- Advertisement -

Облыстың 80 жылдығына – 80 кітабын тарту етті

60

- Advertisement -

Адамзат баласының сұраныстарына дейін өзгерген қазіргі таңда кітапқа деген қызығушылық төмендеп, орнын виртуалды әлем жаулап келе жатқаны жасырын емес. Артық білім – кітапта (Абай) екендігін жадымызға тоқып өскен біздер мұны тіпті болашаққа жасалып отырған қастандықтай қабылдарымыз анық. Сондықтан адамды адам еткен құнды қазынамызды насихаттап, жастардың кітап оқуға деген құлшынысы мен қызығушылығын арттыру мақсатында облыстық «Aq jol» газетінің редакциясы кітап жинау акциясын бастаған болатын. Іс-шара барысында газетіміздің кез келген оқырманы үйіндегі басы артық кітабын редакциямызға табыстай алады. Ал редакция ұжымы өз кезегінде жиналған кітаптармен шалғай ауылдардағы оқырмандарын қуантпақ. Ізгі ойдан туындаған игі акциямызға алғашқылардың бірі болып Тараз қаласының тұрғыны, 83 жастағы ардагер оқырманымыз Лесалы Ахметов хабарласты. Жуалы ауданында туып-өсіп, тіс дәрігері, бас дәрігер болып қызмет істеген ақсақалымыз облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында 80 кітапты тарту етті.
– Менің кітапқа деген құштарлығым 10-сынып оқып жүргенде басталды. Ауыл кітапханасындағы кітаптарды күн-түн демей оқып тауысуға асығатынбыз. Соның арқасында жоғары білім алып, қызмет еттік.
Қазіргі жастардың кітаптан бұрын смартфон, интернетке көбірек үңілетініне қынжыламын. Өзімнің немерелерім де сондай. «Кітап оқы» десем, бәрі телефонда тұр ғой» дейді. Ол қолға алып, парақтап оқығандай болмайды, жадыңда да жатталып қалмайды. Сондықтан 10 жылдан астам өзім үзбей оқып жүрген «Aq jol»-да кітап сыйлау акциясы жарияланғанда қатты қуандым. Жастарды кітап оқуға бет бұрғызып жатқан ниеттеріңізге, бастаманы көтерген басшыларыңызға тұрақты оқырман ретінде алғысымды білдіргім келеді.
Осы уақытқа дейін жинаған кітаптарым 300-ден асып жығылатын. Сол заманда жарық көрген қазақ жазушыларының барлық томдықтарын алып оқуға тырыстым. Үйде оқитын адам болмағасын біразын сұраған адамдарға үлестіріп бердім. Ендігі қалған кітап «Aq jol»-дың акциясы арқылы шалғай ауыл оқырмандарын біліммен сусындатуға бұйырып тұр екен, – деді Лесалы Сапатайұлы.
Қарт сыйлаған кітаптар қатарында қазақ жазушыларының ғана емес, ақындарының, сатириктерінің туындылары, түрлі энциклопедиялар, сонымен бірге араб тілінде басылған кітаптар мен сөздіктер де бар болып шықты. Арабша да сауаты бар ақсақалымыздың бұл кітаптары да тіл үйреніп жүрген көптеген жанға сауабы тиері сөзсіз.
Ал біз өз тарапымыздан акцияның әлі де жалғасатынын айтамыз. Өзінің ғана емес, өзгенің де білім нәрімен сусындауына жол ашып, сауапты іске үлес қосқысы келетін оқырмандарымызды акциямызға атсалысуға шақырамыз!

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support