- Advertisement -

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ: Көп адам кәсіподақты — санаторийге жолдама беретін, қайырымдылықпен айналысатын ұйым деп түсінеді

442

- Advertisement -

 

Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қызу талқыланып, нәтижесінде «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданып, ұстаздардың мерейін бір асырып тастады. Әрине, бұл бағытта салалық кәсіподақ ұйымы мұғалімдерді әлеуметтік тұрғыдан қолдауға көптеген жұмыстар атқарып отыр. Біз өңірде мұғалімдер мәртебесін көтеруде, сала өкілдерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерінің сақталуы мен қорғалуы бойынша кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың жайын білмекке Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековке жолығып, сұхбаттасқан едік.

Зейнет жасына толған қызметкерді жұмыстан шығару үлкен проблема

Ерұлан Сәбенұлы, кезінде білім саласында беделі жоғары кәсіподақтың бүгінгі қал-күйі қалай?

— Есіңізде ме, Кеңес үкіметі тұсында әлеуметтік сақтандыру қорында қомақты қаржы болатын. Еңбекке жарамсыздық, басқа да жеңілдіктер және санаторийлердегі демалыс сол қордан төленетін. Бұл шарапатты Кеңес үкіметі тұсында ұстаздар да көріп қалды. Қордағы қаражатты 1997 жылға дейін кәсіподақ меншіктеп, жарғыға сай жаратқан болатын. Міне, сондықтан сол мол қаржыға сатылып алынған дүниелер — көліктің, тұрмыстық техникалардың кезегі дегендей кәсіподақтың құзырында болды. Былайша айтқанда үлестіру жұмысымен айналысты. Рас, әлемдік тәжірибеде кәсіподақтың екі ғасырлық тарихы бар. Тәуелсіздік жылдары кәсіподақ ұйымы тарқамады. Неге десеңіз, еңбек пен капитал бар жерде міндетті түрде текетірес болады. Өйткені, қолына дипломын алып жұмысын бастаған жас маман зейнетке шыққанға дейін еңбек қатынасында болады. Әрине, жас мамандарды мазалайтын сауал да көп. Яғни «Мен қанша жалақы аламын?», «Қанша уақыт демаламын?», «Қашан зейнетке шығамын?», «Қызметтік баспалдақпен өсе аламын ба?» Міне, осы сауалдарға жауап беретін бірден-бір ұйым – кәсіподақ.

Жалпы, экономикасы мықты елдің – кәсіподағы да мықты болады. Дегенмен, уақыт талабына қарай заман да, заң да өзгерді. Ал көптеген қызметкерлердің психологиясы кәсіподақ дегенде – ол санаторийлерге жолдама беретін, қайырымдылықпен айналысатын ұйым ретінде қалып қойған. Бүгінгі күні біздің салада жолдама беру екінші кезекте. Алдымен біз ұстаздар қауымының әлеуметтік жағынан қорғалуына басты назар аударып, олардың айлық жалақысы дұрыс есептелуі және еңбек дауына қатысты мәселелермен, құқықтық сауаттылықтарын көтерумен айналысып отырмыз.

Осы жерде, «егер санаторийге жолдама бере алмасаң, балаларды жазғы демалыспен қамтамасыз ете алмасың, қайырымдылық көрсете алмасаң кәсіподақ не үшін керек?» деген заңды сұрақ туып отыр. Сонда кәсіподақтың түбегейлі айналысып отырған бағыты қандай?

— Жоғарыда айтып кеткенімдей қазіргі басты бағытымыз – қызметкердің еңбек қатынасындағы заңды мәселелерін реттеу, құқықтық қорғау. Оның қатарында бірнеше нақты жұмыс бағыттары бар. Ең біріншісі – әлеуметтік әріптестік. Яғни, Ұжымдық шарт. Негізі көпшілік Ұжымдық шартты Еңбек кодексіндегі заң мен баптардың көшірмесі деп ойлайды. Бұл қате пікір.

