Ұлт күрескері

35

Рысқұловтың өмірі мен мемлекеттік қызметіне қатысты бізге беймәлім деректер мен құжаттар, архив материалдары әлі де аз емес. Себебі Тұрардың күні бүгінге дейін толық библиографиялық көрсеткіші жасалынған жоқ. Ал бұл істі жүйелі түрде қолға алатын кез жетті. Сондай құжаттардың бірі – Рысқұловтың қазақ жері аумағының қалыптасуына қатысты, оны іске асыруға байланысты көтерген мәселелері болса, екіншісі, шығыс елдеріндегі кино өнерін дамытуға қатысты Рысқұловтың практикалық іс-шаралары мен жасаған шешімдері.

Тұрар Рысқұловтың қызметтік кездерін шартты түрде: ташкенттік, мәскеулік, моңғолиялық кезеңге бөліп қарайтын болсақ, 1926 жылдың 31 мамырында РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1937 жылы мамыр айында Кисловодскіде «халық жауы» ретінде жазықсыз тұтқынға алынып, 1938 жылы атылғанға дейінгі 11 жылдық мемлекеттік аса жоғары лауазымдық қызмет атқарған жылдардағы істеген жұмыстарына тікелей байланысты аса бай әрі мол құжаттар дестесі бар. Бұлар Ресейдің әртүрлі архивтерінде сақтаулы. Олардың негізгі бөлігін мәскеулік тұрартанушы, профессор В.Устинов Рысқұлов туралы ғылыми еңбектерін жазу барысында іздеп, тауып, пайдаланып, ғылыми айналымға түсірген еді. Алайда шаң басып жатқан материалдар аз еместігін мәскеулік ғалым да атап көрсеткен болатын.
Т.Рысқұлов РСФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметімен қатар, басқа да шаруашылық пен комитеттердің жұмысына жетекшілік етті. Осы салаларға қатысты Т.Рысқұлов көтерген мәселелер бойынша құжаттар қолымызда жоқ. Ал бұл құжаттар Рысқұлов қызметінің көп қырларын аша түседі. Демек, Рысқұлoв басшылық еткен салалар бойынша мол құжаттар іздеушісін күтіп тұр деп санаймыз. Т.Рысқұловқа қатысты аса маңызды архив құжаттарының ішінде оның 1926 жылы Мәскеуде өткізген ұлт өкілдерінің жеке кеңесі айтылады. Бұл V бейресми ұлт кеңесі аталған жиын материалдарын мәскеулік тұрартанушы В.Устиновтың көмегімен 1990 жылдары едәуір қаржыға сатып алған болатынбыз.
Т.Рысқұлов өзі тікелей атсалысып өткізген кеңес – КСРО мемлекеті ыдырап тарағанға дейін құпия түрде сақталынып келді, оны ешкімнің де пайдалануға мүмкіндігі жоқ болатын. Міне, осы аса құпия түрде сақталынып, ешбір жерде, ресми деректерде аталынбай тыйым салынған құжаттар топтамасы негізінде кезінде біз Ғаппар Маймақовпен бірлесіп, 1999 жылы «Санат» баспасынан «Құпия кеңестер» деген атпен көлемі 20,0 баспа табақ еңбек жазып жарияладық, оған алғы сөзді академик Кеңес Нұрпейісов жазған еді.
Т.Рысқұлов бұратана халықтың ең кедей жігінен шыққан, зорлық-зомбылықты, нәсілдік кемсітушілікті өз көзімен көріп, әділетсіздікті, адам құқын аяққа таптауды өмір жолы мысалынан айқын сезінді. Ол үшін халқын саяси бостандыққа жеткізу – басты мақсат болды, осы жолда өмір бойы күресті. Ол өскен қоғамдық орта, нәсілдік кемсітушілік, ұлт мәселесін тереңірек әрі жан-жақты зерттеп білуге, айналысуға мәжбүр етті. Ұлт мәселелерінің практикалық тұрғыдан, конституциялық тұрғыдан шешілуіне барынша күш-қайрат жұмсады, ұлттық қайшылықтарды, еңсесі түскен халықтардың азаттық жолындағы арпалысы мен күресін, қозғалысын саралап, теориялық тұрғыдан жинақтауына, оны іс жүзіне асыруына себеп болды.
