- Advertisement -

Ветеринария саласында жұмыстар жоспарлы атқарылуда

95

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз екенін атап өтті. Сондай-ақ ет өндірісін ұлғайту арқылы аналық мал басын көбейту, оларды жемшөппен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше басымдық беруі мал санының артуына, оның ветеринариялық ақуалын тұрақтандыруға оң серпіліс әкелетіні анық.

Қазірдің өзінде облысымызда Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту» қанатқатқы жобасы – соның бір айғағы. Жалпы кеңестік дәуірде гельминтологияның негізін салған академик К.Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тегін айтылмаған. Бұл ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға болса керек.
Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Оны диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өңірімізде бұл бағыттағы жұмыстарды 160 ветеринариялық пункті бар 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны атқаруда. Онда 887 маман жұмыс істейді. Өткен жылы облыста жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакцинациялау және аллергиялық зерттеулер жүргізу кезінде аурудың 13 (19871051 манипуляция), диагностикалық зерттеулер аурудың 23 түрі бойынша (4315484 манипуляция) анықталып, эпизоотияға қарсы жоспарлы іс-шаралар жүргізілді. Биыл жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакцинация және аллергиялық зерттеулер аурудың 14 (23502820 манипуляция), диагностикалық зерттеулер аурудың 25 түріне қатысты (4969986 манипуляция) жүргізу жоспарланған.
Жануарлардың арасында аса қауіпті сібір жарасы және аусыл, нодулярлы дерматит, оба аурулары тіркелеген жоқ. Диагностикалық зерттеулерге жүргізілген талдау бойынша малдан созылмалы бруцеллез ауруына шалдығу жылдан-жылға төмендеуде. 2010-2019 жылдар аралығында мүйізді ірі қарада сарып ауруы 86 процентке төмендеген. Уақ малда ол 83 процентке кеміген. Сондай-ақ адамдардың сарып ауруына шалдығуы 2010 жылмен салыстырғанда 218 адамға кеміп отыр (2010 жылы – 402 адам, 2019 жылы – 184 адам).
Сарып ауруына шалдыққан мал ветеринариялық талаптарға сәйкес оқшауланып, мал дәрігерінің қадағалауымен қайта өңдеу орындарына өткізіледі. Мал иелеріне өтемақы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығы негізінде нарықтық бағаның 30 проценті мемлекеттік бюджеттен, ал 70 проценті қайта өңдеу кәсіпорындары тарапынан төленуде.
Өткен жылы облыстық бюджеттен энзоотиялық ауруларды сауықтыруға 388 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға мүйізді ірі қараның тейлериоз, жылқының сақауына, сальмонеллез (қылау) ауыруына қарсы егілетін вакциналар сатып алынып, егілді. Биыл энзоотиялық ауруларға қарсы күресті күшейту үшін бюджеттен 238,84 миллион теңге бөлініп, вакциналар сатып алынды.
Бұдан бөлек, сауда орындарындағы азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі бақылауға алынған. Онда түсетін ет және сүт өнімдері күнделікті тексеріледі. Бұл жұмыспен өңірімізде 14 стационарлық, 4 жылжымалы ветеринариялық-санитариялық зертхана айналысады. Ішкі сауда нүктелерінде жеткізілетін мал еті мал сою орындарындарында сойылады. Бұл шаруамен өңірімізде 11 мал сою пункті, 52 сою алаңы, 3 ет өңдеу комбинаты және 1 құс өңдеу кәсіпорны айналысады.
Барлық ветеринариялық нысандар басқарма тарапынан бақылауға алынған. Ветеринариялық заңнама талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық кодекісінің 406-бабымен айыппұл салынады. Атап айтсақ, өткен жылы ветеринариялық талаптарды бұзған жеке және заңды тұлғаларға 10 миллион 171 мың 748 теңге айыппұл салынып (оның 9 миллион 149 мың 123 теңгесі өндірілді), 1262 нұсқама ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау үшін берілді.
Бүгінде анықталған 189 сібір жарасының ошағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға (топографиялық картаға енгізілген, бетондалған, қоршалған және ескертпе тақтайшалары орнатылған) сәйкестендірілсе, 181-нің тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актісі алынып, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізілді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мақсатында мүйізді ірі қараға – 188 388, қой-ешкіге 1 629 954 дана құлақ жапсырмасы аудандарға таратылып берілді. Өткен жылы АШЖБ деректер қорына 412 852 мүйізді ірі қара, 2 026 812 уақ мал, 82 289 жылқы, 1 719 түйе енгізілген. Биыл 1502867 төлді (оның ішінде МІҚ-179433 бас, ҰМ – 1283365, жылқы – 32687, түйе – 1310, шошқа – 6072) бірдейлендіру, оны деректер қорына енгізу жоспарлануда.
Ауылдық округтерде орналасқан 160 ветеринариялық пункттің 75-і былтыр, 2018 жылы 49-ы қызметтік үй-жаймен қамтамасыз етілсе, биыл 36 ветеринариялық пунктті қызметтік үй-жаймен қамтамасыз ету межеленді. Ветеринариялық пункттер жанынан малға аса қауіпті (сібір жарасы, құтырық) ауруларға қарсы дәрі-дәрмек егу, қан сынамаларын алу алаңдары ашылды. Сондай-ақ уақ малды кенеге қарсы шомылдыратын 9 мал тоғытпасы салынды. Жыл қортындысымен облыстағы тоғытпалар саны 153-ке жеткен.
Өткен жылы жүргізілген талдау қорытындысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары 83-тен 50-ге кеміді. Облыстық бюджеттен кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға 72 милион 523 мың теңге, мал мен мал қораларын дезинфекциялық дәрілеу жұмыстарын жүргізуге Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының бюджеттерінен – 52 миллион 931 мың теңге бөлінген. Жоспарға сәйкес, өткен жылы көктем және күз айларында 18 127 қора жай, 369 буферлік аймақ, 501485 бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы дәріленді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан елді мекендер бойынша 2017-2019 жылдар аралығына талдау жүргізіліп, 2020 жылы алдын ала кенеге қарсы атқарылатын іс-шаралар, облыс бойынша 45 елді мекенде (оның ішінде Байзақ – 4, Жамбыл –2, Мойынқұм – 12, Сарысу –14, Талас-8, Тараз қаласы – 5) жүргізу жоспарланып отыр. Облыстық бюджеттен биылға кешенді іс-шараларды өткізуге кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға 78484,0 мың теңге бөлініп отыр.
Бүгінгі күнде облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Қанат ҚАРТАБАЕВ,
облыс әкімдігі ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support