Өшпес ерлік

47

Қазақ халқының қаһарман перзенттері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Сол үшін 104 қазақ «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. Салыстырар болсақ: саны қазақтардан екі есе көп өзбек халқынан бұл атаққа 67 адам, ал бауырлас түрікмен, тәжік және қырғыз халқынан шыққан барлық батырлар санын қосып есептегенде Ұлы Дала ерлеріне жете алған жоқ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, бірақ ол түрлі себептермен берілмей қалған қаһармандарымыз да болды. Ұлы Отан соғысының даңқты сұрмергені – Ыбырайым Сүлейменов осындай ерлердің бірі еді. Батырдың биік тұлғасы да, ғажайып ерлігі де туған халқымен мәңгі жасайтын болады.

Редакциядан.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

«Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой». Қазақ елінің ең ұлық рәмізі – Әнұранымызда дәл осылай жазылған. Жаздырған көк түрік заманында «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған, қара терін төккен, қызыл қанын жүгірткен» Күлтегіндей құдіретті қолбасшылардан бастап, Ұлы Отан соғысында халқымыздың даңқын асқақтатқан Бауыржандай баһадүрлер.

Қазақ тарихы – ұлт ретінде сақталып қалу жолында жан алысып, жан беріскен арасат соғыстар мен алапат майдандардан тұратын қаһармандық тарих. Ұлы Отан соғысында қашанда ар-намысты бәрінен биік ұстап, ұрпақ үшін, ел үшін қан майданға түскен қаһармандар қазақтың даңқын жер-жаһанға жайды.

Орыстың әйгілі жазушысы Илья Эренбург 1942 жылы Кеңес Одағының бас газеті – «Правдаға»: «Бір фриц маған былай деді: «Бізге қарай от-жалын да тоқтата алмайтын, қайтпас-қайсар солдаттар қарсы шапты. Кейін мен олардың қазақтар екендігін білдім. Даланың аптап ыстығы мен қақаған суығына шыныққан бұл ержүрек халық Шығыста тұрады. Олар үшін ар-намыс бәрінен жоғары», – деп жазды.

Бүгінде  Екінші дүниежүзілік соғысқа деген көзқарастың өзі қым-қиғаш. Бірақ бір нәрсенің басы ашық: ата-бабамыздың асыл қаны төгілген бұл соғыс біз үшін қашан да қастерлі болып қала бермек. Қанды қырғынға уыздай жас болып аттанған Төлеген мен Нүркендей, Әлия мен Мәншүктей қазақтың көкөрім ұл-қыздары сұрапыл соғыстың кескілескен шайқастарында ерлік пен қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетті. Дәл осы қатарда орыс ормандарында «қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тоңып» жүріп, жалғыз өзі 289 немісті жер жастандырған, көзі тірісінде-ақ даңқы бүкіл майдан даласын шарлаған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов те бар. Ақиқаттың қауызын аршуға арналған бүгінгі әңгіме дәл осы батырға арналады.

Батырлық бастауы

Қазақты қазақ мақтаса өзге жұрт «аталасының атын оздырып отыр-ау»  деп күмәнмен қарауы мүмкін. Ал Ыбырайым мергеннің ерлігін Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшылары – Кеңес Одағының Батыры, армия генералы К.Галицкий, генерал-лейтенант  Ф.Лисицын, генерал-майор Ф.Зуев, генерал-майор А.Литвинов және басқалар мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, мергенді қатарынан бірнеше рет мәртебелі марапаттарға ұсынып, соғыс аяқталғаннан кейін жариялаған әскери мемуарларында оның ерлігін зор ризашылықпен тамсана жазды.

Ыбырайым Қазақ хандығы ту тіккен киелі Отанымыздың кіндік жұрты – ежелгі Тараз топырағында, бүгінгі бөлініспен айтар болсақ – Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келді.

Батырдың өзі, отбасы жайлы аз жазылған жоқ. Сүлейменовтер әулеті туралы ең толымды, егжей-тегжейлі деректерді бар ғұмырын мерген есімін ардақтауға жұмсаған жамбылдық ардагер ағамыз Жатай Жұмаділұлы қалдырды.

Ата дәстүрімен әуелі бабалар шежіресін тарқатар болсақ, Ыбырайым – Әз Тәуке ханның бас батырларының бірі – атақты Наймантай батырдың және Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлармен қатар жауға найза сілтеген ер Байғозының тікелей ұрпағы.

Әкесі Сүлеймен ақсақал жас күнінде жаздың ми қайнатар аптабы мен қыстың қарлы боранында Сарысу бойында жылқы бағып, ел отырықшы тірлікке көшкенде қара жұмысқа ауысқан екен. Қосағы Тынышбала екеуі 7 ұл, 1 қыз тәрбиелепті. Нақтылап айтар болсақ, отбасының үлкені Сүйіндік ертерек еңбекке араласып, алғашқылардың бірі болып, ол кезде қазақ үшін таңсық кәсіп – тракторшылықты меңгеріпті. Бұдан кейінгі үш ұл: Смайыл, Мәдібай және Ыбырайым Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза табады. Сүйіндік елдегі қолқанат болуға жарайтын жеткіншектер мен қыз-келіншектерді тракторшылыққа баулитын тәлімгер әрі МТС бригадирі ретінде броньмен армиядан босатылған екен. Ол екі ұл, бес қыз өсіріп, 1986 жылы дүние салыпты. Ыбырайымның екі інісі – Қуандық пен Қаспақ жайлы деректер болғанымен, олардың толық ғұмырбаяны бізге беймәлім.

Ыбырайым туралы жазбаларда оның жалғыз қарындасы Аманкүл апамыздың есімі жиі аталады. Ол соғыстан кейін Баян Көшенов деген азаматқа тұрмысқа шығып, одан 9 бала сүйіпті. Бар ғұмырын батыр ағасының жоғын іздеуге арнаған апамыз бақуатты өмір сүріп, бертінде бақилық болыпты.

