- Advertisement -

ҚАУІПТІ ДЕРТ САНСОҚТЫРМАСЫН ДЕСЕК…

68

- Advertisement -

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Коронавирус инфекциясының таралуы шегіне жеткен шақта ғана көпшілік ауруды қарапайым ғана ережелерді ескермеудің  және санитарлық талаптар мен шектеу шараларына немқұрайды қарағанының салдарынан жұқтырып алатынына көз жеткізгені жасырын емес. «Саулық – сақтықта» екенін біле тұра, тұрғындар той-томалақты тығылып өткізіп, тіпті, блок-посттарға да қарамай өзге өңірдегі туған-туыстарының үйіне қонаққа барып келіп-жатты сол кезде. Ал соңы…  Кейбір адамдар кесел жұқтырып ажал құшса, енді бірі ауруынан әрең айықты. Солардың бірі – Шу ауданының тұрғыны Ерлан Күлбаев.

Қала тұрғыны әуелгіде бұл аурудың қауіптілігіне күмәнмен қарап, болмашыға балағанын айтады. «Шынымды айтсам, коронавирус туралы айтылып жатқан ақпаратқа мүлдем сенген жоқпын. Әйтсе де бетперде тағу, қолды жиі жуып тұру сынды қарапайым санитарлық талаптарды орындап жүрдім. Теледидардан әр сәт сайын дабыл қағып, үйден шықпау керектігін ескертіп жатты. Соны құлаққа ілмей, Алматы қаласындағы туыстарыма қонаққа барған болатынмын. Екі жұмадай сонда боламын деп жоспарлағанмын. Шуға қайтатын кезде тамағым жыбырлап, жөтел пайда болды. Алғашында оған қалыпты жағдай ретінде қарағанмын. Өйткені, бұрын суық тиіп ауырғанымда бұдан да ауыр тиген күндер болған. Бірақ ертесіне дәм сезбей қалдым. Міне, осы сәттен бастап бойымды үрей билеп, індет жұқтырғанымды бірден білдім. Сәтін салғаны, Алматыдағы туыстарымыздың бірі сондағы емханада жұмыс істейтін. Дене қызуым қатты көтеріле бастағанда соған хабарласып, жағдайды түсіндірдік. Ол қажетті дәр-дәрмекті беріп, бөлек бөлмеге жатқызды. Дәрігер бірден уайымға берілмей, ағзаның ауруға өздігінен төтеп беруіне көмектесу керектігін ескертті. Осылайша, дәрі-дәрмектен бөлек, ел арасында кеңінен тараған халық емдерін де қолдандым. Дене қызуым екі күн қатарынан түспей тұрғанда сарымсақты қайнаған суға турап, бірнеше мәрте соның буына тұмшаланып отырдым. Соның әсері ме, әлде дәрі-дәрмектің көмегі болды ма, әйтеуір келесі күні дене қызуым едәуір төмендей бастады. Тамаққа мүлде тәбетім болмаса да, туыстарым ауруды жеңу үшін қуат алу керектігін айтып, күнделікті тамағымды жеке бөлмеге дайындап беріп отырды. Ал дәрігер туысымыз күніне екі мәрте дене қызуы мен тыныс алу жиілігін тексеріп тұрды. Түрлі сұйықтықтарды ішуді жиілеттім. Дәл осылай он күннен аса жеке бөлмеде оқшауланып жаттым. Шүкір, одан кейін аурудан толық айығып, арада біраз уақыт өткенде коронавирусқа сынама тапсырдым. Осының бәрі қарапайым ережелерді сақтамағанның салдары екенін сол кезде түсіндім» — дейді Е.Күлбаев.

Әлем жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індеті көз ілеспес жылдамдықпен тарап, дүниежүзінде дүрбелең туғызды. Соның салдарынан кеше ғана қайнаған тіршіліктің арасында шапқылап жүрген миллиондаған адамдар әп-сәтте бұрын беймәлім дертпен бетпе-бет келіп, аурумен арпалысты. Көптеген мемлекеттер төтенше жағдай жариялап, тұрғындар ұзақ бойы үрей құшағында, үйлеріне қамалып отырды.

