- Advertisement -

Оқудан шығарылған студенттердің ешқайсысының ата-анасы шағым айтпады

357

- Advertisement -

Қазір «Білім эмиграциясы» деген ұғым көпшілікке жақсы таныс. Себебі, бүгінде мектеп бітірген түлектердің білімді алыс-жақын шетелдерден іздеуі қалыпты жайтқа айналған. Шетке кетіп жатқандардың бәрі бірдей бай-бағландардың баласы емес. Олардың арасында әлемдегі озық оқу орындарының арнайы грантын жеңіп алып, шақырту алғандар да көп. Оқуға қабылдаудың талаптарын жеңіл санап, көршілес мемлекеттерге кететіндер де баршылық. Әне-міне, үш-төрт айда бірінші курсты тәмамдаймыз деп жүргенде оқудан шығып қалған Тараздағы 300-ге жуық студент – шетелдегі оқу орнын тура осы екінші жағдайға байланысты таңдап, жыл өтпей жатып қайта елге оралғандар екен.

Олар екі ортада құжатын ұстап, далада қаларын білгенде осында қайтып келер ме еді? Жоғары білімді қайтадан өз елінде алмақ болғандарды оқудан шығарып жіберуге не себеп болды? М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті басқарма-төрағасы -ректорының міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлынан осының мән-жайын сұрадық.

– Ержан Әмірбекұлы, Тараз өңірлік университетінен 300-ге жуық студенттің оқудан шығарылғаны туралы ақпаратты БАҚ құралдары жарыса жазды. Біреу емес, екеу емес, осынша жастың оқудан шығып қалуының себебі не?

– Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, 300-ге жуық студенттің оқудан шығарылуына себеп болған – академиялық тазалықтың сақталмағаны. Негізгі мәселе – бірінші семестрден кейін біздің оқу орнына шетелден ауысып келген студенттердің құжаттары жалған болып шыққандығында.

Түсініктірек болуы үшін тарқатып айтсам, мектеп бітірушілердің білім қуып, алыс-жақын шетелдерге кетуі – еліміз үшін қалыпты үрдіс. Оқу грантын ұтып алып, озық білім ордаларының шақыртуымен кететіндер туралы әңгіме бөлек. Тағы бір тобы – ҰБТ тапсырмай-ақ, көршілес Қырғыз, Ресей елдеріне ақылы негізде білім алуға бекінгендер. Олардың арасында тестілеуде шекті деңгейде қажетті балл жинай алмағандар да бар. Солардың басым көпшілігі бірінші курстан немесе бірінші семестрден кейін-ақ елдегі оқу орындарына ауысуға өтініш білдіріп жатады. Мәселен жыл сайын елімізде 120 мыңнан астам бала мектеп бітіреді. Қазір ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілгелі алғашқы онжылдықтағыдай емес, көбісі сынаққа қатысудан бас тартпайтын болған. Міне, осы тестке қатыспайтындар және ҰБТ-да шекті деңгейден аса алмағандар шетелде ақылы негізде білім алуға кетеді. Жылда осылай.

Осы жерде бір айта кететін мәселе, соңғы екі жылдың көлемінде мемлекет жастарға қолдау көрсету үшін арнайы сертификаты жоқ талапкерлерге де шартты түрде таңдаған оқу орнына құжат тапсырып, білім алуына мүмкіндік жасап қойды. Олар белгіленген мерзімде қыста, көктемде, жазда, күзде ҰБТ-ны ақылы негізде тапсырып, сертификатын өткізген соң, нағыз студент атана алады. Сондықтан, бұрынғыдай бір-екі жыл Қырғыз еліндегі, Ресейдегі оқу орындарында оқып келіп, қайта ауысып жүрудің қажеті жоқ. Оқудан шығарылып отырған студенттер осылай шетелдің университеттеріне құжат тапсырып, бірінші семестрден кейін қайта келгендер.

– Бірінші семестрден кейін дегеніңізге қарағанда, бәрі 1-курстың студенттері болып тұр ғой. Құжаттың жалған екенін қалай анықтадыңыздар?