Біз сөз етіп отырған Т.Рысқұлов өткізген ұлт өкілдерінің жеке кеңесінің материалдары, онда күн тәртібіне қойылған мәселелер дестесі, РСФСР құрамындағы автономиялы республикалар басшылары, Халком Комиссарлары төрағаларының, Атқару Комитеттерінің төрағаларының, өкілдерінің және басқа да қайраткерлердің ұлт мәселесіне, оның шешілмей жатқан өзекті мәселелерін жан-жақты қарастыру бағытындағы терең, пайымды ұсыныстары, басқа да қажетті материалдардың саяси, экономикалық, конституциялық тұрғыдан жоғары дәрежеде қойылып, практикалық ұсыныстар алу үшін өткізілген бұл жеке кеңестің тарихи тағылымы өте мол. Рысқұлов өткізген ұлт өкілдерінің жеке кеңесі V ұлттық кеңесін шақыру қажеттігін барынша батыл қойып көтерді. Кеңесте ұлт мәселесінің шешімін таппай келе жатқаны ашық айтылып, орын алып отырған келеңсіздіктер барынша объективті түрде қамтылды. Сталинге ұлт мәселесін бұлай көтеру әрине ұнамады, себебі кеңесте сөйлеген кісілер Сталиннің ұлт саясатын ашық сынға алды. Жеке кеңес материалдарының Орталықтың, дұрысы Сталиннің нұсқауымен автономиялы республикаларда талқыланып, онда көтерілген мәселелердің жоққа шығарылуы, Рысқұлов және оның төңірегіндегі кеңеске қатысқан қайраткерлердің іс-әрекеттерін жөнсіздік, қате деп тану, ұлт өкілдері кеңесін орынсыз шақырылған деп санау, оларды қателік жасады деп айыптау науқанына айналды.
Қазақстан, Татарстан және тағы басқа да автономиялы бірлестіктерде Рысқұлов өткізген кеңес талқыланып, айыпталды, тіпті ашықтан-ашық қараланды. Т.Рысқұловтың жеке бастамасымен өткен кеңестің зиянынан басқа пайдасы жоқ деп бағаланды. Қазақстан өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы тура осындай позицияда жеке кеңесті, оны өткізушілерді сынға алып, саяси айып тақты. Ол қаралау кеңесіне негізінен белгілі қазақ қайраткерлерін пайдаланды, солардың аузымен кеңес көтерген мәселелерді айыптап, жоққа шығарды.
Орталық Т.Рысқұловтың моральдық-психологиялық тұрғыдан сағын сындырып, илеп алғысы келді, жеке кеңесті – оны ұйымдастырушыларды жаппай қаралау – соның айқын нәтижесі. Боркемік қайраткер болса, бірнеше автономиялы бірлестіктердің әділетсіз, объективсіз, орынсыз қаралауын көтере алмай, саяси аренамен мүлде қош айтысып кетер еді. Рысқұлов сыннан сынып, Сталиннің қаһарынан бүгіліп қалмай, рухы қайта түлей түсті, ол бұрынғыдан да батыл, дүниежүзілік маңызы бар масштабты жұмыстарға басшылық жасап, өзін жаңа ғасыр биігінен тұлға ретінде көрсетіп, таныта, мойындата білді.
Рысқұлов өткізген маңызы аса зор жеке кеңесті көпшілік оқырман түгілі маман тарихшылардың өзі әлі де біле бермейді, 1999 жылы біздің Ғ.Маймақовпен бірігіп шығарған кітабымыздың тиражы небәрі 2000 дана болатын. «Құпия кеңестер» деп аталатын бұл еңбек шыққанда дүниеге келген бала бүгінде мектепті бітірді, қазіргі таңда бұл кітап кітапханаларда жоқ.
1926 жылдың қараша-желтоқсан, ақпан айларында автономиялы республикалар басшылығымен сынға алынған Рысқұлов өткізген кеңес құжаттары Мәскеу, сондай-ақ автономиялы республикалар архивінде сақталуда. Біз осы ұлт өкілдерінің жеке кеңесінің толық құжаттарының сақталынған нұсқасын сақтап келеміз, оның әрбір бетінің екінші жағында «рассекречено»-«құпиясыздандырылған» деген штамп басылған, себебі ол материалдар «құпия» болып 70 жылдай архив қойнауында сақталынып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің рұқсатымен ғана пайдалануға рұқсат етілді. Бұл бейресми кеңес шын мәнінде жасырын күйде қалды, бірақ ол кеңес жұмысына қатысқан қайраткерлердің бәрі дерлік қызметінен алынып, шеттетілді, қудалауға түсті, тағдыр тәлкегіне ұшырады. Әсіресе Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы кеңес жұмысын жоққа шығаруға бар күш-жігерін, әдіс-айласын аямады.
