- Advertisement -

Тәж-тажалмен күресте табандылық танытып келеміз

79

- Advertisement -

Күндердің бір күнінде көзге көрінбейтін вируспен күресеміз деп кім ойлады дерсіз?! Жыл сайын бір-екі рет тұмауратып тұратынымыз болмаса, тұмау секілді таралатын індет ауырған адамға зардабын айлап тартқызатынын ешкім білген жоқ. Айналдырған үш-төрт айдың ішінде әлемнің 100-ден астам елінде тіркелген  COVID-19 инфекциясын былтыр 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялағаны да, сондықтан.

Төтенше жағдай тосыннан қабылданған шешім емес

Вирусолог мамандардан басқасы атын да, «затын» да естігемеген коронавирус инфекциясы елімізде 13 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелді. Қалай құбылтсақ та, сол кездегі бас санитар дәрігердің «індет жұқтырған науқас 11-13 наурыз аралығында анықталуы мүмкін» деген болжамы тура келді. Алматыға Германиядан екі қазақстандықтың біреуі 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда ұшып келгені кейін мәлім болды.13 наурызда расталған тағы бір жағдай Мәскеу арқылы Миланнан (Италия) Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келген азамат еді.

Бұл уақытта коронавирус инфекциясы қарт құрлық Еуропаны әбден әбігерге салды. Карантиндік шектеулерді елең санамаған Италияның сәтсіз «тәжірибесі» басқа мемлекеттерге ертерек етек-жеңін жинатып, алдын ала қамдану қажет екенін ескерткендей болған. Сондықтан тәуелсіздік жылдарындағы елімізде бірінші рет жарияланған төтенше жағдай тосыннан емес, тиісінше дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болғанын шетелдік сарапшылар сол кездің өзінде айтып жатты.

Сонымен 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бастапқыда төтенше жағдай режимі 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін созылады деген шешім қабылданды. 19 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, бұл қалаларға кіру мен шығу шектелді. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға өз жұмысын жалғастыруға рұқсат берілді. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды.

Әрі-сәрі қылған сәуір

Біздің өңірде 24 наурызда бір адамның індет жұқтырғаны анықталды.  26 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі науқас бұл індеттен сауығып шықса, сол күні елордада 64 жасар Қосшы ауылының (Ақмола облысы) тұрғыны коронавирустан қаза тапқаны туралы мәлімет жарияланды.

Бұған дейін басқа өңірлермен қатар Жамбыл облысы да барлық республикалық, халықаралық мәндегі жолдарға блок-бекеттер қойып, қозғалысты шектеген еді. Алайда індеттің жылдам таралуының алдын алуға ертерек қам жасағанмен, 3 сәуірге дейін COVID-19 елдің барлық аймағына таралып кеткен болатын.

Ал 10 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, төтенше жағдай режимін сәуір айының аяғына дейін созу туралы шешім қабылданды. 13 сәуір күні елімізде коронавирус індетін жұқтырған адамдардың саны 1 мыңнан асты. 22 сәуірде бұл көрсеткіш 2 мыңға, 28 сәуірде 3 мыңға жетті. Осыған байланысты 27 сәуірде Президент төтенше жағдайдың мерзімін ұзарту туралы мәлімдемесін жариялады. Осылайша 16 наурызда басталған төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін созып, карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдетуді тапсырды.

Міне, осы шақта ғой, жұрттың қайтерін білмей дал болғаны. Карантиндік қатаң шектеулер амалсыз төрт қабырғаға телміртті. Ызы-қию бір күнде сап тиылды. Басқасы-басқа көршіңнің үйіне кірмейтіндей оқшауланған өмір, алыстан ғана бас изеп амандасу – біздің халқымыздың бітім-болмысына жат еді. Әйтсе де ең ауыр соққаны – қызмет көрсету саласындағы барлық жұмыстың тоқтап, көптеген азаматтар табыссыз қалғаны.

