- Advertisement -

Алдыңғы толқын салып кеткен тәрбиенің жемісі

116

- Advertisement -

Амангелді ӘБІЛ

Кім-кімнің де үлкен өмірге жолдама берген алтын ұя-мектебі бар. Біздер көбіне тарыдай боп кіріп, таудай болып шыққан аудандағы білім мекемелерінің қара шаңырағы- Байқадам орта мектебі туралы айтамыз да, төрт жыл білім беріп, оң-солымызды тануға  ықпал еткен Жарылқасын Отарбаев атындағы орта мектепті ұмыт қалдырып  жатамыз. Әйтпесе,  алдымыздағы, кейінгі және кластастарымыз бар ақыл тоқтатқан кезімізде тәлімді де тәрбиені де ол кезде сегіз жылдық болатын  осы білім ошағынан алдық.

Мектеп директоры Мүшбай Әбішов, директордың орынбасары Жақсыбек Бейісов, ұлағатты ұстаздар Өзбек Елеуов, Здаш Исаев, Әскербек Жұматаев сынды ағайларымыздан  білім алып қана қойғанымыз жоқ,  тәрбиенің қандай болатынын көріп өстік. Ол заманда кешкі киноға бару немесе күн бата мектеп оқушыларының бейсауат жүруі деген болмайтын. Туған күн кешін жасау деген атымен жоқ. Алда- жалда балалық желікпен түнде ата-ананың көзін ала бере,  жортуға шығып  қалсаң Здаш ағайдың көзіне түссең, бітті,  «құрыдым» дей бер. Мектепке барғанда ағай бір «сойып салса», әкең үйде тағы да «таяққа» жығады. Міне, тәрбие. Иманды болғыр біздің ағайлар осындай еді.  Ал Төленбек Әсембеков  болса, оқушыларды ғана емес, бүтіндей ауыл жастарын спортқа баулып, саламатты өмір салтын қалптастыруда зор еңбек сіңірді.

Аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова осы мектептің жетістігін айтып, «көріп қайтарсыз» деді.  Бірден  «мақұл» деп, туған ауылға тартып кеттім. Жасыл желекпен көмкеріліп, гүл дестелерімен көздің жауын алатын  мектеп ауласына кіргеннен-ақ екі қабатты  білім ошағының алдында өмірден өткен ұстаздарымыздың портреттеріне көзім түсті. Тәуелсіз елдің ұландарын тәрбиелеп жатқан мектептің педагогикалық ұжымына сәттілік тілеп, рухтарымен жебеп  тұрғандай алдыңғы толқын ұстаздар.

Мектеп директоры Дариға Ыдырысованың тәжірибелі ұстаз, іскер басшы екенін бұрыннан білемін. Оның  үстіне ол қазақтың қайсар қыздарының бірі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қуғын-сүргін көрген, ұлтжанды ұстаз. Директор өзінің жетістіктерінен  бір ауыз сөз айтпады.  Үздік мұғалімдерін ғана тілге тиек етіп, пән кабинеттерін аралатып шықты.  Біз оқығанда тақта мен партадан басқа түк жоқ  класстардың көздің жауын алатындай безендірілгеніне таңдай қағасың. Қай пән кабинетіне бас сұқсаң да, оқу құралдары мен методикалық жабдықтарға тұнып тұр. Қайсыбір жылы білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде облыстық  мектептер арасында «Үздік шағын жинақталған мектеп» аталымы бойынша бір миллион теңге иеленген мектеп директорының білімі мен ізденімпаздығын, ұйымдастырушылық қасиетін білім ұясын заман талабына сай жабдықтауынан-ақ аңғарасың.

Шығармашылықпен айналысу барысында көптеген авторлық бағдарламалардың жеңімпазы аталып жүрген мұғалімдер де аз емес мектепте. Республикалық авторлық бағдарламалар байқауына 5 мұғалім қатысып жеңімпаз атанса, облыстық байқауда 13 авторлық бағдарлама дипломдармен марапатталған. Аудандық авторлық бағдарлама байқауына қатысқан 32 ұстаз жеңімпаз болған. Оқушылар арасындағы ғылыми жоба байқауларында 12 шәкіртінің жеңімпаз атануы да осындай педагогикалық ұжымның ерен еңбегінің жемісі. Облыстық «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар мен экологтар мен табиғатты зерттеушілердің форумында «Денсаулық және қоршаған орта» аталымы бойынша Кенжекүл Абдуллаева үшінші дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Директордың орынбасарлары Ләззат Сәтмаханова мен Айгүл Усманова көп жылғы еңбегі білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жетістіктері үшін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың Алғыс хатын алса, республикалық «Білімді ұрпақ-жарқын болашақ кепілі» ғылыми-практикалық конференциясында жемісті еңбегі үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Света Төлеутаева екінші дәрежелі дипломды иеленген. Мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің кейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктері тізе берсек бір шағын мақалаға емес, бір кітапқа жүк болады-ау. Әсте, іскер басшы басқаратын ұжым осындай болса керек.

-Ұстаздық жауапкершілігі зор, қадірлі мамандық болғандықтан, бұл мамандықтың иесіне бірқатар талаптар қойылады. Ілім үйрету-ең сауапты, әрі қадірлі іс болып есептелген. Ұстаз деген кім? Ұстаз-шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірге азық боларлық терең білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры, әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы. Мен үшін ұстаздардың салмағы осындай. Салмағы санаңа салмақ түсірердей осынау қадірлі мамандықтың қадірін білгеннің қасиеті артары сөзсіз. Сондықтан да қадірлі мамандық иелеріне басшылық ету үшін мынау сан құбылып, кейде алай-түлей, бұрқ-сарқ қайнап жататын тіршілікте ақыл мен мінезге қоса, үлкен ерік-жігер керек,-деді мектеп директоры.

…Иә, қазір мектептерде біз білім алғандағыдай темірдей  тәртіп жоқ, өйткені заман басқа, заң бөлек. Дегенмен, аға ұрпақ өкілдерінің тәрбиеге салып кеткен жарқын жолы бүгінде жарасымды жалғасып келеді. Мектеп бітірген соң туған ауылда, аудан орталығында  тұрдық, бүгінде облыс орталығында жүрсекте Ж.Отарбаев мектебі оқушыларының үздік оқуымен қатар, үлгілі тәртібі туралы естіп жатамыз. Алдыңғы толқын салып кеткен тәрбиенің жемісі бұл.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support