1926 жылы желтоқсан айында Қызылорда қаласында Голощекин өткізген кеңестің құжаттары да республика архивінде құпия түрде сақталынып келді, бұл кеңес туралы материалдар кейінгі тарихшылар еңбектерінде аталынбады да, ол туралы ғалымдар жақ та ашпады. Т.Рысқұлов өткізген жеке кеңес құжаттарының қысқаша тарихы осындай, ал бүгінде Тұрарды даттап орынсыз сын айтушы сыңаржақ пікірдегі мамандар да кезінде Одақты, Орталық Комитетті дүр сілкінткен, үрей туғызған бұл кеңес жөнінде ауыздарына құм толтырып алғандай үнсіз. Оның басты себебі мынау: 1923 жылғы ұлт мәселесіне арналған ІV кеңестен кейін, арада үш жыл салып, 1926 жылы «РСФСР-дің, РСФСР құрамындағы автономиялы республикалардың құрылысы» туралы ВКП(б) ОК Саяси Бюросы Комиссиясы құрылды, мақсаты автономиялы бірлестіктердің мемлекеттік құрылысын дамыту, Орталықпен ара қатынасты нақтылау жұмыстарын жүргізу болатын. Комиссия мемлекеттік құрылыстың көптеген салалары бойынша жұмыс істеді. Міне, өзі де Калинин басшылық еткен осы комиссияның мүшесі болып табылатын Рысқұлов Саяси Бюро құрған комиссияның жұмысына қажетті материалдарды алу мақсатымен екі күнге созылған жиынды шебер пайдалана білді. Кеңесті өткізу туралы Калининмен келісіп те алды. Алайда игі мақсат көздеген ұлт өкілдерінің кеңесіне баға мүлде теріс берілді. Кеңесті, онда талқыланатын мәселелерді ғылыми, құқықтық негізде жоғары деңгейде өткізуді, құжаттарды қысқа мерзімде даярлап бітіруді, олардың партиялық тұрғыдан саяси сауатты әзірленуін Рысқұлов өте шебер қамтамасыз ете алды. Жеке кеңес құжаттары, оның стенограммасы өте сауатты жасалынған, мұндай материалдар, әрине, сирек әрі ғылыми сипаты да жоғары болып табылады. Ұлт мәселесіне қатысты көптеген өткір проблемаларды осы жиында Тұрар ашық көтеріп, түйткілді мәселелердің саяси түйінін объективті шеше білу жолдарын ұсынды. Аса маңызды жиынның күн тәртібін іріктеп, анықтап белгілеуде, көтерілетін мәселелер дестесіне назар аударуда Тұрар саяси кемелдік, теориялық дайындығы жоғары мемлекет қайраткерлерінің жаңа типті тұлғасын көрсете білгенін айқын байқайсыз. Рысқұлов ұлт мәселесін езілген халықтар мүддесімен, халықаралық жұмысшы қозғалысымен мемлекеттік деңгейде көтере білген, ол ұлт мәселесін теориялық және практикалық тұрғыда терең игерген, терең ой толғайтын, ізденімпаз әрі жан-жақты білімді қайраткер ретінде ашық мойындалды. Мұны баса айту қажет. Өйткені ХХ ғасырда Тұрар көтерген ұлт мәселелері күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ, оны Одақ ыдырағаннан кейін тәуелсіздігін алған елдер мысалынан айқын көре аламыз.
Ұлт мәселесіне қатысты қордаланып қалған мәселелер жиынтығы дер кезінде шешіліп отырмаса, ұлттық қайшылыққа, шовинизм мен ұлтшылдыққа алып келіп соғатыны мәлім. Кез келген ұлттың саяси тұрғыдан тәуелсіздікке ұмтылуы заңды нәрсе, сол жолда ол күреседі, түпкі нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады. Ұлттың өзін-өзі билеуіне қол жеткізуі, ұлттық кадрлар даярлауға, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін ұлт мамандарын оқытып, жетілдіруде ұлт зиялыларының алатын орны ерекше. Қазақ елінде Рысқұлов типтес ұлт кадрларының көптеп өсіп-жетілуіне мүмкіндіктердің есігі айқара ашыла бермеді. Кедергі көп болды, езілген елге үстемдік етуге ұмтылушылар аз болмады. Кеңес үкіметі тұсында бұл саяси мәселе күрес үстінде жүргізілді. Өйткені сырттан билік жүргізуге ұмтылушылық басым болды. Тұрардың өткізген жеке кеңесінің түпкі мақсаты шағын халықтардың, ұлттардың өз елін өзі басқаруына қол жеткізу болатын. Рысқұлов ұлт мәселесі ең бір нәзік әрі күрделі мәселе екенін терең талдап, оны шешу жолдарын қарастырған қайраткер болды.
Ұлт мәселесінің көптеген проблемалары Сталиннің өзін де сескендірді, ол аса сақтық жасады, сондықтан да оған Рысқұлов өткізген ұлт өкілдерінің жеке кеңесі ұнамады, ол өзінің жүргізіп отырған саясатының қайшылыққа тіреле бастағанын да сезді, батыл шешімдер жасауға асықпады, «байсалдылық» танытты, соның салдарынан жер көлемі жағынан да ең ірі республика 1936 жылға дейін одақтас республика құрамына өте алмады. Ал ұлт өкілдерінің жеке кеңесіне қатысушылар 1927 жылы Қазақстан одақтас республикаға айналуы тиіс деп мәселе қойды, кейбір автономиялы облыстар, автономиялық республика мәртебесіне ие болуы керек деді. Бұл, әрине, өте өткір әрі батыр қойылып, талап етілген мәселелер болатын, ұлт тағдырын ойлаған қайраткерлер өз елінің өзге елдермен терезесі тең болуын көкседі.
