- Advertisement -

32 жоба аяқсыз қалған

90

- Advertisement -

Жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті, үшінші сессиясында «Жамбыл облысында жергілікті бюджет қаражатын басқару мен пайдалану тиімділігін көтеру және салық түсімдерін ұлғайту жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы»  мәселе қаралған болатын. Сессияда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Мұқаш Ескендіров облыстық мәслихатының экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының атқарған жұмыстары туралы есеп берген еді.

Есепте өткен жылы облыс экономиканың өсу көрсеткіші 102,2 пайызды құрап, негізгі капиталға салынған инвестиция 12,7 пайызға ұлғайғаны айтылды. Инфляция 7,3 пайызды құрап, ол өткен жылға белгіленген дәлізде қалыптасқан. Бюджеттік кіріс 101,6 (422 миллиард теңге), меншікті кіріс 108,9 пайызға (79,2 миллиард теңге) орындалған. Өнеркәсіп кәсіпорындарымен 505 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

«Тауар мен қызметтің ақысы қолма-қол ақшамен төленсе де, картамен төленсе де, кәсіпкер бақылау-кассалық аппаратты пайдалануға міндетті. Алайда облысымызда зерделеу жұмыстарын жүргізген депутаттық жұмыс тобы сауда орындары болсын, қызмет көрсету орындары болсын қолма-қол ақша алу арқылы жұмыс атқарып отырған кәсіпкерлік нысандарының әлі де көп екенін анықтаған. Одан бөлек, зерделеу жұмыстары барысында облысымыздың аумағындағы мал базарларына қадағалаудың мүлдем жоқтығын көрсетті. Ондағы әр мал басына және жүк көліктерінің базарларға кіру ақыларын есепке алса, миллиондаған қаржы салыққа түсер еді. Осындай жағдай автокөлік жөндеу стансаларында, моншаларда және басқа да сауда және қызмет көрсету орындарында жаппай орын алуы, кассалық аппараттардың қолданылмай, түбіртек бермеу арқылы қаншама қаржы салықтан тыс кетіп жатқанын көрсетті. Осы дәйектердің өзі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Тараз қалалық және аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары кәсіпкерлік нысандардан түсетін салық түсімдеріне бақылауды босаңсытып отырғандығының айғағы болып табылады», – деді Мұқаш Ескендіров.

Сондай-ақ ол облыс аумағында ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан, сырттан келген мекемелер облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде тек салық салынатын нысан ретінде ғана тіркеуге алынғанын, ал олардан  түсетін жеке табыс және  басқа да  әлеуметтік салықтар  облысты айналып өтіп, мекеменің тұрғылықты мекен-жайы орналасқан өзге өңірдің бюджетін толықтырып жатқанына тоқталды. «Егер осы заңды тұлғалардың аудандардағы құрылымдық бөлімшелерін жұмыс атқарып жатқан әкімшілік аймақтағы салық органдары салық төлеуші субъект ретінде тіркеуге алса, облыс бюджетіне миллиондаған теңге қосымша салықтық түсімдер түсер еді», – деді ол.

Бұдан бөлек, мәслихаттың тексеру комиссиясы тексеріс барысында салық түсімдері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының лауазымды қызметкерлерімен көлік құралдары, жер учаскілері және мүлік салықтарын уақтылы төлемеген салық төлеушілерге қатысты нақты әрекеттер қолданбау деректерін анықтаған. ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 18-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес салық органдарына салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету жүктелген. Алайда, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының 2021 жылғы 31 қаңтарға дейінгі салық қарыздары және басқа да міндетті бюджеттік төлемдер бойынша қарыздарының жағдайы – 203,7 миллион теңгені (39397 тұлға) құраса, оның ішінде көлік салығы – 159,7 (7764 тұлға), мүлік салығы – 39,1(19 012 тұлға), ал жер салығы – 4,9 миллион теңгені (12 621 тұлға) құраған.

Сонымен қатар, бюджетке қомақты салықты түсіретін жеке кәсіпкерлерден, жеке көлікпен жолаушы тасымалдаушылардан, коммуналдық және жеке меншік мүлікті жалға беруден, әсіресе мал, көлік сататын, халық тұтынатын тауарлар сатуға арналған базарлардан түсетін салықты болжамдау, есептеу және оны жинау әлі де болса нақтыланбағаны айтылды.  Соның ішінде салық төлемей отырған базарлар да бар екен. Атап айтсақ, Тараз қаласында 19 сауда базары жұмыс істесе, соның ішінде «Атакент Тараз» сауда орталығы 2019 жылдан, «Мыңбұлак» шағын сауда орталығы және Коммуналдық базары өткен жылдан бастап тиісті салықтарын төлемеген.