Екіншіден, бюджеттік қызметкерлер арасында «мемлекет жалақыңды бекітіп берді, одан артық төлемейді ғой» деген екіжақты пікір тағы бар. Енді қараңыз, Еңбек кодексі нормаларының 80 пайызы «жұмыс беруші мен жұмысшы өздерің келісіп алыңдар» дегенге саяды. Бір ғана қарапайым мысал, қазір зейнет жасына толған қызметкерді бір күн жұмыста қалдырмай шығарып салуға асығамыз. Ал, бұл – білім саласында үлкен проблема. Неге десеңіз, қазір зейнетке кетіп жатқан ұстаздар – нағыз мұғалімдер. Орта буын ұстаздар деңгейі әртүрлі екенін мойындауымыз керек. Ащы шындық осы. Ортақолды мамандар, салаға кездейсоқ келгендер дегендей…

Жастарды жұмыспен қамту мәселесін зейнеткерлер арқылы шешіп жатырмыз, әйтеуір. Ал салада алды 30, 40 жыл еңбек еткен кәнігі маманға оқу жылының ортасында зейнет жасына толса болды бірден «сау болыңыз» дейміз. Біздің осы Ұжымдық шарт арқылы қолымыз жеткен, заңға түсіріп, құқықтық акті мәртебесіне ие болған жеңісіміз – мұғалім оқу жылының ортасында зейнет жасына келетін болса, оған ағымдағы оқу жылын аяқтап кету құқығы беріліп, тиісінше жұмыс берушілер солай етуге міндеттеме алған. Әрине, мұның орындалу деңгейі әртүрлі болғанымен, басымдыққа ие болып отыр.

Екінші мәселе, Еңбек кодексі ол тек қана мүмкіндік береді, міндеттемейді. Сондықтан, тіпті қыркүйек айында зейнет жасына толған ұстаз мамыр айында оқу жылын аяқтап кетеді. Мұны біз жұмыс берушілерге барынша түсіндіріп бағудамыз.

Тағы бір мәселе, зейнеткерді жұмыстан босатқан кезде өтемақы төленеді. Бұл 2015 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бірақ, өтемақының мөлшері заңмен нақтыланбаған. Яғни, жұмыс беруші мен жұмысшы өздері келісу керек. Сондықтан, 2018 жылы Ұжымдық шартты бекіткен кезде осы өтемақының мөлшерін бір айлық жалақы есебінде белгіледік.

 

Білім мекемлерінде жұмыс істейтін кітапханашы мен медбикенің жалақысы өсті

— Білім мекемелеріндегі текетірестердің негізі басшының тәртіптік шара қолдануынан туып жататын секілді…

Рас, басшы болғаннан кейін кейде қызметкерін шақырып алады да белден басып «жазаны» негізсіз қолданып кеп жібереді. Кей жағдайда өз құқыларына көз жұма қарайтын мамандар «үндемей» арқалап кете береді. «Қарсы шықсам жұмыстан босаймын» деген қаупі тағы бар. Біз сондықтан кәсіподақ мүшесі болып табылатын әрбір қызметкерді (егер ол қылмыстық жауапкершілік немесе педагогикалық қызметке жат аморальды қылық жасаған жағдайлар болмаса) тәртіптік жаза қолданар кезде кәсіподақтың дәлелді пікірін сұрау керек жайын міндеттедік. Сондай-ақ, бізде екі жақты еңбек дауларын шешу жөнінде арнайы комиссия бар. Яғни, бірінші тарап – жұмыс беруші, екінші тарап – міндетті түрде кәсіподақ. Бұл заңның бізге берген мәртебесі. Егер қызметкер алдымен осы комиссияға келіп еңбек дауын көтермесе, ертеңгі күні сотқа жүгіне алмайтынын біледі.

— Түсінікті, жалпы, ұстаздар қауымының жалақысы көтеріліп келеді. «Педагог мәртебесі» заңында білім мекемелерінде еңбек ететін кітапханашылар мен медқызметкерлердің жалақысын көтеру айтылмады.

