- Advertisement -

Сөз құдіреті

439

- Advertisement -

Есімде жоқ қайдан оқығанымды, бірақ мына бір ойлы әңгіме ұзақ жылдардан бері жадымда сақталып қалыпты. Аласапыран, қантөгіс, қырғын соғыс жүріп жатқан кезде неміс фашизмінің қолбасшысы, Германияның фюрері Адольф Гитлер үш генералын «опасыздық жасады» деген желеумен абақтыға қаматады. Тергеу біткесін әлгі үшеуін де Гитлердің алдына алып келіп, «бұл сатқындардың үкімін өзіңіз шығарыңыз, жазасын беріңіз» дейді. Сонда фюрер: «Сатқындарды елден ерекше жазалайық, опасыздардың әрқайсысын жеке-жеке, яғни бөлек камераға отырғызыңдар. Күні бойы тынымсыз классикалық музыка қойып, байлап, алдарына құбырдан баяу су тамшылатып, түстен кейін камераларына бір сағат улы газ жіберіп тұрыңдар. Сонда көреміз, қайсысы улы газға қанша күнге шыдарын опасыз иттердің», – дейді.

Әлгілерді алып кеткеннен кейін А.Гитлер үкім орындаушылардың жетекшісін шақырып алып:

– Менің үкімімді жаңа естідіңіз.Улы газдың орнына кәдімгі компрессормен жай ауаны жіберіңіздер. Тек, газды камераға жіберерде, «Улы газды қосамыз!» деп дауыстап тұрыңдар. Көрейік, олардың жүйкесінің шыдамдылығы қанша күнге жетерін, – деп бұйрық береді. Көп уақыт өтпей-ақ сотталған генералдардың екеуінің жүйкесі сыр беріп, психозға айналып, бірнеше күннен кейін бақилыққа аттанып кетіпті. Ал үшіншісінің денсаулығы күрт нашарлап, хал үстінде болыпты (дәрігерлер оны стресс дейді, ол кезде адам бойына адреналин гармоны мөлшерден тыс бөлініп, бүкіл жасушаларды орынсыз тітіркендіріп, денсаулықты тоздырады).

Бұл әңгімеден шығатын тұжырым, жай сөзбен де адамның жүрегіне жазылмас ауыр жара салып, жүйкесін жұқартып, тоздырып, оны өлімге жеткізуге болатыны. Бір сөзбен адамды өсіруге де, өшіруге де болады. Міне, бұл – біз көп мән бере бермейтін сөздің құдіреті, сөздің әсері.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытт а кейбіреулер айтқан сөздеріне онша мән бере бермейді. Әсіре се жастар жағы мәнерлі, «дәмді» сөз айтудан қожырып, алыстап барады. Әзіл-қалжыңның өзі жеңіл, біреудің көңіліне тимейтіндей, жүрегіне дақ түсірмейтіндей болуы керек. Көпшілік ортасында немесе мінберден сөйлегенде де әр айтқан сөзіңе ие болған жөн.

Медицинаның атасы Авицена (Ибн Сина) «Дәрігердің үш қаруы бар: біріншісі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі– сөз» деп орынды айтқан. Жақсы сауатты, тәжірибелі, инабатты дәрігер әр науқастың тілін тауып, көңіл-күйін дөп басып, жылы сөздермен өзіне тартып, оның өзіне деген сенімін арттырады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қазекем бекер айтпаған. Абайсызда ойланбай артық, орынсыз айтылған сөз сырқат көңіліне қаяу түсіріп, ауруын асқындыруы әбден мүмкін. Сондықтан жақсы сөз, жылы сөз дәрігердің емдеу ісінің бір құрамы екенін есте ұстау керек. Кезінде орыстың ғалым- дәрігері Н.Н.Петров «Дәрігер ауруға өзінің білгенін ғана бермейді, ол сонымен қатар өзінің жақсы ішкі сезімдерін, тілектілігін, жүректегі сезімталдығын береді» деген екен. Сондықтан дәрігер емделушіге дәрімен ғана емес, сөзбен де дем беруі керек.

