- Advertisement -

МАЛ БАҚҚАН ШАРУА ТАЯҚ ҰСТАП ҚАЛМАС

117

- Advertisement -

Кешегі кеңес заманында шөл және шөлейтті аудандардың бірі саналған сарысулық шаруалар ағын судың зардабын әлі күнге шегуде. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары шалғай ауданның басшылары үшін Шу, Талас, Аса өзендері мен «Ынталы» су қоймасының суы қым-қуыт тірлікпен қатар, аса өзекті мәселе болатын. Әсіресе, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Қырықбай Асановтың ауданға су жеткізу жолында тыным таппай, еңбек еткені есте қалыпты.

Қырекең жарықтық, облыстық партия комитетінің небір алқалы жиындарында бастауын қырғыздың Алатауынан алып, өңірдің бірнеше аудандарының аумағынан өтетін өзендердің суы Сарысу ауданының аумағына жеткенше құрдымға кететінін қаймықпай талай көтерумен өтті. «Ынталының» суы үшін тікелей Мәскеуге қарап келген Жаңатастағы іргелі өндіріс ордасының басшыларымен де талай рет «жаға жыртысуға» дейін барғанын көрдік…

«Байқадам», «Коммунар» кеңшарлары мен «Түгіскен» асыл тұқымды мал зауытының негізінде құрылған Жаңаталап, Игілік, Досбол және Тоғызкент ауылдық округтері арқылы өтетін Аса және Талас өзендерінің бойында біршама шаруашылықтардың жайлауы мен қыстауы орналасқан. Өзен арналарын жағалай орналасқан шаруашылық құрылымдарында 100 000,0 гектардан аса жайылымдық және 12 000,0 гектардан аса шабындық жер бар. Ауылдық округтегі тұрғындар мен жеке шаруашылық құрылымдарының малын қосқанда 8500-ден аса мүйізді ірі қара, 110 мыңның үстінде аса қой-ешкі, 2500-ден көп жылқы және 500-ден жоғары түйе өзен жағалай орналасқан қалың елдің берекесі, нәсібі. Аудандағы мал басының басым бөлігі осы өңірде.

Аса өзенінің төменгі ағысымен келген судың мал шаруашылығын дамытуда маңызы зор. Биыл қуаңшылық болуына байланысты, шаруалардың жайылымдарында мал бағу қиындық туғызуда. Соның салдарынан мал шығыны да көбеюде, төрт түліктің күйі төмен, әртүрлі жұқпалы аурулар орын алуда. Мұның тіршілік көзі — күнкөрісі малға қарап отырған ылдидағы ел үшін әкелер зияны аз емес. Ең бастысы — мал шаруашылығы жоғалу қаупі бар. Аса өзенінің төменгі ағысымен келген судың ауданның элеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде мал басының артуына, өндірілетін мал шаруашылығы өнімдерінің өсуіне тікелей әсер ететінін ескерсек, облыстағы су шаруашылығына жауапты мекемелер мәселені уақыт созбай шешулері тиіс.

Он бес жылға жуық «Елдос-2004» шаруа қожалығын басқарып, бүгінде «JANA KOKDALA» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне төрағалық етіп отырған Талғат Наханов шалғай ауданның, оның ішінде Досбол ауылдық аймағының елін де, жерін де бес саусағындай білетін нағыз шаруаның адамы. Нарықтық қатынастың өтпелі кезеңіндегі қиыншылық жылдары төменгі Шу бойынан қоныс аударып, Көкдала елді мекенінің маңайын мекен еткен 7-8 шаруа қожалығының су тапшылығынан көріп отырған қиыншылығын қынжыла әңгімеледі азамат.

-Таластың суы Досбол ауылы маңына келгенде арнаның бірі Шағалалы елді мекені жағына, «Шешенбайға» қарай өтеді де, екінші арна Көкдала жағымен құмға қарай кетеді. Екінші Көкдала жағы биік болғандықтан су көп келсе ғана шығады. Жылда ондай мол су қайдан болсын, сондықтан осы маңнан «шлюз» орнатып, судың бағытын реттеп отыру қажет. Оны Досболдан кейін, Шағалалыға жетпей орнату керек. Биыл жауын жаумады. Жеке шаруашылық құрылымдарының жайылымдығының өзі қурап кетті. Шабындыққа шалғы салмақ түгілі, қолдағы төрт түлікті жаятын жер тақырға айналып барады. Күнкөрістің қамымен келген ағайын енді қайда көшерін білмей әрі-сәрі күй кешуде. Егер мәселе шешімін тапса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті жерде орындалғанының бір көрінісі болмақ. Бұл түйткілді мәселені өзен-көл суына жауапты облыстағы құрылымдар ескерер деген үміт бар,-дейді Т.Наханов.

Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сейтбек Дариябеков биыл Көсегенің көк жонындағы Түркістан ауылдық округінен басқа өңірге жауын-шашын түспегенін айтады. Әсіресе, төменгі жақты мекен еткен елге қиын тиіп жатқанынына алаңдаушылығын жеткізді.

Аса өзенінен ырғын су 1996 жылы ғана келіпті. «Қырықкепе», «Қатынжарма», «Астаукөл», «Сарыкөл» сынды учаскелер, тағы басқа шаруа қожалықтары шоғырланған өңірлер сонда бір мамыражай күй кешкен дейді. Қазір ол көзден бұлбұл ұшыпты. Өзен арнасында су жоқ. Аудандағы төрт түліктің амандығына алаңдаған ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының жайын түсінеміз. «Сулы жер-нулы» ғана емес, шөл және шөлейтті өңірде экология талаптарын сақтау да маңызды. Мұны да ескерген абзал. Мал баққан шалғай өңірдегі шаруалар таяғын ұстап қалмасын. Әсіресе, малдан тарайтын жұқпалы аурулар белең алып кетсе, оның зардабы үлкен болмақ.

Амангелді ӘБІЛ.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support