- Advertisement -

Атамекенім – ардағым!

42

- Advertisement -

Мырзатай Жолдасбеков,
мемлекет және қоғам қайраткері.

Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына шын көңілден қуанып жатырмыз. Қасиетті Әулиеата тұрғындарын кең пейілді, сабырлы, еңбекшіл жандар деп бағалаймын. 1937 жылы мамыр айының 27-сі күні Талас ауданының Ақтөбе деген ауылында дүниеге келдім. Менің 70 жылдық мерейтойымнан бері ол ауыл менің атыммен аталады. Ақтөбе деген ауылдың жанында дөп-дөңгелек, құдды қолмен қойғандай, тақиядай төбе бар. Ежелгі сақ қорғандарының бірі ме деп ойлаймын. Баяғы түріктерден, сақтардан қалған қорғандар өте көп қой. Дәл сол жерде сақтың атақты бір кісісі жатқан секілді. Өйткені қорған өте үлкен. Қорғанның үлкен-кішілігі сол жерге жерленген адамның дәрежесіне қарай болса керек.
Туған ауылым Қаратау етегінде. Ақтөбе өзіме жер біткеннің төресі сияқты боп тұрады. Әркімге өзінің туған жері ыстық көрінеді ғой. Туған жерден қымбат нәрсе жоқ. Біздің ауыл ерекше. Ауасы таза, жанға жайлы. Қаратаудан Көктал деген өзен ағады. Біздің ауыл Сарысу ауданымен шектеседі. Кіндік қаным тамған жерден 70 шақырым жерде Баба Түкті Шашты Әзиз жатыр. Одан сәл қиғаштап, Қаратауды бауырласаңыз, Қарабура әулие жатыр. Оның оңтүстігінде Бәйдібек баба, Домалақ ана бейіттері бар.
Мен туған жерден 25 шақырымдай шығысында «Бөріқазған», «Тәңірқазған» деген жер бетінде алғаш адамзаттың пайда болған мекендері бар. Ол жерлерді әлем тарихшылары өте жақсы біледі. Туған ауылымды қысқаша суреттесем, көркемдігі осындай.
Осы ауылдан түлеп ұштық. Еліміздің тәуелсіздігін қалыптастыруға Елбасының қасында жүріп тамшыдай үлесімді қостым деп ойлаймын. Министр, Премьер-Министрдің орынбасары, елші, Ұлттық университет ректоры, ҚР Президентінің мәдениет орталығының директоры қызметтерінде болдым. Бірнеше мемлекеттерде болып, маңызды сапарларға шықтым. Өзіміздің Қазақстандай байтақ мемлекетті, қазақтай жомарт, дархан халықты көрмедім.
Әулиеата – тарихи, қасиетті өлке. Менің жүрегімді жарып шыққан «Таразым!» деген ән қазір айтылып жүр. Оның бәрі елге, жерге, Таразға сағыныш. Өзіміздің туып-өскен облысымыздың 80 жылдық тойы құтты болсын! Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскер азамат екенін білемін. Таразды жаңартып, жаңғыртып жатқанын көріп отырмын. Оның барлығы сыртта жүрген азаматтарға қуаныш. Жайнай бер, туған өлке!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support