Т.Рысқұловтың 1926 жылғы 12-14 қарашада өткізген Ұлт өкілдерінің жеке кеңесін талқылап, Қазақстанда бірнеше кеңес өткізген Голощекин ұйымдастырған жиынның да құжаттарының жоғарыда аса құпия түрде сақталғанына тоқталдық.
Голощекин өткізген кеңес материалы «Қазөлкелік Партия Комитетінің бюросы, ВКП(б) Бақылау Комиссиясының Төралқасы және Халық Комиссарлары Кеңесі мен Қазақ Атқару Комитетінің 18.ХІІ.1926 жылғы біріккен жиналысының стенограммалық есебі. Ұлт өкілдерінің – БОАК-тың және КСРО Атқару Комитеті мүшелерінің Мәскеу қаласында өткізген кеңесі туралы» деп аталады. Стенограмма материалының көлемі 71 бет. Құпия. Қайтарылуға жатады. Рысқұлов, Досов, Калинин, Сталин, Молотов, Косиор, Зелинский, Хатаевич, Рыков жолдастарға және ОК хатшыларына деп сиямен жазылған. Хатқа ВКП(б) Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының хатшысы Пятницкийдің қолы қойылған.
Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Голощекин Қызылорда қаласында өткізген жиналысқа барынша даярланды, алдымен ҚазЦИК-тің төрағасы Ж.Мыңбаевты нысанаға алды, жер-жебірін алып, әбден сілкілеп, «Мәскеуде өткен кеңеске неге қатысасың, келісіп алмайсың ба?» деп шүйлігіп, қатысушыларды әбден сілкілеп, басын идірді. Голощекин жиналысты әбден ойластырылған сценарий бойынша өткізді: арнайы екі баяндама дайындалды, бірін Нұрмақов жасаса, екінші баяндаманы өзі жасап, жиында отырған кісілерге барынша ықпал етіп, өзінің ыңғайына қарай сөйлеуге, жарыссөзде өзін қолдауға қол жеткізді. Қазақты қазақтың қолымен қаралаудың айқын әділетсіз үлгісін көрсетті. Нұрмақов, Мыңбаев, Исаев, Сұлтанбеков, Жангелдин, Құлымбетов, Лекеров, Саматов, Жандосов, Тоқжанов, Мырзағалиев, яғни он бір қазақ қайраткері Рысқұлов өткізген ұлт өкілдерінің кеңесін талқылауға қатысып, сөз сөйледі. Бір өкініштісі, қазақ қайраткерлерінің ауызбіршілігі жоқтығын, олардың бәрі жиналып келгенде бір ғана Голощекиннің аузына қарап, соның ыңғайын бағып сөз сөйлеп, Рысқұлов кеңесін мақұлдап қолдау түгілі, орынды сын-пікір де білдіре алмағаны құжат материалдарынан айқын көрінеді. Голощекиннің бір өзі ғана қазақ қайраткерлерін Рысқұловқа қарсы айдап салды, бұл біздің қазақ интеллигенциясының билік басында өз пікірін ашық, принципті түрде айта алмаған бейшаралық күйдегі халін көрсетеді. Жиналыста екі адам ғана Рысқұлов өткізген ұлт өкілдерінің кеңесін жамандап сөйлемепті, оның бірі – Мырзағалиев болса, екіншісі – Жандосов болатын. Олар ұлттық кеңес шақыру қажеттігін дұрыс деп санады. Ал басқалар «Т.Рысқұловтың кеңес өткізгені қате, қажеті жоқ еді» деп жазғырды, тіпті саяси айып тағуға дейін барды, тіпті автономиялы республикадан Қазақстанды одақтас республикаға айналдыру қажет пе деп көкіді.
Т.Рысқұлов сияқты аса ірі мемлекет қайраткеріне оның туған жеріндегі отандас қайраткерлердің ұйымдаса қарсы шығуы – қазақ зиялыларының, билік басындағылардың, тіпті қазақ ұлтының трагедиясы деуге болады.
