- Advertisement -

АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ, АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ?

315

- Advertisement -

Қараша халыққа қашанда қамқор болып, саулығымызды сақтауға септігін тигізетін сала – медицина екені баршаға мәлім. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мінбердегілердің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Көзі қарақты жұрт медицинаның көз ілеспес жылдамдықпен дамып, елді мекендерде толықтай дерлік медициналық ұйымдар ашылып жатқанына куә болуда. Әйтсе де көпшілік шалғай ауылдардағы жағдайға алаңдаулы. Сол себепті біз аудандар мен ауылдардағы ахуалды білу үшін бұл тақырыпты біраз саралап көрдік.

Шалғай елді мекендегі ақ халаттылар жазатайым жағдай бола қалса, ауылдағы ағайынға жәрдем көрсетуге қаншалықты әзір? Бұл өз кезегінде әрбір адамды толғандыратын түйткілді мәселе деп ойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тұрғындар көңіл күйінің маңызды компоненттерінің бірі – медициналық қызмет сапасы екенін нақты атап көрсетуінің мәні де осында. Сондықтан ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырып отыр.

Біз де өз кезегімізде медициналық көмектің ауылдағы ағайынға қаншалық қолжетімді екендігін білу мақсатында Шу аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нүркен Алтаевпен тілдескен едік. Оның айтуынша, соңғы жылдарда елді мекендерде жаңадан емдеу мекемелері ашылып жатқанымен, медициналық пункттерге қатысты шешімін күткен мәселелер де бар екен.

– Тұрғындар саны 750-ден аспайтын елді мекендер медициналық пункт керек болса, тұрғыны 1000-нан аспайтын ауылдарға фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуы тиіс. Ал егер 2000-нан асса, дәрігерлік амбулаториямен қамтылуы қажет. Қазіргі кезде аудандағы 13 ауылдық округте дәрігерлік амбулатория, 7-інде фельдшерлік-акушерлік пункт және 13-інде медициналық пункт бар. Қазіргі кезде бірнеше нысанның құрылысы жүріп жатыр. Күні кеше аудандағы Бөлтірік пен Жиенбет ауылдарында екі бірдей медициналық пункт пайдалануға берілді. Су қоймасы ауылындағы медициналық пунктті де жуырда аштық. Тағы бір айта кететін жайт, аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Шоқпар ауылдық округіндегі Құлақшын және Еспе елді мекендерінде облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, медициналық пункттердің құрылысы жүріп жатыр. Негізі талап бойынша ол жерде тұрғын санының аз болуына байланысты медициналық көмек көрсету орындары салынбауы тиіс. Ал өңір басшысы бұл мәселенің оңтайлы шешімін тауып отыр, – дейді Нүркен Ермекұлы.

Рас, бұған дейін ауданнан шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың өз ауылында дер кезінде ем алуға мүмкіндіктері болмаған. Олар медициналық көмек алу үшін көрші ауылға баруға мәжбүр еді. Бірақ келесі жылдан бастап ауыл азаматтары шалғай түгілі, шартарапта тұрса да медициналық көмек қолжетімді болмақ. Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Дейтұрғанмен саннан гөрі сапа маңызды екені тағы мәлім. Бас дәрігердің орынбасары бізді барлық ауылдық округтердегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы жоғары деңгейде деп сендірді. Оның айтуынша, аудандағы 13 дәрігерлік амбулаторияның барлығы да арнайы жедел жәрдем көлігімен қамтылған. Олар шалғай ауылда оқыс оқиға бола қалса, сырқатты уақыт оздырмай орталық ауруханаға жедел жеткізуге әзір екен.

Жауапты басшылар бүгінгі күні тек аудан іргесінде орналасқан Белбасар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда ғана маман тапшы дейді. Десе де, ол ауылға әр аптаның сейсенбі және жұма күндері орталық аурухананың дәрігерлері барып, олар таңертеңнен кешке дейін ауыл тұрғындарын қабылдайтын көрінеді. «Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханаға эндокринолог дәрігер жетіспейді. Сонымен бірге, қалалық емханада маман тапшы. Ал тұтастай алғанда ауылдық округтер арнайы мамандармен толық қаматамасыз етілген. Әсіресе өткен жылы ауданға келген сала мамандарының саны 2017 жылға қарағанда едәуір артып отыр. Бір қуанарлығы, олардың барлығы да жас мамандар. Мысалы өткен жылы 7 жас маманды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырдық.», – дейді Нүркен Алтаев.

