- Advertisement -

Жаңа заң жобасы адвокатты тәуелді қылмай ма?

74

- Advertisement -

«Ет сасыса тұз себеді». Мұнда етті халық деп қарасақ, адвокаттар мен заңгерлерді тұз деп алайық. Ал сол адвокаттар мен заңгерлердің мүддесі заңмен шектеліп жатса ше? Онда «тұз сасыса, не себедінің» кері туатыны анық. Өйткені соңғы бір-екі жылда адвокаттар мен заңгерлердің көңілдері күпті күйде жүр. Мұны кеше ғана Конституциялық кеңес Президент өтінішімен шешім шығарған адвокаттар қызметі мен нотариустар мәселесіне қатысты заң жобасымен байланыстыруға болады.

Әлқиссасы мынау, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Парламентке адвокаттардың кәсіби әдеп сақтамағаны және заң көмегін көрсету қағидаттарын бұзғаны үшін өмір бойына лицензиясынан айыру туралы норманы алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынған болатын. Іле-шала, яғни былтырғы күзде Әділет министрлігі «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жобаны Парламенттің тиісті палатасына ұсынған. Ведомство өкілдерінің пайымынша, бұл адвокаттар қызметін жетілдіруі тиіс-тін. Алайда заң мамандары бұл құжат билікке олардың қызметіне бақылау орнатып, қажет болған жағдайда лицензиядан айырып, жұмыстан шеттетуге мүмкіндік береді деп санайды.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың сөзіне қарағанда, заң жобасында, біріншіден, адвокаттар мен заңгерлерді электронды ақпарат жүйесі – «Е-Заң көмегі» платформасына қосу міндеттелген. Сол үшін заңгерлер ай сайын 3 600 теңге төлеуге міндетті. Екіншіден, республикалық адвокаттар алқасына әр адвокат бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде ай сайын жарна төлеп отыру керек.

«Сондай-ақ заң кеңесшілерін де республикалық палатаға біріктіру көзделген, оған да заңгерлер жарна төлеуге міндетті болмақ. Құжатта адвокатты өмір бойына лицензиядан айыру көзделген еді. Бірақ соңғы талқылауда бұл бапты алып тастады», – дейді Амангелді Шорманбаев. Оның пікірінше, адвокаттар мен заңгерлер тәуелсіз болуы керек. Әйтпесе, олар өз міндетін дұрыс атқара алмайды. Жалтақ, жағымпаз адвокат мемлекеттік орган, тергеуші, судьяның алдында сөйлей алмай отырса кімді қорғамақ?

Белгілі адвокат Айман Омарова да бұл заңгерлерді тәуелсіздіктен айырудың алғашқы қадамы деп санайды. «Аталған жоба сіздің үйіңізге бөтен біреу келіп, ісіңізге араласып, жөндеу жүргізумен пара-пар. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң бар және сол жерде адвокатура – өзін-өзі реттейтін тәуелсіз ұйым деп нақты жазылған», – дейді ол.

Біз есімі көпке танымал, сауатты заңгер, алымды адвокат Абзал Құспанмен де сөйлескен болатынбыз. Оның айтуынша, адвокатура тәуелсіздігі болмаса, қазіргі сот жүйесінің ешқандай мән-маңызы қалмайды. Өйткені прокуратура онсыз да мемлекетке бағынады, сот тәуелсіз болғанымен, мемлекеттің атынан үкім шығарады. Енді адвокатты мемлекетке тәуелді қылып, бір орталықтан басқарылатын қылып қойса, қарапайым азаматтардың құқықтары қорғалмайды.

«Адвокаттардың тәуелсіз болуына тек адвокаттар ғана емес, қарапайым азаматтар да мүдделі болуы керек», – дейді ол.

– Адвокаттар әртүрлі жолдармен мемлекетке бағынышты болса, адвокаттың құқығы бұзылмайды, бірінші кезекте сол адвокаттың қорғауындағы қарапайым азаматтардың құқығы бұзылады. Тек адвокат қана заң негізінде қандай жағдайда да жеке адамның құқығын қорғайды.

