- Advertisement -

Пандемия кезінде пайда таппақ болғандар анықталды

58

- Advertisement -

Ардақ Үсейінова

Еліміздегі барлық емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмектерді тасымалдаушы «СК Фармация» ЖШС-ның қызметін бақылау күшейген соң, жұмыс өз жүйесін қайта таба бастаған секілді. Коронавирус пен пневмонияға қарсы препараттардың бір кезегін өткен аптада жеткізіп берген Бірыңғай дистрибьютер компаниясы қажетті сұраныстың тағы бір бөлігін әкелді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, өңірдегі 67 тапсырыс беруші медициналық ұйым қосымша тапсырыстармен бірге КВИ және вакциналарды қоса есептегенде, стационарлық көмек бойынша 6,027 миллиард теңгені құрайтын 538 келісімшартқа отырған екен. Бүгінге дейін компания 3,4 миллиард теңге қаржы көлеміндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды медициналық ұйымдарға жеткізіп беріпті.
– Жыл басынан бері медициналық ұйымдар 1,01 миллиард теңгеге қосымша тапсырыс беріп отыр. Маусым – шілде айларында басқарма Бірыңғай дистрибьютермен 214,4 миллион теңгеге қосымша келісімшарт жасады. 210,9 миллион теңге көлеміндегі тауарлар босатылды. Алдағы уақытта тағы 3,5 миллион теңгенің тапсырысы жеткізілуі тиіс. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасына аталған серіктестің жоспар бойынша 7200 таблетка алувия перапаратын әкелуі қажет болған. Қазір 1,16 миллион теңгеге 6240 таблетка дәрі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар облыстың медицина ұйымдары 835,9 миллион теңгеге КВИ-ді емдеу бойынша қолданыста жүрген клиникалық хаттамадағы дәрілік заттар мен медциналық бұйымдарға қосымша тапсырыс беріп отыр. Олар – азитромицин, аскорбин қышқылы, меропенем, цефтриаксон, ципрофлоксацин, амбробене, аминофилин секілді дәрілік заттар. Сондай-ақ 6 емдеу мекемесі 25,3 миллион теңге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жедел тапсырыс жасады, – деді облыстың бас дәрігері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бір айта кететіні, емдеу мекемелеріне дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен құрылғылар гуманитарлық көмек арқылы да жеткізілуде. Әйтсе де дәріханалардағы тапшылық әлі толық жойылмады. Індет өршіп тұрғанда қолдан қымбатшылық туғызып, алыпсатарлық жасап жүрген делдалдар біздің өңірде де бой көрсетпей қалған жоқ. Көзге көрінбейтін індет қаншама науқастың жан алқымынан алғанда, етектен тартқан бөрідей бас пайдасын ойлағандардың іс-әрекеттері қынжылтады. Тараз қаласының базарларында жеке тұлғалардың аспирин және парацетамолды қолдан сату фактілерінің анықталғанын көпшілік біледі. Алыпсатарларға 486150 теңге сомасында айыппұл салынды. Сондай-ақ осы фактілер бойынша препараттар дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген, қосымша 3 әкімшілік хаттама толтырылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабының 3-бөлігі бойынша қарау үшін сот органдарына жіберілген.
Дәріханадан арзанға сатып алып, дәріге зәру жандарға қымбатқа өткізгендер былай тұрсын, емдеу мекемелерінде ем алып жатқан науқастарға бөлінген тегін дәріні де өткізіп, қалтасын қампайтқысы келгендер кездеспей қалмапты. Пандемия кезінде пайда таппақ болғандардың бірін облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері анықтаған. Сатылған «ЦЕФ – 3» құтысында «Тегін» мөрі табылған, онда Тараз қаласы, «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан облыстық көпбейінді балалар ауруханасы деп көрсетілген екен. Сатушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс жүргізу шешімін қабылдау үшін материалдар облыс бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданыпты.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Жандос Тынысовтың айтуынша, әлеуметтік желілерде жеке тұлғалар орналастырған хабарламалар бойынша дәрілік препараттарды сату жағдайлары да кездескен. Жан қысылғанда дәрі-дәрмекті дәріханадан емес, азық-түлік дүкендерінен де сатып алғандар бар болып шықты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәріханалық және медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың заңсыз сатылу және бағасын көтеру, сондай-ақ дәрілік заттарды лицензиясыз сату фактілерін анықтау және жолын кесу туралы тапсырмасын орындау үшін 5 шілдеден бастап дәрілік заттарды сату кезінде бағалардың сақталуын бақылайтын әрі заңсыз сату және жалған заттардың таралуының жолын кесу фактілерін анықтайтын арнайы мониторингтік топ құрылды. Оған департаменттің фармацевтикалық қызметті бақылау және фармацевтикалық инспекторат бөлімінің мамандары, облыс бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша жедел уәкілі, облыс әкімдігінің қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы, облыстық фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының төрағасы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі кірді. Соның арқасында күн сайын дәріханалардағы жағдай, дәрі-дәрмекке қатысты мәселелер түгел сараланып отыр, – дейді Жандос Тынысов.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support