- Advertisement -

Өз «әлемінде» өмір сүрген балалар

168

- Advertisement -

Орталықтағы «Jastar aleıasy»-нда жаңарған қаланың бүгінгі келбетін тамашалап, таза ауамен тыныстап отырғам. Анадай жерде белгісіз бір әнді ыңылдап, билеп келе жатқан бір жасөспірімге көзім түсті. Сырттай қарағанға қылығы оғаштау көрінгенімен, өзіне риза. Соған қарап, бір қуанышты жаңалық естіген-ау деп шамалағам. Қасымнан билей басып өте шыққанда бір-ақ аңғардым, сол жағына қарап жүреді екен үнемі. Алдындағыны тек көзінің қиығымен көретін секілді. Бастапқыда, балалыққа салып, ойнап келе жатқан шығар дедім. Аяқасты сап ете қалған бөтен ойдың «құрбанына» айналдырғым да келмеді. Сыртынан бақылап, ұзақ қарадым. Ол да менің көз алмай қарағанымды сезгендей, алғашқы екпінін баяулатты. Сәл кідіргендей болғанымен, қимылы сол қалпы…

Бұл – бірінші оқиға.
Содан бері де біршама уақыт өткен. Жақында жолым түсіп, облыс орталығындағы медициналық орталыққа барғанмын. Дәлізде кезек күтіп тұрғанымызда, бала көтерген бір жас отбасы кіріп келді. Екеуінің жүзінен әлденеге алаңдаушылық байқалып тұр. Мейірбике неге келгендерін сұрағанда екеуі де қобалжып: «Біз қызымызды тексертейін деп келдік, басын МРТ аппаратына түсіруге жолдама берді, аутизм белгілері болуы мүмкін екен» деді. Ары қарай әкесі мейірбикеге қызының қазіргі жағдайын айтып түсіндіріп жатты… Кішкентай ғана бүлдіршін, жүзіне көз тастадым. Жанары мөлдіреп тұр, сырқат деуге аузың бармайды тіпті…
Аутизм – ғасыр дерті. Бұлай демеске, шараң жоқ. Себебі оның негізгі шығу себебі мен емдеу жолы әлі белгісіз күйінде қалып келеді. Елімізде мыңдаған ата-ана перзентінің жанына шипа тілеп, осындай аурумен күресуге мәжбүр. Бұл ми жүйесіндегі ауытқушылықтың ауыр түрі саналатындықтан, науқас қоғаммен байланысқа түсе алмайтын көрінеді. Мамандардың пікірінше ол туабітті пайда болып, бірақ бала 2-3 жасқа толғанда ғана байқала бастайтын сырқат екен. Қалай дейсіз ғой, бала күннен-күнге өсіп, жетілудің орнына, тіпті өзі білетін нәрселерін де істей алмайтын жағдайға жетеді.
– Аутизм белгілерінің бірі – бала бойындағы ауытқушылық. Оның алғашқы белгілері 2 жасқа толғанда байқала бастайды. Ал аутизм диагнозы көбінесе 4 жастан асқанда қойылып жатады. Егер ата-ана бала бойындағы тежелістерді байқаса және ол өзінен-өзі оқшауланса, жалғыз болуды қаласа, атын атап шақырғанда немесе қандай да бір дыбысқа немқұрайлылық танытса, бір қимылды ұзақ уақыт қайталаса, тілі шықпаса, адам бетіне көз тоқтатып қарай алмаса, баланы дер кезінде мамандарға көрсету керек, – дейді Т.Рысқұлов аудандық аурухананың балалар дәрігері Айгүл Смәтілдаева.
«Аутизм» терминін алғаш рет швед психиатры Эйген Блейлер 1911 жылы ашыпты. Грек сөзінен аударғанда «өзім» деген атауды білдіретін бұл терминнің мағынасы айтып тұрғандай-ақ, аутизмге шалдыққан бала өз әлемімен өзі болып, сыртқы құбылыстарды, өзгерістерді мүлде қабылдай алмай қалады екен. Тіпті үйінде өзі үйреніп қалған жиһаздарды немесе түсқағаздарды ауыстырса да ашуланып, қарсылығын білдіріп, тосын мінез танытатын көрінеді. Рас, бұл дертке шалдыққан жандардың өз әлемі бар. Бүгінге дейін аурудың негізгі себебі нақты анықталмағанына қарағанда, құдды тылсым тәрізді ме дерсің. Дегенмен оларға бөтен көзқарас танытпай, қоғамнан алшақтатпай, барынша қолдау қажет.
Оларды қайтадан ортаға тартудың жолы қайсы? Әрине, қоғаммен байланыстың ең тиімді түрі – балабақша мен мектептегі жалпы тәрбие және білім беру жүйесінен шектемеу. Біздің өңірімізде түрлі сырқатқа шалдыққан балалардың білім алуы да жүйелі жолға қойылған. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 7911 мүмкіндігі шектеулі баланың бүгінде 6286-сы оқумен және тәрбиемен қамтылған.
Атап айтсақ, мектепке дейінгі білім мекемелеріндегі логотоптарда 1143 жасөспірім болса, арнайы бейімдеу мектеп-интернаттарда – 548, орта мектептердегі арнайы сыныптарда – 371, үйде – 1739, колледждерде 65 жас оқып жатыр. Ал инклюзивті біліммен қамтылғаны – 2420 бала.