Батырдың өз отбасына келер болсақ, Ыбырайым жас күнінен «әкеге тартып, оқ жонып», Арқаның бөрі көзінде  жылқы бағыпты. Сонда жүріп Базарбике деген жас аруға үйленеді. Көп ұзамай, 1939 жылы Алмакүл есімді қызы дүниеге келеді. Ағасы Сүйіндіктің ықпалымен Жамбыл аудандық МТС-ына тракторшы болып орналасады. Дәл осы ұжымнан ол 1941 жылдың желтоқсанында  Қызыл Армия қатарына шақырылады.

Батырдың отбасы жайлы әңгімені түйіндер болсақ, Сүлеймен ақсақал ел-жұрт, ағайын-туыстың құрметін молынан көріп, 1958 жылы дүние салыпты. Тынышбала апамыз 90-ның төріне шығып, өсіп-өнген ұрпағының алдында, 1963  жылы қайтыс болған екен. Олардың Сүйіндік, Ысқақ, Ыбырайым, Аманкүл сияқты ұл-қыздарынан тараған жүзге жуық немере-шөберелері бүгінде Жамбыл облысында ғұмыр кешуде.

Ыбырайым Сүлейменов тұп-тура орда бұзар отыз жасында майданға аттанған екен. Соған орай, «Википедияның» орыс және қазақ тіліндегі нұсқаларында және осы дереккөзге сүйеніп жазылған көптеген мақалаларда батырдың туған жылы 1908 жыл деп жаңсақ берілген. Ы.Сүлейменовтің өз қолымен толтырған жазбалары мен біз қараған барлық әскери құжаттарда оның туған жылы 1911 жыл деп дәлме-дәл көрсетілген. Алдағы уақытта осы мағлұматты ғана басшылыққа алған жөн деп санаймыз.

Ы.Сүлейменов әскер қатарына шақырылған 1941 жылдың соңында Алматыда 100-атқыштар бригадасы жасақталып жатқан. Бұл бригада Орта Азия әскери округі қолбасшысының 1941 жылғы 26 қазандағы бұйрығы бойынша құрылды. Желтоқсанның басында  Ыбырайым дәл осы бригада сапына келіп қосылғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 20 желтоқсан күні оны жарақтау толығымен аяқталды. Әскерилер бригаданы бейресми түрде «Қазақтың жүзіншісі» («Сотая Казахская») деп атаған екен. Себебі, ұлттық құрамы бойынша бригада жауынгерлерінің 86 пайызы қазақтар, 11 пайызы орыстар, тек үш пайызға жетер-жетпесі ғана өзге ұлт өкілдері болды.

Ыбырайым осы бригада құрамында 1942 жылдың тамыз айына дейін әскери дайындықтан өтеді. Алғашқы жаттығуларда-ақ құралайды көзге атқан мергендігімен ерекшеленген жас батырды тәлімгерлер айрықша қамқорлыққа алып, оны «бақылаушы мергендікке» (снайпер наблюдатель) даярлай бастайды.

Бригада 1942 жылдың 9 тамызында Мәскеу әскери округі қарамағына келіп, 19 қазанда Калинин майданының құрамында соғысқа араласады. Алғашында подполковник Е.В.Воронков комбриг болса, кейін оны полковник А.А.Морецкий алмастырады. Ыбырайым дәл осы әскери құрамдағы екінші атқыштар батальоны сапында кескілескен шайқастарға кіреді.

 

Калинин майданында

Жүзінші бригада 1942 жылдың қазан айының соңында Калинин майданына қарасты Үшінші екпінді армия құрамында қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Бұл кезде екпінді армия тізгіні Азамат соғысына басынан аяғына дейін қатысқан тәжірибелі қолбасшы, тіпті 37-жылдың репрессиясына түсіп, тағдырдың талай өткелектерінен өткен, сол тұстағы генерал-лейтенант (кейін армия генералы) Кузьма Никитович Галицкийдің қолында тұрды. Ыбырайым батыр өзінің соғыстағы бір жылға жетер-жетпес қысқа ғұмырында осы бір тамаша қолбасшымен бірнеше мәрте жүздесіп, сұхбаттасу құрметіне ие болады.

Жүзінші бригада құрамында қазақ офицерлері мол еді. Ыбырайымның бақытына қарай, батальонның әскери комиссары қызметін сабырлы, салмақты, жас та болса тәжірибелі капитан Райымжан Әшкеев деген азамат атқарды. Ол Ыбырайымға командир ғана емес, әскери ұстаз да болды. Мергеннің қолына 470000 номерлі снайперлік винтовка табыстаған дәл осы Р.Әшкеев еді. Салтанатты жағдай үстінде капитан: «Винтовкаңның нөмірі 47 және төрт нөл екен. Осының алғашқы екеуінде көрсетілген немістің көзін жоюыңды тілеймін», – депті. Сонда Ыбырайым: «Ол аз, алғашқы үшеуіндей немісті жер жастандырамын», – деп жігерлене жауап қайтарыпты. Берген сертке берік азамат сөзінде тұрып, көп ұзамай сол қандыауыз винтовкасымен қаптаған қалың жауды баудай түсіре бастайды.

Ы.Сүлейменов өзінің қаруластарымен бірге Ұлы Отан соғысы тарихындағы үш үлкен әскери операцияға – «Марс» деп аталатын Ржев, Сычевка бағытындағы шабуылға, Великие Луки қаласын азат ету жорығына және Невель қаласын жаудан босатуға арналған шайқастарға қатысыпты. Осының бәрінде де ғажайып мергендігімен көзге түсіп, үш рет қатарынан әскери марапатқа ұсынылады.

Кеңес Одағы құлағанға дейін Ұлы Отан соғысына қатысты барлық құжаттарға (оның ішінде марапат деректеріне де) «құпия» белгісі соғылып, көпшілік қолына берілмеді. Бұл шектеу тек кейінгі жылдары ғана жойылды. Мерген туралы деректер нақты болуы үшін біз 2019 жылдың 14 қазанында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салып, Ы.Сүлейменовке қатысты барлық кұжаттарды алдырған едік. Енді соларды сөйлетейік.