Мемлекет қолдау шараларын да, қорғау шараларын да жасауда

Карантиндік шектеулердің салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы жедел шаралардың бірі ретінде уақытша табыссыз қалған азаматтарға бірреттік көмек берілді. Пандемия кезеңінде күнкөрісін қамтамасыз ете алмай қалғандарға Мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге көлемінде біржолғы төлем тағайындалды. Аталған мемлекеттік көмек төтенше жағдай режимі және карантиндік шектеулер қайта күшейтілген кезде төленді.

Біздің өңірде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты және шектеулер енгізілгендіктен жұмысы тоқтап қалған 877 912 азаматтың өтініші қаралып, олар  42,500 көлемінде әлеуметтік төлем алды. Әлеуметтік төлемге жұмсалған жалпы қаржы сомасы 33,5 миллиард теңгені құрады. Ал COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған, індет өршіген кезде ауру жұқтырған 321 маманға, сырқаттың салдарынан қайтыс болған 12 жамбылдық медицина қызметкеріне былтыр 762 миллион теңге біржолғы әлеуметтік төлем төленді.

Дағдарысқа қарсы әзірленген шаралардың бірі – Жұмыспен қамтудың Жол картасы. Өңірлерде жалпы 6,7 мың жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде 239 мың жұмыс орны ашылды. Біздің облыста пандемия кезінде 20 мың адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекке тартылып, табыс табуға мүмкіндік алғанын айта кеткен жөн.

Ел азаматтарының денсаулығын сақтау, індеттен сауықтыру мақсатында республика бойынша жаңа 16 модульдік аурухана салынғалы белгілі. 3 инфекциялық емдеу мекемесі қайта жаңғыртылды. Облысымызда ауруханаларда провизорлық, инфекциялық төсек-орындар санын арттыру үшін екі медициналық нысан толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Оның біреуі – Тараз қаласында, екіншісі Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында орналасқан. Сондай-ақ вирус жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулайтын орындар дайындалды.

Қазір өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай «Пандемияның 2-толқыны кезінде облыс тұрғындары арасында COVID-19-дың одан әрі таралуын алдын алу үшін қызметтер мен ведомстволардың іс-әрекеті туралы стратегиялық жоспары» әзірленіп, жүзеге асырылуда.

– Жоспарда көрсетілгендей, облыстағы ауруханаларда 1200 инфекциялық төсек қоры дайындалған. Оның 145-і – реанимациялық төсек-орын. Сонымен қатар, 135 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс істеп жатыр. Індеттің эпидемиологиялық өршуіне байланысты орын алуы мүмкін 3 сценарий әзірледік. «Жасыл деңгейде» жұмылдырылатын төсек қоры – 750, ал реанимациялық төсектер – 75. «Сары деңгейге» көшсе, стационардағы орын саны 1 360-қа дейін, реанимациялық төсек-орын 136-ға жеткізу керек. «Қызыл деңгейде» бұл көрсеткіш екі есеге жуық өседі, яғни 2530 керуерт іске қосылады. Оның ішінде реанимациялық төсектердің саны 268-ді құрайтын болады. Оған қоса резерв ретінде тағы 2000 төсек қоры дайындалуда, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

«Birgemiz» қоғамдық қорынан 2 миллиардқа жуық теңге бөлінді

Пандемия кезінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан бөлінген қаржы қаншама отбасына едәуір көмек болды. Қолдау шараларын «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы Орталық аппараттан түскен нұсқауға сай жүргізіп отырды. Жалпы қордан облыс бойынша 38 916 мұқтаж азаматқа 5 кезең бойынша  1 миллиард 945 миллион 800 мың теңге көмек көрсетілді. Қаржылай қолдауға негізінен облыс орталығының тұрғындары ие болды. Әлеуметтік төлем алған тараздықтардың жалпы саны – 21 947.

«Birgemiz» акциясының қаржылай көмек көрсетудің үшінші кезеңінде ғана Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандары, төртіншісінде Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары қамтылды.  Республикадағы барлық аудандарға қордан әлеуметтік төлем бір рет қана төленді. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Biz birgemiz» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері мен еріктілер 24 мыңға жуық отбасына азық-түлік себеттерін таратқан. Қазіргі уақытта қор жұмысы тоқтатылыпты.

