимараттарда орналасуы керек. Бұл жұмыстар бірқатар ауданда жүзеге аспаған, – дей келе аймақ басшысы бірнеше аудан басшыларының осыған қатысты уәжін онлайн форматта тыңдады.

Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек «Жастар орталығына» жақсы ғимарат беру мәселесі шешімін тапқанын жеткізсе, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулет, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбек ауданда жастар мәселелері бойынша атқарылған істер, қылмыстың алдын алу жөнінде қолға алынған шаралар туралы баяндады.

Жиында «Жасұлан» жасөспірімдер ұйымының төрайымы Айжан Ортайқызы барлық мектеппен байланыс орнатылғанын, ұйымға 160 мың оқушы қабылданғанын тілге тиек етті. Облыстық мәслихат депутаты, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек Таразда көше спортын дамытуға қатысты нысан көп салынғанын, алайда оның қызметін пайдаланушылар аз екенін, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты мәселелерді жеке- жеке талдап, талқылауды ұсынды.

Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі осы көктемгі маусымда 1149 жас әскерге аттанғанын, өзге ұлт өкілдерінің әскерге баруы былтырғыдан 5 пайызға артқанын айтты.

Облыс әкімі жиында көтерілген барлық ұсыныстарды қолдайтынын, жастардың күші, жастардың тәрбиесі қоғам өмірінде қашанда өзекті екендігін айрықша атап көрсетті. Жастар саясатын облыста сүбелі жүзеге асыру бағытында әлі де ізденістің қажеттігін айтып, орынбасары Дәулет Кәрібек пен аталған басқарманың басшысы Серікбол Берікқожаға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан соң, коронавирустың алдын алу бойынша штаб отырысы өтті. Онда өңір басшысы бұған дейінгі штаб отырыстарында көтерілген мәселелердің шешімі мен берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды. Жалпы еліміздегі эпидахуал күн санап күрделеніп, жағдай құбылып тұрғанын алға тартқан аймақ басшысы, ұжымдық иммунитет қалыптастырудағы вакциналаудың маңыздылығын алға тартып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін баса айтты. Сондай-ақ басқосуда Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың жарияланған жаңа қаулысына сәйкес коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлер 7 күнде 1 рет ПТР-тест тапсыруға міндеттелетін ұйымдардың тізімі кеңейтіліп отырғандығы айтылды.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support