Ыбырайым Сүлейменов алғашқы ерлігін «Марс» операциясын жүзеге асыру барысында – Калинин облысы Березки деревнясын азат ету кезінде жасайды. Жүзінші атқыштар бригадасының командирі А.А.Морецкий 1943 жылдың 27 қаңтарында қол қойған марапат қағазында:

«В боях с немецкими захватчиками с 25 ноября по 6 декабря 42 г. при наступлении на деревню Березки Калининской области уничтожил 15 кукушек и снайперов противника, заменил выбывшего связного командира роты, восстановил связь со взводами, оказал помощь 30 раненым бойцам, командирам и вывел их в безопасное место», – деп жазылған (Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағаты – РФҚМОӘ, 33-қор, 682526-тізім, 162-бет. Мұрағаттық дәлдікті сақтау үшін бұдан кейін де дәйексөздер түпнұсқа тілінде беріледі).

Комбриг атап көрсеткендей, алғашқы айқасында-ақ қазақтың батыр ұлы жауға қарсы жалғыз өзі майдан ашып, ерліктің ерен үлгісін танытқаны үшін осы жолы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Ұлы Отан соғысы тарихына «Кіші Сталинград» деген атпен енген Великие Луки (қала атауы кейбір авторлар жазғандай, «Үлкен садақ» атауынан емес, «үлкен шалғын», яғни «жазиралы алқап» деген мағынадан шыққан) қаласын азат етуге арналған айтулы операция 1942  жылдың желтоқсаны мен 1943 жылдың қаңтары аралығында қанды шайқаспен жүргізілді.

Великие Луки ол кезде де, қазір де халқының саны 100 мыңнан аспайтын шағын қала болғанымен, стратегиялық маңызы өте зор еді.  Оның үстіне тарихын сонау ежелгі Русь заманы – ІХ ғасырдан бастау алатын бұл қала – әрбір орыс азаматының жүрек төріндегі қастерлі мекен. Операцияны негізінен генерал-лейтенант Н.К.Галицкий басқаратын Үшінші екпінді армия жүзеге асырғанымен, оны Ставкадан маршал Жуковтың өзі қадағалап отырды. 13 дивизия, 2 атқыштар бригадасы, сондай-ақ 3 механикаландырылған бригада, 3 танк бригадасы және аса қуатты  авиация бөлімдерінің қолдауымен жүргізілген тегеурінді операция барысында Великие Луки қаңтардың соңына қарай неміс басқыншыларынан біржолата азат етіледі. Осы қала үшін болған шайқаста полковник А.А.Морецкий Ыбырайымды «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады. Комбриг қол қойған қысқа да нұсқа марапаттау қағазында:

«Кр-ц снайпер Сулейменов в районе боев Молодой Туд Калининской области действовал отлично, за период с 25.11.1942  года по  5.12.1942 года уничтожил 42 гитлеровца. В районе города Великие Луки с  4.01.1943 года по 12.01.1943 год уничтожил своим метким огнем 160 солдат и офицеров противника», – деп жазады (РФҚМОӘ, 33-қор, 686044-тізім, 1500-бет).

Осы ерлігі үшін Ы.Сүлейменов 1943 жылдың 27 ақпанында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Орыстың тамыры да, тарихы да тереңге кететін ежелгі қаласы үшін болған ұлы шайқастағы ғаламат ерлік Ыбырайымның есімін бүкіл Калинин майданына жайды. Соғысқа кіргеніне екі жарым ай ғана өткен сұрмерген бұл кезде жеке дара өзі жайпаған дұшпандардың санын 217-ге  жеткізіп үлгерген еді. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында бірде бір снайпер мұндай қысқа мерзімде – небәрі екі жарым айда дәл осындай таңқаларлық нәтижеге қол жеткізе алған емес. Оның атақ-даңқы біртіндеп майдан даласынан асып, туған Отаны – Қазақстанға да жете бастайды. Ыбырайым ұрыс сайын шынығып, ширыға түсті.

Қырық үшінші жылдың жазында – кеңес әскерлері Великие Луки қаласының түбінде тұрғанда ол алғаш рет командарм Галицкиймен жүздеседі. Даңқты қолбасшы өзінің соғыстан кейін жарық көрген «Годы суровых испытаний» атты «командарм жазбаларында» майдан даласындағы әскери бөлімдерді аралай жүріп, кезінде И.В.Панфилов басқарған 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының позициясына келгенін жазады:

«Бізді 19-гвардиялық атқыштар полкында оның командирі, Отанымыздың астанасын қорғаушы қаһармандардың бірі – майор Бауыржан Момышұлы қарсы алды. Полктың жеке құрамымен таныстыра келіп, майор Б.Момышұлы бізге екі мергенді: «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған аға сержант Ыбырайым Сүлейменов пен Ахмет Жұмағұловты ерекше атап өтті. Оның алғашқысы 239 фашисті, ал екіншісі 101 жауды жер жастандырыпты. Мен ержүрек гвардияшылдарды құттықтап, оларға жауынгерлік табыс тіледім. Олар маған да өз жауабында әскерде мергендік қозғалыстың кеңінен өрістегенін жеткізді. «Біз сияқтылар өте көп, – деді аға сержант Ы.Сүлейменов. – Жерімізге баса көктеп келген немістер енді бізден еш аяушылық күтпесін» (Галицкий К.Н., Годы суровых испытаний. М., 1973, 150, 152-беттер, түпнұсқадағы кісі аттарының жазылуы сақталды).

