- Advertisement -

Жырлары күннің нұрындай…

129

- Advertisement -

Жерлесіміз, Алаштың аяулы ақыны Күләш Ахметованың бес томдығының тұсауы кесілді

 Бүгінде аты аңызға айналған абыз Әбіш Кекілбаев кезінде: «Күләштің жы­ры жүрегіңе сондай жылы, сондай жақын… Күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей емірентпей, тебірентпей қоймас, кінә тақсақ, кие айтатындай пәк жыр»,-деп Мемлекеттік сыйлықтың иегері, поэзия әлемінің ақ гүлі Күләш Ахметованың шығармашылығына ізгі тілегін білдірген болатын. Жырлары оқырманның жүрегіне жылы тиетін ақынның жуырда бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрген еді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев   кеше «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қазақтың аяулы ақыны Күләш Ахметованың шаңырағына барып, сол бес томдық жинақтың тұсауын ресми түрде кесті.

Алаш жұрты алақанында аялаған ақын осы көктемде 75 жасқа толады. Қазақ поэзиясының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ақынға құрмет көрсеткен әкімге елі дән риза.   Бердібек Машбекұлы ақынның шаңырағына ат басын бұрып, қуанышымен бөлісуі – поэзияға көрсетілген құрмет.

-Елді танытатын да, мерейін өсіретін де – әдебиеті мен өнері. Халық барда екеуі де өлмек емес. Ақынның жауһар жыры мәңгі жасайды. Оған талас жоқ. Сол себепті де сіздің туындыларыңыздың орны бөлек екені сөзсіз. 14 жастан бастап қолға қалам алып, өрнекті өлең жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Халық сізді қазақ поэзиясының ақ гүлі деп текке айтпайтыны рас. Бес томдыққа Әбділдә Тәжібаев, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлилердің кереметтей пікірлер жазуының өзі сіздің шын мәнінде мықты ақын екеніңізді айғақтай түседі.

Сіздің өлеңдеріңіз адам жанын жылытады. Сонысымен де жүректерді жаулайтыны сөзсіз. Туындыларыңызды бес томдыққа топтастыру үлкен еңбекті қажет етеді. Сондықтан да сіздің қаламыңыздың қуаты жастарға үлгі-өнеге болса керек-ті. Өзіңіз шығармашылығыңызға арқау еткен адалдық, шындық, ұлтты сүю – өскелең ұрпақ жадынан шығармауға тиіс қағидалар. Сізге Жаратқаннан зор денсаулық, ал шаңыраңызға қуаныш, шаттық тілеймін,-деді Бердібек Сапарбаев ақ тілектің тиегін ағытып.

Өз кезегінде ақын болашақта Отанды сүю тақырыбында кітап шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

-Өзіңізге жазған өлеңімде «Сен жүгірсең елге қарай жүгірдің, сен жүгінсең әділетке жүгіндің. Сен халықтың төбесінен қарамай, сен халықтың жүрегіне үңілдің» деп бекер қалам тербемегенмін. Оны халық ортасынан табылған әрбір ісіңізден байқап та жүрмін. Бұйырса Отан деген кітапты оқырманға тарту етпекпін. Ол жинаққа өзім көрген қазақ даласының кереметтерін арқау ететін боламын. Өзіңіз секілді әдебиетті жанындай жақсы көретін әкімдер аз. Сондықтан сол жинаққа өзіңіз алғысөз жазсаңыз,-деген ұсынысын жеткізді ақын өз сөзінде.

Соңыра ақынның шығармашылық бөлмесінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы мен жазушы-драматург Елен Әлімжан жаңа жинақтың тұсауын ресми түрде кесті. Жас ақындар Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі, Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақсылық поэзияның ақ гүліне арнаған өлеңдерін оқыса, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали ақынның өлеңдерінен шашу шашты. Жиналғандар аймаңдай ақынның шығармашылығы туралы жылы лебіздерін жеткізді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support