- Advertisement -

Білім сапасы маңызды

66

- Advertisement -

«Ең үлкен мәселе – білімнің сапасы… Мектептер салынып жатыр, айлық көтерілуде, жағдай жасалуда. Бірақ ол білім сапасын көтеруге әсер етіп отырған жоқ!».
Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұрғындар алдында есеп беру жиынында айтқан сөзі.
Саналы ұрпақ, сапалы тәрбие болу үшін барынша жағдай жасалып-ақ келеді. Дегенмен, былық көп, жауап жоқ…
Айталық, қазір кез келген мектепте қосымша ақылы курстарға бармайтын бала жоқтың қасы. Ол бастауыш сынып оқушысы болсын, жоғары сынып оқушысы болсын, жоқ дегенде ағылшын тілін немесе математика пәнін балалар қосымша оқуға мәжбүр. Кей мектептерде, тіпті, ұстаздардың өзі «Балаңызды қосымша сабаққа беріңіз» деп «ақыл» айтады. Не үшін? Кей мектептің сынып жетекшілері оқытатын пәнін өз оқушыларына сабақтан тыс ақылы негізде үйретуді кәсіп етіп алғандықтан ба?
Мектепте дәріс сағатын саудалаған Тараздағы №43 мектептің директорына мұғалімдер ғана емес, ата-аналарға дейін қарсы шығып отыр. Ал ол мектеп директоры бұған дейін де басқа білім ошағынан дәл осы сынды бассыздықтарының салдарынан директорлық қызметімен қош айтысқан. Жергілікті құзырлы орындардан дер кезінде лайықты реакция болмағанның салдарынан мәселе министрлікте бір-ақ талқыланды.
Бұл бертінде орын алған оқиғалардың ғана шет-жағасы. Тізгінді тартпасақ, тізімнің түгесілер түрі жоқ. Бірақ облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова журналистермен өткен брифингте 2019 жылы білім саласында атқарылған жұмыстарында бұл мәселелер жайлы жақ ашпады. Тіпті «№43 мектеп туралы сұрақ қоймаңдар! Ол мектептің директоры қызметінен кетті» деп шорт кесті.
Сонымен, Жәмилә Елеуқызының айтуынша, бүгінде облыстағы 40 мыңнан астам ұстаз өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар дарынды оқушыларды тәрбиелеуде. Соның нәтижесінде білім сапасы 2016 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 60,5 проценттен 69,6 процентке өсіпті. Былтыр жамбылдық жеткіншектер халықаралық, әлем, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда 132 медальды, шығармашылық байқауларда 2967 жүлделі орынды, түрлі спорт жарыстарында 238 медальды жеңіп алыпты. Ал біз «Оқушылардың дені не себепті қосымша ақылы білім алуға мәжбүр?» деген сауалымызға басқарма басшысының міндетін атқарушы «Ата-аналар балаларының басқалардан білімі жоғары болғанын қалағандықтан, «Назарбаев зияткерлік мектебіне» немесе өзге де лицейлерге түсіріп оқыту үшін өздері қосымшаларға береді» деген жауап алдық. Ал ата-ана не себепті балаларын ол мектептерге беруге құштар? Себебі қарапайым мектептерде, қарапайым мектеп тұрмақ, гимназия мектептерінде білім сапасына, мұғалімдердің сабақ беруіне көңілдері толмағандықтан бергісі келеді. Жоғарыда түрлі жарыстардан жүлделі орын алған балалардың барлығы дерлік қосымша ақылы білім алуының арқасында биіктерден көрініп отыр деп сеніммен айта аламыз. Сондықтан бұл жетістіктер тек ұстаздың емес, ата-ананың қосымша ақы төлегенінің арқасы деуге толық негіз бар.
Ал Қордай ауданындағы білім ұяларының жағдайы туралы «Кезінде сол аудандағы әкімге, аудандық білім бөліміне ол жайлы ескертілген. Қазіргі таңда онда қазақ тілінің курстары оқытылуда. Ол бұған дейін де аптасына 1 рет өткізіліп тұратын» деген жауап алдық.
Жалпы, Жәмилә Бекбатырованың баяндамасында педагогтар мен оқушылардың жетістіктерінен тау тұрғызуға болатындай. Дегенмен, тарқатылуы тиіс түйінді мәселелерді де ұмыт қалдырмағаны жөн еді. Кез келген өзекті мәселе айтылып, талқыланса ғана шешіледі. Ал сыздауықтай жараны қанша жасырғанымен, ол бәрібір бір күні жарылады.

Эльвира Жарылқасынова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support