Қазақта «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген қанатты сөз бар. Жақсы айтылған пікір. Сөзді ретімен, аздап болса да ой таразысынан ө т к і з і п , о й л а н ы п б а р ы п , с а б ы рм е н айтқанымыз жөн. Кейде қызбалықпен, ашу үстінде көңілге тиетін сөздерді айтып, кейін сабамызға түскеннен кейін «ұят болды-ау, артық айтып жібергенім дұрыс болмапты» деп өкінетініміз бар.

Біле-білсек әдемі, жатық, шебер, орынды сөз сөйлеу де үлкен өнер. Ол үшін көп оқып, шаршап-шалдықпай ізденіп, өмірде көрген, түйгені мол «кеуделері алтын сандық» жандардың айтқан сөздеріне, ой-пікірлеріне, ұстанымдарына құлақ асып, жүрекке, санаға тоқи білгеніміз жөн. Кезінде «Шешендік сөздер», «Ел аузынан», «Бабалар сөзі» және т.б. құнды, тағылымы мол кітаптар баспалардан жарыса шығып жататын. Қазір сол үрдіс бұлыңғырланып, там-тұмдап жоғалып барады. Оған қоса қазіргі жастар газет-журналдарға, кітаптарға көп үңіле бермейді. Қандай жаңа кітаптардың шығып жатқанына мән бермей, ақын-жазушылардың есімдерін де білмейді. Қолдарында смартфон бар. Ғаламтордың қызығына батқан. Одан қала берсе, уақыттары тапшы, күнделікті жұмыстарына үлгермей, қара терге малынып асығып-аптығып бас пайдасын іздеп, дүние қуып жүргені. Қайран, мейірімсіз заман, елпілдетіп-желпілдетіп, жүрегімізді алқындырып қайда алып барасың?! Келер күндерде не күтіп тұр біздерді?

Реті келгеннен кейін бір сәт мына әңгімеге көңіл аударайық.

«Абай бірде әкесі Құнанбайға сәлем бере барып, бірер күн қасында аялдапты. Құнекең қажылықтан оралғаннан кейін, бұрынғыдай көп әңгімеге зауқы соқпайтын көрінеді. Бір кітапты алады да, аздап оқып, артынша ұзақ ойланып қалады. Және әлгі көрініс бірнеше рет қайталаныпты. Сұрайын десе, ретін таппайды. Сәлден кейін жол жүретін кезі жақындайды. Сөз айтылмай, жабулы қазан сол күйінде қалып қояр ма еді, егер дана Құнанбай баласының көкейінде бір сауал кетіп бара жатқанын аңғармағанда.

– Балам, – дейді әкесі, – бір нәрсеге оқталдың ғой. Оқталдың да, тоқтадың. Соншалықты батпайтындай не мәселе?

– Келгелі байқағаным, сіз ана бір кітапқа үңілесіз де, сәлден кейін ойға шомасыз. Не оқып жатқаныңызды түсінбей, соны сұрағым келген…

– Е, ол тариқат қой.

– Әке, мен сізді ақиқатқа әлдеқашан жетті ме деп ойлағам, – депті Абай.

Жетпіс екі жасында қажылыққа барып, одан келген соң, қалған өмірін дін жолында құлшылықпен өткізген Құнанбайдың ақиқатқа жеткеніне толық сенімді болмауы Абайды ойлантып тастағаны анық. «Енді дүние сөзін сөйлемеймін», – деп, ешкімге тіл қатпай қойғаны, оңаша үйде, шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, Құдайға құлшылық қылғаны тарихта жазылды.

«Тариқат – ол тақуалық және Алла тағалаға жақындататын амалдар. Ақиқат мақсатқа жету және ұлық нұрды көру. Намаз ішіндегі қызмет Аллаға жақындық. Қызмет шариғатта, Аллаға жақындық тариқатта, ал жетістік ақиқатта», – деп түсіндіреді дін ғұламалары. Парасат пен пайымы алысқа ұзап кеткендермен сөз таластыру қайда, білім салыстырудың өзі әбестік саналмай ма? Біздің қоғам, қоғамдағы адамның озық туған әкелі- балалы екеудің қай-қайсысын да байыппен қарап, байқап барып түсінуге ұмтылмаса, екеуінің де тереңіне бойлай алмайды. Сөз сілтеп қалғанның көбі құйысқанға қыстырылған боқтың кейпінде, тезектің тағдырын кешеді», – деп жазады Амангелді Сейітхан («Жас алаш», 28.07.2020).

