- Advertisement -

Айтары – анық, бояуы – қанық

63

- Advertisement -

Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің байқауы өтті

Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыстың 80 жылдығына орай «Шахристан» этномәдени кешенінің бой көтеруі құрметіне «Көне Тараз қолөнершілері» атты 11-16 жас аралығындағы жас суретшілер байқауы, «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты 16-21 жас аралығындағы студенттердің қатысуымен жас қолөнершілер сайысы өтті. Іс-шараны облыс әкімдігі туризм басқармасы ұйымдастырды. Жиынды аталған басқарманың «Тараз туризм» туристік ақпараттық орталығы» мекемесінің басшысы Ұлан Жолдықұлұлы сөз сөйлеп, шеберлерге сәттілік тіледі.
Мұнан соң бейнелеу өнері бойынша қазылар алқасының төрағасы Айдархан Сихаев, қолөнершілер бойынша қазылар алқасының төрайымы Сәуле Рысбаева сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кейіннен талапкерлердің көрмеге әкелген жұмыстарымен танысу кезеңі басталды. Фойеге қойылған туындылардан көз сүрінеді. Бәрінен өңірдің 80 жылдығына, түрленген Таразға деген құрмет байқалады. Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Сара Тұрарованың «Жаяулау», облыс орталығындағы №21 орта мектеп оқушысы Жасұлан Жанболатұлының «Тарихи кесенелер», Тараздағы №29 орта мектептің оқушысы Ділназ Шәйдікәрімнің «Домбыра» қолөнер жұмысы да сәтті шыққан. Дегенмен екі қатысушының жұмысына ерекше сүйсіндік. Алғашқысы №44 орта мектептің оқушысы, халықаралық «Шабыт» байқауының І орын иегері Гүлназ Амангелдиеваның «Гүлдене бер, Таразымның алмасы», «Тараз табиғаты» суреттері және «Ежелгі Тараз» қолөнер бұйымы. «Сүйікті қаламыз Тараздың күннен-күнге құлпырғаны қуантады. Сондықтан бұл байқауға Тараз шаһары туралы еңбектеріммен қатыстым. Жетекшім Роза Жантөбетоваға рахмет», – дейді ол.
Келесісі Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әлия Жарылқасынның суреттері мен қолөнер жұмысы. Ол бұл додаға «Ұлттық музыкалық аспаптар» тақырыбымен шиден тоқыған еңбегімен қатысқан. Мұнда әр қазақ үшін қастерлі домбыра, қобыз аспаптары, түрлі ою-өрнектер бейнеленген. Оның шебер қолынан шыққан «Жамбыл Жабаев» портреті де көпшіліктің назарын аударды. «Ұлттық музыкалық аспаптар» атты қолөнер жұмысым үшін төрт ай уақытым кетті. Оны шимен тоқып, әр өрнекті сәтімен бейнелеу оңай жұмыс емес», – дейді Ә.Жарылқасын.
Бұл байқаулардың қорытындысы желтоқсан айының басында облыстың 80 жылдығына арналған іс-шараларда шығарылып, үздіктер марапатталады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support