- Advertisement -

«ЫСТЫҚ СУ өшірілмейді» деген уәде қайда?

93

- Advertisement -

Амангелді ӘБІЛ

Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Тараз қаласы тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Онда Бердібек Машбекұлы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ыстық судың өшірілгеніне тараздықтардың наразы болып жатқанын қозғай келе, қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың атына сын айтты. «Былтыр ыстық су жаз айларында да өшірілмейді деп уәде бергенсіздер» дейді жұрт. «Бүгінде 2 миллиард теңгенің 17 жобасы игеріліп жатыр. Бізде жөндеу жұмыстары өмірі бітпейді, бір қазған жерді екінші рет тағы қазамыз. Ыстық су бермеудің оңай жолы өшіріп тастау, халық қиналып жатқанда бұл болмайды» деп облыс әкімі мәселені төтесінен қойды.

Облыс әкімдігінің энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құдайберген Қорғанбаевтың хабарлауынша Тараз қаласында жалпы қолданыстағы 1312 үйдің 1253 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, оның ішінде 912 үй ыстық су жүйесімен қамтылыпты. Хабарламашы қандай кәсіпорын қанша үйді ыстық сумен қамтамасыз еткенін жеке-жеке айтып берді. Алайда 341 үйде ыстық су алуға техникалық тұрғыдан мүмкіндіктері қарастырылмаған көрінеді. 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымы ағымдағы жылдың 20 сәуірінде аяқталып, ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзақтығы 184 күнді құраған. «Таразэнерогорталық» акционерлік қоғамының тұтынушылары бойынша жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінде жоспарланған жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты 1 шілдеден бастап ыстық су беру тоқтатылған. «Пандемия кезінде қала аумағында карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, 20 сәуірден 1 шілде аралығында 71 күн бойы ыстық су беріліп келді», – деді Қ.Қорғанбаев. Алайда «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Қаратау» (2), «Қарасу» (5) шағын аудандары мен «Қарасу», «Қант зауыты» тұрғын жай алқаптарындағы 91 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беруде. «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бойынша «Газовая» қазандығынан Байзақ батыр көшесіндегі 19 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беру ағымдағы жылдың 20 мамырынан тоқтатылыпты. Жоспар бойынша аталған учаскеде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Байзақ батыр көшесі бойындағы «Газовая» қазандығын және Балуан Шолақ, Байзақ батыр көшелері бойындағы 470 метр жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен.
Дегенмен басқарма басшысы міндетін атқарушының жұмысына көңілі толмаған Бердібек Машбекұлы өте мардымсыз жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын тағы да сынға алды. «Жұмысты таңғы сағат 6-дан бастап, кешкі сағат 10-ға дейін істеу керек. Қазір сағат 8-де жұмыс басына барып көріңіздер, ешкім жоқ. Айтыңыздаршы, жөнделіп біткен 100 метр жер бар ма? Бір мердігер бірнеше нысанды алады да, созып жүреді сосын. Мынадай жұмыспен 5 тамыз түгілі, 5 қазанға дейін ыстық су бере алмайсыздар. Сосын мынадай жағдайда коммуналдық төлемақыны еш көтеруге болмайды. Ыстық, суық су, жылуға да» деді.
Одан кейін облыс әкімінің кеңесшісі Жандос Байырханов, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов сөз сөйледі.
Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі мен тиісті басқарма басшылығына қаланы жылумен, сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын жетекшілеріне барлық мүмкіндікті қарастыра келе, тараздықтарды ыстық сумен қамтамасыз етуді мейлінше шұғыл шешуді міндеттеді. «Таразэнергоорталығындағы» үш қазандықтың қайсысын іске қосуға болатынын зерделеп көріп, маған айтасыздар» деді. Бұл жұмысты үйлестіруді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке жүктеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support