Орынды айтылған сөзге не әжуаңыз бар. «Ақ көңілдің белгісі – расын айтып, ыржиған. Пітнә көңіл белгісі – құпия сөйлеп, құнжиған», – демей ме Қашаған Күршіманұлы. «Турасын айтып, туысқаныңа жақпайсың» деген қазақтың тағы бір сөзі бар. Қазіргі адамдардың мінез-құлқы, психологиясы, қазіргіше менталитеті мүлдем өзгерді. Өтірік айту, дәйексіз есеп беру, жағымпазданып жалған сөйлеу, құр негізсіз бірімізді-біріміз мақтау өміріміздің ажырамас серігіне айналып, тіпті қанымызға сіңіп кеткендей, үйреншікті әдетке айналды десек қателеспейміз. Мысалы, тойға барғанда той иесіне арнап айтылып жатқан тілектерге құлақ түріңізші, жарыса мақтағанда оны айға жеткізіп, көңілін көкке көтеріп, құды бір аса керемет, данышпан, аса қасиетті, қайталанбас тұлғаға айналдырып жібереді-ау сабаздарың. Мақтағанның да жөні, реті бар емес пе? Мақтауды той иесі дұрыс қабылдаса жақсы, ал ой-ұжданы, санасы таяздау кісі, «шынында да мен сондай ғажап, керемет адам екенмін ғой» деп көзі тұманданып, басы айналып, кеудесі кере қарыс болып, даңдайсып, жан-жақтағылардың ортасында аспандап кетпей ме? Құдай сондайлардан сақтасын.

Заман солай болды ма, қазір әркім өз білгенін, өз ойын мінберден, жиындарда, көпшілік алдында ашықтан-ашық айта бермейді, «кесірі тиіп кетер» деген ойдан арыла алмай, бозөкпе болып, «бетпердесін» түсірмей, бүркеніп жүріп, күңкіл-сүңкілмен тіршілік ететіндерді көргенде қаным басыма шабады, қараптан-қарап отырып намыстанасың. Оларды көріп жаның ашиды, жүрегің мұздайды. Қазақтың әлгі «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мақалы сонда кімге бағышталған? Неге олар солай болды екен? Сондайлардың кесірінен бүгінгі қоғам қатыгезденіп, мейірімсізденіп, барынша бүлініп, тіпті іріп-шіріп бара жатқан жоқ па?

Жалған сөйлеу, екіжүзділікке салыну, орынсыз жалпақтау да дәл қазір желдей есіп тұр. Мысалы, алысқа бармай-ақ, бір сәт әлеуметтік желіге қосылыңызшы. Қандай ақпарат жоқ онда. Оқып, көріп отырып денең түршігеді. Жаманды, жақсылы ақпараттың көптігі соншалық, кімге сенеріңді білмей, жұдырықтай басың шарадай болады. Жаз айында жамбылдық журналист Фариза Әбдікерімова «Неге шын ақпараттан гөрі фейк ақпарат тез тарайды?» (Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті (20.07.2020) деген көпті толғандырып жүрген өзекті мәселе жөнінде сөз қозғады. Шынында, қазір кім болса сол ғаламторға немесе әлеуметтік желіге жалған ақпаратты жіберіп, халықты орынсыз дүрліктіріп жатқаны өтірік емес. Бос, жалаң сөз, жалған мәлімет желдей есіп, қураған қамысқа тиген өрттей көпшілік арасына тез тарайды, кей мәліметтер көпті әбігерге түсіреді. Жалған хабар, өсек әңгіме таратқандарға қолданылып жатқан біздің мемлекетте еш шара жоқ. Ұлы Абайдың: «Қазақтың шын сөзге, құлаққа қоймай, тыңдауға да қол тимей, пәлелі сөзге, өтірікке серттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» деген ойлы сұрағы еске түседі. Бұл күндері жалпақтау, жағымпаздану, мүләйімсу – бүгінгі күннің атрибутына айналып кеткендей болады да тұрады.

«Тіл – тас жарады, тас жармаса, бас жарады» дейді қазақ. Сөз қадірін білетін саналы жанға бұл да бір сабақ. Артық сөйлеуден абай болып, орынсыз айтылған құрғақ сөздерден барынша арылайық.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support