Қолбасшы мемуарынан алынған бұл қысқа үзіндіден бірнеше жайды аңғаруға болады. Біріншіден, командарм ол кезде полк басқаратын, әр қазақтың жүрегіне жақын қаһарман Бауыржан Момышұлының есімін ауызға алып, оған «Біздің Отанымыздың астанасын қорғаған батырлардың бірі», – деп әділ баға береді. Шындығында, 1943  жылдың басында  әуелі «Знамя» журналында, ал жыл ортасында жеке кітап ретінде А.Бектің «Волоколам тас жолы» повесі жарық көріп, Бауыржанның даңқы бүкіл Кеңес Одағын шарлап кеткен еді. Екіншіден, Галицкийдей үлкен қолбасшы арада қаншама жылдар өткенде көргенін ұмытпай, Бауыржанмен қатар Ыбырайымның да есімін, тіпті ол өлтірген жаудың санын нақпа-нақ келтіріп, оны «ержүрек гвардияшы» деп қошеметтеп отыр.

Осы тұста тағы бір ерекше назар аударатын жайт – Галицкий сияқты әйгілі әскербасы жазған кітаптың әрбір фактісі әскери мұрағаттар арқылы тексеріліп, әбден дәлелденгеннен кейін ғана баспа бетін көрді. Сондықтан жеті құлыптың ар жағындағы мұрағатқа қол жетпейтін заманда басылған генерал мемуарында мұндай мағлұматтардың жариялануының деректік әрі дәйектік мәні өте зор болды.

Командармның жауынгер есімін еске сақтап, оған айрықша тоқталуының тағы бір сыры бар еді. Өйткені дәл осы оқиғадан кейін генерал Галицкий өзін сұрмергендігімен таңғалдырған қазақ жауынгерін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бұған сәл кейінірек кеңінен тоқталамыз.

Ыбырайымның алғашқы әскери ұстазы, комиссар Райымжан Әшкеев қаза тапқаннан кейін 2-дербес атқыштар батальонының командирі, капитан Филипп Илларионович Ушаков құралайды көзге атқан мергенді қанатының астына алып, ең маңызды тапсырмаларды ғана беріп отырды. Ол батальонның әскери позициясын аралағанда қашанда қырағы көз, алғыр ойымен ерекшеленетін Ыбырайымды үнемі кеңесші ретінде ертіп жүрді.

Генерал Галицкийдің өзінен мақтау алған Ы.Сүлейменовтің мергендік тәжірибесіне арналған арнайы жауынгерлік парақшалар да шығарылды. Солардың бірінде ол комбат Ушаковтың көз алдында өзінің нысанаға алғанды мүлт жібермес мергендігімен қоса амал-айласы да мол сайыпқыран сарбаз ретінде суреттеледі.

Әскери бөлімді аралау кезінде Ушаковты жау снайпері атып түсіре жаздайды. Оқтың да, оны атқан адамның да тегін емес екенін бірден аңдаған ысқаяқ Ыбырайым комбатты тасаға жатқызып қойып, жау позициясын аңдуға көшеді. Қыбыр еткен қимыл мен қылт еткен адамды қиыс жібермейтін мерген ақыры аңдысқан дұшпанын жайратып, комбат алдында мерейі үстем болады.

«Айла» дегеннен шығады. Ыбырайым бала күнінен ат құлағында ойнап, жылқы бағып өскендігінің пайдасын соғыста да көреді. Шабуыл алдында ұрыс даласын мұқият бақылау кезінде оның көзіне өз алдына бөлек, оқшау жайылған торы ат түседі. Әдетте, жылқы жануары өте сақ болушы еді, мынау ызыңдаған оқты елең қылмайды. Оның үстіне қылқұйрық атаулы басын оңды-солды тастап, шөптің шүйгінін таңдай, жүре жайылушы еді, бұл тек текіректеп қорғанады екен. Мүлде қыбырламайтын селдір жал мен сымпыс құйрығы да күдіктілеу көрінді. Жайылымдағы жылқыны былай қойып, буаз биенің сырт бейнесіне қарап-ақ ішіндегі құлынын жазбай танитын кәнігі жылқышы «торы аттың» бір қитұрқысы бар екенін бірден сезді. Әйтсе де, жылқы баласын бірден оққа байлауға қолы бармай, құлақтың түбін нысанаға алып, шүріппені басып қалады. Күзгі жапырақтай ұшып түскен құлаққа мүлде елең етпеген торының жау жасырынған қу тұлып екеніне көзі әбден жеткен соң «дәл кеуденің тұсы деп, өлер жерің осы деп», қатарынан екі оқты жасырынған жауға дөп тигізеді. «Торы ат» теңселе қозғалып, төңкеріле құлайды. Қулығына құрық байламайтын немістің өзінен амалын асырған қазақтың бұл айлакерлігін ұрыс алаңын дүрбімен бақылап тұрған командирлер түгел көреді. Ыбырайымның тәжірибесі өзге мергендерге үлгі-өнеге ретінде ұсынылады. «Бақсақ бақа екен» дегендей, дәл осындай «торы аттан» жасалған сұрқия жаудың алдамшы позициялары басқа майдан далаларында да кеңінен пайдаланылған екен.

Қырық үшінші жылдың жазында Великие Луки қаласының маңында жалпыармиялық слет шақырылып, оның аясында мергендер жарысы өткізіледі. Бұл слетке Үшінші екпінді армия Саяси бөлімінің бастығы генерал-лейтенант Ф.Лисицын да қатысады. Жеңісті Берлинде аяқтаған бұл қолбасшы «В те грозные годы» деген әскери мемуар жазған. Ол да өз кітабында қазақтың қос батыры Ыбырайым мен Мәншүкті айрықша атап:

«Армияда қазақ халқының даңқты өкілдері Ыбырайым Сүлейменов пен Мәншүк Мәметованың есімдері жиі аталатын. Ерліктері аңызға айналған бұл батырлар кім еді? Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовпен мен Невель шабуылдаушы операциясы басталуынан көп бұрын танысқан едім. Жайдары, жасөспірімдерге тән өмірге деген құштарлығымен ерекшеленетін ол әскери табыстарының бәрі өзіне оп-оңай келгендей, тіпті әр қадам басқан сайын оны ешқандай қауіп-қатердің күтіп тұрмағанындай жайбарақат әңгімелеген болатын. Ол гитлершілдерді аяусыз қырды. Невель операциясында оның есебіне екі жүзден астам фашист басқыншыларының көзі жойылғаны жазылған болатын. Отан үшін болған шайқастарда атақты мерген үш рет жараланды. Жарақаты жазыла сала ол үнемі майдан шебіне ұмтылатын. Невель үшін болған айқастарда оның өлтірген жауының саны көбейе түсті. Қарулас достарымен мергендік тәжірибесімен бөлісіп, көптеген жас сарбаздарды дәл көздеп ату өнеріне баулыды», – деп жазады (Лисицын Ф.Я., В те грозные годы. М., 1978, 136-137 беттер).