Қапы қалдырған қамсыздық

Рас, бастапқыда індеттің таралуын тежеу бойынша нақты жоспар әзірленді. Науқастар санына қарай алдымен өңіраралық, одан кейін ауданаралық қарым-қатынас шектелді. Алайда коронавирустан қорғау шаралары мықтап пысықталғанымен, емдеу ісінде әлем елдері секілді отандық медицина да COVID-19 инфекциясына келгенде әлсіз болып шықты. Бұрын-соңды мұндай індетпен бетпе-бет келіп көрмеген дүниежүзінің дәрігерлері емі жоқ ауруды қалай емдерін білмеген еді. Коронавирустық инфекцияны емдеу протоколдарының бірнеше рет өзгеруінің өзі – осының дәлелі.

Шынтуайтында, алғашқыда дәрігерлердің өзі абдырап қалғаны қарапайым жұртты сансыратқаны анық. Емхана қызметкерлері дене қызуы көтеріліп, жөтеліп тұрған науқасқа көмек көрсетер-көрсетпесін білмей дал болды. Себебі, індет өршіген  кезде ауруды басқаларға таратпау үшін тек жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізу туралы талап қойылды. Ал маусым-тамыз айларында ауруханада орын, ал үйде жатып ауырмаған адам қалмағанда ғана мобильдік топ құрылып, онлайн кеңес беру жүйесі іске қосылды. Ауруханадағы орын алған келеңсіздіктер, дәрі-дәрмектің жетіспеуі, күн сайын естіліп жатқан қаралы хабарлар – халық үшін шын мәнісінде апатия еді.

Алайда кез келген жағдайға бір жақты қарауға да болмайды. «Елімізде коронавирус тіркелді» деген күннен үрейге бой алдырып, іле артынша, түрлі дақпыртқа еріп, «ауру жоқ» деп тығылып той жасап, Төтенше жағдай режимі тоқтаған соң, сақтықты ұмытқан қамсыздығымыз сол кезде қапы қалдырғанын, ұмытпайық!

Елімізде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Қазір қауіп-қатермен үнемі бетпе-бет келетін медицина қызметкерлерімен бірге, жаппай орта білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері екпе салғызып жатыр. Алайда, сақтықты қазір де ұмытпау керек!

Коронавирус әлі де толық ауыздықталған жоқ. Ауырып, індеттің тарқызған зардабымен арпалысып жатқандар әлі де көп. Әлеуметтік желідегі парақшасында: «Коронавирус деген тозаң-тажал өмірімізге енгелі бір жыл болды… Менің айтарым, босаңсымаңыздар! Сақтық, сақтық, тағы да сақтық керек! Бетпердесіз бір минут та жүрмеңіздер. Қонаққа барудан, қонақ шақырудан сақтаныңыздар…  Менің қателігім сіздерге сабақ болсын!» — деп жұртты сақтыққа шақырған журналист Сәуле Әбілдаханқызының сөзі – соның бір көрінісі.

Береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік. Дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», — деді әлеуметтік желідегі парақшасында елді сақтық шараларына мұқият болуға шақырып.

Мемлекет басшысы өзара қолдау туралы бекер сөз қозғап отырған жоқ. Індет өршіген кезде өкпені жасанды желдету аппаратының, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен қаншама жайсаңдардан айырылып қалдық емес пе?! Сонда дем жетпей, демігіп жатқан жерлестерінің жанына жалау болу үшін қайырымы көп жандар қаржысын аямай, қол ұшын созып көмек беруге ұмтылғанын жұрт қалай ұмытсын?! Ел дегенде жұмыла кетіп, шетелден медициналық құрал-жабдық алғызып, еңбек еткендер арасында айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бастаған топ, жерлесіміз, экономист Азаматхан Әміртай, жуалылық, Kusto Group халықаралық компаниясының негізін қалаушылардың бірі Талғат Тұрымбаевты атап өтуге болады. Қазір Сингапурда тұрып жатқан кәсіпкер Жуалы ауданына құны 40 миллион теңге тұратын жылжымалы реанимациялық автомобиль, сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алып, өз жерлестеріне көмек көрсетті.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support