- Advertisement -

Ардагерлердің ақ батасын алды

340

- Advertisement -

Облыс әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Дәулет Кәрібек жұмысын алдымен ардагерлердің ақ батасын алумен бастады. Көргені мен түйгені көп ақсақалдармен кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары үлкендердің батасын алуға келгенін айтты. Басқосуда алғаш сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Дәулет Жамаубайұлының қызметіне табыс тіледі.

-Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Дәулет Жамаубайұлы, сіз өзіңіздің тәрбие көрген азамат екеніңізді байқатып, бүгін бізбен кездесіп отырсыз. Көп рахмет! Ардагерлер ұйымының қоғамдағы рөлі зор. Жастар тәрбиесі, қоғамдағы түрлі жағдайлар біздің назарымыздан тыс қалған емес. Ұйым негізі республикамызда 34 жыл бұрын құрылған. Өңірімізде 120 мыңға жетеқабыл зейнеткерлер бар болса, олардың 109 мыңы кеңеске тартылған. Құрылған «Билер кеңесі» қоғамдағы бірқатар мәселелердің оң шешімін табуына қолдан келгенше ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Бүгінде біздің тарапымыздан шешендік өнерді дамытуға айрықша ден қойылған. Сондай-ақ шығармашылық клубымыз да баршылық. Өңірімізде Ұлы Отан соғысының 37 ардагері тұрады,-деген Еркінбек Солтыбаев өзге де өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

 

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасынан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек аға буынның ақыл-кеңесіне құлақ түріп өскен жас толқынның адаспайтынын тіліне тиек етті.

-Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, ардақты ақсақалдарымыздан ақ бата алсам деген ниетпен келіп отырған жайым бар. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, азаматтық ұстанымдарыңыз, қоғамдағы белсенділіктеріңіз біз үшін бағдаршам іспетті, қай кезде де қамбат. Жастардың тәрбиесі мәселесіне бейжай қарамайтындықтарыңызға көзім жетіп отыр. Сіздер жұмысын жүргізіп отырған түрлі клубтар, тың жобалар қызықты әрі қоғам үшін маңызды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын мәселелерді жүзеге асыруда да көптеген жұмыстарды бірлесе атқарамыз деген ойдамыз. Одан бөлек Қордай мәселесіне қатысты жүргізіліп жатқан жұмыста да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарамыз деген үміттеміз,-деді ол өз ойымен бөлісіп.

Бұдан соң облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков сөз алып, көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Ол өз сөзінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойын насихаттауда өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары белсенділік танытуы тиіс екендігін атап өтіп, өзге де мәнді мәселелерге назар аударды. Сөз соңында Әмзебек Жолшыбеков Дәулет Жамаубайұлының жұмысына табыс тіледі. Бұдан кейін қаламгер Елен Әлімжан сөз сөйледі. Қаламгер кие дарып құт қонған Әулиеата жерінен 56 мықты ғалым шыққанын айтып, олар туралы мәліметті жұртшылық кеңінен білуі тиес екендігіне тоқталды.

Кездесу барысында ардагерлер Нүркен Қасымова, Исмайыл Хаджимуратов, Хадиша Оспанова, Күләш Назарбекова бастаған өзге де кісілер пікірлерімен бөлісті. Олар ардагерлерге арналған демалыс орны болса, көне Таразды туристік орталыққа айналдыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге барынша назар аударылса деген тілектерін жеткізді. Басқосу соңында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз алып, облыс әкімінің орынбасарына ақ батасын берді.

Басқосуды қорытындылаған Дәулет Жамаубайұлы ардагерлерге алғысын айтып, көтерілген мәселелерді зерделейтінін, оң шешім табуына ықпал ететінін, арада екі-үш ай уақыт өткенде ардагерлермен қайта жүздесіп, пікір алмасатынын айтты.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары «Баспасөз үйіне» ат басын бұрды. «Aulieata media» ЖШС-нің бас директоры Нұрбек Бекен «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» газеттерінің редакциясымен таныстырып, облыс әкімінің орынбасарына атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді. Сонымен қатар, облыстық телеарналардың жай-күймен де танысты. Кейіннен ол «Достық» үйіне барып, этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support