- Advertisement -

Сенбі, жексенбі күндері де халықтың ортасында

48

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Фейсбук, Инстаграмм әлеуметтік желілерінде жеке парақша ашып, тұрғындармен еркін диалог құруға дайын екендігін байқатты.
«Халықпен тиімді кері байланыс орнату – ел басшылығының қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Осы орайда мен үшін облыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерден хабардар болып отыру және соған орай жедел әрекет ете білу маңызды. Сіздермен ашық диалог орнату мақсатында әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларымды ашуды жөн көрдім. Өздеріңізбен өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолында жан-жақты пікір алмаса отырып, сындарлы қоғамдық диалог орната алатынымызға сенімдімін. Біздің ортақ мақсатымыз – өмір сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізу, Жамбыл өңірін өмір сүруге және жұмыс істеуге барынша қолайлы мекенге айналдыру», – деген өңір басшысы алғашқы жазбасында. Содан бері Бердібек Мәшбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізіп, әлеуметпен етене жұмыс істеуде.
Өткен жексенбіде облыс әкімі ешқандай ескертусіз Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарға барды. Аймақ басшысы алдымен темір жол бекетінде болып, вокзал ғимаратын аралап, кассаның, күту залының, полиция пунктінің, перронның жай-күйін көрген. Бұл туралы: «Вокзал – қаланың ең бір негізгі бөлігі. Алыс-жақыннан келген адамдар алдымен осында түседі және қала туралы алғашқы әсерлері қалыптасады. Сондықтан вокзал маңының таза болуы, жоғары деңгейде абаттандырылуы, көшелердің жарықтануы, арнайы жабдықталған сауда орындарымен барынша қамтылуы тиіс. Ол жақтан қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысын да жүйелеп отыру маңызды», – деп өз парақшасында жазба қалдырған. Сондай-ақ Д.Карбышев атындағы №16 мектепке де барып, тозығы жеткен мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететіндігін байқап, қала әкімдігіне бұл мәселені назарға алуды тапсырған. Облыс әкімі осы күні «Локомотив» стадионының жұмысымен де танысқан.
Жалпы, Бердібек Мәшбекұлы облысқа басшы болып тағайындалғалы бері алдын ала хабарламай сенбі, жексенбі күндері де халықтың ортасында болып, түрлі нысандарды аралауды әдетке айналдырғанын байқауға болады.

Шынар Сағиева

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support