- Advertisement -

Көне шаһарды көп өзгеріс күтіп тұр

149

- Advertisement -

«Тараз – тарихтың темір қазығы». Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп баға берген көне шаһарды халқымыз берекелі мекен, шежірелі өлке, асқаралы аймақ деп біледі. Сан мыңжылдықтар мен түрлі дәуірдің шежіресін бойына сыр қып бүккен, қойнауына талай құндылықты жасырған Тараз тұрғындар үшін қай кезде де көрікті де жайлы, ыңғайлы болуы тиіс.

Үш жылдық жоспар үлкен істерге сеп

Осы күнге дейін дамудың түрлі сатысынан өтіп, жыл жылжып, күн өткен сайын құлпыра түскен облыс орталығында тұрғындар тіршілігіне қолайлы орта қалыптастыру, оның тұрақты дамуына жағдай жасау, экологиялық ахуалын қалыпты жағдайда ұстау, тарихи-мәдени орындарды құнттау, сақтау, бұрыннан бар дүниені күтіп ұстап, жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеу – уақытты қажет ететін басты талап. Яғни, қаланы дамытуға арналған бас жоспар бойынша шаһар іргесі қай жылы, қай жерге дейін кеңейіп, қандай нысан салынатыны өз алдына бір бөлек әңгіме.

Біз сөз еткелі отырған тақырып шаһардың жаңғыртылуына қатысты үш жылда жүргізілетін жөндеу жұмыстары жайында болмақ. Ашып айтқанда, биылдан бастап қаладағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жаңғыртылып, көшелер мен жолдар, арық-атыздар жөндеуден өтетін болады. Тіпті, жылдар бойы қараңғылық құшағынан көз ашпай келе жатқан ірілі-ұсақты көшелерге дейін жарықтандырылмақ. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев аталған нысандарды жаңғыртуға қатысты бұрын мұндай ұзақ мерзімді жоспар болмағанын айтады.

«Әлеуметтік желіде Тараз қаласының кейбір көшелері жарықтандыруды, асфальттауды қажет ететіні жөнінде тұрғындар тарапынан түсетін шағым көп. Бұл шаруалардың барлығын бірдей бір мезетте қамтып тастау мүмкін емес. Оған жұмсалатын қаражаттың да көлемі аз болмайтыны белгілі. Десе де облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биылдан бастап осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін үш жылға арналған арнайы жоспар бекітілді. Мысалы, тек көшелерді жөндеу бойынша 2021-2023 жылдары орташа жөндеу жұмыстарына құны 8 122 699 844 теңгені құрайтын 230 жоба еніп отыр. Жобаға енген көше, бұрылыс, өткел, тұйықтардың жалпы ұзындығы 262 шақырымға жуықтайды. Оның ішінде, биыл құны 1 587 319 000 теңге болатын 26 нысан жөндеуден өтеді. Ұзындығы 56,9 шақырым көшенің 13,9 шақырымына шағалтас төселеді», — дейді А.Есеналиев.

Оның сөзіне қарағанда, жоғарыдағы жаңалықты естіген тараздық кейбір тұрғындар тарапынан «Біз тұратын аумақтағы көшелерге шағал емес, неге бірден асфальт төсемейді?» деген секілді базына да айтылып жатқан көрінеді. Ал жергілікті билік негізінен шағал төселетін көшелерге әлі газ, су құбыры секілді инфрақұрылым жүргізілмегендіктен, ол жолдарға шағал төсеуді жөн санап отыр. Себебі, ол көшелерге бірден асфальт төсеп тастаса, кейін су құбырын тартқанда, газ желісін жүргізгенде ол қайтадан бүлініп, екі әуреге түсіреді. Сондықтан қазына қаржысын тиімді пайдалану үшін осындай амал жасалуда. Көшелерді жөндеу бойынша келер жылы 27 нысан жөнделсе, қалғаны 2023 жылдың еншісіне қалып отыр екен.

