Спорт нысаны ашылды

11

Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыздың дені ауылдан шыққан жастар. Сондықтан да соңғы жылдары ауыл спортына аса мән беріліп келеді. Еліміз еңсесін тіктеген шақта бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріле бастауы соның айғағы. Атап айтсақ, Елорда күніне орай Қаракемер ауылында футбол алаңшасы мен стритворкаут алаңшасы пайдалануға берілді.

Аудан бюджеті есебінен салынған су жаңа спорт нысанында сап түзеген жас спортшыларды және осында жиналған ауыл тұрғындарын аудан әкімі Рүстем Дәулет арнайы құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халықтың денсаулығын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды болып отыр. Соның ішінде спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуы қамтамасыз етілуде. Бүгінде біз осы тапсырмаларды ауданымызда орындауға барынша күш салудамыз. Жалпы биыл ауданда 21 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 4-еуі спорт кешені, 11-і стритворкаут, 5-еуі шағын футбол алаңшасы, біреуі күрес залы. Ал жалпы аудан бойынша үш жүзден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Жаңа ашылғалы отырған шағын футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы Елорда күні мерекесі қарсаңында жас жеткіншектерімізге үлкен тарту болып отыр. Осы спорт нысанынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк Байрағын биікте көтеруіне тілектеспін, – дей келіп, аудан әкімі жас футболшыларға доп сыйлады.
Сондай-ақ футбол алаңшасындағы ең алғашқы допты теуіп, ойынды бастап берді. Сонымен бірге дененің сәні мен сымбатын келтіретін, бойға күш-қуат жинауға көмектесетін стритворкаут алаңы да ашылып, ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл орындардың есігі әрдайым ашық болмақ.
– Ауылымызда осындай спорт алаңшасының ашылғанына қуаныштымыз. Әсіресе футболды жақсы көретін біздер үшін бұл тамаша сыйлық болды. Осындай мүмкіндік жасаған ағайларға көп рақмет, – дейді ауылдың жас аяқдопшылары.

Comments are closed.