Шындықтың алдында бүгежектеп, именіп айта алмау – қандай сорақылық десеңші. Рысқұловқа қарсы шыққан Голощекин ұйымдастырған осы топ ішіндегі қайраткерлер қазақ халқын баудай түсіріп, қырғынға ұшыратқан қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысының күштеп отырықшыландыру, «Кіші Октябрь» саясатына да қарсы шығуға дәрменсіз, қауқарсыз болып шықты. Осындайда Б.Момышұлының «мың қойды бір арыстан басқарса, мың қой арыстанға айналады, ал мың арыстанды бір қой басқарса, мың арыстан қойға айналады» деген ащы шындықты бейнелеп айтқан сөзі еріксіз еске түседі. Голощекиннің жеке билікке қол жеткізуі қазақ қайраткерлерінің өзіндік келбетін, күрескерлік қасиетін соншама төмендетіп жібергенін анық көрсетті, ашық пікір айту айдалада қалды. Тарихта қайталанатын жағдайлар кездесіп отырады. 1987 жылы Г.Колбин Қонаевты сынауға, оған қара күйе жағуға арналған пленум өткізіп, кілең қазақ обком хатшыларына бұрынғы республика басшысын жаппай жамандатқызып, теріс қоғамдық пікір қалыптастыруға барынша жанталасты. Бұл жолы да қазақ обком хатшылары жаппай өшіге, бейнебір ала алмай жүрген кегі бардай Қонаевты, оның төңірегіндегілерді сынап, соларға қолдан ұйымдастырылған кінәні артты.
Голощекиннің жиыны республикада жұмыс істеп жүрген жергілікті қайраткерлердің бәрін ықтырып тастады, оның бүкіл іс-әрекетінен менің айтқаныммен жүрмесең, сен де Рысқұловтың кейпін киесің деген сес жатты. Сөйтіп Т.Рысқұлов өткізген жеке кеңес Қазақстан басшылығы тарапынан қолдау таппады, қайта барынша қате, жаңылыс, шалыс қадам, саяси қателік ретінде теріс бағаланды.
Ал шындап келгенде бір ғана Рысқұловтың өзі бүкіл автономиялы республикалардың мүддесіне, ұлт тағдырына, ұлт мәселесіне қатысты шешілмей қордаланып, қайшылыққа алып келе жатқан проблемаларды дер кезінде көтеріп, қоғам дамуының демократиялық бағытпен жүру қажеттігін ашық қойса, автократиялық режим бұған үзілді-кесілді қарсы шықты, жаңа пісіп-жетілген мәселелерді күшпен басып тастап отырды. Рысқұлов өткізген ұлт өкілдерінің жеке кеңесінің тағдыры осыны айқын көрсетті.
Автономиялы республикаларда өткізілген жиналыстарда Рысқұлов өткізген жеке кеңес орынсыз, қате, жөнсіз деп саналып айыпталғанымен, Тұрар мұндай адам тағдырын тәлкекке айналдыратын айыптаулардың қателігіне терең талдау жасап, қорытынды шығара білді. Ол өзі көтеріп отырған мәселе бәрібір шешімді талап ететінін, өзінің дұрыс бағытта тұрғанын түсінді. Қайраткерді өлтіріп жіберетіндей айыптаулар Тұрарды қайта жандандырып, бұрынғыдан да батыл қадамдар, ірі іс-қимылдар жасауға жұмылдырды. Т.Рысқұлов жеке адамның одақта билікті бір қолына жинақтап алғанын, оған қарсы күрестің формаларын өзгертуді, жолдарын жетілдірудің қажеттігін дер кезінде жан-жақты қарастырып, түсіне білді әрі оған қарсы тұра білді.
1923 жылы РКП(б) ОК өткізген IV ұлт кеңесінде бір ғана адамның – татар қайраткері Мирсаид Сұлтанғалиевтың жеке басы бүкіл одақ көлемінде үлкен мінберден партияның бас хатшысы Сталиннің атынан сынға алынып, жермен-жексен етілсе, Т.Рысқұлов өткізген жеке кеңесте бұл нысанаға Т.Рысқұловтың өзі ілікті, оған автономиялы республикалар тарапынан тағылған айып та өте ауыр еді. Тұрар өзі өткізген кеңесі үшін әділетсіз қараланды. Ұлт мәселесі тарихта көптеген басшылардың тағдырын тәлкек етіп, басын жалмағаны мәлім. 1923 жылы М.Сұлтанғалиевқа төнген қауіп, енді 1926 жылы шығыстан шыққан жалынды да алғыр, стратегиялық міндеттерді көре білетін ірі тұлға Т.Рысқұловтың басына төнді. Бұл қатерді төндірген, оның басына қара бұлтты үйірген Сталиннің жеке басы болатын.
Тұрар өткізген кеңеске берілген қате бағалардың астары мен зардабы өте ауыр болатын, оны жиналыстың тұншықтырылуынан көреміз.
