- Advertisement -

Батыр ауылында басқаларға үлгі боларлық тірліктер көп

287

- Advertisement -

Бауыржан Момышұлы ауылында бүгінде 14 мың 700 халық тұрады. 83 көшені бойлай 3040 аула орналасқан. Ауылда 185 «Алтын алқа», 192 «Күміс алқа» иегері бар.

Әр ауыл ұлағатты адамдарымен ерекше емес пе? Біз Б.Момышұлы ауылына барғанда облыстың және Жуалы ауданының Құрметті азаматы Естемес Аманбековтің үйіне атбасын бұрдық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Естемес көкеміз есігінің алдындағы 3 сотықтай жерді бау-бақшаға айналдырып, керемет жайнатып қойыпты. Жеміс талының көптігінен көз сүрінеді. Алманың жеті түрі, жаңғақ, өрік, жүзім, алмұрт уылжып, самсап тұр. Қызанақ, қияр, сарымсақ, пияз, картоп, асқақбақ, сәбіз дейсіз бе, барлығы да осы алақандай бақшадан табылады. Ақсақал киіз үйдің орнындай жерге картоп егіп, жыл сайын 5 қап өнім алатынын айтады. Басқа өнімді өзіңіз есептей беріңіз. Естемес аға зейнетке шықтым деп жалғыз есігінің алдын көгертумен ғана айналысып жүрген жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық шаралардың бәрінде жүреді. Қалай бәріне үлгереді деген таңданысымды жасыра алмадым. Ал өзі:
– Кішкентай бау-бақшамды көрдіңдер. Зайыбым Айымкүл екеуміз базардан ешқандай жеміс-жидек сатып алмаймыз. Осы ауылда 45 жылдан бері тұрамын. Әуелі ауылдың жарты бөлігінде асфальт жоқ болатын. Қазір бәріне асфальт төселген. Ауыл халқы 95 пайыз таза ауызсумен қамтылған. Күн сайын жаңарып жатыр. Оны көзіміз көріп қуанып отырамыз, – деді.

Естекеңнің көшесінде тұратын ауданға танымал ұстаз, зерттеуші Дәулетжан Байдалиевтың үйіне де соға кеттік. Бәкеңнің бақшасы да аулаға сән беріп, жайнап тұр. Бұдан кейін 6 перзентті өмірге әкелген Қарлығаш Мамырбекованың отбасында да арнайы болдық. Жолдасы Абай Нұрбаев – ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы орта мектепте технология пәнінің мұғалімі. Тұрғындардың және кейбір кәсіпкер азаматтардың көмегімен қазір «Жуалы» мешіті күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов «Кәсіпкерлер аллеясын» аралатып, жақын арада «Ақылды ауыл» жобасы да іске қосылатынын айтты.

КӘСІПКЕРЛІК –
НӘСІПТІҢ БАСТАУЫ

Бұл ауылда 25 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Жай есеп үшін құрылған қожалықтар емес. Олар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 470 гектар алқапқа жаздық арпа, 80 гектарға күздік бидай, 150 гектарға мақсары егіліп, жоспар толықтай орындалған. Картоп 4 гектарға, қырықабат 8 гектарға егіліп, сәбіз дақылынан да мол өнім алу көзделуде.
Сондай-ақ батыр баба атымен аталатын ауылдың тұрғындары кәсіп игеру мәселесінде де басқаларға үлгі болуда. Мұнда сүт өнімдерін шығаратын 3 ірі сүт зауыты, 123 дүкен, 21 кафе, 9 дәріхана, 4 тіс емханасы, 25 сұлулық салоны, 5 мейрамхана, 5 шағын базар, 5 наубайхана, 5 асхана, 5 тігін цехы, 7 құм кірпіш блогын шығаратын орын, 4 монша, 5 ветеринариялық дәріхана, 2 қонақ үй, 32 әртүрлі қызмет көрсету орындары бар. Кәсіпкерлік нысандары ауыл, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
Жеке кәсіпкер Назгүл Медетбекованың да кәсібін дамытудағы ізденісіне куә болдық. Ол Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 4 миллион теңгеге несие алып, оған 10 жылқы бағып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал жеке кәсіпкер Мұхтар Сәдірбек болса «Еңбек» бағдарламасы бойынша 505 мың теңгеге қайтарымсыз грант алып, KFC өнімін дайындап сатумен айналысады. «Бұл кәсіпке 800 мың теңге салдым. Тәулігіне шамамен 25 дана KFC өнімін сатуға мүмкіндік бар. Біреуі – 2 мың 500 теңге тұрады. Жалпы, ісіміз алға басып келеді», – дейді ол. Кәсіпкер Ғани Үлеков болса, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында «Жуалы Regort» демалыс орталығын ашты. Қазір соңғы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда тәулігіне 200-300 адам демала алады. Демалушылар үшін ашық алаңдар, бассейн, түрлі ойын алаңдары жұмыс істейді.

