- Advertisement -

Дұрыс жобаламаудың салдарынан жаңа мектепке тағы 300 миллион теңге қажет

125

- Advertisement -

Ел экономикасының артуына құрылыс саласының қосып отырған үлесі зор. Дегенмен сапасыз салынған құрылыс елдің наразылығын тудырса, жылдап қаңырап тұрған сақалды құрылыс нысандары қала көркін қашырып тұр. Осы мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

– Экономика үшін құрылыс саласының маңызы қаншалықты екенін жақсы білесіздер. Қазір құрылыс жұмыстарын бастауға қолайлы ауа райы қалыптасты. Тиісті жобалар бойынша конкурстар өткізілді. Ендігі жерде мердігерлер құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешіктірмей бастағандары жөн. Жалпы, биыл облысымызда 213 жобаны іске асыру үшін 54 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Республикада бюджетті нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілген соң тағы да 3-4 миллиард теңге алып қалуымыз мүмкін. Сол үшін құрылыстың сапасына баса мән беру керек. Дегенмен жүргізіліп жатқан құрылыс сапасы әлі нашар. Жаңа тұрғызылған тұрғын үйлердің төбесінен су ағады. Әлеуметтік бағытта соғылған мектеп, мәдениет үйлері мен спорт нысандарында да осындай кемшіліктер бар. Бүгінгі кеңеске өңіріміздегі ірі құрылыс компанияларының өкілдерін де шақырып отырмыз. Енді айтыңдаршы, осы кемшіліктерді қалай жоямыз? – деді Бердібек Машбекұлы.

Бұдан бөлек облыс әкімі облысымызда құрылысы аяқталмаған 50-ге жауық сақалды құрылыс нысаны барын, олардың арысы 20, берісі 15 жылдан бері қаңырап бос тұрғанын айтты. Бұл нысандар қаланың көркін ғана бұзып тұрған жоқ, сол маңдағы тұрғындарға қауіп те төндіріп тұрғаны анық.

Кеңесте облыс әкімінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 137,4 миллиард теңгені құрайтын 213 жобаға бюджеттен 53,7 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда.  Оның 115 нысаны «Нұрлы жер», 45-і «Жұмыспен қамту» бағдарламасы, 20-сы «Ауыл – ел бесігі» жобасы, қалған 33 нысан құрылысы Үкімет резервінен жүргізілуде. Бұл құрылыс нысандарының 76 пайызын биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Құрылыс жұмыстарының сапасына тоқталған басқарма басшысы, құрылыстың сапасына ең алдымен дұрыс әзірленбеген жобалау-сметалық құжаттама әсер ететіндігін, соның салдарынан көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алатындығын сөз етті. Атап айтқанда, кейбір жобалаушылар құрылысы жоспарланып отырған жерге іс жүзінде бармай, жердің топографиялық ескі деректерін пайдаланып, геологияны толық зерделемей жобаны сырттай сызады. Мысалы, Жуалы ауданында 100 орындық Алатау мектебі, Байзақ ауданында 300 орындық Бурыл мектебі осылай дайындалған. Кейде көшіруді қажет ететін инженерлік коммуникациялар мен бұзылатын ескі ғимараттарды көрсетпеу жайлары жиі орын алған. Тараз қаласындағы 600 орындық «Сахзавод» массивіндегі №22 жаңа мектебінің құрылыс алаңында жоғары кернеулі Вл-110 желісін көшіру ескерілмеген (жобалаушы «Табыс жоба» ЖШС). Сондай-ақ Нұрлыкент ауылында 180 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасында сыртқы электр, су, газбен жабдықтау желілері, абаттандыру мен қоршау қаралмаған.

Сондай-ақ басқарма басшысы негізгі техникалық қадағалаушылардың жұмысын күшейтіп, белсенділігін арттыру қажеттігін айтты.

