- Advertisement -

Жаңалықтардың жаршысы

92

- Advertisement -

«Jambyl» телеарнасы отыз жылдық мерейтойын атап өтті

Ақпарат айдынында өзіндік орнын қалыптастырған «Jambyl» телеарнасының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Сан түрлі соқтықпалы соқпақты жолды жүріп өткен телеарна ұжымы бұл белеске зор табыспен жетті. Заманауи технологиямен жабдықталған телеарна ұжымы бүгінде облыс жұртшылығын жаңа жобаларымен, жағымды жаңалықтарымен қуантуда. Аға буыннан үлгі алған, журналистика марқасқаларының ізін жалғаған бүгінгі жас толқынның да айтары бар, көрерменге жеткізері мол.
Телеарнаның 30 жылдық мерейтойы облыстық қазақ драма театрында салтанатты жағдайда аталып өтті. Іс-шара барысында алдымен телеарнаның тарихынан сыр шерткен бейнесюжет көрсетілді. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз алып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан телеарна ұжымын мерейтойымен құттықтады. Сұлушаш Сәтбекқызы аймақ басшысының Алғыс хатын оқып берген соң телеарна директоры Мейіржан Әлібекұлына 5 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар, облысқа сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен ұжымның бірқатар қызметкері марапатталды. Олардың қатарында әріптесіміз, «Aq jol» газеті директор-бас редакторының бұрынғы орынбасары Алпамыс Қазыбаев бар екен. Сондай-ақ өзге де әріптестер облыс әкімінің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына ие болды.
Бұдан соң сөз алған ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов телеарна ұжымына ізгі тілегін арнап, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Қалетаевтың, мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Кейіннен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының директоры Еркін Таңатханұлы аймақтағы әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, корпорация басшысы Ләззат Танысбайдың сәлемін жеткізіп, бірқатар қызметкерлерді корпорация басшысының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың мерекелік құттықтауын жеткізген ол «Ақпарат саласының үздігі» атанған, «Күміс жаршы» төсбелгісін иеленген, министрдің Алғыс хатына ие болған телеарна қызметкерлерін марапаттады.
Іс-шара барысында облыстық телеарнаның бұрынғы басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген де сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Ол – Жамбыл облысының Құрмет грамотасын жетекші маман, есепші Лаура Орынбасароваға тапсырды. Кейіннен телеарнаның бұрынғы басшыларының бірі, қаламгер Елен Әлімжан құттықтау сөз сөйлеп, ұжымға табыс тіледі. Соңыра «Атырау» телеарнасының басшысы, жерлесіміз Қанат Әуесбай «Jambyl» телеарнасына Жайықтың бойындағы әріптестердің сәлемін жеткізді.
Соңынан «Jambyl» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы сөз сөйлеп, ұжымның байырғы ардагерлерін, бұрынғы басшыларын отыз жылдық мерейтоймен құттықтады. Оларға телеарнаның 30 жылдығына арналып шығарылған мерекелік төсбелгіні табыстады.
Бұл күні Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашса, телеарнаның талантты жастары да өз өнерлерін ортаға салды. Мерейтой аясында ұжымның көптеген қызметкерлері марапаттарға ие болды. Еңбектің бағаланғаны деген осы шығар.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support