Көпқабатты үйлерді аулалары абаттанады

Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің аула алаңшаларын абаттандыру жүйесі бойынша да үш жылда қыруар тірлік атқарылмақ. Осы уақыт аралығында 241 ауланы абаттандыру жоспарланыпты. Одан өзге біріктірілген футбол және баскетбол алаңдарынан тұратын спорттық аулалар да салынады. Қарапайым бір ауланы абаттандыруға жұмсалатын қаржы 20 871 175 теңгені құраса, спорттық алаңдары бар ауланы абаттандыруға 28 845 681 теңге жұмсалады екен. Биыл аталған аулаларды абаттандыруға 293 334 900 теңге бөлінсе, жалпы 3 жылдық абаттандыруға жұмсалатын қаржы 3 419 133 060 теңге болып отыр екен. Осы жұмыстар бойынша жасалған сметалық құжаттамада әрбір аулаға, үйге кіретін жолдар қарастырлған көрінеді.

«Түнгі жарықпен қамтамасыз ететін нысан саны – 207. Осы жылға жоспарланған нысан саны 13 болса, оның құны 201 600 000 теңгені құрап отыр. Алдағы жылы жарықтандырылатын 97 нысанның құны – 689 258 708 теңге. Жоспар бойынша 2023 жылы да 566 428 000 теңгеге 97 нысан жарықтандырылады», – дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай — коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.

Жол шетіндегі арықтан су желіп ағады

Шаһар көшелерінің лоток жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстары да үш жыл бойы жүргізіледі. Биыл Абай даңғылы және Балуан Шолақ, Байзақ батыр, Ташкент, Лұқманов, Ақылбеков, Түрксіб, Прманов көшелерінің лоток жүйелерін ішінара ауыстыру арқылы орналастыру жұмыстарына 224 459 992 теңге бөлініпті. Келер жылы Төле би даңғылы және Қазыбек би, Қонаев, Желтоқсан, Комратов, Қойгелді, Әйтиев, Бейбітшілік, Бектұрғанов көшелерінің лоток жүйелерін ішінара ауыстыру арқылы орналастыру жұмыстарына 364 254 437 теңге қарастырылған.

Ал 2023 жылы құны 538 558 305 теңгеге әл-Фараби, Сейфуллин, Қ.Тұрысов, Рысқұлов, Рысбек батыр, Ұлбике ақын, Достоевский, Ниетқалиев, Шестокович және Достоевский көшелері бұрылыстарының лоток жүйелерін қалпына келтіру көзделіпті. Бұдан бөлек, Тараз қаласының ирригациялық жүйесі сын көтермейтіні көптен бері сөз болып жүргені белгілі. Бұл мәселе де алдағы үш жылда өз шешімін табатын болды. Биыл бұл бойынша 262 286 713 теңгеге 4 бірдей жоба жүзеге асырылмақшы. Атап айтқанда, Қарасу-2, Төрегелді, Ұшбұлақ каналдары тазартылып, қаланың кейбір көшелерінде науалық желілер мен арналарға арналған тарату шлюздері орнатылатын болады.

Келер жылы және 2023 жылы осындай жұмыстар жүргізу үшін екі-екіден төрт жоба қолға алынып отыр екен. Ол жобаларға Қапал, Қарасу-1, Төрегелді Сенкібай каналдарын тазалау енгізілген.

Жыл санап көркейіп келе жатқан Тараз қаласында атқарылар шаруалардың бір парасы осы. Әсіресе, жолдың жөнделіп, көшелердің жарықтандырылуы тұрғындардың жүріп-тұруы мен жол-көлік қозғалысына да оң әсер ететіні сөзсіз. Көктемде еріген қар мен жуан-шашыннан жиналған су да енді шалшыққа айналып жатпайды. Біраз жылдан бері қорданланған осы мәселелердің шешімін табуына биыл қозғау салынғаны құптарлық іс болды.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support