Ал шын мәнінде Тұрар ұйымдастырып өткізген жеке кеңес оның саяси-теориялық тұрғыдан өскенін де нақты байқатты. Ол өткізген жиын ұлт мәселесінің ірі теоретигі екенін замандастарына мойындатты. Тұрартанушы мәскеулік ғалым, профессор В.Устиновтың 1995 жылы Алматыға келген сапарында Тұрарға қатысты айтқан мына пікірінің өміршеңдігін байқаймыз. Устинов: «Тұрар Рыскулович қайраткерге тән барлық параметрлері бойынша алғанда Сталиннен кем емес еді, ал ол ұлт мәселесінің терең білгірі ретінде одан әлдеқайда жоғары тұрды. Оның Қазақстанға бірінші басшы болып келе алмау себебіне біз долбар жасамай-ақ қояйық» – деген-ді. Одан әрі бір кездері бір мемлекеттің азаматтары болып келген біздер тағдыр еркімен енді бөлек мемлекеттің азаматы болып шыға келдік. Устинов Тұрар Рысқұловтың 1920 жылы ТурЦИК-тің төрағасы қызметінде Түрік Республикасы, Түрік Компартиясын құру жөніндегі шешімге қол жеткізіп, оған Лениннің санкция бермегенін айта келе: «Қазіргі реалды жағдайда 1920 жылғы Т.Рысқұловтың көтерген мәселесі дұрыс еді. Оған Ленин жол бергенде Орталық Азия мен Қазақстанның доңғалағы мүлдем басқаша дөңгелер еді. Сол кездің өзінде Рысқұлов көрегендік жасады», – деген-ді оның өмір жолы мен қызметін талдап. Рысқұловтың Лениннің алдына Түркістан Республикасы туралы қойған баяндамасына Ленин «по-моему проект Рыскулова отклонить» деген бұрыштама қойған. Рысқұловқа қатысты Лениннің бұрыштамасына қарап, Тұрар саяси қате жасады деп айыптап келдік. Ал бұл саяси қате емес, ұлттың өзін-өзі басқару талабы, дербестігі үшін күрес болатын. Осы «саяси қателік» Тұрардың соңынан өмір бойы қалмай қойды, ол «халық жауы» болып атылып, ақталғаннан кейін де бұл «саяси қате» кітаптан-кітапқа, мақаладан-мақалаға көшіп отырды. Ол «қателік» 1972 жылға дейін Рысқұловтың соңынан жабысып, қалмады.
Тұрар сияқты халықаралық деңгейде танылған қайраткерді, көсемді тануға қатысты құпия болып келген құжаттар мол мәлімет, материал болып табылады, оны дұрыс саралап, талдап беріп, жас ұрпаққа тарихи шындықты баяндау – аса қажет деп білеміз.
Қазақ өлкелік партия комитеті ұйымдастырған қаралау жиынында Тұрардың өткізген жиналысына қатысты: тенденциялық бағыт ұстанған, ол партияның ұлт саясатын іс жүзіне асырудағы практикалық жетістіктерін жоққа шығарады. «Бұл жиналыстың қауіпті уклонын табанды түрде теріске шығарамыз, республика пікірін тек оның партия комитеті мен үкіметі ғана білдіре алады» деп сыңаржақ қате пікір жасалды. Алайда уақыт мұндай саяси науқанға айналдырылған жиындар шешімінің әділетсіз екенін, ұлт өкілдерінен шыққан талантты жеке қайраткерлерге жала жауып, негізсіз, жазықсыздан-жазықсыз қаралау екенін көрсетіп берді, бұл жеке басқа табынудан туындап жатқан аса қауіпті репрессиялық шаралар болып табылады.
Алайда Т.Рысқұлов бұл жеке кеңеске байланысты қаралауға ұшыраса да, жазалауға ұшырай қоймады. Арада үш-төрт ай өтпей жатып-ақ Тұрар кезінде Совет Одағында Днепрострой, Волга-Дон құрылысынан кейін үшінші құрылыс атанған Түркістан-Сібір темір жолын салуға тікелей атсалысуға тартылды. Ол РСФСР Халкомкеңесі жанынан құрылған «Түркістан-Сібір темір жолын» салуға көмектесу жөніндегі комитеттің төрағалығына бекітілді, бұл қоғамдық негізде жұмыс істеген комитет болды. Тұрар аталған комитеттің алғашқы пленумын 1927 жылы 22 ақпанда өткізіп, қауырт жұмыстың тізгінін бірден қолына алды. Бұл атақты құрылыс мерзімінен 1 жыл екі ай бұрын аяқталып, Түркістан мен Сібір арасында темір жол байланысы іске қосылды. Мұндай алып құрылысқа басшылық ету Тұрардың беделін бұрынғыдан да көтере түсті.