А.Құспан адвокаттық қызмет пайда болған орта ғасырларда да грек, рим мемлекеттерінде адвокаттар тәуелсіз болғанын атап өтті. Кешегі КСРО кезеңінде де мемлекет адвокаттардың ішкі мәселелеріне қол сұқпаған. «Нақты мысал келтірейін, Әділет министрлігі адвокаттардың жарна төлеу мәселесін бекіткісі келеді. Ал адвокат ауырып қалса, ол мемлекеттен еш әлеуметтік төлем немесе көмек алмайды. Өз проблемасы өзінде. Сөйте тұра оған жарна төлеткісі келеді. Онда мемлекет адвокаттың бүкіл шығынын мойнына алсын, жалақысын, әлеуметтік қорғалуын шешіп берсін. Бірақ ондай жағдайда адвокат толығымен тәуелді маманға айналады. Қарапайым азаматтың мүддесі қорғалмай қалады. Олардың құқығы көбірек бұзылады», – деген заңгер бұл жобаны Конституциялық кеңестің талқысына салуы тәуелсіз мемлекеттің тарихында тұңғыш рет орын алып жатқанын да еске салды. Ең бастысы, бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішімен жүзеге асуда.

Айта кетерлігі, наурыз айында ел Парламентінде қаралған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға қарсы бірнеше аймақта митинг өткен болатын. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау мен Орал қалаларының адвокаттары жобаға қатысты ойларын білдіріп, ұсыныстарын жеткізуге тырысқан еді.

Ал Әділет министрі Марат Бекетаевтің сөзіне сүйенсек, заң жобасының негізгі мақсаты – адвокаттар мен заңгерлердің мүддесін қорғау. «Әрбір Қазақстан азаматының сапалы құқықтық көмек алуға конституциялық құқы бар. Бұл заң жобасы құқықтық көмектің сапасын жақсартатын механизмдерді ұсынады. Мәселе өзін өзі реттеуді дамыту жөнінде болып отыр. Дамыған елдердің тәжірибесі өзін өзі реттеу жүйесінің тиімді екенін көрсетті. Бұл құқықтық көмектің сапасын арттырады. Нақтылап айтсақ, адвокаттар маман болмай тұрып әділет органдарында емтихан тапсырады. Дамыған елдерде емтиханды адвокаттар алқасы базасында өткізеді. Олар икемді әрі жылдам жұмыс істейді. Адвокаттар алқасы қоғамның қажеттілігіне реакция білдіреді. Қазақстан да соған ұмтылып келеді», – деген пікірде М.Бекетаев.

Не керек, заң жобасы сәуір айында Парламенттің қос палатасының талқылауынан өтіп, Президентке қол қоюға жіберілген. Парламентте осыған дейін жобадағы кейбір түзетулер бойынша шешім қабылдайтын келісім комиссиясы жұмыс істеген еді. Мамыр айында еліміздің Конституциялық кеңесі Президенттің өтінішімен осы заңды Конституциямызға сәйкестігі тұрғысынан қарауды жүргізуге шешім қабылдаған. Күні кеше шешім шығарды. Оның түсініктемесіне мән берсек, ведомство аталған заңды Конституцияға сәйкес деп тауып, оның жекелеген ережелерінің дәлме-дәл тұжырымдалмағанына және сабақтас нормалармен үйлеспейтініне назар аударған. Ондай мәтін заң нормаларын оң түсінбеуге, соның себебінен теріс қолдануға жағдай жасауы мүмкін.

«Мәселен, заң консультантының құпиясын сақтау міндетінен алып тастауларды заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерде белгілеуге жол берілмейді деп танылды. Кеңестің пікірінше, заң консультанттарының кәсіптік құпияны сақтау міндеті олардың клиенттерінің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, сол себепті одан алып тастаулар тек заңдармен реттелуі тиіс.

Шешімде адвокатты лицензиядан айыру және оның адвокаттар алқасындағы мүшелігін тоқтату рәсімін, оның ішінде аттестаттау қорытындылары бойынша, бұл әрекеттердің нақты процедурасын анықтау мүмкін еместігі атап өтілді. Кеңес адвокаттар көрсететін заң көмегінің түрлеріне қатысты түзетулердің үйлеспейтінін анықтады. Бейінді заңда олардың тізбесінен құқықтық мәселелер бойынша анықтамалар беру алып тасталған. Дей тұрғанмен Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың осындай анықтамалар алу құқығы сақталған», – делінген түсініктемеде.