— Бұл – үлкен мәселе. Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы көтерілді. Бізде 65 000 кәсіподақ мүшесі бар. Осының ішінде таза педагогі – 40 000 жуық. Қалған 25 000 педагог емес. Солардың дені — кітапханашылар мен медицина қызметкерлері.

Мектептегі кітапханашының жүктемесі көп. Сондықтан, біздің тарапымыздан жасалған үлкен жұмыстың бірі – кітапханашылардың жылдың басынан айлық жалақысы қайта есептеліп, ортасы сәуір, мамыр, маусымнан бастап, ал бюджеті көтермейтін аудандар қыркүйек айынан бастап лауазымдық жалақысын 35 пайызға көтеруге қол жетіп отыр. Екінші мәселе, 2015 жылға дейін мектептегі медицина қызметкерлері мектептің штатында болатын. 2015 жылы олар емханаларға өтті. Өзіңіз ойлаңыз, бізде мектептен бөлек балабақша, колледж, интернат, арнайы түзету мекемелері бар. Ал бұл мекемелерде қарапайым санитарлардан бастап жоғары дәрежелі дәрігерлерге дейін қызмет етеді. Бұл мамандар – білім саласының штатындағы мамандар. Тура осындай функционалдық жауапкершіліктері бар медицина саласында еңбек ететін мамандардың айлық жалақысы 15-50 пайызға көтерілді. Ал білім мекемелерінде еңбек етіп жүрген медицина саласының қызметкерлері ондай шарапаттан тағы да қағылды. Біз осы мәселені Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып келген тұста және облыстық білім басқармасына жаңа басшы келген кезде де көтердік. Бұл қомақты қаржы болған соң мамандар есептеп көрді. Сөйтіп, 15 мамырда ұжымдық келісім шартқа қосымшалар мен толықтырулар енгізіп, екі тараппен қол қойып, үлкен жетістікке қол жеткіздік.

 

Мұғалімдердің айлық жалақысы төңірегінде дау көп

— Сіздерде шағымдар қалай қаралады?

— Бізге жылына сегіз мыңға жуық арыз-шағым келеді. Олардың дені – сағат бөлу, тәртіптік жазаны дұрыс қолданбау, еңбек демалысы, емдік-сауықтыру шараларын дұрыс есептемеу, іс сапар төлемеу, тағысын тағы. Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2010 жылы эксперимент ретінде Кәсіподақтың құқықтық инспекциясы деген арнайы бөлім аштық. Бұл бөлім қызметкерлерінің басымдығы да сол, қайырылған әрбір мұғалімнің мәселесін түбегейлі зерттеп, бүге-шүгесіне дейін талдап, басын ашып беру. Бүгінгі күні эксперименттің соншалықты тиімді екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ортақ ұжымдық келісім шарттың тиімділігі де осы жерде анықталды. Бір ғана құжат арқылы сонау шалғай жатқан ауданның бір түкпіріндегі мұғалімге не тиесілі, неге құқылы бәрін ортақ құжатпен-ақ бақылап, бағамдай аламыз. Заңгерлерге де тиімді.

Әр ауданда бір-бір заңгер отыр. Ол заңгерді біз тағайындаймыз, айлық жалақысын да біз төлейміз. Бұл «бармақ басты, көз қыстының» керін келтірмес үшін ұйымдастырылды. Заңгер жылына бір рет білім мекемесіне барып қоғамдық бақылау мақсатында тексеру жүргізе алады. Рас, алғаш осы жұмыс қолға алынғанда «үрке» қарағандар болды, оны жасырмаймын. Енді, бүгінде білім мекемесінің басшылары мұның тиімділігін көріп отыр. Өйткені, қоғамдық тексеруге барған заңгер құқықтық көмек көрсетіп, құжаттарды дұрыс рәсімдеуге, өндірістік әдістемелік көмек көрсетуде. Тіпті, қазіргі күні облыс орталығындағы мекеме басшыларының өзі жоспардан тыс қоғамдық бақылауға шақырып отыр. Яғни, мектептің кіре берісінде отырған вахтерден бастап, басшысына дейін біздің заңгерлерден тегін құқықтық кеңес ала алады.

