Пушкин көшесіндегі парықсыздық

"Ақ жолдың" ащы бұрышы

16

Немесе ақын көшесі атына қашан лайық болады?

Тараз қаласындағы Пушкин көшесінің бір бағытты жол екенін көлігі барлар жақсы біледі. Осы көшенің Абай даңғылымен қиылысқан тұсында бірнеше мекеме орналасқан. Оның ең үлкені «ZHANUYA» жекеменшік емханасы (бұрынғы қалалық №1 емхана). Одан кейін көші-қон полициясы, облыстық білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін «Жамбыл дарыны» орталығы да осы маңға қоныс тепкен. Қысқасы, аталған мекемелерге таңның атысы, күннің батысы келушілер көп. Олардың бәрі жаяу емес, жеңіл көлікпен келеді. «Енді қайтем?» дей ме, кейбір «көкелер» көліктерін жолдың ортасына қойып кете береді. Ондай «еркелік» сол жолмен жүретін қалаішілік автобустарға да, басқа да көлік иелеріне қиындық тудырып отыр.
Біз аталған жерге барып көрдік. Ондағы көліктердің тығыздығын, ретсіз тұрғанын суретке түсіріп алдық. Көлігі барлардың бірнешеуімен тілдесіп, мән-жайды сұрадық. Соның бірі шаһар тұрғыны – Шәбденбек Төлебаев.
– Мұнда тұрған көлік көп пе, басқа ма деп сұраудың өзі артық. Көліктердің жүріп-тұруы өте қиын, тіпті мүмкін емес жағдайға жетіп отыр. Анау бір дүңгіршек неге тұр? Мынау тұрған талдарды түгел кесіп, асфальтты «Жамбыл дарыны» орталығына қарай, мына жағын «ZHANUYA» емханасына қарай шамалы жылжытып, жолды кеңейтуге болады ғой. Оны кешіктірмей, жылдам жүзеге асыру керек. Әйтпесе, мынандай ретсіздікке шыдау мүмкін емес, – деді ол жағдайға жанашырлығын танытып.
Оның сөзін бұрын қалада автобус жүргізушісі болған Ақнұр Серік те қолдап, аталған көше жолындағы қолайсыздыққа алаңдаушылық білдірді. Тар жерге «тамаша» боп тұрған дүңгіршекке де аялдадық. Қожайыны жоқ екен. Сатушы қыз: «Барлығына қожайын жауап береді. Мен жай ғана өз нәпақамды табушымын», – деп азар да безер болды.
«ZHANUYA» жекеменшік емханасы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Әділ Жошыбаевты да сөзге тарттық. Оның айтуынша, темір қоршаудың іші ғана бұл мекемеге тиесілі екен, ал жолдың төңірегіндегі ретсіздікке мекеме жауап бермейтін көрінеді. «Дегенмен осы жолды жауып тұрған көліктердің көбісі сіздердің мекемеге келетіні анық. Оған не дейсіз?» – деп сұрадық.
– Ол жағы рас. Көліктің көпшілігі бізге келеді. Себебі, шамамен тәулігіне мың тұрғынға қызмет көрсетеміз. Соны ескерген мекеме директоры Ратан Жошыбаев 2018 жылы жол бойындағы бордюрлерді бұздыруға рұқсат алып, бұздырып, бірнеше көлік тас төктіріп, көліктердің тоқтауына ыңғайлы жерді біраз кеңейткен. Сонда қала әкімдігі: «Пушкин көшесінің жолын күрделі жөндеуден өткіземіз. Сол кезде сіздердің көлік тұрақтарыңызды да кеңейтіп, жасап береміз», – деген. Содан бері асфальт жолға жөндеу жүрген жоқ. Төгілген тастың кей тұсының астындағы қара жері көрініп, лайланып кетті. Тасымен тұрған жері де бар. Ал біз өзіміз мекеменің артқы жағынан осында жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке көлігіне арнап, 30 орындық көлік тұрағын жасатып қойдық. Пушкин көшесіндегі ретсіздік бізді де алаңдатып отыр, – деді директордың орынбасары.
Біз қарсы беттегі мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық «Жамбыл дарыны» орталығына да атбасын бұрдық. Шаруамызды түсінген аталған орталықтың шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Қаламқас Шитабаева:
– Мәселені орынды көтерген екенсіздер. Бұл жолдың бойында автокөлік өте көп тұрады. Біздің мекеме жиналған қоқыстарды тазалату үшін қалалық «Жасыл-Тараз» мекемесінің көліктерін, жұмысшыларын айына бір рет шақыртамыз. Әлгі көліктер қоқыс жәшігі тұрған жерге кіре алмай қиналады. Себебі шектеу қойылған жерде басқа көліктер тұрады. МАИ-дан өкілдер шақырғанша, әлгі көлік иелері «зыр» деп кетіп қалады. Екі ортада біз ыңғайсыз жағдайға қаламыз. Аталған жағдай бізге өте қиындық тудырып отыр. Ертерек бір жағына шықса болар еді, – деді.
«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?». Неге талай жылдан бері бұл мәселе шешімін таппаған күйінде қалған? Талдарды отап, дүңгіршекті жойып, мекемелердің темір қоршауларын алдырып, жолды кеңейтуге болады емес пе? Тұрғындар осында күрделі жөндеу жүреді, жолды кеңейтеді деп дәмелі. Бірақ оның кешігу себебі не? Сылтау, себепті айтып әлі он жыл жүре беруге болады. Бірақ осында денсаулығын ойлап келетін жолаушылар қашанғы қиналады? Автокөліктер тар жолды одан бетер тарылтып қашанға дейін тұрады?

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.