- Advertisement -

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ҚАҢТАРДАН БАСТАП ЖАҢАША ЕСЕПТЕЛЕДІ

58

- Advertisement -

Қазына қаржысынан әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат көлемінің жыл сайын артып отыратыны белгілі. Жұрттың әлеуметтік төлемдердің жаңа жылдың қаңтарынан бастап өсетінін асыға күтетіні де, сондықтан.

Дерекке сүйенсек, алдағы үш жылда әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі 23 триллион теңгені құрамақ. Оның 7 триллионы немесе жылдық бюджеттің 50,4 пайызы – 2021 жылға жоспарланған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 61,6 пайызға жетеді деп күтілуде. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев биылғы бюджет шығындарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталатынын айтқан болатын. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді индексациялауға, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көбейтуге және халыққа медициналық қызмет көрсетуге жұмсалмақшы.

Мұғалімдердікі – 25, дәрігерлердікі 30 пайызға көбейеді

2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қараған жиында әлеуметтік салаға жұмсалатын бюджет шығындарының басым бөлігі медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің жалақысын өсіруге бағытталатыны мәлім болған. Жалпы алдағы үш жылдың ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30 пайызға көбейтілмекші.

Негізі биыл біліктілігі жоғары дәрігерлер ғана емес, кіші медицина қызметкерлерінің де тұрмыс жағдайы жақсара түседі деген сенім бар. Себебі олардың жалақысы 2021 жылы 20 пайызға көбейтілсе, 2022 және 2023 жылдары 10 пайызға өсіп отырмақ.

Былтыр қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өскені белгілі. Ұстаздардың айлық табысы биыл да 25 пайыз артады. Осы мақсатта және педагогтерге төленетін қосымша төлемдерді қоса алғанда 2021 жылы былтырға қарағанда 305 миллиард теңгеге көп қаражат бөлінген. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова біздің өңірде биылдан бастап 43672 педагогтің (мектеп, колледж, қосымша білім беру және балабақша) лауазымдық жалақысы тағы да 25 пайызға артатынын айтты.

Президент зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін

Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес, енді Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады.

Биылдан бастап зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын жұмыс істейтін азаматтар, сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғалар, қорда зейнетақы қаражатының 50 пайызынан аспайтын шекте қаржысы қалған зейнетке шыққан адамдар жинаған қорының бір бөлігін алып, ипотекаға пәтер алу үшін бастапқы жарнасын төлеуге, жер алуға, емделуге, жеке инвестициялық компанияларға салуына болады. Бастысы – жиған ақшасы «шекті деңгейден» асса болғаны.

Базалық зейнетақы өседі

Биыл елімізде мемлекеттік базалық зейнетақы өседі. Мәселен, былтыр базалық төлем – 17 641 теңге болса, 2021 жылы 18 524 теңгеге жетеді. Сондай-ақ ең төменгі зейнетақы да 40 441 теңгеден 43 272 теңгеге дейін ұлғаяды.

– Президент тапсырмасына сәйкес, 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 7 пайызға және жәрдемақы мөлшерлері 2021 жылғы белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне байланысты артатын болады.

Мемлекеттік корпорацияның бөлімдері зейнетақы және жәрдемақы мөлшерлерін арттыру бағытында тиісті жұмыстарды жүргізді. Жаңа мөлшердегі зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді облыс тұрғындары 2021 жылдың қаңтар айының алғашқы жұмыс күнінен бастап ала бастайды,  – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның облыстық филиалы басшысының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаев.

2021 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34 302 теңге

Биыл базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге шамасында белгіленіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 32 668 теңге болған.

Биыл сондай-ақ 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайларда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері бес пайызға артпақ. Бұл туралы Үкіметтің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 891 қаулысында көрсетілген болатын. Қаулы қаңтардың 1-інен күшіне енді.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға төленетін төлемдердің көлемі де өзгерген. Мәселен, І топтағы мүгедектер былтыр – 62 723 теңге алса, 2021 жылдан бастап 65 860 теңге төленеді. Екінші және үшінші топтағыларға да берілетін жәрдемақының мөлшері өскен.

Бұдан бөлек, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш те (АЕК) өзгерді. 2021 жылы 1 АЕК – 2 917 теңгені құрап отыр. Былтырғы қаңтар айындағы көрсеткіш – 2 651 теңге болса, 1 сәуірден 2 778 теңгеге дейін ұлғайған еді.

Алайда бірнәрсені ұмытпаған жөн. Енді айлық есептік көрсеткіш мөлшерімен қатар айыппұл мен мемлекеттік бюджетке түсетін төлемдердің мөлшері де өзгереді. Бір дәтке қуат ететіні, бұл көрсеткіштің өсуі – мемлекет есебінен төленетін жәрдемақы мөлшеріне де әсер ететініндігінде. Мәселен, бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы артады. Бірінші балаға жұмыс істемейтін ана 5,76 АЕК алады. Мәселен, былтыр сәуірден бастап аналар бірінші баланың күтіміне 16 002 теңге алса, ал 2021 жылдан бастап 16 802 теңгеге өседі. Бұл төлем бала санына қарай артып отырады.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support