Осылайша денсаулық жағдайлары көтеретіндерін сала мамандары мейлінше ортаға тартуда. Дегенмен олардың арасында мұндай мүмкіндігі жоқтары да бар. Мәселен, 1625 бала оқуға жарамсыз. Оның 947-сі мектеп жасына дейінгілер болса, 363-і әлеуметтік қамқоршылықтағылар, 315-і он сегіз жасқа толмаған мектеп бітірушілер екен. Жалпы, өңірімізде жасөспірімдерге арнайы қызмет көрсететін 4 арнайы түзету мектеп-интернаты, 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар және 11 психологиялық-педагогикалық бейімдеу кабинеттері, 1 оңалту орталығы бар.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлфира Сейдуалиеваның айтуынша, Тараз қаласындағы №25 орта мектеп жанынан «DARA» және «SAMRUK KAZYNA ТRUST» қайырымдылық қорларының қолдауымен инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті ашылған екен. Орталықта бүгінде 120 бала қамтылған. Мұнда тек аутист балалар ғана емес, көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған және тілінде кемістігі бар балаларға да қызмет көрсетіледі.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық бейімдеу орталығында әлеуметтік педагог, психолог, дефектолог, логопед, сурдопедагог, арнайы дене шынықтырумен айналысатын мамандардың жеке кабинеттері заманауи оңалту құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әдеби және ойын арқылы дамытатын Монтессори және әдістемелік материалдары бар. Ата-аналар осы жерге келіп, кеңес алуына да болады. Сергіту және демалыс, ұстаздар мен арнайы мамандардың бірге жұмыс істейтін орындары қарастырылған. Оқушыларды жеке оқытуға толықтай мүмкіндіктер жасалған.
Түзету кабинеті 100-ден астам баланы қабылдауға лайықталған. Бүгінде мұнда сабақ кестесіне сәйкес 215 балғын бейімдеу курстарына қатысады, – дейді №25 орта мектебі жанындағы инклюзивті білім берудің ресурстық орталығының жетекшісі Айнұр Абдрашова.
Инклюзивті білім беруге қолайлы жағдай жасау үшін ең алдымен балалардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта облыстағы 308 мектепте пандустар, сүйенетін жақтаулар, кең есіктер, тактильді жолдар, демалыс бұрыштары жасалған. Сондай-ақ мұндай жұмыстар қажеттілік туындаған мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде де жүргізілген екен.
Тағы бір айта кететіні, биылғы оқу жылында Тараз қаласындағы №32 орта мектеп базасында «Әр бала мектепке баруға лайық» жобасы аясында ашылған инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті ашылды. Ол негізінен аутистік спектрі бар балаларды өмірге бейімдеуге бағытталған мамандандырылған орталық.
– Негізгі міндеттер белгіленген. Сол бойынша мамандар тиісті жұмыстар жүргізетін болады. Биылғы оқу жылында бұл кабинетке аутистік спектірі бұзылған 9 бала қабылданды. Бұл балаларға «Эй-би-ей» әдісі қолданылмақ, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің психология әдіскері Эльнура Тортаева.
Жалпы аутизмнің себептері толық ашылмаса да, оған генетикалық факторлар көп әсер ететінін канадалық ғалым Джейкоб Ворстман айтқан. «Аутизмде мидың көптеген бөлігінде өзгерістер пайда болады. Бірақ ми дамуы нақты неден өзгеретіні белгісіз. Десе де оған гендік факторлардың әсері көп екенін соңғы зерттеулер дәлелдеп келді. Соңғы жиырма жылда адам генін зерттеу технологиясы айтарлықтай табысқа жетті. Оны зерттеудің қолда бар тәсілдерінің арқасында аутист адамдардың 20-30 пайызында осы фактор әсер еткені айқындалды, яғни гендік бұзылыстардан аутизмге ұшыраған жандардың саны 10 есеге ұлғайды», – деп жазған.
Дегенмен мамандар қол қусырып қарап отырған жоқ. Тынымсыз ізденістер өз нәтижесін беріп те жатыр. Осы бағытта ғылымның қол жеткізген бір үлкен табысы да бар. Мәселен, Калифорния университеті JASPER емдеу әдісін енгізіпті. Соның арқасында сөйлеу қабілетінен айырылған балалардың 80 пайызын үш айдың ішінде сөйлетіп шығаруға мүмкіндік туып отыр. