- Advertisement -

Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ

127

- Advertisement -

Немесе жүз жасаған жүректерден

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Тарихи тарымырын сонау 1939 жылдан тартқан өңіріміздің қатпар-қатпар шежіресінде нешебір заман өтті. Біртұтас Отанымыздың бөлшегі болғандықтан, киелі Әулиеата жерінде болған  оқиғалар мен есте қаларлық жағдайлардың басым бөлігі  мемлекетімізде орын алған өзгерістермен өріліп отырғаны белгілі.

«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» дегендей, егер көп сырды ішке бүккен тарихты ақтарар болсақ, сарғайса да саф алтынға бергісіз сол деректер былай сайрап жөнелер еді. «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығына бағынған Сырдария уезіне қараған. 1867 жылғы 11 маусымда қабылдаған жаңа жерлерді басқару жөніндегі «Уақытша Ережеге» сәйкес Әулиеата уезі құрылып, Сырдария облысының қарамағына өтеді. 1917 жылы Қазақ төңкерісінен кейін уезд  алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-нің, кейіннен КСРО құрамындағы Қазақ АКСР-нің, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР-інің қарамағында болыпты. 1924 жылы Орта Азиядағы Ұлттық-аумақтық межелеуге байланысты уезд Сырдария облысының, кейінірек Алматы округінің құрамына енген. Өлкенің өндіргіш күштерін шапшаң дамыту және оны әлеуметтік-мәдени тұрғыдан түлету жөніндегі мәселелерді шешу мақсатында әрі қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан жеке бірліктер ретінде 1938 жылы Қызылорда облысы, ал 1939 жылы Жамбыл облысы бөлінеді. Дей тұрғанмен Оңтүстік Қазақстан облысынан Жамбыл, Луговой, Меркі, Сарысу, Свердлов, Талас, Алматы облысынан бөлінген Красногор, Қордай, Шу және 1951 жылы Оңтүстік Қазақстаннан тағы Жуалы ауданы алынған.

М.Х.Дулати атындағы Тараз  мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сейдахан Бақторазовтың зерттеу жұмыстарына сүйенсек, өз алдына облыс болып шыққанда Жамбыл қаласындағы коммуналдық шаруашылық органдарына тиесілі үйлердің саны 395-тен аспаған, ал аудандар бойынша олардың саны 625-ке әрең жеткен. «Облысымыздағы абаттандыру мәселесіне келсек, қала мен аудандардағы 3 электр стансасы мен бірнеше жергілікті жерде құрастырылған кішігірім электростансалар негізінен өнеркәсіп орындарының қажеттілігін өтеуден аса алмады. Жеке үйлерге Ильич шамы жетпеді. Көшелерді жарықтандыру туралы сөз де қозғалған жоқ. Облыстағы жалғыз қала – Жамбылымызда жол мәселесі қаперге алынбады. Осылай, қала көшелеріндегі 150 километр жолдың тек 11 километрі ғана тегістеліп жөнделсе, тротуарлардың жөнделген бөлігі 1 километрге де жетпеді. Ал жаңадан құрылған облысымыздың жол жөндейтін стансасында бар болғаны 10 автомашина, 7 трактор, 1 мотокаток, 8 металлприцепті каток, 13 грейдер, 1 металл үтік, 9 механикалық күрек, 14 ат күрек, 4 арыққазғыш қана болды. Сумен қамтамасыз ету іс-шаралары жүргізілмегендіктен, халықтың көпшілігі суды арықтан алып ішті.

Жалпы облысымыз құрылған кезеңде өңірімізде 20 өнеркәсіп орны жұмыс істеп, онда 3400 адам еңбек етті. Ал 1940 жылы Жамбылда темір жол торабы, екі автобаза, почтампт, телефон стансасы және төрт құрылыс ұйымдары жұмыс атқарды. 18 мектеп жұмыс істеп, онда 10 мың оқушы оқыса, үш орта оқу орнында 1000 оқушы білім алды. Қалада 252 төсектік емханада 27 дәрігер жұмыс істесе, облыс бойынша ауылдық медициналық пункттердің саны 88-ге жетті. Дегенмен 70 фельдшерлік пункттің тек 62-сі ғана жұмыс істеді. Қалғаны медициналық жұмысшылардың жоқтығынан қаңтарылып тұруға мәжбүр болды. Облыс бойынша барлығы 141 төсектік 4 перзентхана болса, соның ішінде қалада 33 төсектік 1 перзентхана, Красногорда 14 төсектік 2 перзентхана, колхоздарда 24 перзентхана болғанымен, соның тек 38 төсектік 11-і ғана жұмыс істеп тұрды» деп жазады тарихшы.

Ал сол бір кез көнекөз қариялардың есінде несімен қалды? Өткен ғасырдың 40-жылдарындағы бозбалалар мен бойжеткендер облыс құрылған жылдарды қалай сезінді? Ол уақытта нендей өзгерістер мен елең еткізер жаңалықтар болды? Бұл сауалдардың жауабын бүгінгі тірі аңыздардан естіп-білген едік.

 

Николай ПОТЫКУН, Меркі ауданының 100 жастағы  тұрғыны:

–        Мен 1919 жылдың 2 қазанында Украинаның Харьков облысы Юрчинковоауылында дүниеге келіппін. Дегенмен Кеңес үкіметінің украин ұлтшылдығының тірегі деп санаған ауқатты шаруаларға қарсы мәжбүрлеп ұжымдастыруы мен репрессиясынан біздің отбасымыз Меркі ауданына қоныс аударды.            Қазақ жеріне табан тірегенімізге екі апта болғанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының кейбір аудандарының бөлініп шығуынан Жамбыл облысы құрылды. Өзім соғысқа дейін МТС-та ауыл шаруашылығы машиналарының слесарі болдым. Ол кезде техника қазіргідей емес. Солардың арқасында біраз тірлігіміз өнді десек те, олардың бар деген тек аты ғана, бәрі ескі еді. Бір күн істесе, екі күн тұратын. Мен соларды жөндеп әлекпін. Сондықтан ол уақытта колхозшылар негізінен жылқыны пайдаланатын.  Өйткені аттар соқалар мен тырмаларды, сепкіштер мен шалғыларды итеруде таптырмас көмекші-тұғын. Сол бір қиын шақтардан бізді алып шыққан жылқылар болды десем, артық айтқандық емес. Соғыстан кейін біздің аудан қант қызылшасын өсіру мен қайта өңдеу бойынша өңірде алдыңғы қатарды бермеді. Қант зауытына ол уақытта керекті  жабдықтар менің тарихи Отанымнан жеткізілетін. Бұл мені ынта-шынтаммен жұмыс істеуге жігерлендіруші еді. Жұмыс істей жүріп техниканы меңгеруге өзгелерді де баулуға тырыстым. Осы уақытқа дейін Меркінің ауыл шаруашылығында менің шәкірттерім еңбек етуде. Олардың біразы тәуелсіздік жылдары табысты фермерлерге айналды.

Дәнеқыз НҰРБАЕВА, Мойынқұм ауданының 103 жастағы тұрғыны:

  • Жас шағымыз кәмпеске мен ашаршылыққа тап келді. Одан кейін Ұлы Отан

соғысының қиындығын көрдік.

Облысымыз жаңадан құрылған уақта біз Көктерек ауданына қарайтынбыз. Мұның өзі үлкен жаңалық болған. Ашаршылықтан құтылып, ел есін жиып, колхоз болып, еңсесін тіктей бастаған шақ еді. Елді біріктіруге, бірлесуге ынталандырған жаймашуақ кез еді. Сол 1939 жылы Биғазы Шілменбетов есімді кенже қайным  3 жылдық әскерге кеткені есімде. (Бұл сол жылдың 1 қыркүйегінде қабылданған Кеңес армиясының құрылуын реттейтін  «Жалпы әскери міндет туралы» заңға сәйкес болуы ықтимал. Өйткені аталған құжатта «шекара әскерлерінің құрлық бөлімшелері үшін — 3 жыл» деп белгіленген екен – авт.).  Өзі атама тартқан жасынан балуан еді. Әскерден қайтпай тұрғанында сұм соғыс басталып, есіл ер сонда қалды.  Өзім азаматым қан майданнан мүгедек боп оралды.

…Көп нәрсе ұмытылып қалды. Әйтеуір ел болып кетпенмен  тоған қазғанымыз есімде. Тоған табанынан лақтырған топырақты ортан белде тұрған жігіттер іліп алып, жоғарыдағы жағаға лақтырады. Соны «өтелек» дейді. Біздің бестерек руының жігіттері  шеттерінен қарулы, алға қойған мақсатты артығымен орындайтын. Содан «Өтелекті бестерекке бер» деген мәтел боп кетті. Одан кейін де шалым Баялы Шілменбетұлы екеуміз колхоздың малын бақтық, егін ектік, балаларды жеткіздік.