— Осы мұғалімдердің айлық жалақысы төңірегінде дау көп. Мәселені шешуде қандай жол таптыңыздар?

— Барынша шешуге тырысып жатырмыз. Бұрын орталықтандырылған бухгалтерия кезінде бізге жеңіл болатын. Өйткені, мәселені бас бухгалтерге жеткізсеңіз, ол экономистері арқылы қайта есептеп шығатын. Биыл жылдың басынан бухгалтерлер мектептерге таратылып жібергендіктен проблема күрделенді. Үнемі тек тікелей нұсқаулықты орындап қана отырған мамандар, дербес білім мекемесіне ауысқанда, ондағы бухгалтерия қызметіне қатысты сан салалы жұмысты арқалағанда біраз олқылықтар орын алуда. Әр мектептің бухгалтерімен жеке-жеке келіссөз, пікіралмасу, пікірталас, түсіндіруде біздің заңгерлерге де үлкен күш түсіп отыр.

— Бәлкім мұны жоғарыда өзіңіз сөз еткен Кәсіподақтың құқықтық инспекциясының экономикалық тиімділігінен байқауға болатын шығар?

— Әрине. Білесіз бе, тиімділігі өте жоғары болды. 2015 жылдың өзінде заңгерлердің көмегімен мұғалімдерге 66 миллион теңге қайтарылып берілді. 2016 жылы 43, 2017 жылы 143, 2018 жылы 215 миллион, ал 2019 жылы 411 миллион теңге өндірілсе,үстіміздегі жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 293 миллион теңгені құрады.

— 2019 жылы өндірілген қаржы қомақты болып тұр. Мұның қандай себебі бар?

Талдап айтып беруге тырысайын. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап жалақы көтерілді. Айталық мектептегі бір ұстаз 25 мамырда еңбек демалысына шығып кетті делік. Айырмашылық бес күн. Осы бес күндегі коэффицентті дұрыс есептемеудің арқасында Шу ауданында 118 миллион, Т.Рысқұлов ауданында 112 миллион теңге айырмашылық шықты. Бұл сотсыз мәмілемен шешілген жай. Ал сотпен шешілген мәселеге келсек – іссапар ақысын төлеу. Іссапар ақысы ұстаздарға нашар төленеді. Ұстаздарды 3 және 6 айлық немесе бір жылдық курстарға жібереміз де, оларға ақысын төлеуге келгенде қалтамыз тесіліп қалады. Өйткені, бұл үлкен қаражат.

Іссапар ақысын төлеуде Шу, Мойынқұм аудандары бойынша қомақты қаржы қайтарылды. Өзіңіз білесіз, ауылдық жердегі ұстаздарға 25 пайыз үстемақы төленеді. Бір жылдары Шу ауданында құзырлы орган тарапынан мектеп директоры, оның орынбасары, балабақша меңгерушісі басшы болғандықтан, оларға ауылдық жерде төленетін 25 пайыз үстемақы негізсіз төленген деген уәжбен алдырып тасталды. Ал, Үкіметтің №77 қаулысында жоғарыдағы басшылардың алдымен ПЕДАГОГ екендігі анық айтылған. Содан кейін барып басшы. Оларға қосымша тоғыз сағат жүктеме жүргізуге құқық берілген, аттестациядан өтеді. Яғни, педагог! Ақыры осы мәселе бойынша сотқа жүгіндік. Сөйтіп, тек қана Шу ауданы бойынша 160 басшыға тиесілі 40 миллион теңгесі өндіріліп берілді. Егер бұл жағдай күшінде қалғанда, өзге де бюджеті төмен аудандар бұл тәжірибені қолданатын еді.