Армия Саяси бөлімінің бастығы ерекше аңғарымпаз жан екен. Біріншіден, Ыбырайыммен қатар қазақтың аяулы қызы Мәншүк Мәметованың есімін ілтипатпен еске алып, оның ерлігіне де арнайы тоқталып өтеді. Екіншіден, Ыбырайымға келісті мінездеме береді. Үшіншіден, оның үш рет жараланса да қайтпас қайсарлықпен қан майданға оралғанын жазады. Бұл – батыр туралы естеліктерде кездеспейтін тың дерек. Әскербасы сұрмерген өлтірген немістер санының «екі жүзден астам» екенін және оны Невель үшін болған ұрыстарда одан да еселей түскені туралы құнды мағлұмат келтіреді.

Орайы келгенде айта кетейік, сұрапыл жылдардағы майдан газеттерінде мергеннің фотосуреттері де көп жарияланды. Соларға қарап-ақ біз Ыбырайымның атақты Қазтуған жырау айтқандай, «бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі, буыршынның бұта шайнар азуы» дейтін нағыз азамат ердің өзі болғанын аңғарамыз.

Жалпы, Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін 12 777 адам Кеңес Одағы Батыры атағын алыпты. Алтын Жұлдызға жетпесе де жетеғабыл ерлік көрсетіп, омырауын орден, медальға толтырған ержүрек жауынгерлер, офицерлер мен генералдар қаншама?! Өздері де сол қан майданның өтінде болып, ерліктің ғаламат үлгілерін көрген, нәсілі басқа, ұлты бөлек екі бірдей қолбасшы Ыбырайымның ерлігіне келгенде алалық жасамай, ақиқаттан аттамай, әділ баға береді. Әдетте, қысқа да нұсқа бұйрық беріп үйренген әскери адам, оның үстіне сұсы басым, сесі күшті генерал атаулы мақтауға сараңдау болады. Бірақ екеуі де Ыбырайымнан мадақты аямаған. Себебі, жасаған ерлігіне көздері жеткен, қаһармандығын қапысыз таныған.

Даңқты мерген

Қырық үшінші жылдың жазында Сүлейменов жайратқан жауының санын 239-ға жеткізді. Бүгінгі заман оқырмандары ішінде: «Оны кім санап отыр екен? Мөлшермен жазылған шығар, – деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Анықтама бере кетсек артық болмас. Соғыс кезінде әр мергеннің арнайы кітапшасы болды. Оны ұрыс аяқталған соң взвод, рота командирі тексеріп, тиісті мағлұматты түсіріп, қолын қойып, растап отырған. Әскери құжат болған соң бұған ерекше мән берілген. Оның үстіне Ыбырайым жәй мерген емес, өз алдына бөлек, жеке дара жоспармен әрекет жасайтын «бақылаушы мерген» болған. Немістер оны сыртынан «дала мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сескенген. Тіпті Сүлейменовті атып түсірген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған. Вермахтың ең үздік мергендерін шақырып, әлденеше рет қазақ батырына қарсы қойған. Сол жекпе-жектің бәрінде Ыбырайымның мерейі үстем болған.

Осылайша қазақ жауынгерінің даңқы шарықтап, шырқау шыңға жеткенде – 1943 жылдың 9 шілдесінде Үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор А.И.Литвинов, армияның штаб бастығы,  генерал-майор Ф.Я.Зуев қол қойып, армия кадр бөлімінің бастығы, полковник Касьянов мөрмен куәландырылған бақылаушы мерген, старшина Ыбырайым Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы марапат құжаты белгіленген тәртіп бойынша Калинин майданының қолбасшысы генерал-полковник А.И.Еременкоға жолданады.

Ы.Сүлейменовтің талассыз марапатының тағдырын кейін маршал, Кеңес Одағының Батыры атанған, ал 1943 жылдың сәуірінен Калинин майданының қолбасшысы болған Андрей Иванович Еременко шешеді.

Менің соғыс тарихына қатысты көптеген әскери мұрағатты ақтара жүріп байқағаным, Кеңес Одағының Батыры сияқты мәртебелі атаққа ұсынылғанда үміткердің майданға кірген күнінен бастап, барлық ерліктері түгелдей тізбектеліп, егжей-тегжейлі баяндалады. Ал Ы.Сүлейменовтің екі беттен тұратын формулярдағы марапатының бар сипаттамасы бас-аяғы бір тұтам абзац және бір сөйлемнен ғана құралған. Аса маңызды құжат болған соң бір сөзін де қалдырмай және орналасу ретін бұзбастан қаз қалпында келтірейік:

«Снайпер 100 ОС Бр. – старшина Сулейменов Ибраим рождения 1911 года, в Действующей армии с ноября 1942 года. Участник боев за Великие Луки. Уничтожил 239 немцев. Подготовил большое число снайперов, популярен в войсках Армии. Награжден орденом «Красная Звезда» и медалью «За боевые заслуги» (РФҚМОӘ, 33-қор, 686043-тізім, 49-бет).

Міне, бар болғаны осы. Өте асығыс әрі сауатсыздау толтырылған.