Райхан ШОМАЕВА, Байзақ ауданының 104 жастағы тұрғыны:

  • Облысымыз құрылмай тұрып халықтың көрген азабы аз болған жоқ. 1939

жылы сол қиыншылықтарды артқа тастап, енді ғана еңсе көтере бастаған кезіміз еді. Артынша соғыс басталып, адам баласынан ештеңе қоймай бәрін сыпырып әкетті. 1942 жылы есі бар ер адамнан біреуі де қалған жоқ. Түгел әкетті. Тракторды меңгергендер мен мал бағу үшін кейбір азаматтар броньмен ғана қалды. Олардан басқалары өңкей соғысқа жарамайтын кемпір-шалдар-тұғын. Одан бөлек, әйелдер, буыны бекімеген, ержетіп келе жатқан балалар колхоздың бар тірлігін күндіз десе күндіз, түнде десе, түнде – жаппай тындырған солар болды. Күнннің қай мезгілінде бар десе, сол мезетте жұмысқа шығамыз. Сенің ауырып, сыздағаның ештеңе емес. «Өлсең, сол жерге барып өл» дейді. Соғыстағылардың көргенінен біздікі екі есе болмаса, кем түскен жоқ. Кішкентай балаларға дейін сабан тасып, қандай тірлік жасады.

Не дейін, осыған дейін басымыздан жақсы-жаманды өткіздік. Ішерге ауқат таппай,  әйтеуір жан сақтап күн көреміз.  Жегеніміз қолдан еккен жүгері болды аздап-аздап. Әу айдалаға, құмның жиегіне бидай егіп, соны әуелден, комбайн жоқ, қолмен жұлатынбыз. Бір орнында жылжымай тұратын «Власенко» деген техника шыққан, күндіз балалар, түн ауғанда есі бар қариялар табылса, сол кісілер, әйелдер соны жұмысқа пайдалана бастадық. Шөп, су, қызылшаның барлығын жайғаған негізінен осы нәзікжандылар еді. Алайда бидайға да жарымайтынбыз. Өйткені «соғыстағы ел өлейін деп жатыр, сендер бұл жерде өлсеңдер, өле беріңдер» деген соң, барлығын артып жіберетінбіз. Бір я жарым килодай бидай тисе тиді, тимесе жоқ.  Небір нәубетті көрдік. Міне, содан бері жүзден астық. Айта берсек, әркімнің үйіне қара қағаз келіп, шулап жатқаны.

Ол уақытта Тегістік деген колхоз болатын. Сельсовет сол жерде еді, қағаздар сонда келіп жатты. Менің де жұбайымнан қара қағаз келген болуы керек. Бірақ халық көтеріліп, сұмдық болып бара жатқаннан кейін, военкоматтан адамдар келіп, әлгі қағаздарды «тексеріп құртыңдар, халыққа көрсете бермеңдер» депті. «Бірақ онда мен сіздің күйеуіңіздікі бар-жоғын білмеймін, ашып айта алмаймын» деді сол уақыттағы әйел сельсовет. Содан жылап-еңіреп қайттық. Басқа елде болған жағдай колхозға зияндығын тиізе қоймаса да, көрген қорлығымыз аз болған жоқ. Менің қолымда жұбайымның әке-шешесі мен жасқа жетпеген бармақтай ғана баласы қалды. Сонымен күн көріп, бір күні жылап, бір күні сықтап әйтеуір жеттік. Ашшылық тегі болды. Кейін, қайда, мұнда-мұнда 60-70-жылдардан былай қарай еткен еңбегімізді кішкене бере бастады. Әне келеді ер азаматымыз, әне келеді жолдасымыз деп, қарай-қарай, телміріп жылап, содан болмаған соң қалдық. Құдайдың берген бір ұл, бір қызын зорға асырап, өсіріп жеткіздік. Сол бауыр еті балаларынан Жаратқан Иемнің берген  пәрзенттері бар, бүгінде мені солар асырап, қарап отыр.