– Иә, бәрі бірінші курстың студенттері. Бұрын біз мұндай мәселеге кездесіп көрмеген едік. Осы оқу жылында жалған құжаттар айналымы анықталып отыр. Бұған бірден-бір себеп болған жайт – пандемияға байланысты білім берудің онлайн жүйеге көшкендігі. Талапкерлердің алаяқтарға алданып қалғаны да сондықтан. Алдыңғы жылдарда мектеп бітірушілер оқу орындарына өздері барып, құжат тапсырып, бір семестр оқып келетін. Былтыр шекара жабық болды, бұл процесстердің барлығы онлайн жүргізілді. Соңғы тоқсанда қашықтан білім алып, карантиндік қатаң талап жағдайында ҰБТ тапсырып, шекті деңгейден аса алмай, аз балл алып, абдырап қалған мектеп бітірушілер екі ортада оңай табыс тапқысы келген «делдалдарға» жем болып отыр.

Жем болып отыр дегенім, түлектерге көмектесеміз деген «жымысқы ниетті топ» алданған балаларға Ресейдегі, Қырғыз еліндегі оқу орындарының бір жылдық оқу ақысын және өз «қызметтері» үшін 50-150 мың теңге көлемінде «еңбекақысын» сұраған. Сөйтіп керек уақытында қажетті құжаттарды қолдарыңызға ұстатамыз деп келіскен. Бірақ, шындығында оларды ешқандай университетке тіркемеген. Талапкерлердің жіберген басты кемшілігі – шетелдегі оқу орындарының платформаларына кіріп, өздерінің сонда оқуға қабылданған-қабылданбағанын тексермегені. Олар ешкімнің көмегінсіз-ақ, онлайн жүйе арқылы оқуға түсе алатын еді. Заңды жолмен оқу ақысын да төлеп, қашықтан сабақтарға қатысып, кейін Қазақстандағы университетке ауысуға өтініш білдіргенде, мұндай келеңсіздікке ұрынбас еді.

Бірінші семестрден кейін біздің университетке ауысуға өтініш білдіріп, 500-ден астам студент келді. Құжаты күмәнді көрінген 200-ден астамын кері қайтардық. Қабылдап алғандарымыздың өзін оқыған оқу орындарына сұраныс хат жіберіп, тексердік. Олар ұсынған құжаттардың жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Формальды түрде бәрі дұрыс. Бір семестр оқыған соң университеттен оқудан шықты деген бұйрықтың көшірмесі, оқығандығын растайтын анықтама, ректордың қолы қойылған мәліметтердің бәрі бар. Мынадай пәндерді оқыды деп тізімін де көрсетіп қойған. Бұл бір қарағанда. Бірақ үңіліп қарағанда байқауға болатын ағаттықтарды көрдік. Мәселен, біздің елде Білім және ғылым министрлігі, Ресейде Ғылым және жоғары білім министрлігі деп аталады. Алаяқтар құжат жасағанда осыны ескермей, Министе́рство образования и нау́ки Росси́йской Федера́ции  деп жазып қойған. Институт деген сөз – «Инстутут» деп қате толтырылған. Гербтегі самұрық құстың бейнесі жақындатып көргенде, сапасын жоғалтып, түсініксіз нүктелер жиынтығына айналып кетеді. Осындай-осындай қателіктерді көрген соң, сұраныс хат жіберіп, нақты жауап алған соң, оларды оқудан шығардық.

– Академиялық адалдықтың талаптарын орындау  – алаяқтық әрекетті әшкерелеуге әкелді дейсіз ғой…

– Елімізде 128-ге жуық жоғары оқу орны бар. Солардың бәріне бірдей қойылатын талап – сапалы маман даярлау. Ал оған жетудің бірнеше тетігі бар. Соның біреуі – академиялық тазалық пен адалдық. Ол дегеніміз, жемқорлыққа жол бермеу, жалған құжатпен оқуға келмеу, емтиханды адал әрі әділ тапсыру. Университетте қолға алынған жұмыстардың барлығын ашық және жариялы түрде жүргізу.

Білім беру миссиясын нәтижелі іске асыру үшін академиялық адалдықтың маңызы зор. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың жоғары оқу орындары тазалық пен адалдықтың ортасы болуы тиіс деген тапсырмасы бар. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті осы бағыттағы саясатты белсенді түрде қолдайтындардың қатарында.

Біздің университетіміз жаңадан құрылған. Облыстағы тарихы терең, іргелі екі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік және педагогикалық университтердің негізінде өңірлік университет құрылды. Мәртебесі – коммерциялық емес, акционерлік. Оқу орнының 5 жылдық стратегиялық жоспарын жасағанбыз. Осы жоспарға сәйкес, ендігі кезекте біз шетелдегі оқу орындарынан жалған құжатпен ауысып келетіндерге тосқауыл қойып, талапкер мен оқытушы арасындағы ашықтық пен әділдікті сақтауға тырысамыз. Биылдан бастан академиялық анықтамалардан бас тартып жатырмыз. Енді елімізде бір оқу орнынан келесі университетке ауысқанда академиялық транскриптер беріледі.

Оқудан шығып қалған студенттер шағым білдірген жоқ па? Олар енді қайткені дұрыс, қалай десек те, бір жыл уақытын жоғалтты емес пе?

– Осы күнге дейін оқудан шығарылған студенттердің ешқайсысының ата-анасы шағым білдіріп, шу шығарған жоқ. Меніңше, олар өз істерінің дұрыс емес екенін түсінді. Сондықтан, әлдене деудің өзін артық санаған шығар. Оның үстіне біздің университет ауысып келген бірде-бір талапкерден оқу ақысын қабылдаған жоқ. Біреуінен басқасы жатақханаға орналасуға өтініш білдірмеді. Былайша айтсақ, дау туындайтындай мәселе оқу орны тарапынан жасалмаған соң, осылай түсіністік танытты деп ойлаймын. Оның үстіне егер шағым жасаса, университеттің абыройына нұқсан келтірген заңсыздық үшін сотқа беруге болатынын бәрі біліп отырған болар. Ал біз жастардың болашағына әсер етпесін деп ондай әрекетке барған жоқпыз. Бірақ тиісті органдарға сұраныс беріп, оларды алдап соққан алаяқтарды анықтауға тырысып жатырмыз. Естуімізше, жымысқы іске барғандар Шымкент, Алматы қалаларынан екен. Араларында оларға көмектескен облыс тұрғындары да болуы мүмкін. Кейбіреулер «жалған құжат жасатқандарды оқуға қабылдап алуға жәрдем берген оқытушылар да бар шығар» деген пікір де айтып жүр. Біз оны да анықтап, егер бар болса, жауапкершілікке тартамыз.

Ал оқудан шығып қалған жастарға келсек, олар осы наурызда өтетін тестілеуге, жаздағы ұлттық бірыңғай тестке қатысып, қайта бақ сынап көрсін. Бәрін заңды, нақты жасаса, оларға еш кедергі жоқ. Бірқатары бәлкім, жоғары балл жинап, оқу грантын ұтып алатын шығар?! Олардың арасында талапшыл, таланттылары да болуы әбден мүмкін. Былтыр сәті түспеген шығар?! Тек, алаяқтарға алданып қалды. Бір жыл – 10 жыл емес. Көп нәрсе жоғалта қойған жоқ. Оның үстіне биыл бірінші курстағыларға тек екінші семестрден бастап қана онлайн оқуға рұқсат берілгенін ескерсек, олардың қызықты студенттік күндері әлі алда.

Тілші түйіні: Карантиндік шектеулер білім берудің барлық сатысына кері әсерін тигізіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Айдың-күннің аманында алаяқтарға алданып, оқу жылының тура ортасында оқудан шығып қалған студенттер де әлімді дүрліктірген пандемияның салдарын тартып отырғандар. Әйтсе де, «Өзіңе-өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» дегенді де естен сақтаған жөн. Мына заманда құқықтық қана емес, цифрлық сауаттылық та аса қажет екенін осы жағдай тағы бір дәлелдеп берген секілді.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support