Дәл осындай жағдай біздің елді де айналып өткен жоқ. Тіпті, жаз айларында ірі қалалардан бөлек, аудан мен ауыл-аймақта да ауруға шалдыққандар саны күрт өсіп, көз жұмғандардың қатары арта түсті. Дәл осындай қайғылы оқиғалар Шу ауданында да көптеп орын алды. Облыс орталығынан шалғайда жатқанымен, тоғыз жолдың торабында орналасқан аудандағы ішкі және сыртқы көші-қонның көптігі де қауіпті дерттің өршуіне ықпал еткені сөзсіз. Олай дейтініміз, Шуға өзге аудандардан келіп-кетушілердің саны өте жоғары. Көршілес Мойынқұм ауданының өзінен Шудың орталық базарына келушілердің саны күн санап артпаса, еш кеміген емес.

Қазіргі кезде жағдай біршама тұрақталғандай көрінгенімен, өзге мемлекеттерде коронавирустың екінші толқыны басталып, тіпті аурудың құрбанына айналғандар саны бірінші толқынға қарағанда әлдеқайда жоғары болып отыр. Осыған байланысты, ДДҰ барлық әлем елдерін сақтық шараларын қатаң сақтауға шақыруда. Шу ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Несіпкүл Қарсыбекованың айтуынша, өткен аптаның соңында ғана ауданда коронавирусқа шалдыққан бір адам тіркеліпті. «Жалпы ағымдағы жылдың наурыз айынан бүгінге дейін Шу қаласынан бөлек, ауылдық округтерде 77 адам аталмыш індетті жұқтырған. Олардың барлығын облыс орталығына жібердік. Оның 6-ауы аурудың асқынып кетуіне байланысты қайтыс болды. Бәріңізге белгілі, қайтыс болған адамдардың қатарында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдар Мұқатаев та бар. Сонымен қатар, дертті жұқтырған 77 адамның 11-і медицина қызметкерлері екенін де айта кету керек. Қазіргі кезде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Барлық жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде» — дейді бас дәрігердің орынбасары.

Ал 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы жағдай бұдан да күрделі сыңайлы. Өйткені қалалық аурухананың бас дәрігері Бақыт Сәкенұлы тамыз бен қыркүйек айларының өзінде 63 адам аталмыш індетке шалдығып, оның 11-і қайтыс болғанын айтады. Қала бойынша соңғы дерек 3 қазан күні тіркелген көрінеді. Алайда, бас дәрігер қазіргі жағдайдың тұрақты екенін және қажетті дәрі-дәрмек пен төсек орындары да жеткілікті екенін жеткізді. Қалай десек те, бұл індеттің қаншалықты қауіпті екеніне барлық тұрғындар көз жеткізді. Қауіпті вирустан қорғанудың жалғыз жолы – дұрыс тамақтанып, ағзаны сергек ұстап, жеке бас гигиенасына мән беріп, мамандардың кеңесін бұлжытпай орындау.

P.S: Вирусолог мамандар денсаулығы қалыпты адамға бұл ауру ауа арқылы немесе вирустың қандай да бір затта қалып кеткен тамшылары арқылы жұғатынын айтады. Тіпті, бұл вирус кез келген ортада өмір сүруге бейімделген. Оны кез келген жерден жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер күнделікті жөтел бірнеше күнге созылып, дененің ауырсынуы мен дене қызуы көтерілсе, оған бей-жай қарауға әсте болмайды дейді.

Әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауы әлбетте, бұл – аурудың кең таралуының бір ғана себебі. Одан бөлек, ішіп-жем тамағы құнарсыз, салауатты өмір салтын ұстанбайтын  адамға да аурудың осы түрі үйір келетінін сан мәрте естідік.

 

 

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support