- Advertisement -

Орны бөлек Олжас

166

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Ақындық деген – қасиетті өнер. Ол текті, өнегелі әулетке қонатыны анық.  Танымал айтыс ақыны Олжас Отарды танығанымызға 30 жылға жуықтады. Олжас Отар  айтыс өнерінде біраз биікті бағындырды. Алғаш 1993 жылы аудандық оқушылар айтысында көзге түскен ол болашағынан үлкен үміт күттірді. Облыстық студенттер айтысында да Шырынбек Қойлыбаевпен бас жүлдеге таласып тұрып:

Студенттер басына бақ қонғандар,

Ізденіспен қашанда жақ болғандар.

Тамаққа қарындары аш болса да,

Білімге қарындары тоқ болғандар, -деп тауып айтқаны көпшіліктің жадынан кете қойған жоқ.

Ізденісін бір сәтке баяулатпаған Олжекең 1998 жылы Қызылжар қаласында өткен республикалық айтыста үздік өнер көрсетсе, 2002 жылы студент жастар арасында өткен «Жас толқын» атты республикалық айтыстың І орынды иеленді. Сондай-ақ, ол 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдық, 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық, 1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойларына байланысты өткізілген Жамбыл облыстық ақындар айтыстарының жүлдегері. Айтыскердің жетістіктері мұнымен де шектелмейді. Оның ақындық қыры 2006 жылы ұйымдастырылған республикалық теле айтыста жарқырап көрінді. Сол жыр додасында павлодарлық Бейбіт Бөженмен сөз сайыстырғаны көңілімізде сайрап тұр. Бейбіттің:

Олжас –ау, қандай еді ішкі арманың,

Жамбылда білдім қандай іс болғанын.

Ақпарат айтып жатыр сендер жақта,

Қылмысқа қатысты топ ұсталғанын, — дегеніне Олжас:

Сенің әр қадамыңды санап өтем,

Сөзіңе жауап бер деп талап етем.

Жаңағы өзің айтқан жайсыз топтың,

Бастығы павлодарлық адам екен, -деп қиын сәттен жол тауып кеткені бар.

Бір айтыста Олжас Отардың әр қалада мейрамханалар қаптап, мағынасыз той көбейіп еткенін сынға алып:

Шықпаса сіздердегі оймен егіз.

Ағайын бұл сөзіме қой демеңіз.

Отыз жас, қырық жастың бәрін атап,

Не болса соны думан дей береміз.

Ол түгіл былтыр қыста қысыр қалған,

Ешкіміз егіз тапса, той береміз, — деген ойлы өлеңіне көпшіліктің ұзақ қол соққанына куә болғанымыз бар.  2018 жылы Меркі ауданында өткен облыстық ақындар айтысында жуалылық Қанат Мырзаханмен айтысты. Қанат салған жерден:

Салықтың қиып түсер қайласы едің,

Өзіңше ақиқаттың айнасы едің.

Жақында шетел барып демалыпсың,

Меркі шипажайына бармас едің.

Сырт елге бар теңгеңді беріп келдің,

Отаншылдық сезімің  қайда сенің, — деп соққы береді. Сонда Олжас:

Қанатжан жауабыма сенсін деймін,

Қалайша өз жеріме жерсінбеймін.

Сырт жерді өз еліммен салыстырдым,

Жағдайды түсінбеген сенсің деймін.

Бұйырса Меркіде де демаламын,

Қазақтың басына бақ қонсын деймін.

Қызықса жерімізге шетелдіктер,
Көкше мен Алатауды көрсін деймін.
Даламның жазығынан жұпар жұтып,
Жазира жайлауымда болсын деймін.
Шымбұлақ, Көктөбе мен Медеуіме,
Сүйсініп өз бағасын берсін деймін.
Біздегі туризімнің дамуына,
Аямай инвестиция бөлсін деймін.
Осындай кербез сұлу жерім барда,
Швейцария, Анталияңды менсінбеймін!

