- Advertisement -

Ел қорғаған кешегі қайран ерлер

101

- Advertisement -

Майдангер, облыстық «Aq jol» газетінің  ардагері болған Исраил Керімбай ақсақалдың есімі өңірімізге тегіс таныс десек қателесе қоймаспыз. Оның  майдан даласында от пен оқтың ортасында жүріп Отанды қорғағаны, бейбіт күнде журналистика саласына аянбай тер төккені ерлік пен ерен еңбектің үлгісі болып қала беретіні анық.  Майдангер бұл күнде ортамызда жоқ.

Исраил ақсақалдың балалық шағы Т.Рысқұлов ауданы, Қарақыстақ ауылында өткен. Балалығы алаңсыз өткенмен, жігіт шағы ауыр сынақтарға толы болды. Аудандық газетте әдеби қызметкер болды.  Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен аласапыран шақта елін қорғады. 1941 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, Сталинград шайқасына қатысты. Жаумен бетпе-бет келді. Танкіге қарсы қолданылатын зеңбіректің командирі ретінде 4-Украина, 3- Беларусь, 2- Балтық майдандары құрамында соғысып, көптеген қалалар мен елді мекендерді жаудан азат ету ұрыстарының бел ортасында жүрді. Майдандағы ерліктері үшін 1-2 дәрежелі «Отан соғысы», беріректе бейбіт күндегі ерен еңбектері үшін 2-3 дәрежелі «Даңқ», мемлекеттік «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Тараз қаласының Құрметті азаматы атанды. Тәрбиелеп өсірген үш перзентінен бүгінде ормандай ұрпақ тарап отыр.

И.Керімбай майданнан жеңіспен оралған соң, бейбіт өмірде де жұмысқа белсенді араласты. Соғыстан кейінгі жылдары облыстық  «Aq jol» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін ұзақ жылдар бойы атқарды. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы да болды. Исекеңнің қаламынан әр жылдары  «Еділ-Балтық арасында», «Өлең-өмір, өрелі-өмір», «Ардақты азаматтар», «Жыр жүрекке жылы тисе» атты кітаптары жарық көрді.

Енді майдангердің  «Жыр жүрекке жылы тисе» атты жыр кітабынан үзінділер келтіре отырсақ.  Мәселен, «Туған жер» атты өлеңіндегі:

Алатаудың сілемі Қарақыстақ,

Осында өтті балдырған балалық шақ.

Сан алуан гүл біткен беткейінен,

Кетер едік төменге біз домалап.

 

Қара бұлт  түнерді де, қабақ түйді,

Жел сабалап ұшырды киіз үйді.

Көкемнің көп оқитын көк кітабы,

Аспанға көтеріліп көрінбейді, – деген жолдардан туған жерінің сұлу суреттерін, балалық махаббатты, көкесіне деген құрмет пен сағынышты көруге болады. Ал ақын  енді бір өлеңінде:

Келе жатыр ардагер –майдангерлер,

Ел қорғаған кешегі қайран ерлер.

Шайқаста жауға басын имегендер,

Оқ бітсе, қанжарымен түйрегендер, – деп толғанады. Ол, сондай-ақ өз кітабында Уәтай Әлімходжаев, Халиулла Дармаханов, Төлеубек Жамбылов сияқты өңірімізге сыйлы майдангерлерге де өлең жолдарын арнапты. Ал Мәдениет саласының үздігі Аман Малдыбаев болса:  «Исраил аға сазгер екен. «Қарақыстақ –  туған жер», «Қара лашық» әндері тамаша туынды», – деп ой толғайды. Ал жыр кітабының соңында:

Ұлы Отан соғысына барған,

Фашистерге ойран салған,

Жауды алқымнан алған,

Ол –Исраил  Керімбай.

 

Жүрегі дархан дария,

Жазғаны елге жария,

Тоқсан жасаған қария,

Ол –Исраил Керімбай, – деп өзі туралы да  толғаныпты. Әрине, жазса жазатындай еңбегі бар, жасаған ерлігі бар. «Аq jol» газетінің ұжымы да Исраил атаның осы редакцияда ұзақ жыл еңбек еткен сәтін жоғары бағалап, оның рухына құрметпен қарайды. Өзі ұзақ жыл тұрған, еңбек еткен Тараз қаласынан Исраил Керімбайға бір көшенің аты берілсе де артық болмас еді. Себебі, ол қан майданда қару алып ел қорғап, мыңдаған ауылдар мен көшелерге амандық, қуаныш, тыныш өмір сыйлап еді ғой. Бұл ұсыныс өзі еңбек еткен «Aq jol» газетінің 100 жылдығы қарсаңында қолдау тауып жатса, қанеки. Біз қозғау салдық. Ендігісі құзырлы орындардың қолында.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support