ҚОЛАЙЛЫ БІЛІМ,
ҚОЛЖЕТІМДІ МЕДИЦИНА

Ауылда төрт орта мектеп бар. Аталған білім беру мекемелерінде 468 мұғалім және 181 шаруашылық қызметкер жұмыс атқарады. Биыл бұл мектептерде 3605 оқушы білім алды. Үш мемлекеттік бөбекжай-балабақшаларда 113 ағартушы қызметкер, 103 шаруашылық қызметкер барлығы 570 балаға мектеп алды тәрбиелерін беруде. Балабақшалардың материалдық базасы бүгінгі күн талабына сай ән-күй, спорт, әдістемелік және медициналық кабинеттермен қамтылған. Сонымен қатар, үш жеке балабақшада 110 бала тәрбиеленуде. Жаңашылдыққа бейімделіп, балабақша ашуға тәуекел жасаған Алтынай Шамшиева, Жанель Пралиева, Ринат Өмірәлиевтің қадамы құптарлық. Әсіресе Ринат Мейрамбекұлы басқаратын «Nu — Urpak» жеке балабақшасында бірнеше тәрбиеші жұмыспен қамтылса, 65 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиені алып жатыр.
Тұрғындар үшін денсаулығынан артық байлық жоқ. Бұл ауылда 115 төсектік орталық аурухана және емхана жұмыс істейді. Орталық аурухананың терапиясы – 28, хирургия – 35, гинекология – 7, инфекциялық бөлім – 23, перзентхана – 10, ал балалар бөлімі – 12 төсектік. Сондай-ақ аурухана құрамында қосалқы емдеу диагностикалық, қан дайындау, дәріхана, залалсыздандыру, қабылдау, жедел және шұғыл жәрдем көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Одан бөлек, орталық аурухананың күндізгі стационары 42 орынға арналған. Орталық емханада 29 жалпы тәжірибелік аймақтық дәрігер, аймақтық акушер-гинеколог және де кардиолог, дерматовенеролог, хирург, онколог, психиатр, нарколог, офтальмолог, стоматолог, жасөспірімдер терапевті, ЛОР дәрігері ауыл ғана емес, аудан тұрғындарына да медициналық көмек көрсетуде. Перзентханадағы нәрестелерге арналған интенсивті бөлме медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған.

ТӘРТІП БАР ЖЕРДЕ
ҚЫЛМЫС ЖОҚ

Б.Момышұлы ауылына 4-учаскелік полиция инспекторы бекітілген. УПИ полиция аға лейтенанты Ержан Бектұров, полиция аға лейтенанты Нұржан Жұмалиев, полиция аға лейтенанты Рахат Стамбеков, полиция лейтенанты Дидар Бегім қызмет атқаруда. Тәртіп сақшылары қырағылығының арқасында бұл ауылда қылмыс саны өткен жылдармен салыстырғанда азайып келеді. Б. Момышұлы ауылы бойынша жанжалдар мен шиеленістік жағдайларын болдырмау, қылмыс деңгейін төмендету, алкогольдік ішімдіктерден және басқа да зиянды әрекеттерден бас тарту іс-шараларын өткізу мақсатында ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов пен Жастар ресурстық орталығының директоры М. Телеушов және ауылдың учаскелік испекторларымен бірлесіп түнгі рейдттік жұмыстар жиі ұйымдастырылуда.
Аталған ауылда 1 спорт кешені, 1 орталық стадион, 1 футбол алаңы, 7 спорттық алаңша, 6 спортзал орналасқан. 3700 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Әсіресе Данияр Әділов басқаратын №12, Рүстем Бөлегенов басқаратын №13 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің белсенді жұмысын атап өткен жөн.Ауылда екі мешіт бар. Оларда Ханафи мазхабына сай намаздар ұйымдастырылып, зейінді балаларға құран әліппесі үйретілуде. «Жуалы» мешітіне тәжірибелі имам Сейітқазы Медетбек басшылық жасап, елдің рухани кемелденуі жолында тер төгуде. Ауылдың инфрақұрылымын және әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін арттыру критерийі негізінде, ауыл іші мен аумағын күл-қоқыстан тазалау, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру және күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Б.Момышұлы ауылының кіреберісінде орналасқан «Жастар аллеясы» саябағына «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 1350 аққайың және әртүрлі декаративті тал-дарақтар отырғызу жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 54 азамат (жастар мен жұмыссыздар) жұмыспен қамтылды. Б. Момышұлы ауылы Бейбітшілік, Жанқожа және Қожық батыр көшелері орта жөндеуден өткізілді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру аясында, «Бірлікті ел бұзылмас» тақырыбында этнос өкілдерінің жастарымен кездесу, Б.Момышұлы ауылы №1 Балалар өнер мектебінде «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» тақырыбында этнос өкілдері қатысуымен дөңгелек үстел отырысы, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру аясында «Жастар – ұлттар бірлігінің ұйытқысы» атты этнос өкілдерінің қатысуымен фестиваль өткізілді. Ауылда екі Ұлы Отан соғысының ардагері, 10 Ауған соғысының ардагері, Семей полигоны мен Чернобыль апатына қатысқан 36 ардагер, 1382 зейнеткер тұрады. Биыл 60-қа жуық жас отау құрып, жаңадан шаңырақ көтерген.
– Ауылымыздың дамуы, жоспарлы істердің жүзеге асуы жақсы. Аудан орталығы болғандықтан шығар, талай игілікке қол жеткізіп отырмыз. Үлкен ауыл болған соң мұнда қазыналы қарияларымыз көп. Мәселен, ауданның 28 Құрметті азаматының бәрі өнеге мектебі деп ойлаймын. Одан бөлек, 1400-ге жуық зейнеткерлердің жастарға берер тағылымы мол. Сондықтан біздің ауылдың үлгілі ауыл ретінде талай белеске жетеріне сенемін. Сол мақсат жолында тұрғындарға сапалы қызмет жасай беруге әзірмін, – дейді Б.Момышұлы ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов.

Жуалы ауданы.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support