- Advertisement -

Суды үнемдеуді үйренуіміз керек

138

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында суармалы егістік көлемін 2030 жылға дейін 3 миллион гектар алқапқа жеткізу межесін қойған болатын. Қазір мемлекет тарапынан бұл бағытта арнайы бағдарламалар мен жобалар қабылданып, еліміздің барлық өңірінде су көздерін тиімді пайдалану жолдары қарастырылуда. «Ирригациялық жүйелерді салу және қайта қалпына келтіру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық.

Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Өңірлерді дамыту» тағы басқа да бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде тазаланып жатқан тоғандар бар.
Бүгінде өңіріміздегі 265 канал мен тоғандар қайта жаңғыртудан өткізіліп, егістіктерге кедергісіз ағын су жеткізілуде. Облысымыздағы егістік алқаптарды суландыру мақсатында қолға алынған жұмыстардың барысымен танысу үшін өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов келген болатын. Екі-үш күнге жоспарланған жұмыс сапарында бірқатар аудандарда болып, каналдар мен су тоғандарының, су қоймаларында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Вице-министрді облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев бастап жүрді.
Аудандарда «Ирригациялық жүйелерді салу және қайта қалпына келтіру» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан су шаруашылығы нысандарын аралау барысында Сергей Громов Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасының жұмысымен танысты. Бұл су қоймасының бөгетінің сейсмотұрақтылығын арттыра отырып, оны қайта жаңартуға 2 миллиард 062 миллион теңге қаралыпты. Бүгінде бұл нысанның құрылыс жұмыстарын «Тараз құрылыс инвест» ЖШС жүргізуде. Бұдан бөлек Шу мен Қордай ауданындағы бағдарлама аясында жөндеу көріп жатқан су нысандарын аралап, олардың да жұмысымен танысып шықты. Вице-министр құрылыс басында байқаған кемшіліктерін мердігерлерге айтып, тез жоюды тапсырды
Ал Жамбыл мен Байзақ аудандарында болған вице-министр Талас өзеніндегі гидрологиялық бекеттің жобасымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев Талас өзеніндегі гидрологиялық бекетті қалпына келтіру жұмысына 9 миллиард 890 миллион теңге бөлініп, жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ «Қапал» су нысанының және Талас-Аса, Раис, Исмаил каналдарының жұмысына қанықты.
Бұдан кейін Байзақ ауданындағы Сеңкібай және Өтеміс каналдарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Ауданда өткен жылы «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалы 72 каналға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын бастаған болатын. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Мұнда Сергей Громов шаруашылық жетекшілерімен тілдесті. Кездесу барысында қожалық басшылары жөндеу жұмыстарына байланысты, егін алқаптарын суара алмай отырғандықтарын жеткізді. Өз кезегінде вице-министр «Қазсушар» РМК облыстық филиалының мекемесінің басшысына айналмалы арна жүргізуді тапсырып, жөндеу жұмыстары егін суаруға кедергі келтірмеу керектігін тілге тиек етті.
С.Громов жұмыс сапарын Жуалы ауданында қорытындылады. Мұнда вице-министр алдымен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының қазіргі жағдайымен танысты. «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев осыдан алпыс жыл бұрын пайдалануға берген су қоймасында бірқатар ақаулардың пайда болғанын жеткізді. Биіктігі – 30, тереңдігі 21 метрді құрайтын бөгетке 158 миллион текше метр су жиналады. Оның суымен Жамбыл ауданының жүздеген гектар егіс алқаптары суландырылуда.
Су қоймасының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бұған дейін нығайту жұмыстары бірнеше рет жүргізілген болатын. Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұрын су бөгетінде пайда болған сызаттар бетондалып, бөгеттің жотасы 3 метрге дейін биіктетілген. Бірақ соңғы жылдары бөгеннің астынан су кетіп, былтыр оны бекіту үшін су табанын құрғатып, бетон құйылған. Қазіргі таңда бөгеннің бетінде жарықшақтар пайда болып, оның бір бөлігі 30-40 сантиметрге төмен түсіп кеткен. Бөген үстіндегі жауын суы ағатын бетон арықтың өзі бір жанына 15-20 сантиметрге қисайған. Филиал директоры соңғы кезде пайда болған жырақтарды бетондап, қалпына келтіру үшін қаржы сұрады.