Өз басым болған оқиғаны былай шамалаймын. Командарм армияны аралап жүріп, Ы.Сүлейменовпен танысады. Қарамағындағы жауынгерлер сапында осындай ғаламат ерлігімен даңқы шыққан мергеннің әлі күнге дейін лайықты марапатқа ұсынылмай жүргеніне таң-тамаша қалған ол дереу оны Батыр атағына ұсынуға тапсырма береді. Командармның тапсырмасын жылдам орындауға кіріскен әскерилер сол сәтте-ақ тиісті құжатты дайындап, оны жедел телеграфпен майдан штабына жөнелтеді. Мұны Калинин майданы штабының қызметкері қара сиямен толтырып, марапат қағазының бірінші бетіне жазған «составлено по телеграфному представлению 3 уд. армии» деген сөйлем растайды.

Марапат құжатының екінші бетінде екі адамның қолы бар: біріншісі А.И.Еременко болса, екіншісі – әскери кеңес мүшесі, генерал-лейтенант Д.С.Леонов (1944 жылы Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің Бас штабы бастығының орынбасары деңгейіне дейін жоғарылатылған). Екі генералдың шиыра қойған қолдарының үстінде: «Достоин награждения орденом Ленина» деген жалқы сөйлемнен тұратын келте шешім жазылған. Командарм ұсынысы мен майдан штабының қорытындылары бір күнде, яғни 1943 жылдың 9 шілдесінде жасалған. Бұл құжаттың тым шұғыл, асығыс толтырылғанын дәлелдей түседі.

Марапат тарихын толық қамтып, тәптіштеп келтіруіміздің себебі қатынас қағазы Үшінші екпінді армиядан майдан штабына жөнелтілісімен «сүйіншілеткен» қуанышты хабар Қазақстанға да жетеді. Аңқылдаған ағайын Ыбырайымды Батыр ретінде құрметтеп, өлең-жырға қосады. Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл атамыздың өзі батыр ұлына жыр арнайды. Тіпті майдан газеттері мен кейбір листовкаларда Ы.Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры деп көрсеткен.

Ы.Сүлейменовтің құжаты Батыр атағына ұсынылған кезде жауынгерлер мұндай биік марапатты өте сирек иеленетін. Өйткені соғыстың алғашқы кезінде тұтқиылдан тиген жаудан ойсырай жеңіліп, енді ғана есін жиып, қарымта шабуылға көшкен кеңес әскерлерінің жаппай жеңіске жеткен операциялары сирек еді. Жаудың беті қайтқанмен, олардың қалың тобыры Мәскеудің іргесінде тұрды. Тіпті Ыбырайым азат етуге қатысқан Великие Луки қаласы Мәскеуден небәрі 470 шақырымда орналасқан. Сондықтан жауынгерлердің ерлік рухын көтеру үшін батырлығы даусыз, сайыпқыран сарбаздар ғана ең мәртебелі марапатқа ұсынылды. Оның үстіне  Ыбырайымды атағы алысқа кеткен қолбасшы Галицкий бастаған үш бірдей генерал қолдады. Сондықтан әскердегі азаматтар да, тылдағы ағайын да мәселені «біржолата шешілдіге» санап, құрмет-қошеметті бастап кеткенде, Ы.Сүлейменовті  Ленин орденімен наградтау туралы жарлықтың өзіне де әлі қол қойылған жоқ еді.

Командарм марапатқа ұсынған құжат майдан штабына кеткенде армияның Саяси бөлімі Ыбырайымның жерлестеріне қуанышты жеделхат жолдайды. Облыс басшылары қазақи дәстүрмен батырдың ата-анасын құттықтап, көптеген елді мекендерде әскери-патриоттық сипаттағы түрлі митингілер өткізіліп, жерлестері батырға ризашылық пен мақтанышқа толы хаттар жібереді. Ол хаттардың бірсыпырасына Ыбырайым мен оның әскери бөліміндегілер жауап жібереді.

Реті келгенде айта кетуіміз керек, Ыбырайым мектеп табалдырығын аттамаған жан, бірақ өз бетінше сауат ашып, сол кездегі қолданыстағы латын әліпбиімен хат-хабар жазатындай дәрежеге жеткен. Жамбыл облыстық мұрағатында оның ата-анасына жазған бірнеше хаттары сақталған.

Қос қаһарман

Қырық үшінші жылдың күзіне қарай Үшінші екпінді армия Невель бағытындағы шабуылды үдетті. Бұл кезде мерген нысанасына ілінген жаудың ұзын саны да арта түсті. Сол тұстағы майдан газеттерінде Сүлейменов жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Барлық жауынгерлер мен мергендерді Ыбырайым Сүлейменовтен үлгі-өнеге алуға шақырған арнайы жауынгерлік парақшалар шығарылды.

Қырық үшінші жылдың қазан айында Үшінші және Төртінші екпінді армия әскери әуе күштерінің қолдауымен Невельді біржолата жаудан азат ету операциясына кіріседі. Тыңғылықты дайындықпен, тұтқиылдан басталған қуатты соққының нәтижесінде немістердің жанталаса қорғанғанына қарамастан кеңес әскерлері 6-7 қазанда қаланы жаудан босатады. Ыбырайым Сүлейменов бұл шайқаста да алғы шептен табылды.

Немістер Невельді тастап шыққанмен ірі темір жол торабы орналасқан қаланың батыс жағындағы Изоча стансасының түбіне топтасып, тастүйін қорғанысқа көшеді. Дәл осы стансаны босатуға арналған кескілескен ұрыстар темір жол бойындағы Ступенчатая высота деп аталатын жотада 1943  жылдың 15 қазанында болады.

Жотаның сол қапталындағы окопқа «Максим» пулеметімен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова, ал оң қанатындағы снайперлік атуға лайықталып қазылған үш окопқа Ыбырайым Сүлейменов жайғасады. Көп ұзамай, «Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін, оқ борап, снарядтар қаққанда ызың», – деп ақын жырлағандай, алапат айқас басталады. Анталаған жауға кезектесе оқ жаудырған қос қаһарман ақырғы демі біткенше ерліктің мәңгі өшпес үлгісін көрсетеді. Қаумалаған дұшпанға қырғын майдан ашып, қайта-қайта шабуылға шыққан немістерді баудай түсірген Мәншүк пулеметінің дауысы өшкенде, Ыбырайым бар ыза-кегін бойына жинап, соңғы патроны қалғанша андыздаған жаумен арыстанша арпалысады. Осы шайқаста ағалы-қарындасты батырлар ерлікпен қаза табады.