Сондай-ақ кеңес құрамы заң консультанттары палаталарының ерікті мүшелігіне негізделген коммерциялық емес ұйым ретінде Республикалық заң консультанттары алқасын құруды көздейтін Заңның ережелерін сыни тұрғыдан бағалайды. Конституциялық Кеңес заңда палаталар жарналарының төменгі шегін бекіту және басқа шараларды іске асыру, егер олар заң консультанттарының бүкіл қоғамдастығына қатысты болса, олар көрсететін заң көмегінің сапасын арттыруға ықпал етсе және қызметтің бір саласы өкілдерінің арасында теңдікті бұзу үшін жағдай жасамаса, орынды болуы мүмкін деп есептейді.

Бұдан басқа, заңда заң көмегін көрсету мәселелерін құқықтық реттеу деңгейлеріне қатысты ішкі қайшылықтар анықталыпты. Егер кейбір нормаларда бұл мәселелер тек заңдармен регламенттелуі мүмкін деп көрсетілсе, ал басқа нормаларда заңдық күші төмен өзге де нормативтік-құқықтық актілермен реттеуге жол берілген. «Баяндалғанды ескере отырып, Конституциялық Кеңес құқықтық коллизияларды жою мақсатында заң шығарушының назарын ағымдағы заңшығармашылық қызметі аясында қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне аударды.

Конституциялық Кеңес атап көрсеткендей, білікті заң көмегін алу құқығы әрбір адамның өзі заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде жоғары білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Осы құқық Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын іске асырумен тығыз байланысты. Осыған орай мемлекет жеке адамның аталған құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатында қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге сипаттағы шараларды қабылдауы тиіс». Бұл да түсініктемедегі мәтін.

Біз осыған қатысты белгілі заңгер Ләззат Ахатованың ойын білген едік. «Еліміздегі заңгерлер қауымдастығы арасында күн санап шиеленісіп, өзара талас-тартыс боп  жатқан мәселенің бірі – адвокаттар мен заңгерлердің кәсіби заңнамасындағы өзгерістер екенін көзі қарақты жұрт біршама уақыттан бері бақылап отыр. Ал бұл неғылған талас-тартыс пен бітпейтін дау-дамай? Менің пайымымша, бірқатар әріптестердің үлкен мәселе етіп көтеріп, ел Президентіне Үндеу тастап, вето қоюды сұрап жүргені – Парламент қабылдап жіберген Заң жобасының кейбір тұстары Конституция баптарына қайшы келеді, яғни кәсіби заңгерлердің құқығын шектейді деген тұрғыдағы көзқарас болатын. Алайда «бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді» дегендей, мәселенің байыбына бармай, терең түсінбей, тіпті әлгі заңды оқымай да, «еріп үретіндер» арамызда көп екені тап осы жолы анық байқалды», – дейді заң саласының маманы.

Оның сөзінше, хайп пен пиар қуу, «атың шықпаса, жер өрте» дейтін пікірді ұстанатындар, танымалдыққа ұмтылу үшін неғұрлым даусын қатты шығарып, айғайлай беру үрдісі соңғы жылдары заңгерлер арасында да сәнге айналған. Жаңағы «еріп үретіндердің» басты мақсаты осы болса керек.

«Аталған айқай-шудан соң, Қасым-Жомарт Кемелұлы заң жобасын Конституциялық Кеңеске жіберіп, шын мәнінде Ата Заңымызға қайшы тұстары бар-жоғын анықтап, құқықтық баға беруін тапсырған болатын. Одан бері біршама уақыт өтіп, Конституциялық Кеңес шешімін жариялады. Парламент қабылдаған адвокаттар мен заңгерлердің кәсіби Заңы – Конституция талаптарын бұзбайды. Яғни Ата Заңның баптарына, кейбір әріптестер айтқандай, қайшы келмейді. Кеңес осындай Қаулы қабылдады. Шын мәнінде Конституциялық Кеңес мемлекеттің егемендігін шектеу туралы мәселені қарады десе болады. Себебі, адвокаттық қызмет туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның қарсыластары Конституцияның 61-бабының 3-тармағына сәйкес, ең маңыздысына жатқызылғандарды қоспағанда, мемлекет қоғамдық қатынастарды реттей алмайды деп мәлімдеген еді. Алайда Конституцияның осы тармағында мүлдем басқаша жазылған. Онда заңдар мен заңға тәуелді актілер арасындағы реттеу саласы ажыратылады. Онда ең маңызды қатынастар заңмен, ал басқалары заң актілерімен реттелетіні анық жазылған», – дейді Л.Ахатова.