Көкпарын өлең — жырдың өңгеретін.
Ауылым ақын деген елден етін.
Ардақтап ақындарын Елбасымыз,
Арнайы квотасын бөлген етін.
Мекке мен Мәдинада болып қайттым,
Иманның лаулататын кеудеде отын.
Одан соң қиян асып Қытай бардым,
Дәстүрмен ел аралап жер көретін.
Айтысып Түркияға барғандада,
Асықтым бұрылғанша елге бетім.
Әйтеуір көрікті өлке көргенім жоқ,
Қазақтың топырағына тең келетін,  деп әдемі жауап бергені бар.

Айтыста әр жылдары Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Айнұр Тұрсынбаева, Алтынкүл Қасымбекова, Ахметжан Өзбеков, Шырынбек Қойлыбаев, Асхат Қылышбек, Біржан Сөктай, Қанат Мырзахан секілді үздіктермен айтысып, өнерін шыңдаған. Бір айтыста Олжастың:

Бірнеше ағаларым ғалым болды,

Бірнеше жерлестерім дарын болды.

Рафаэль, Шорабек нағашылар,

Қысқасы ол да менің қаным болды.

Солардың ізін қуып топқа түсіп,

Есімім бар қазаққа мәлім болды, -деп толғағаны бар.

Ал қазақ айтысының жанашыры, айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманның: «Олжас Отардың айтыстағы орны бөлек» деуі, бір айтыста Шорабек Айдаровтың: «Олжас, сенің жүлдеге ілінбей қалуың менің жұмсақтығымнан. Келесі жолы бәрін жиып, сенің әділ орныңды алып беремін» деуі бекер емес.

Айтыстағы жеткен жетістіктеріне байланысты, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің квотасына ие болып, Қазақстанның өнер және қоғам қайраткерлерімен бірге Мекке-Мәдинаға умра қажылығына барса, 2007 жылы Түркияның Стамбұл қаласында өткен халықаралық ақындар айтысына Қазақстаннан жолдама алған 6 ақынның бірі – Олжас.

2013 жылы Олжекең Тараздағы  «Баласағұн» орталық концерт залында шығармашылық кешін өткізді. Сол іс-шараға келген шымкенттік әйгілі айтыскер Бекарыс Шойбековтың:

Айтыста талайлардың есін алды,

Ал қазір ақындыққа көшіп алды.

«Ауырмайды жүрек» деген өлеңімен,

Айтыста кетіп жатқан өшін алды.

Айтыскер Олжас деген лауазымға,

Қайраткер деген атақ қосып алды.

Қайрат Нұртас әндерін орындаса,

Қайраткер болмағанда несі қалды, -деп әзілдегені бар. Әзіл болса да астырында шындық жоқ емес.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Олжас Отардың жазба ақындық, сазгер қыры да бір төбе. Олжас Асангелдіұлы «Шыда жүрек», «Жылдар мен Жолдар», «Ана — Әке», «Аға», «Ағайын», «Балалық шақ» атты әндері бар. Одан өзге де өлеңдері «хит» әндердің сөзіне айналды. Олжастың сөзіне жазылған  әндерді Қазақ эстрадасының танымал әншілері Елмұра Жаңабергенова, Ерлан Малаев, Мұқасан Шахзадаев, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Махан, Индира Расылхан, Ғани Мәтебаев, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Сержанәлі Әлібек, Әлішер Каримов, Ибрагим Ескендір, Жұлдызай Дүйсенбиева, Мәдина Сағынбекова, Кенжебек Жәнәбілов, «Жалын» тобы, «Астана» тобы, «Әдемі-Ай» тобы орындап жүр.

Олжас  мемлекеттік қызметкерлердің арасында дәстүрлі өнерді насихаттаған еңбегі үшін 2007 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен, Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін 2010 жылы Тараз қаласы мәслихатының Құрмет грамотасымен және 2011 жылы Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

2020 жылдың шілдесінде  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, артынша  5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай тіл саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт  министрінің Құрмет грамотасына ие болды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде Өндірістік емес төлемдер басқармасының  басшысы міндетін атқарады. Жұбайы Әсия екеуі ұлағатты перзенттерді тәрбиелеп отыр. Алдағы уақытта да Олжастың айтыста салар олжасы көп болатынына сеніміміз мол.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support