- Advertisement -

150-ДЕН АСТАМ ЕРІКТІ QAZCOVID-IN ВАКЦИНАСЫН САЛҒЫЗДЫ

124

- Advertisement -

Жайшылықта тұмауға қарсы екпе еккізуден қашып, әртүрлі алып-қашпа әңгіменің жетегінде кететініміз бар. Ал дүйім жұртты дүрліктірген коронавирусқа қарсы вакцинаға келгенде мәселе тіпті күрделене түсері анық. Бұл – шындық. Әйтсе де қандай екпе салғызам десе де ол әркімнің өз еркі. Ешкімді мәжбүрлеу жоқ. Тек қана бастың амандығын, ұлттың саулығын ойлаған дұрыс. Міне, дүниежүзін түгелдей дерлік жайлап, елдің дегбірін алған коронавирус індеті таралғалы да бір жылдан астам уақыт өтті. Дәрігерлердің ерен еңбегі мен әр адамның жауапкершілігінің нәтижесінде еліміз бұл сынақтан да өтіп келеді. Бірақ бұл індеттен түбегейлі құтылудың бірден-бір жолы ол – вакцинациялау.

Жасыратыны жоқ, осыған дейін коронавирусқа қарсы вакцинаны ең бірінші болып қай ел шығарады екен деген болжам жиі айтылған. Қазірдің өзінде бірнеше мемлекетте COVID-19-ға қарсы вакцина тәжірибеден өту кезеңінде тұр. Біздің өңірімізде де QazCovid-in коронавирусқа қарсы вакцинасына сынақ жүргізу басталып кетті. Облыс бойынша ерікті ретінде сынаққа қатысуға 1500 адам келісім берген екен. Бірақ екпе алғысы келетін азаматтардың созылмалы аурулары болмауы тиіс. Бұл басты талаптардың бірі екенін ескерген жөн.

Отандық QazCovid-in вакцинасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та салдырды. Негізі екпе кез келген еріктіге егіле салмайды. Өңір басшысының өзі денсаулық жағдайын алдын ала арнайы әрі жан-жақты тексертіп барып, екпе алғанын ескерген жөн. Енді алдағы уақытта вакцинаның әсерін бақылау медицина қызметкерлерінің міндеті болмақ.

Бүгінде елімізде өндіруге дайындалып жатқан QazCovid-in коронавирусқа қарсы вакцинасының үшінші клиникалық фазасының сынағы жүріп жатыр. Бұл кезеңде облыста 152 адамға екпе салынды. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, арнайы дайындық жұмыстары Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының базасында жүргізілуде. Қажетті мамандар да арнайы оқудан өтіп, медициналық біліктіліктерін жетілдірген.

Сонымен қатар екпе жасалатын адамды толық медициналық талдап-тексеруге қажетті материалдық-техникалық база да нығайтылған. Себебі алдын ала еріктінің созылмалы аурулары бар-жоғын анықтап алу маңызды. Вакцинаны егу 18 жастан асқан азаматтарға ғана жасалады.

– Жалпы біз тұрғындармен кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ниет білдіргендердің барлығы дерлік вакцина алып жатқан жоқ. Өйткені оған қойылатын белгілі талаптары бар. Арнайы тексерістер жасағаннан кейін, ешқандай қарсы көрсетілімдері болмаған кезде ғана оларға QazCovid-in вакцинасы салынады. QazCovid-in вакцинасын алған Тараз қаласының 152 тұрғынының денсаулық жағдайы енді арнайы бақылауға алынады. Жалпы бұл вакцинаны салудың өзіндік тәртібі бар. Бірінші күн, одан кейін 21-ші күні қайтадан келіп, қосымша екінші вакцинаны алады. Біз ағзадағы оң динамиканы бақылауға алып, қажетті сараптамаларды жасап, қай деңгейде коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасып жатқанын анықтайтын боламыз. Егер QazCovid-in вакцинасының үшінші клиникалық фазасында нәтиже жақсы болса, онда ол кең көлемде өндіруге жіберіліп, жалпы Қазақстан тұрғындарына вакцинация жасауға пайдаланылатын болады, – деді басқарма басшысы Әсет Қалиев.

Әзірге QazCovid-in вакцинасын алған азаматтарда теріс көрсеткіштер байқалмаған. Денсаулық жағдайлары тұрақты. Сала басшысының сөзіне сүйенсек, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. «Біз Тараз қаласында 1000 адамды вакцинамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Әрине екпе әркім өзі келісім бергенде ғана жасалады, екіншіден, оларға қосымша 200 мың теңге көлемінде қаражат төленеді. Әр еріктімен келісімшарт жасалады. Келісімшартта вакцинаны алғаннан кейін, яғни үш этаптан өткеннен кейін ғана төленетін болады. Осылайша QazCovid-in вакцинасы өзінің тиімділігін көрсетеді деген сенімдеміз», – деді Әсет Әскерұлы.

Бұл – вакцинаның үшінші клиникалық фазасы. Осыған дейін де екі фаза өткен болатын. Ол кезде де, яғни бірінші фазада – 44, екіншісінде 200 ерікті тартылған. Оларда белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптасқан және вакцина салғаннан кейін асқынулар немесе қандайда бір қауіпті белгілер байқалмаған.

Қордай ауданы Гвардейск ауылындағы зауыттың қасында қосымша тағы бір цех салынып жатыр. Егер вакцинациялау үшінші фазадан сәтті өтіп, жақсы нәтиже көрсетсе, сол жерде кең көлемде вакцинаны өндіру жұмыстары басталады.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support