– Бұл су қоймасының Жуалы ауданына ешқандай пайдасы болмағанымен ол Жамбыл ауданының жүздеген егіс алқаптарын суландырып отыр. Сондықтан да бұл су қоймасының Жамбыл ауданы үшін маңызы зор. Өз көзіммен Теріс-Ащыбұлақ су бөгенінің жағдайын көрдім. Шынында мұнда жөндеу жұмысын жүргізбесе болмайды екен. Біз мұны министрлікте қараймыз, шешеміз, – деді С.Громов.
Келесі кезекте Көксай каналынан тартылған құбыр арқылы Үштік каналына түсіп жатқан ағын судың барысын барлады. Бұдан алты-жеті жыл бұрын пайдалануға берілген каналдың суын Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округінің диқандары пайдалануда. Канал суымен 1600 гектар алқап суарылады. Қазіргі таңда каналдан секундына 1,5 текшеметр су түсуде. «Ақсай» су шаруашылығы мекемесінің директоры Дәулетбай Нұрабаев бүгінгі таңда таудан келетін судың екі есеге азайғанын жеткізді. Ол оны соңғы жылдары тауға түсетін қардың аздығымен, Алатаудағы мұздықтардың тез еріп кетуімен байланыстырды.
Осы арада вице-министр шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. «Сәбиров» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Сәбиров «бұрын мал ұрылары болса, қазір су ұрылары пайда болды. Түнде жығып алып, суымызды ұрлап тыныштық бермейді. Осыған тыйым боларлық шара қолданылса. Суды жеткізу жауапкершілігі тиісті мекемеге жүктеліп, олар кезекпен қожалықтарға бөліп беріп отырса» дейді. Ал «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев «бетон каналдар салу жолға қойылса, таудан түсіп жатқан судың картоп алқабына жеткенше жартысы жерге сіңіп кетеді. Бізге суды шығынсыз жеткізу үшін бетон каналдар салу қолға алынса екен. Сондай-ақ Теріс өзенінен сусорғы арқылы су шығару жолдарын қарастыруға көмек берсеңіздер» деген өтінішін айтты.
– Біз барлық мәселені шешеміз. Трансшекаралық өзендер мәселесімен көрші Қырғыз елімен келісімге келдік. Сіздерде шешімін таппай тұрған трансшекаралық үш өзен бар. Жалпы жаңа бағдарлама бойынша шаруашылықтарға жаңа тың технологияларды енгізбей болмайды. Біз суды үнемдеуді үйренуіміз керек. Алда қандай шаруашылықтың перспективалық жоспары болады, жаңа технологияларды енгізеді, ағын су да алдымен соларға беріледі. Біз уақыт талабына сай бұрынғыдай арықпен су беруді тоқтатып, тамшылтып, жаңбырлатып суғару жүйесін енгізуге тиіспіз. Өйткені ағын судың сіздің алқабыңызға жеткенше 68 пайызы жерге сіңіп кетеді. Сондықтан біз шығынсыз суару жүйесіне көшуді қазірден бастағанымыз жөн. Президенттің де алдымызға қойып отырғаны осы мәселе. Қазір біз арнайы бағдарламаның жобасын жасаудамыз. Ондағы мақсатымыз, басты үш мәселені шешуді көздейміз. Бірінші каналдар салу, тоғандарды тазалау арқылы судың шығынын азайту, екінші халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Үшінші халықты отандық, табиғи өніммен қамтуға жәрдем беру. Біз алда шаруаларға суды шығынсыз жеткізіп беруді жүзеге асырсақ, онда халықта жұмыс та, өнім де, табыс та болады, – деді Сергей Громов халықпен кездесуінде.