Тағы бір мысал. Ұстаздар еңбек демалысына шыққанда қосымша емдеу-сауықтыру жәрдемақысы беріледі. Заң бойынша осы қаржыдан ешқандай ұстап қалулар жүргізілмейді. Бірақ өңірде салық түсімін көтереміз деген салық саласының мамандары Сарысу ауданында екі колледж, Таразда бір колледж бен тоғыз балабақшаны тексеріп келіп жібереді. Сөйтіп, сіздер осындай шаралардан табыс және әлеуметтік салық ұстамағансыздар деген уәжбен ұсыным шығарып береді. Осы мәселе бойынша кәсіподақ, білім басқармасы, салық дапертаменті үшжақты отырып, ұзақ уақыт келісім жасауға тырыстық. Келісіміміз нәтиже бермеген соң, сотқа жүгіндік. Нәтижесінде 2013-2017 жылдар аралығында әлеуметтік салыққа ұсталған қаржы қызметкерлердің өзіне толықтай қайтарылды. Мұндай түйіткілдер құқықтық сауаттылықтың төмендігінен де орын алып жатады. Сондықтан, құқықтық сауаттылықты арттыру үшін жылына кемінде бір-екі рет әр ауданда семинарлар ұйымдастыруға тырысамыз.

 

1400 жолдаманы 65 мың адамға шаққанда өте аз

— Дегенмен, ұстаздар жазғы демалыс айларында санаторийлерге барып демалғысы келер. Сөзіміздің басында айтып кеткендей жолдама мәселесі қандай?

— Жолдама мүлдем жоқ емес, ол бар. Кәсіподақтың жылдық бюджетінің 20-25 пайызы сауықтыру шараларына жұмсалады. Мысалы былтыр 117 миллион теңге бөлінді. Бір қарағанда қаржы қомақты, ал адам басына шақсаң – 4600 ғана адам. Оның ішіндегі шипажайға жолдама саны небәрі 1100 дана. Қалғаны Ыстық көл, Алакөл, Нұр-Сұлтан, Түркістан қалаларына тарихи-танымдық саяхаттар мен бұқаралық сауықтыру шаралары. Биыл 157 миллион теңгеге 1400 жолдама алынды. 65 мың адамға шақсаң ол үлес те өте төмен. Сондықтан, қызметкерлерге кәсіподаққа кіргенде «сіз тек жолдама аламын деп келмеңіз, құқықтық көмек, кеңес аламын деп келіңіз» деп ескертеміз. Яғни, жолдама санаулы ғана қызметкерлерге бөлінетіндіктен басшы немесе оның жанындағы азаматтар ғана жарылқамасын, әділ шешіңіздер дегенді де айтып келеміз. Бір қызметкер жеңілдетілген жағдаймен жолдамаға бес жылда бір рет үміткер бола алады.

— Бүгінгі күні бастауыш, орта буындағы ұйым болсын кәсіподақтың көшін сүйреп жүргендер — «көшбасшылар» ма? Кадр саясаты қандай?

— Өте орынды сұрақ. Алдымен кәсіподақ қоғамдық ұйым болғандықтан, мүшелікке кіру мен шығу ерікті екендігін айтқым келеді. Сонымен қатар «саналы мүшелік» керек. Жұмысқа келген жас маманға, ұжымға келген жаңа қызметкерге  кәсіподақ төрағасы мүшелікке өту жайын екшелеп түсіндіріп, ынталандырғаны абзал. Мүшелікке де арыз жазып өтеді. Кей әріптестеріміз мұны ескере бермейтіні өкінішті. Тәжірибеде бастауыш ұйымдардағы төрағалыққа қоғамдық ұйым болған соң әйтеуір жүктемесі, жұмысы аз азаматтарды сайлай салу бар екені жасырын емес. Тіпті, зейнеткерлердің жұмысы деп қарайтындар әлі бар. Сайлауда көпшіліктің көкейінде жүрген азаматтар таңдалғаны мақұл. Басшылар да жөнсіз араласып, өз кандидаттарын ұсынатын фактілер де жоқ емес. Ал кәсіподақ төрағасы – көшбасшы болу керек қой. Кәсіподақ төрағалығына білікті, саналы азаматтар жүрген аудандарда «көшбасшы» болып жүрген қыз-жігіттер кемі бес жылдан соң мектеп директоры, не орынбасары немесе балабақша меңгерушісі лауазымдарына өтіп жатады. Бұған себеп оның көпшілікпен араласуы және кәсіподақтағы құқықтық сауаттылықтың әсері деп ойлаймын. Мұндай көрсеткіш бірқатар аудандарда 30-35 пайызды құраған жылдар болды. Мысалы, аудан, облыс көлеміндегі босатылған, яғни жалақы алып жұмыс атқаратын кәсіподақ қызметкерлері туралы айтатын болсам. Жас ерекшелігіне қарай оларды орташа жасы отыз тоғыз жасты құрап отыр. Сондай-ақ олардың тек кәсіподақ саласындағы орташа еңбек өтілі жеті жылды құрауда.