Ол заңның қарсыластары анық және нақты жазылғанды көрмей, мемлекет ең маңызды емес қатынастарды реттеу құқығымен шектелген деген жалған қорытындыға келді деп санайды. Ол заңгерлер Қазақстан егеменді мемлекет ретінде өз аумағында жоғары және тәуелсіз билікке ие екенін түсінуі тиіс. Қазақстан Республикасы өз істерін өз бетінше және еркін шешу үшін өзіне қажетті кез келген нормативтік-құқықтық актілерді шығара алады. Бұл мемлекеттік егемендіктің мәні. Осы маңызды қатынастарды республика заңдарымен, ал маңыздылығы азырақ қатынастарды заң актілерімен реттей алады. Бұл – мемлекет үшін тек құқықтық техника мәселесі.

«Жоғарыда аталған адамдардың идеясы бойынша біздің еліміздің мемлекеттік егемендігі шектеулі болуы керек. Заңдар мен құқықтық идеялардың мағынасын бұрмалау әдеттегі тәжірибеге айналды, бірақ біздің еліміздің мемлекеттік егемендігін жоққа шығаруға жол берілмейді. Әсіресе бұл еліміздің азаматтарына, оның ішінде қандас әріптестер үшін үлкен сын. Жаңағы «көріп үру» мен «еріп үру» нұсқаларының соңғысы көбірек орын алғанын осы жерден байқауға болады. Сол көзқарасты жақтаушылар бастапқы идея авторының түпкі ойын жете түсінбей, заң нормаларының мағынасына терең үңілмей, егеменді ел болғанымызды қаламайтын, тіпті көре алмайтын, Қазақстан халқы мен мемлекеттілігі үшін жаны ауырмайтын, сол үшін көпті жаңылыстырып отырған біреулердің айтқан ойына сүйеніп, асығыс пікір білдіріп жатқандар қатары күннен-күнге көбейіп кетті», – дейді заңгер.

Бұл адвокаттар мен заңгерлер арасында өздері қызмет етіп отырған заңдарды жете түсінбейтіндердің, өкінішке орай көп екенін аңғартатын көрінеді. Біздің еліміздің мемлекеттік егемендігі – қазақ халқының ғасырлық арманы. Оны шектейтін кез келген әрекетке жол берілмеуі керек.

«Бір қарағанда, аталған Заң қарсыластарының әрекеттері тәртіпке бағынбай, шындық айттық деп, ауыздарына не келсе, соны айтып, бетімен кеткісі келгендердің байбаламы сияқты көрінді маған. Шынымен өрескел заң бұзушылық орын алған болса, бәріміз бір кісідей қолдар едік. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейтін қанатты сөзі бар. Қай салада да, қанша жерден азат ойлы, тәуелсіз адвокатура саласы болсын, тәртіп, белгілі бір ортақ ереже болуы керек. Тәртіпке бағыну тәуелсіздікті шектеу деген сөз емес. Бұл жағдайдың астарында заңгерлердің құқығын шектеді деп қиналып жатқаннан гөрі, қай топ мықты екен, қайсымыз жеңеміз деген қитұрқы әрекет те қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Кейбір кісілердің түсінігінде тәуелсіз адвокатура деген ортақ ереже, тәртіп дегенге бағынбай, әрқайсысы өз бетімен, ұнамаған адамның намысына, жеке басына тиісіп, қарапайым мәдениеттен аулақ болу іспетті. Сөздері мен әрекеттері соған келеді», – деген адвокат Конституциялық Кеңестің шешімін дұрыс деп санайды. Парламент қабылдаған Заң Конституция талаптарын бұзбайды.

 Айтпақшы, осы мәселеге байланысты жергілікті адвокаттар мен заң саласы мамандарының да ой-пікіріне құлақ асқымыз келген. Алайда біз хабарласқан заңгерлер түрлі сылтау айтып, қашқақтай берді. Ал аймақтағы адвокаттар алқасынан мүлде хабар ала алмадық…

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support