Бұдан кейін вице-министр табаны құрғап қалған көрші мемлекеттің Талас өзенінің Күркіреу саласынан бастау алатын Ақмолда, Қаратақы және Төменгі Тамға каналдарының жағдайымен танысты. Бұл өңір диқандарының ағын суға деген сұранысы бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Бұл мәселе біраз жылдардан бері көтеріліп келеді. Қарап отырсақ, облыстың егіс алқаптарына қажетті ағын судың басым бөлігін көрші жатқан Қырғыз елінің өзен суларынан алады екенбіз. Кеңес заманында Қазақстан мен Қырғыз елі арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу 1948, кейіннен 2002 жылғы тараптар келісіміне сәйкес ереже бойынша жүргізіліпті. Аталған ережелерге сай еліміз судың 32, ал өзеннің басында отырған Қырғыз елі 68 пайызын пайдалану жайы келісілген. Бірақ бүгінде бұл талаптар сақталмауда. Соның салдарынан шекара аумағында орналасқан өңір диқандары егістік алқаптарын қажетінше толық пайдалана алмауда. «Ақсай» су шаруашылығы мекемесінің басшысы Дәулетбай Нұрабаев осындағы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары егістік суының басым бөлігін осы каналдардан алып келгенін айтты. Мұндағы суармалы егіс алқабы 1600 гектарды құрайды. Бұрын әскери кеңшар тұсында шаруашылықта ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталып, алқаптар ағын судан таршылық көрмейтін. Осы тәртіп бертінде біразға дейін сақталып келіпті. Су кейбір алқаптарға жетпей жатса, шаруашылық басшылары арғы бетке өтіп, оны өзара келісіммен реттеп келген екен. Шекара сымы тартылған соң бұл су да каналға түсуді қойған.
Аталған каналдарға су мүлде түспегендіктен, табаны қаңсып қалған. 2013 жылы «Ақмолда» каналының 5,5 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліпті. Бірақ мұнымен де мәселе шешілмеген. Қырғыз байкелері Қазақстан тарапынан қандай әрекеттер жасалса да арнаны бұзып, су бағытын өзгертуден танбаған. Ағын су мәселесі үкіметтік деңгейде талқыланып жатқанымен, әзірге одан тиянақты нәтиже болмай тұр.
Жалпы, өзеннің басында тұрған елдердің жаңа су электр стансаларын салып, өзен суларын бөгеп жатқанын түсінуге болады. Бірақ өзеннің төменгі жағында отырған ел үшін ауыл шаруашылығына қажетті ағын су тапшылығының зардабы өте ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда тығырықтан шығаратын бір жол, жергілікті ылғал көздері – қар, жауын-шашын, бастау мен бұлақ суын жинастыру арқылы жаңа су қоймасын салу қажет. Осы мақсатта округтегі Ақтоған ауылының үстінен тоған салу жұмысы қолға алынған екен. Бекітіліп қалған бұлақ көздері мен су жолдарын аршуға алып экскаваторлар қажет көрінеді. Ал бұл мәселені бүгінде осындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығы қал-қадірінше шешуде. Осылайша ағын суға деген тәуелділікті шешу жолында қарекеттер жасалуда. Былтыр аталған шаруа қожалығы өңірде алғашқылардың бірі болып, жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, су үнемдеуге көшкен. Соның көмегімен қызылшадан, картоп пен егіс алқаптарынан мол өнім алыпты. Биыл да осы үрдісті жалғастыруда. Мұның тиімді екенін көрген өзге шаруашылықтар да тоған салып, көрші елмен арадағы су мәселесі қашан шешіледі деп құр қарап отырмай, нақты іске көшен. Сергей Громов бұл мәселемен жақсы таныс екенін, бұл да алдағы жылдары өз шешімін табатынына сенімді екенін айтып, әзірге «Жаңаталап» шаруа қожалығы қолданып отырған озық технологияларды пайдалана отыруды ұсынды.
Вице-министр сапарының соңында «Ақсай-Таракөл» каналының құрылыс жұмысымен танысты. Осыдан 40 жыл бұрын пайдалануға берілген каналдың бетон қабырғалары ескіріп, мүжіле бастапты. Оның жаңасын салу үшін бес километрге 653 миллион теңге қаржы қаралыпты. Жалпы ұзындығы 14 километрді құрайтын каналдың бес километрін келесі жылы пайдалануға бермек. Қазіргі таңда құрылыс алаңында «Еламан» ЖШС жұмысшылары еңбек етуде.
Сапар соңында вице-министр Сергей Громов Қордай және Байзақ аудандарында алдағы жылы салынатын 3 су қоймасының барысын пысықтап алғанын, биыл ол су нысандарының құжаттары дайындалып, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Сондай-ақ облысқа сапары барысында көзімен көрген, шаруалардың айтқандарын басшылыққа алып, өңірдегі мәселелерді шешуге күш салатындығын айтты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу, Қордай, Жамбыл, Байзақ және Жуалы аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support