Екінші бір түйткіл, ұжым белсенділігінің төмендігі. Рас, бір мектепте дау шықса Президент, министрге дейін жазып, «әлеуметтік желіні» шулатып жатады. Президент пен министр келіп тексеріп жатқан жоқ қой. Сондықтан, алдымен іргеңде отырған кәсіподаққа қайырылып, мән-жайды анықтауға болады. Ал осы істе кәсіподақ төрағалары белсенді, көшбасшы болу керек. Көзжұма қарауға болмайды. Әрбір шағымның артында адам тағдыры тұр.

Сондықтан осы ұйымның төрағасы ретінде менің де, өзіммен үзеңгілес осы саладағы әріптестерімнің де басты ұстанымы да, басымдық беретін ісі де «жолдама алмадым, қайырымдылық дұрыс көрсетілмеді, мәдени-көпшілік шара аз» деген уәждер ғана емес, еңбек құқығы қорғалмаған, жалақысы дұрыс берілмеген, заңсыз жұмыстан қуылып немесе тәртіптік жаза арқалаған, еңбегі жағдайы дұрыс ұйымдастырылмаған қызметкерлерге араша түсу, заңның салтанат құруы мен мүлтіксіз сақталуына шама-шарқымызша күш салу.

— Төтенше жағдай кезінде мұғалімдерді мәжбүрлеп ақысыз демалысқа жіберді деген қауесет тарап еді…

— Наурыз-мамыр аралығында облыста мұғалімдерді мәжбүрлеп жаппай ақысыз еңбек демалысына жіберу дерегі тіркелген жоқ. Біз мүмкіндігінше карантин кезінде медициналық маска, азық-түлік, тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету және антисептикпен қамтамасыз ету үшін 9,5 миллион теңгеге көмек жасадық. Ең бастысы, төтенше жағдай мен карантин шаралары кезінде саланың әрбір қызметкерінің заң мен ұжымдық шарттар талаптарына сәйкес тиесілі жалақысын алуына, қауіпсіз еңбегінің ұйымдастырылуына басшылармен бірлесе отырып,  пәрменді үлес қоса білдік. Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасып отыр. Жалпы осы кезеңде бізге 440 жазбаша, жеке қабылдау, телефон, интернет және БАҚ арқылы 7339 ауызша өтініштер түсіп, 7922  құқықтық қызмет көрсетілді.

Сала өкілдерінің біліктілігі мен шығармашылығын насихаттауда бірқатар дәстүрлі шаралар мен тың бастамалар да бар шығар?  

— Білім және ғылым саласы өкілдерінің ішінде өнерлі, спортшы, ғылыммен, шығармашылықпен айналысатын, жан-жақты азаматтар көп. Жақсыны көрсетпекке деген. Біздің кәсіподақта сонау 2001 жылдан бастап әр екі жылда бір рет «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» байқауы дәстүрлі ұйымдастырылады. Бұл шараға он мыңнан аса білім-ғылым саласының әр санаттағы қызметкерлері қатысады. Сондай-ақ, екі жылда бір рет спартакиада өтеді. Соңғы жылдары мұғалімдердің Тамыз мәслихатында үздік білім мекемелеріне сыйақы берілуде. Бұл кәсіподақтан қаралған қаржы. Осы тәжірибе енгізілген соңғы төрт жылдың ішінде 14 білім мекемесі мен еңбек ұжымына, 96 үздік мұғалімге 22,6 миллион теңге қаржылай сыйақы табысталды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support