- Advertisement -

Ауылдарда шағын цехтар ашылады

47

- Advertisement -

Облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылды жерлерде тұратынын ескерген аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ауылдықтардың ахуалын арттыруға аса ден қойып отыр. Бүгінде тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасы қызу жүзеге асуда десек, ендігі кезектегі тағы бір ілкімді бастаманың іргесі бекімек. Қолға алынғалы отырған жаңа жоба бойынша өңіріміздің әр аймағынан, әсіресе ауылды жерлерден шағын цехтар салу ісі көзделуде. Облыс әкімдігінде өткен жиында осы туралы жан-жақты айтылып, жоспарлы шаралар барысы пысықталды.
Жаңа жобаның негізгі мақсаты – аудан, ауылдық жерлерде шағын қайта өңдеу кәсіпорындары мен цехтар салып, сырттан келетін өнімдердің алдын алу, сол арқылы жергілікті халықтың жағдайын жақсарту, экономикасын көтеру. Өңір басшысы өз сөзінде осыған айрықша басымдық берді. Өйткені аталған пилоттық жоба толығымен жүзеге аса бастағанда ауылдардағы қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін егіншілік пен мал өнімдері едәуір арта түсетіні сөзсіз. Ал оны алысқа ұзатпай ұтымды ұқсатып, өңдей білу – тиімділікті тіпті еселей түсетіні айтпасақ та түсінікті.
Басқосу барысында облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев жаңа жобаның негізгі жүйесі туралы баяндап, қазіргі таңда аудандар мен ауылдардан нақты ұсыныстардың жинақталып жатқандығын жеткізді. Бұл бастаманың маңыздылығына тоқталған Асқар Исабекұлы ірімшік, сүт, шұжық тағы да басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін цехтарды салу жұмыстарын қазірден бастап жүйелей беру керектігін тапсырды. Сондай-ақ өңірдегі кәсіпорындардың жүктемелігін барынша көтеруге көңіл бөліп, сол арқылы сырттан жеткізілетін тауарлардың үлесін едәуір азайтуға болатынын баса айтты.
Алдағы уақытта жоба аясында өңірдегі барлық қажеттіліктер мен мүмкіншіліктер зерделеніп, аудандардың ерекшеліктері ескеріле отырып, жинақталған ұсыныстарға талдау, саралау шаралары атқарылмақ. Ол үшін алдымен атқарылар жұмыс жоспарын жүйелеп алу керектігін айтқан аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support