Бүгінгі күні құрылыс кезінде қолданатын материалдардың  90 пайызы отандық кәсіпорындардың өнімі болып табылады. Алайда өкінішке орай, жоғары жүктемеге байланысты маусымның қызған шағында олар үлкен тапсырыс көлемін орындай алмайды. Сондықтан, құрылыс компаниялар мерзімнің тығыздығына байланысты импорттық өнімді сатып алуға мәжбүр. Ресейден арматура, шыны, кафель, линолеум, есіктер, Белорусиядан, Өзбекстаннан кафель алынады. Сондықтан құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпкерлерге сапасы мен қуаттылығын арттыру бойынша жүйелі көмек көрсетуіміз қажет, дейді баяндамашы.

«Кейбір мердігерлер бір маусымда 5-6, тіптен 10 нысанның құрылыс жұмысын ұтып алады. Оларға биыл қандай шара қолданылады?» – деді облыс әкімі. Басқарма басшысы техникалық қадағалаушылардың жұмысын күшейту арқылы бұл істі реттейтінін айтты.

«Көп жағдайда біз оны құрылыс басына барғанда бір-ақ біліп жатамыз. Ал техникалық қадағалаушылар болса ондағы толып жатқан кемшілікті бақыламайды. Яғни  бармайды. Егер онда айына бір рет барса ол кемшілікті қалай байқайды? Немесе көрсе де көрмеген болады. Сол үшін техникалық қадағалаушылардың жұмысын жандандыра түсу қажет», – деді Бердібек Машбекұлы.

Бұдан кейін облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында құрылыс нысандарының сапасын қамтамасыз ету мақсатында басқарма тарапынан 16 тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 43 нысаннан әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Бүгінгі таңда 36 әкімшілік іс қаралып, кінәлі тұлғаларға 6,2 миллион теңге айыппұл салынған. Қалған 7 іс сотта қаралуда.

Бұдан бөлек, облыс аумағында құрылысы тоқтап тұрған «сақалды құрылыс», яғни ұзақ жылдар бойы құрылысы бітпей тоқтап тұрған 51 нысан анықталған. Оның 35-і Тараз қаласында орналасқан. Сақалды құрылыстардың 37-сі кәсіпкерлік, 2-еуі білім беру, 2-еуі медициналық, 5-еуі көп қабатты, қалған 5-еуі жеке тұрғын үйлер мақсатындағы нысандар. Тараз қаласындағы 21 құрылыс нысанның иелерімен құрылысты жүргізіп, аяқтау бойынша толығымен меморандумға қол қойылып, кесте бекітілді.

Облыс әкімі сақалды құрылыстарды жою жайын айта келіп, негізгі тақырыпқа қайта ойысты. «Жобалауда көптеген қателіктер кетеді. Дұрыс жобаламаудың салдарынан Тараз қаласындағы «Сахзавод» массивіндегі №22 жаңа мектебінің құрылыс алаңында жоғары кернеулі Вл-110 желісін ауыстыру үшін қосымша 300 миллион теңге қажет болып отыр. Мұндай мәселе Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінде де орын алуда. Егер біз жобалаудан кейін тағы қаржы қарайтын болсақ ол «Алтын мәдениет үйі» болып кетпей ме? Сол үшін жобалаған кезде құрылысқа қажетті барлық мәселе толық қамтылу керек. Сол үшін бір үлгідегі мәдениет, спорт, мектептің типтік үлгісі жасалғаны жөн. Бізге көпқабатты тұрғын үйлерді көбейту керек. Кірпішпен ғана емес, бетонмен соғу үрдісін де қалыптастырған жөн. Салғаннан кейін сапалы салу керек. Мердігерлер, сіздер мал тұратын емес, адам тұратын үй салып жатқандарыңызды ұмытпаңыздар», – дей келіп, Бердібек Машбекұлы тиісті басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне, мердігерлер мен техникалық қадағалаушыларға тапсырмалар берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support