Т.Рысқұлов 1938 жылы «халық жауы» ретінде жазықсыз жала жабылып атылды, оның есімі қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлерді ақтауға байланысты 1956 жылы заңды түрде ақталғанымен, ресми түрде ақталынбай келді, баспасөз беттерінде саяси қате жіберген, пантюркист, панисламист деген «жапсырма» қалмай-ақ қойды. Міне осындай жағдайда «Социалистік Қазақстан» газетінің бір бетіне журналист Рақымалы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» деген мақаласы 1960 жылы жарық көрді. Мақаланы республика басшылығы, партияның Орталық Комитеті теріс қабылдап, «Социалистік Қазақстанда» жарияланған аталмыш мақалаға байланысты бюрода қарап, аса қауіпті қаулы қабылдады. Сөйтіп СОКП ОК Саяси Бюросының құрған саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау жөніндегі шешімнің болғанына қарамастан, Қазақстан КП ОК бюросы 1960 жылы 12 қарашада арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда: «Қазақстан КП ОК «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы Р.Байжарасовтың «Т.Рысқұлов» атты мақаласын жариялай отырып, өрескел саяси қате жібергенін атап көрсетеді. Мақалада тарихи әдебиеттерде және партиялық құжаттарда бар Рысқұловтың жеке басына қатысты берілген бағаға қайшы оның атына тарихта болмаған әлдебір сіңірген еңбектері жапсырылып көрсетілген, сонымен қатар, оның жікке бөлуге бағытталған антипартиялық қызметі мүлдем көмескілендірілген, оның ұлтшылдық және пантюркистік қатесі мен көзқарасы баяндалмаған. Шын мәнінде Т.Рысқұлов Түркістан мен РСФСР-де жоғары лауазымды қызмет атқарып, Коммунистік партияның ұлт республикаларында жүргізген саясатына қарсы ұзақ уақыт бойы күрес жүргізіп келді, реакциялық пантюркистік идеяны насихаттады.
…1919-1920 жылдары Мұсылман Бюросының төрағасы, ТурЦИК-тің төрағасы, Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы болып жұмыс істеп жүріп, РКП(б)-ге қарсы Түрік Компартиясын құруға қол жеткізді. Түрік Республикасын құру іс жүзінде шығыстағы ұлттық республикаларды кеңестік Ресейден қол үздіру болатын, партияның және Совет үкіметінің Түркістандағы саясатын жүргізіп отырған.
1920 жылы шілде айында Т.Рысқұлов контрреволюцияшыл Алашорда көсемі А.Байтұрсыновпен және кейіннен басмашылар жағына өтіп кеткен башқұрт ұлтшылы З.Валидовпен бірге Лениннің атына хат жолдайды. Бұл хат шын мәнінде біздің партияның ұлт мәселесіндегі басты бағытына қарсы күрестегі буржуазиялық ұлтшылдардың негізгі платформасы болып табылады. Бұл хатта Т.Рысқұлов және басқалар Лениннің Коминтерннің Екінші Конгресіне арналған ұлттық және отарлаушылық мәселелері жөніндегі даналық тезистеріне өршелене қарсы шықты. Кеңес үкіметінің саясатын царизм саясатымен теңестірді, ал Түркістанда жұмыс істеп жатқан орыс коммунистерін патшаның отарлаушыларымен теңестірді. Орта Азия мен Қазақстан халқын әлеуметтік және ұлттық езгіден орыс жұмысшы табы мен орыс коммунистерінің көмегінсіз азат ету мүмкіндігі туралы «идеяны» ұсынды.
…Мұның бәрін біле отырып, «Социалистік Қазақстан» газеті Т.Рысқұловты ірі революционер және де қазақ халқының ұлттық батыры етіп көрсетуге дейін барған мақаланы жариялады, бұл тарихи шындықты дөрекілікпен бұрмалау болып табылады.
… Қазақстан КП Орталық Комитеті «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының іс-әрекетін саяси тұрғыдан дұрыс емес әрі қате деп санайды, республикамыздың қырық жылдық тойының қарсаңында Қазақстанның Кеңес үкіметі жылдарында социалистік құрылыстағы ұлан-ғайыр жетістіктерін, СОКП-ның Лениндік ұлт саясатын жүзеге асырудағы тамаша жемістерін, халықтардың мызғымас достығы мен совет халқының қаһармандық істерін мүмкіндігінше көбірек әрі тереңірек насихаттаудың орнына газет ұзақ жылдар бойы партияның басты бағытына қарсы күрес жүргізіп келген ірі ұлтшыл-уклонистердің бірінің қызметін насихаттауда қате бағыт ұстанған.
… Газет редакциясы мен редактор жолдас Шәриповтің тікелей өзі принципсіздік әрі саяси көрсоқырлық көрсеткен, кейбір жекелеген жағымсыз көңіл күйдегі, артта қалған адамдардың ықпалына түсіп қалған».
