- Advertisement -

Мәдениет үйін бұзу оңай, қайта салу қиын

132

- Advertisement -

Көкбастау ауылдық округі əкімдігіне қарасты Теріс ауылының тұрғындары не ауызсуға, не ағын суға жарымай келеді. Жалпы көп жылдардан бері бұл елді мекенде көзге көрінетін бірде-бір жаңа ғимарат салынбағаны былай тұрсын, бір ғимарат та күрделі жөндеуден өткізілмепті.

Бұл елді мекенді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолынан ауылға кіретін облыстық мəндегі күре жол екіге бөліп жатыр. Ауылдың жоғарғы бөлігінде кеңес дəуірінен қалған бір суағар ауылдың кəдесіне жарап тұр. Мұндағы жұрт бақшасын орта ғасырда Баркуаб қалашығын сумен қамтамасыз еткен қасиетті Көкбастау суымен ылғалдандырады. Бірақ соңғы жылдары бұлақ суы тартылып, біршама азайып қалған.

Халықтың басым бөлігі тұратын ауылдың төменгі жағында мұның бірі де жоқ. Ауылдың іргесінде Теріс өзені ағып жатқандықтан əр аулада құдық бар. Бірақ ол құдық суы көктемде су көтерілгенде сапасы сын көтермейді. Теріс өзені толған кезде су ұраларға да толып, құдық суы нəжіс суымен араласып та кетеді. Осындай кезде олар да суды бөшкелеп жоғарғы көшеден тасуға мәжбүр.

Ағын суды төменгі көше тұрғындары Бекберді каналынан алатын. Осыдан бір жарым-екі ғасыр бұрын Бекберді деген диқан Теріс өзенінен канал салып, суды екі бағытта өзен жағалай шығарыпты. Оның бірінен келетін тоған суын Нұрлыкент ауылы тұтынуда. Ал Теріс ауылының тұрғындары оны ұжым тарағалы бері пайдалана алмай келеді. Бұған дейін бұл мəселе аудан деңгейінде талай көтерілген. Округті басқаруға қанша əкім келсе де халық алдымен осыны көтереді. Олар əдеттегідей уəде етеді, бірақ орындамайды. «Қазір əкімдерге сенуден қалдық» дейді ауыл тұрғындары. Өйткені жеті-сегіз километрден басталатын каналдың Теріс өзеніне түйісер тұсынан суды тоғанға бұрып жіберетін үштаған бетон бөгет орнату қажет. Сол кезде ағын су өз екпінімен келіп каналға еніп кетеді. Осы бір істі бүгінге дейін не ауыл, не аудан əкімі қолға алып істеп бермегеніне налиды халық. Биыл ол каналдың тазалау жұмыстарына ғана қаржы қарағанымен судың басына бөгет салмаса, су ауылға келмейді деп отыр ауылдықтар.

Ауылды қинап тұрған басты мəселенің бірі – ауызсу.  Өткен жылы ауылға ауызсу тарту жұмыстары басталып, жыл соңында пайдалануға беріледі дегенде халық қатты қуанған. Бірақ мердігер өз мойнына алған жұмыстың өзін қалай болса солай атқарғанына ауыл тұрғындары наразы.

Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Əмірқұл мердігер өз міндетін дұрыс атқарып отырған жоқ дейді.

– Қырық жыл мұғалім болып жұмыс істесем де құрылыстан хабарым бар. Бұлар жолдың үстіне орнатқан су бөлу бетон құдықтарын жолдан биік етіп шығарып жіберген. Ол қазірдің өзінде тар көшеміздегі көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Орға пластик құбырды қалай болса солай тастап көме салды. Құрылыс талабы бойынша оның астын  тегістеп барып құбырды біркелкі жатқызуы керек болатын. Ертең су жібергенде ой-қырда көмілген құбырдың жалғанған тұстарын жарып жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайлар аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында жиі орын алып жатады. Ертең бізде де құбырдың əр жерден жарылып жатпасына кім кепіл? – дейді ол.

Ауыл ақсақалы мемлекеттің қаржысы мақсатты жұмсалса дейді. Көктемгі жауын-шашыннан кейін көшеде ой-шұқыр көбейіп кеткен. Сары топырағы қазірден бетіне шығып жатқан көше жолындағы шаң жел тұрса бүкіл ауылды алып кетеді. Борпылдақ топыраққа аяқ тисе шаңы көкке көтеріледі. Ал көшеге қойған бірнеше бетон бөлу құдығы жаяу жүргіншіге ғана емес, өзі тар көшенің көлік қозғалысына да үлкен кедергі келтіруде.

«Осы мəселемен аудан əкімі Олжас Қаржауовқа да барған едім. Бірақ əкімнің қабылдауына кіре алмадым. Ондағыларға мəселемді айтсам əкім бүгін қабылдамайды деп шығарып салады. Орынбасары Асхат Жабағыға мəселемді айтып, жеткізе алмадым. Тыңдағысы да келмейді. Енді кімге барып, ауылдың, халықтың мұңын жеткізерімді де білмеймін», – дейді ардагер ұстаз.

Ардагердің өтінішін аудан əкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ерболат Сейтпековке айтқанымда «Нысанды əлі қабылдап алғанымыз жоқ. Құрылыс бітсін, содан кейін көреміз» деп жауап берді.

Соған қарағанда мердігерлердің жүргізіп жатқан жұмысын уақтылы бақылау, қадағалау аудан билігі тарапынан мүлде ұмыт қалған сияқты. Əйтпесе облыс əкімі Бердібек Сапарбаев əрбір аппарат кеңесінде құрылыс нысандарын техникалық қадағалаушылар мен жобалаушылар апта сайын барып қадағалап, кемшілігін сол сəтте жойдырып отыруы тиіс деп айтып келеді. Бірақ мұндағылар облыс əкімнің ол тапсырмасына салғырттық танытуда.