Қарулас достары қазақтың қос батырын Невельдің қақ ортасындағы паркке арулап қойып, қалалық атқару комитетінің 1943 жылғы 1 қарашадағы №1 шешімімен екі көшеге  М.Мәметова мен Ы.Сүлейменовтің есімдерін береді және бұл көшелер күні бүгінге дейін осы батырлардың атында.

Ы.Сүлейменов ерлігіне қатысты мағлұмат толық болуы үшін айтар болсақ: Изоча стансасы үшін шайқаста мерген жайратқан жауының санын 289-ға дейін жеткізсе де ешқандай марапатқа ұсынылмайды.

Осыған қарап, Үшінші екпінді армия басшылығы өз ұсыныстарының толық қолдау таппағаны, марапат деңгейі бір дәрежеге төмендетіліп, Ленин орденімен шектелгендігі жөнінде хабардар болмаған сияқты деген болжам жасауға болады. Олар өздері ұсынған жауынгердің ерлігі тайға таңба басқандай анық көрсетілгендіктен, КСРО Жоғарғы Кеңесі бәрібір әуелгі ұсынысты қуаттап, әділетті шешім қабылдайды деп сенген. Әйтеуір, Ыбырайым Изоча үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанда әскери командование мүлде үнсіз қалған.

Осы тұста бәріміз бала күннен есімін жырға қосқан аяулы Мәншүк апамыз туралы кейбір мұрағаттық деректер жөнінде ой бөлісе кеткенді жөн санадық.

Армия басшылығы қазақтың батыр қызын Невель түбіндегі ерлігі үшін әуелде 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынумен шектелген. Бұл кезде оның даңқы өз елінің аспанында асқақтап тұрған болатын. Батыр қыздың ерлігін көпе-көрнеу төмендету республика басшылығын алаңдатады. Оның үстіне халық Мәншүкті әлдеқашан батырлар қатарына қосып қойған. Сол кезде – 1944 жылдың 29 қаңтарында КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы М.И.Калининнің атына Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Ә.Қазақбаев, Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов қол қойған Мәншүк Мәметованы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөнінде құжат жіберіледі. Құжатта батыр қыздың майдандағы барлық ерлігі егжей-тегжейлі баяндала келіп: «Өзінің жауынгерлік ерлігі үшін қаһарман пулеметші қайтыс болғаннан кейін командование тарапынан 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды», – деп жазылған (РФҚМ, 33-қор, 793756-тізім, 29-бет).

Қолында үлкен билігі бар Калинин ақсақалдың бұл ұсынысты соғыс жылдарында Қорғаныс халық комиссары қызметін атқарған Сталиннің орынбасарына немесе Бас штаб бастығына жолдауына әбден болатын еді. Бірақ соның өзіне жүрегі дауаламаған дәрменсіз төраға хатты 1944  жылы 7 ақпанда Қорғаныс халық комиссариатының Кадр басқармасының бастығы Ф.Н.Голиковке жолдайды. Арада бір күн өткенде Знаменский есімді подполковник қол қойған, М.Мәметованың ерлігін растайтын анықтама КСРО Жоғарғы Кеңесіне жөнелтіледі (мемлекеттегі екінші адамның беделінің сиқы осы анықтамаға қол қойған кісіден-ақ айқын көрініп тұр).

Халқымыздың тілегіне сай республика басшылығының барынша қозғау салуының арқасында қазақтың ержүрек қызына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 1 наурыздағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.  Бұл кезде Ыбырайымды Ленин орденіне ұсынған құжат  Калинин ақсақал тарапынан әлі қаралмаған да еді.

Сұрмергенді дәріптеуді Мәскеу кешеуілдеткенмен жерлестері ұмытқан жоқ. Жамбыл облыстық атқару комитетінің 1944 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен Жамбыл қаласындағы орталық көшелердің біріне, Жамбыл ауданындағы ұжымшар мен ауылдық кеңеске Ыбырайым Сүлейменов есімі беріліп, мергеннің ата-анасына арнап ұлының атындағы көшеден жаңа үй тұрғызылды. Бұл нағыз батырға лайық құрмет еді.

Мәншүк мәртебелі атаққа жеткен соң жерлестері «ендігі кезек Ыбырайымға да келді-ау» деп Мәскеудің шешімін тағатсыздана күтті.

Ақыр соңында оның марапатқа ұсынылғанына тура бір жылға жуық уақыт өткенде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы жарлығымен старшина Ыбырайым Сүлейменовке Ленин ордені берілді. Әрине, бұл да үлкен награда, бірақ бүкіл ел күткен Алтын Жұлдыз емес еді.

Ел есіндегі ерлік

Жарлық жария етілгенде соғыс қимылдары КСРО шекарасынан асып, Европа төріне қарай ауысқан болатын. Жаңа жеңістермен жігерленген кеңес әскерлері қашқан жауды тықсыра қуып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетеді. Жаңа батырлар, кеудесіне Алтын жұлдызды қос-қостап қадаған қаһарман ерлер шықты. Жеңіс күні жақындаған сайын Отан қорғаушылардың омыраулары орден, медальдарға толып, соғыстың алғашқы кезеңінде есімдері жарқырап шыққандардың ерлігі көмескі тарта бастады. Бірақ небәрі  бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 289 жауды жалғыз өзі жер жастандырған Ыбырайымның таңғажайып ерлігін жерлестері де, қаруластары да, тіпті даңқты қолбасшылар да ұмытқан жоқ.