Біз үзінді келтірген Қазақстан КП Орталық Комитеті бюросының қаулысы аса ірі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловты 1938 жылдан кейін екінші рет қаралады. Сөйтіп қазақ халқының біртуар азаматы туралы баспасөз беттерінде материалдардың жарық көруіне тыйым салынды десе де болады. Газеттің бас редакторы майдангер журналист Қасым Шәрипов қызметінен алынып жазаланды, ал материалды шығаруға қатысы бар қызметкерлердің бәрі де жазадан құтылып кете алмады.
Сөйтіп 1960 жылғы 12 қарашадағы ОК бюросы қаулысының қаһарына ұшырап, саяси көрсоқыр атанып қалмас үшін бұл тақырыпқа қалам тартудан қаламгерлер тартынып қалды. Ал үрей тудырған мұндай қаулыға кім қарсы тұрмақ? Ешкім де. Дәрменсіздік жағдай 1972 жылға дейін созылды.
Қазақ халқы үшін бүкіл өмірі мен қызметін арнаған тұлғаға қатысты қаулыны жоюды, сөйтіп Тұрарға қатысты барлық айыптауларды алып тастау үшін екінші бір Рысқұлов типтес қайраткер аренаға шығуға тиіс еді. Ондай талантты қайраткер шықты да. Ол кім дейсіз ғой? Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарын 25 жылдай басқарып, тарихта терең із қалдырған қайраткер Асанбай Асқаров болатын. Асқаров Алматы облысын 1965-1978 жылдар аралығында тамаша басқарды. Алматыны әлемдегі ең сұлу, әсем қалалардың қатарына қосып, көркейтіп кеткен Асқаров Т.Рысқұловтың қызметін терең зерттеп білген еді. Әсіресе СОКП жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыған жылдары Тұрарға қатысты құпия құжаттармен мүмкіндігі болғанша танысып шыққан. Ол Қазақстан КП ОК бюросының 1960 жылғы қарашадағы қаулысын қайта қарау үшін республика басшысының алдына жан-жақты негіздер қойып, жоғары деңгейдегі арнайы мемлекеттік комиссия құрғызады. Комиссия құрамында: оның төрағасы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі С.Ниязбеков, мүшелері – Қазақстан КП ОК идеология жөніндегі хатшысы С.Имашев, Алматы облысы партия комитетінің хатшысы А.Асқаров кіреді. Бұл мемлекеттік комиссия түбегейлі жұмыс істеді. Т.Рысқұловқа қатысты барлық материалдар алынып, сарапқа салынды. Тұрар Рысқұловтың қызметін жан-жақты ашып көрсету үшін жинақталған материалдар негізінде арнайы құжат даярланды. Ол «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы анықтама» – «Справка о жизни и деятельности Турара Рыскулова» деп аталады. Көлемі 62 бет. Асанбай Асқаровтың тікелей араласуы нәтижесінде 15-20 беттік емес, 62 беттік шағын кітап көлеміндегі анықтама жазылды. С.Ниязбеков, С.Имашев, А.Асқаров қол қойған «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы анықтама» Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың атына 1972 жылы 26 желтоқсанда жіберілді. Анықтаманың соңында «Қазақстан КП ОК бюросының 1960 жылғы қарашадағы қаулысын қайта қарау керек деп санаймыз» делінген. Содан кейін барып қана Т.Рысқұлов республикада саяси тұрғыдан ақталды деп санаймыз. Осы үш қайраткердің ынтымақтаса жұмыс істеуінің нәтижесінде Рысқұловқа қатысты қаралау, орынсыз саяси айыптаулар алынып, тұрартануға, оның бейнесін көркемдік тұрғыдан игеруге жол ашылды.
1974 жылы «Турар Рыскулов» деген қалтаға салып жүретін кітапша шықты. Бұл алғашқы жаңалық еді. Көрнекті жазушы Ш.Мұртазаға Рысқұлов туралы роман жазуға жол ашылды. Т.Нұртазин «Тұрардың аты» деген романын жазды, ғылыми еңбектер жазылып, мақалалар жариялана бастады.
Бірақ Тұрарға қатысты кедергілер күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын түсіну қиын. Соңғы жылдары оны «сексот», «доносщик», «қазақ халқының мүддесін сатқан», «Алашорда қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшыратудың құқықтық негізін жасаған» және т.б. көпірме, жала, күйе жағуға, тарихтағы рөлін төмендетіп көрсетуге бағытталған тенденциялық материалдар жазыла бастады. Ұлы тұлғаның аруағымен алысушы құркеуделер, кеудемсоқтар шыға бастады. Ондайларға да жауап қайырып, соққы беретін кез келген сияқты.
Тұрар туралы құпия құжаттар тереңірек арнайы зерттеліп, талдай түсуді қажет етеді, ал ондай белгісіз материалдар аз емес.

Мұхтар Қазыбек,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тұрартанушы.

Comments are closed.