Бұдан бөлек, Теріс ауылындағы мəдениет үйінің тағдыры қыл үстінде тұр. Тастан тұрғызылған мəдениет үйінің тасына қызыққандар оны бұзып, тасын тасып əкету үшін барлық құйтырқылыққа баруда. Осы күнге дейін кəсіпкерлердің көзі түскен ғимаратты көздің қарашығындай қорғап келген халық енді одан шынымен айырылып қаламыз ба деп қорқады. Өйткені өткен жылы аудан əкімдігі ол ғимаратты жарамсыз деп тану үшін облыстан арнайы мамандар шақыртып, құжатын жасатқан. Ғимаратқа қорытынды беруге келген адамдар «Мына ғимаратты бұзудың өзі обал. Əлі екі-үш ғасыр тұратын нысан екен. Мықты соғылыпты. Тастың берік қаланғаны соншалықты дуалға жарық сызаты түспеген» деп бастарын шайқапты қастарына келген ауыл тұрғындарына. «Ал енді неге мұны жарамсыз етіп шығарғалы отырсыздар» деген тұрғындарға «Бізге сондай тапсырма түсті. Обал-ақ. Мəдениет үйі сіздерге керек болса бұздырмауға тырысыңыздар» деп кетіпті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары талай мəдениет үйлері мен клубтар болмашы ақшаға сатылып, бұзылып кетпеді ме? Ал бұл 150 орындық мəдениет үйі ауыл тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында бұзылудан аман қалған еді. Мəдениет ошағы 1973 жылы пайдалануға берілген. Іргетасынан бастап таспен өрілген ғимаратты Кавказдан келген құрылысшылар екі жылда тұрғызыпты. Ал енді оны бұзуға базбіреулер қызығушылық танытып отыр.

Дəл осындай клуб Нұрлыкент ауылында да болған. Жекеге өткен мəдениет үйі бұзылып, жиырма жылға жуық орнында үйіндісі шашылып жатты. Бұл да бұзылса соның кебін киюі мүмкін. Ал қазір сол Нұрлыкент ауылында 150 орындық мəдениет үйі қайта салынуда. Бұл ғимаратты кезінде Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Тұрмағанбет Мықтыбеков жөндеу керек деп жазып жүріп, биліктің назарына жеткізген еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын оны жөндеуге 30 миллион теңге қаралған. Белгісіз себептермен ол тоқтап қалды. Өткен жылы округке Ержан Серкебаев əкім болып келген тұстан бастап тастан соғылған ғимаратты бұзу сөз болған.

– Өткен жылы аудан əкімі де келіп, «Мəдениет үйін бұзамыз, орнына ойын алаңын саламыз»  деді. Біз бірден қарсы болдық. Өйткені бұзу оңай. Оны қайта салу мүмкін емес. Оңай жолмен ғимаратты сырып тастай салмақ. Əйтпесе кезінде құлайын деп тұрған қыспен соғылған ғимараттардан да балабақша ашты емес пе? Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды. Осы жылдары ауылда бір ғимарат салынып, бір ғимарат күрделі жөндеуден өткен жоқ. Ең болмаса Тәуелсіздіктің игілігі үшін осы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп берсе, – дейді (аты-жөнін атамауды сұранған) ауыл тұрғыны.

Əкім соңымызға түседі деп аттарын атағысы келмеген ауыл тұрғындары бұл ғимараттың тасына көз тігіп отырған жоғарыда біреулердің барын айтуда.

Аталған мəселемен Көкбастау ауылдық округі əкімдігіне арнайы бардым. Бірақ əкімді орнынан таба алмадым. Орынбасары Мəлік Сейтаев ғимараттың жарамсыздығы туралы қағазды көрсетті. Сұрақтарыма нақты жауап бере алмады. Округ əкімінің телефонына бірнеше рет қоңырау шалып істің мəнін сұрауға тырысып бақтым. Бірақ телефонын көтермеді. Осыдан кейін аудан əкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбековке шығуыма тура келді. Ол мəселеден хабары бар екен. Жалпы мəселенің мəнісін анықтап беруге уəде етті. Бес-он минут өтпей қайта хабарласқан Марат Нарымбеков: «Ол ғимаратты былтыр бұзу туралы шешім шыққан. Бірақ округ əкімі ғимаратты бұзбайтынын, алда жекелерге беріп, бір бизнес орталығын ба, əлде жастар орталығын ба ашу ойында бар екенін айтты», – деді. Қаншалықты рас-өтірігін кім білсін округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Əмірқұл ауыл əкімі оны аукционға қойып сатқысы келетінін айтып қалды.

– Мұндай ғимарат түкке тұрмайтын ақшаға сатылып,  бұзылып кетсе, əрине, обал болады. Оның іргетасы мен қабырғасы мықты. Тек төбесі мен есік-терезесін ауыстырса, еденіне шағал төсеп, бетондаса жетіп жатыр. Бұл ғимарат əлі біздің шөпшегімізге дейін қызмет етер еді. Жекенің қолына өткен соң, ол бұзып тастай ма, əлде дүкен аша ма ол өз еркінде. Біз оған түк істей алмаймыз. Жалпы неге екенін білмеймін, аудан басшылары осы бір мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге ықылас танытпай-ақ қойды. Қанша жыл болды ары-бері құбылып, ниет танытпауда, – дейді ардагер ұстаз.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support