ЖАМБЫЛ МЕН ЖАЗЫЛБЕКТІҢ МЕКЕНІ

5

Мойынқұмның даласы қаншама дарынның бесігін тербеп, оларды өнер әлеміне түлетті. Бұл топырақ талай текті тұлғаларды тудырды. Бертінде солардың біразының алғашқы шыққан үлкен сахнасы, өнер шаңырағы – аудандық Мәдениет үйі болды. Ән менен күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр мен кітапхана да бәрі қазір ауылдарда осы Мәдениет үйінің қызметінің аясына сыйып, тұтас елге қызмет етіп келеді. Міне, халыққа осындай дүниелерді үздіксіз ұсынып, ауданымыздың рухани өмірі мен мәдени өрлеуі жолында бұл бөлімнің атқарған еңбегі зор деуге болады.
Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы дәл осы мәдениет саласы екені даусыз. Бүгінде аталған бөлім аудан орталығындағы Мәдениет үйі мен төрт ауылдық Мәдениет үйі және 13 ауылдық клуб пен «Зерде» бейнемобиль кешенінің жұмысын үйлестіріп отыр. Бұдан бөлек «Мойынқұм» және «Құмөзек» халық театрлары мен «Мойынқұм» ән-би ансамблі де ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарына қызмет етіп келеді. Аудандағы ән-би ансамблі жыл сайын ауылдық елді мекендерге гастрольдік сапар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Қазіргі кезде екі театрдың да өз режиссері мен режиссердің көмекшілері жұмыс істейді. Оған қоса, театрлардың құрамы 15 адамнан тұрады. Ал «Мойынқұм» ән-би ансамблінің құрамында 23 адам бар.
Бүгінде мойынқұмдықтар аңыз қылып айтатын режиссердің бірі – Дәуіт Иманқұлов. Ол маңғаз дала – Мойынқұмға көшіп келе салысымен аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Мойынқұм» театрына жұмысқа орналасты. Дарынды жастарды қасына топтастыра білген Д.Иманқұлов аз ғана уақыттың ішінде С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» спектакльдерін сарапшылар назарына ұсынып, көптен күткен «халық театры» атағын жеңіп алды. Дәл осы режиссердің бастамасымен «Мойынқұм» халық театрының ұжымы көршілес Қырғыз бен Өзбек республикаларына гастрольдік сапармен барып, ондағы бауырлас ағайындарды да тартымды қойылымдарымен дән риза еткен. Сондай-ақ ол жоғарыда аталған «Мойынқұм» ән-би ансамбліне де жетекшілік етіп, оның дамуы жолында тынымсыз еңбек етті. Тіпті, Қазақстанда тұңғыш рет капиталистік ел Португалияға шығармашылық іссапармен шығып, табысты өнер көрсетіп, ондағы көрермендерге де түрлі қойылымдарын қойған. Мұның бәрі де киелі топырақта туған дарындылар мен мәдениет саласын дамытуға ұмтылған білікті басшылардың арқасы екені анық.
Аудандағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бір міндеті – өнерпаздардың шығармашылығын уақыт талабына сай дамытып, оның мән-мағынасына, ерекшелігіне қарай бағыт-бағдар беру, шығармашылық өнердің рөлін арттыру мақсатында жұмыстарды жүйелі жүргізу, жоғарыда аталған халықтық атағы бар ұжымдардың жұмысына үнемі басшылық жасау, олардың репертуарды дұрыс таңдауын бақылау. Ал елді мекендердегі дарынды өнерпаздардың қабілетін дамытып, шығармашылығын жетілдіру, тұрғындардың рухани өмірін жақсарту, облыстық, аудандық деңгейдегі байқаулар, фестивальдар өткізу, ауылдықтардың өнерін дамытуға қолайлы жағдай жасау – бөлімге қарасты мекемелердің айналысатын жұмыстарының негізгі бағыт-бағдары. Мәселен, өткен жылы ауылдық округтердегі мәдениет ошақтарын қоспағанның өзінде аудандық Мәдениет үйінде 50 іс-шара өткізіліп, оған 30 мыңнан аса тұрғын қамтылған. Бұл іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне Мәдениет үйінің қызметкерлері қосқан үлес зор.
Бүгінде аудандық Мәдениет үйінде барлығы 161 адамды құрайтын 13 клубтық құрылым мен көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 60 адамнан тұратын хор, 23 адамнан тұратын ән-би ансамблі, ұлт-аспаптар ансамблі, би үйірмесі, «Құлыншақ» фольклор ансамблі, «Тамаша» ойын-сауық отауы, екі вокал үйірмесі бар. Ауданымыздың өнерпаздары облыстық «Талас толқындары – 2019» музыкалық өнер фестивалі аясында өтетін Ықылас Дүкенұлы атындағы облыстық «Жез киік» қобызшылар конкурсына, облыстық «TARAZ СИМФОНИЯСЫ» атты өнер фестивалінің вокал номинациясы мен аспапта ойнау номинациясы бойынша да облыстық кезеңге жолдама алып, сәтті өнер көрсетіп қайтты. Сонымен қатар, өткен жылы ауданымыздағы ақын әрі сазгер Болатбек Әбішевтің 70 жасқа толуына орай «Мойынқұм – алтын бесігім» атты шығармашылық кешін ұйымдастырдық.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданның мәдениет саласын көтеруде аудан әкімі көп қолдау көрсетуде. Жергілікті билік өкілдерінің тікелей қолдауымен саламыздағы бірқатар мәселелер оң шешімін тауып жатыр. Мысалы, өткен жылы аудан қазынасынан мәдениет саласына 121 миллион 606 мың теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайту үшін аудандық бюджеттен 7 миллион 155 мың, Бірлік, Биназар, Құмөзек ауылдарындағы ауылдық клубқа сахна пердесін алу үшін екі миллион теңге бөлді.
Елдің бет-бейнесі оның мәдениеті мен экономикасына байланысты қалыптасатыны белгілі. Ал шалғайдағы Мойынқұм ауданында мәдениет саласына көрсетіліп жатқан қамқорлық та, атқарылып жатқан жұмыс та жүйелі екенін айта кеткен жөн. Сәтін салса, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Мәлік МҰҚАШЕВ,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.