Шу ауданындағы Ақтөбе ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Мырзахмет Сегізбаев ауылдағы медициналық ахуалдың тұрақты екенін айтады. «Ауылымызда орналасқан фельдшерлік-акушерлік пункттегі дәрігерлердің бәрін бұрыннан танимыз. Кез келген уақытта көмектесуге әзір тұрады. Аудан орталығына немесе көрші Мойынқұм ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияға шұғыл бару керек болса, ауыл әкімі де көмек қолын созудан аянып қалған емес», – дейді ақсақал.

Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол әрі өте күрделі сала. Керек десеңіз, бұл жолда еңбек ету үшін бірнеше жыл оқудың өзі аздық етеді. Білікті маман атануға үлкен тәжірибе керек. Әйтпегенде, дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіретін қайғылы жағдайлардың көбейіп кетері сөзсіз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз әрине. Десе де жасыратыны жоқ, қазірдің өзінде ақ желенділердің жауапсыздығы мен сауатсыздығын алға тартатындар жетерлік. Тіпті осындай жайттарды желеу етіп, ем-дом алу үшін шетел асып кететіндер қаншама?! Рас, дәрігерлердің дәрменсіздік танытанын сәттері де болады. Сауатты кездері де бар. Бірақ, кей-кейде дәл осы дәрігердің салғырттығынан да талай адамның көз жұмғаны ашы да болса шындық. Сондықтан ақ халатты абзал жандарымызға деген сенімді жоғалтпас үшін ең алдымен олардың біліктілігіне баса назар аудару керек сияқты.

Шудағы жағдай осылай болған соң, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұм ауданының жай-күйі қалай дерсіз? Басқасын айтпағанда, ауданнан 270 шақырым қашықтықта жатқан Мыңарал ауылдық округінің тұрғындары медициналық көмекке қол жеткізу үшін көрші облыстағы ақ халаттылардың көмегіне жүгінетін көрінеді.
Айта кету керек, ауылдық округке қарасты Мыңарал ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт бар болса, Мыңарал стансасы медициналық пунктпен қамтылған. Мұндағы 1589 тұрғын өз ауылдарындағы медициналық мекемелерге еш қиындықсыз жүгіне алады. Дәл осы ауылдық округтен 40 шақырымдай жерде орналасқан Қашқантеңіз стансасының тұрғындары қандай да бір қауырт жағдай орын ала қалса, көршілес Қарағанды облысына қаралады екен. Ал стансадағы 200-ге жуық ауыл тұрғындарын Жазира Кәрбекова есімді учаскелік мейірбике өз үйінде қабылдап, көмек көрсетеді.
– 2001 жылдан бері Қашқантеңіз стансасында жұмыс істеп келемін. Рас, тұрғындар оқыс оқиғаға тап болып немесе шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болса, аудан орталығындағы орталық ауруханаға емес, көршілес Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына барады. Онда ем-дом алу ақылы, сонда да ауыл тұрғындары сондағы қалалық ауруханаға жүгінгенді жөн көреді. Жалпы қасымыздағы Шығанақ ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория бар. Аудан орталығына бару керек болған жағдайда, соларға хабарласып арнайы көлікпен жеткіземіз. Аудандық ауруханада диспансерлік тіркеуде тұрғандары болмаса, көбіне көп ешкім бара бермейді. Ал күнделікті ауылдағы зейнеткерлердің қан қысымын өлшеу сынды көмекті өзім көрсете беремін. Бұған дейін стансаға медициналық пункт саламыз деп жоспарлаған болатын. Алайда адам санының аздығына байланысты бұл тек сөз жүзінде қалды, – дейді Жазира Амантайқызы.

Мойынқұмдағы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишевтің айтуынша, Қашқантеңіз бен Бурылбайталға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медициналық пункттер салу жоспарланған. «Жалпы алғанда аудандағы барлық ауылдық округтер медициналық мекемелермен қамтылған. Мәселен, орталықтан шалғай орналасқан Шығанақ ауылдық округінде ауылдық емханамыз бар. Бұдан бөлек, ауданда 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 10 медициналық пункт орналасқан. Аудан тұрғындарына медициналық көмек кез келген кезде еш қиындықсыз көрсетіледі», – дейді Жайдар Әскербекұлы бізбен әңгімесінде.

Халық денсаулығы мемлекет дамуының ең басты нәтижесінің бірі екенін жоғарыда айттық. Сонымен бірге, адам саулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, оның қолжетімділігі әрбір адам өмірі сапасының құрамдас бөлігі болып табылатынын да айта кету керек. Сол себепті, үйінен қарыс қадам аттамай-ақ алғашқы көмек ала алатын қалалықтардан бөлек, өңіріміздің шалғай аудандарындағы ағайынның да медициналық көмекке деген қолжетімділігін назардан тыс қалдырмаған жөн.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

«Ақ жол»

Жамбыл облысы,

Шу, Мойынқұм аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support