Тексеру комиссиясы төрағасының айтуынша, «Даулет» базары 2019 жылы салыққа 2211,0 мың теңге төлесе, өткен жылы 388,7 мың теңге ғана төлем жасаған. Қалада мұндай 3 мыңға жуық сауда орны бар. «Ауыл Береке» базары салық төлемдерін 2019 жылғы 24080,6 мың теңгеден 2020 жылы 15687,5 мың теңгеге бірақ кеміткен. «Осы жерде айта кетерлік жайт 5500 сауда орнының тек 900 сауда орны жұмыс істеп отырған «Орталық базары» 2019 жылы 10453,4 мың теңгеден 2020 жылы 39316,7 мың теңгеге артық салық төлемдерін жасап 4 есеге жуық өсім көрсеткен. Ал базарлардағы әрбір екінші контейнер, дүкен, қоғамдық тамақтандыру орындарының иелерінің қарамағында қосымша 2-3 сатушы, асхана жұмысшылары бар. Олардың басым бөлігі салық төлеуші нысандарымен келісім-шартсыз, күнделікті еңбегіне нақты ақша алып, жұмыс істеп жүргенін ескерсек, ресми деректердің шындықтан әлдеқайда алшақ жатқандығын аңғаруға болады» – дейді Ескендір Зұлқарнайұлы.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қаржы бақылау органдарының жұмысының негізгі мақсаты – бақылау нысандарында қаржылық бұзушылықтарды анықтау, жою және болғызбау. Осы орайда, облыс бойынша экономикалық тергеу департаментінде өткен жылы 125 қылмыстық іс тіркелген (2019 жылы-109 іс). Оның 92-і сотқа дейінгі тергеумен аяқталған. 2020 жылы 2019 жылға қарағанда анықталған залал көлемі 2 есеге артқан. Яғни 2019 жылы бұл көрсеткіш 1,2 миллиард теңге болса, 2020 жылы  2,8 миллиард теңгені құраған. Атап айтсақ, өткен жылы облыс аумағында орындалмаған жұмыстар мен қызметтерге заңсыз счет-фактураларын жазып берумен айналысқан бір ұйымдасқан қылмыстық тобы құрықталып, тергеп-тексеру барысында 1 007224,00 мың теңге тұратын дүние мүліктерге тыйым салынған. Контрафактілік тауарларының заңсыз айналымына қатысты  (алкоголь және темекі өнімдері) өткен жылы 9 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, Тараз қаласы Комратов көшесінде заңсыз алкоголь өнімдерін дайындаумен айналысқан көлеңкелі цех анықталған. Анықталған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша бақылау маркаларынсыз заңсыз айналымнан 50 мың бөтелкеден астам алкоголь өнімдері, сонымен қатар 377 мың қорап «Fast» и «Victory» және 1044 қорап «Arizona» темекілері тәркіленген.

Бұдан бөлек, бюджет саласында бюджет қаржысын  жымқыру оқиғалары бойынша  департамент өндірісінде Қазақстан Республикасы қылмыстық Кодексінің 189,190 баптарымен құрылыс, білім, ауыл шаруашылығы саласында 2020 жылы 29 іс тергелген. Келтірілген шығын сомасы 566,05 миллион теңге болса, оның сотқа дейінгі өндірілгені 126,4 миллион теңге. Ал салық саласындағы қылмыстар бойынша орындалмаған жұмыстар мен қызметтерге заңсыз счет-фактураларын жазу бойынша 2020 жылы 23 қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 216 бабымен қозғалып, 20 ісі сотқа жолданған. Салық төлеуден жалтару бойынша ҚР ҚК-нің 145 бабымен 3 қылмыстық ісі қозғалған.

«Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Өкінішке орай, мемлекеттік мекемелердегі қылмыстың басым бөлігі іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін қаржы аудару жолымен бюджет қаражатын ұрлау деректері бойынша орын алған. Осы орайда орын алып отырған экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс» дейді мәслихат депутаты.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлықты болдырмауға бағытталған жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде мемлекеттік қызметшінің беделін түсіретін 7 факт (2018-2; 2019-5) орын алған. Осы бөлімде мемлекеттік қызмет беделін түсіретін жағымсыз көрініске 7 рет жол берілгендігіне қарамастан, бөлім басшысына тек түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ауызша түрде ғана ескерту берілген.

Құрылыс саласы да тексеру комиссиясының тұрақты бақылауында. Өткен жылы барлық бюджет көздерінен жол саласына 27,6 миллиард теңге бөлініп, 1111 жоба іске асырылған. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен – 23, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен – 84, «Жұмыспен қамтужол картасы» бағдарламасымен – 827, Үкімет резерві есебінен – 96, жергілікті бюджеттен – 81 жоба іске асырылды. Бөлінген қаржы есебінен жалпы 1316,2 километр жол жөнделген. Оның ішінде жаңа жол құрылысы – 18, қайта жаңғыртудан өткені – 6,1, ағымды және орта жөндеуден өткізілгені – 1292,1 километрді құрайды.

Ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс жобалардың өткен жылы 32-сі пайдалануға берілмей қалған. Оның ішінде, 5 жобаны іске асыру мүлдем басталмаса, 27 нысан бойынша жұмыстар аяқталмаған. Яғни, Мойынқұм ауданында – 1, Жамбыл ауданында – 4 нысанда жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Меркі ауданында 9,3 миллион теңгенің жұмысын құрайтын – 8 нысанның,  Тараз қаласанда – 5 (құны 45 миллион теңге), Шу ауданында – 11 (құны 29,5 миллион теңге), Қордай ауданында – 3 нысанның (құны 5,2 миллион теңгені құрайтын) жол-жөндеу жұмыстары аяқталмаған.

Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде өткізілген 55 конкурстың мемлекеттік сатып алудың арнайы тәсілімен жүргізілген 34 конкурсы бойынша заңнама талаптары бұзылған. Ол бойынша облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне ұсыну енгізіліп, 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. Биыл осындай заң талаптарын бұзған 19 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 4 заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсынулар енгізілген.

«Бюджетті қабылдау ісіне, оның кірісі мен шығысын мұқият есептеуге ұқыпты көзқарас қалыптастыру  үлкен жауапкершілік әрі сенім» деп санайды мәслихат депутаты Мұқаш Ескендіров. Сондықтан мәслихат сессияларында бюджетті қабылдап бекітер алдында оны терең сүзгіден өткізу қажет деп есептейді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support