Соғыстан кейін атақ-даңқы күллі әлемге жайылған Жеңіс маршалдары – Г.Жуков, И.Конев, С.Тимошенко, К.Рокоссовский, В.Соколовскийлердің естеліктерінен құралып, кейін жиырма шақты рет қайта басылған «Битва за Москву» атты беделі зор, берері мол, абыройлы жинақ жарыққа шықты. Даңқты қолбасшылар жазған осы кітаптағы естелігінде генерал-лейтенант Ф.Лисицын:

«Менің қойын дәптерімде мына бір оқиға туралы жазбалар сақталыпты. Великие Лукидің маңында жаз айында өткен мергендердің армиялық жиынында даңқты мерген Сүлейменов сөз сөйледі. Ол: «Мен неге Москваны қорғадым? Мен қазақпын, менің Қазақстаным Москвадан алыста. Москва – барлық кеңес адамдарының астанасы. Ол менің де астанам. Міне, менің Москваны қорғауым осыдан шығады. Мен егер жауды тоқтатпаса, құртпаса, олар менің Қазақстаныма да жетуі мүмкін деп ойладым. Мен біздің топырағымызды таптаған соңғы гитлершілді жер жастандырмайынша тыным таппайтын боламын. Қазір 239 фашистің көзін жойдым. Баршаларыңызды басқыншы жауды аяусыз қырып-жоюға шақырамын», – деді. Міне, жеңіс туын Москвадан Берлинге дейін жеткізген дәл осындай ерлер болатын», – деп жазды («Битва за Москву, М., 1958, с. 290-бет).

Қолбасшы естелігінен біз жүрегі «мен қазақпын», «менің Қазақстаным» деп соққан аңқылдаған ақжүрек батырдың, жаумен қасық қаны қалғанша шайқасқан қаһарманның бейнесін көреміз. Ол Берлинге жете алмады, бірақ  өшпес ерлігімен Жеңіс туын желбіреткендерге жарқын жол ашты.

Кеңес Одағы сияқты ортақ Отан мен оның астанасы Мәскеуді орыстармен қатар, ерлік пен жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Ыбырайым Сүлейменовтей Ұлы Дала ұландарының қорғағанын қазақ жеріне көз алартушылар ұмытпауы керек.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді халық даналығы. Ыбырайым елінің үмітін молынан ақтады. Туған халқы да оның ер атағын есінде сақтаумен келді. Оған ұлы жырау Жамбыл атамыз бастаған ақындар жыр арнап, Балтабай Адамбаев дастан жазды. Белгілі журналист, соғыс жылдарының өзінде Ыбырайым туралы майдандық газетке алғаш мақала жазған Қасым Шәріпов ағамыз «Ыбырайым Сүлейменов» атты кітапша шығарды. Мергенді талай көріп, сыз окопта сырласқан, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз өзінің көптеген майдан жазбаларында Ыбырайым досының ерлігін тамылжыта тарқатты.

Қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық. Алтын Жұлдыз Ыбырайымға ғана емес, есімі аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына, Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты партизан Қасым Қайсеновке де бұйырмады. Мұндай әділетсіздікке әр қазақтың іші қазандай қайнағанымен, ол заманда ақырып теңдік сұрайтын мүмкіндігі болмады.

Әділдік Қазақстан басшылығына Н.Ә.Назарбаевтай елін сүйген, елі сүйген қайраткер келген соң ғана орныға бастады. Ол өзінің зор беделін сала жүріп, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын әперді.

Көп ұзамай қолымыз тәуелсіздікке жетті. Елінің екі тізгін, бір шылбырын еркін ұстаған Елбасы әуелі Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, кейін партизан жазушы Қасым Қайсеновтің кең кеудесіне Батыр Жұлдызын өз қолымен тағып, бар қазақтың рухын асқақтатты.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан туады», – деген екен. Ыбырайым Сүлейменов соңғы демі біткенше «қазағым, елім» деп өтті. Енді сол жүрегі «елім» деп соққан есіл ердің жоғын іздеу дәстүрі біздің буынға да келіп жетті.

Екінші жаһан соғысында құралайды көзге атқан мергендер аз болмаған. Солардың қатарында Қиыр Шығыстың қарлы-боранды ну ормандарын мекендейтін, барлық саны қазақтың бір ауылынан аспайтын нанай деген өжет халықтың Максим Пассар деген мерген ұлы бар екен. Көздегенін мүлт жібермейтін атақты Дерсу Узаланың інісі бір өзі 237 немісті атып түсіріп, 1943  жылы Сталинград шайқасы кезінде ерлікпен қаза табады. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.

Нанайлар намысқой халық болып шықты. Ерлігімен өзгеден озып тұрған батыр ұлын ұмытпаған. Үздіксіз сұрау салған. Әділдік іздеп, КСРО-ның, Ресейдің кешегі-бүгінгі басшыларына бастырмалата, тоқтаусыз өтініш жолдаумен болған. Ақыр соңында, іздеген мұратына жетіп, Ресей Президенті В.Путиннің 2010 жылғы 16 ақпандағы Жарлығымен М.Пассарға «Ресей батыры» атағын әперген.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын еліміздегі жоғарғы билік ауысты. Елбасының сенімді серігі, әлем таныған қайраткер азамат Қ.К.Тоқаев бүкілхалықтық сайлауда ел Президенті болып сайланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деген әр қазақтың жүрегіне жақын ұрандармен Қазақ елін жаңа биіктерге бастады.

Өзі де жеңімпаз әке, майдангер жазушының ұлы қолындағы биліктің пәрменімен есімдері әрдайым ел жүрегінің төрінен орын алған жоғарыдағы қаһармандар қатарына өшпес ерлік жасап, өлмес даңққа бөленген Ыбырайым Сүлейменовті қосар болса, ата дәстүрінің тамаша Сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып, ел аңсаған Әділдік салтанат құрар еді. Бұл тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай қорғауға ұмтылған жас ұрпақты жаңаша Өрлеуге бастар еді.

«Ежелден ер деген даңқы шыққан» еліміздің жасампаз рухы әрдайым биік болып, бабалар ерлігімен өрнектелген көк Туымыз тек ашық аспан астында ғана желбіресін, ағайын! 

Comments are closed.