1963 жылдың соңы болуы керек,  Кішкентай үйлер салынып, көшелер берілді. Сондай тамдарға кіріп, бір жерге орныға бастадық. Қол жұмысымен көркейдік. Колхоздың бар жұмысын әйелдер көтерді. Себебі келмегендері былай тұрсын, соғыстан келгендердің өзі жаралы еді. Қарақтарым, қайта көбісі есімнен шығып қалды. Әйтеуір біздің көргенімізді Құдай енді пәнде баласына көрсетпесін. Тілегіміз – сол.

            Рахия АРЫСТАНБАЕВА, Қордай ауданының 107 жастағы тұрғыны:

  • Ол кезде Қарасай ауылы Колос деп аталатын. Негізгі шаруашылық – темекі

Өсіру болғандықтан, мен де басқа тұрғындар сияқты сол тірлікпен айналыстым. Ерте көктемнен бастап соны отырғызып, суғарып, кейін отап, шөбін жұлып, өскенде жапырақтарын теріп, тізбектеп жинап, құрғатып, түк қылып өткізетінбіз. Техниканың жоқтығына байланысты сол кезде аталған жұмыстардың бәрін қолмен атқардық. Бұл шаруашылықта негізінен әйел адамдар істесек, ер кісілер бидай, арпа өсіретін. Кейін 1950-жылдардың ортасында ауылда алма егу басталды. Соны игерген біздің елді мекен кейіннен Алмалы совхозы атанды.

Аманбала АМАНЖОЛОВА, Сарысу ауданының 109 жастағы тұрғыны:

  • Қазақтың басынан қаншама қиыншылық өтті. Соның барлығы мені де айналып

өтпеді. Сол азаптарға төзе білуге тура келді. Арқадағы қонысымыздан ашаршылық дәуірінде еріксіз көштік. Жастайымнан еңбекке араластым. 1928 жылы Сарысу ауданы құрылды. Мен Ілгерібас колхозында колхозшы болып жұмыс істедім. 1942 жылы жолдасым Балтабай Аманжолов соғысқа аттанып, 1946 жылы елге аман-есен оралды. Балтабай мал дәрігері болып қызмет атқарды. Өзім күн-түн демей соқа айдап, бидай егіп, Көкдалада шөп шаптық. 1950 жылдары колхоздар іріленіп Серго, Ақтоғай, Ілгерібас, Жаңакүн деп аталды. Орталығы Ақтоғай болды. Ал 1957 жылдары Сарысу совхозына өтіп, орталығы Жаңаарық болды. Сол жылдары егін егу үшін су қоймасы қажет болды. «Ынталы» су қоймасын салуға бүкіл аудан тұрғындары атсалысты. Оған мен де  қатыстым. Оны шөп шауып, егін орағы біткен соң, күзге қарай салуға кірістік. Арбамен топырақ тасыған кездеріміз әлі күнге ұмытылар емес.  «Көп түкірсе көл» дегендей, оны көпшіліктің, жанқиярлықтың арқасында бітірдік. Совхоз орталығы Жайлаукөлге көшкен 1959 жылы совхозда сақпаншы болып істедім. Қой қырқып, мал шаруашылығы жұмыстарына араластым. Колхоздастыру, одан кейін кеңшарға бірігу секілді ауыр жылдарды бастан өткердік. Қоғамдық мал азығын дайындау үшін ертелі-кеш дала қосынында жұмыс істедік. Бүгінде аудан көлемінде менің қолтаңбам қалмаған жер жоқ десем, артық айтқандық емес.

PS: 80 жыл бұрынғы тарихты шаң басқан архивтерден оқу бір бөлек, «Қариясы бардың қазынасы бар» демекші, сол кезеңді көзбен көріп, жүрекпен сезініп, бастан өткерген, осы күнге жеткен тірі аңыздардың шынайы естілігі арқылы танып-білудің жөні мүлде бөлек. Көнекөз куәгерлердің айтуынша, 1928 жылғы кәмпескелеудің, 1931 жылғы күштеп ұжымдастыру мен 1932-33 жылдардағы алапат аштықтың кесапатты зардабын көріп, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің қасіретін «халық жауларымен» бірге тартқан өңір де жамбылдықтар тәрізді еңсесін бірден тіктей алмағаны анық. Ал сол кездердің ауыртпалығын  халық тек айрандай ұйыған ауызбіршігі мен тату-тәтті тірлігімен еңсерді десек, артық айтқандық емес.

 

 

Альмира ОМАРОВА.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support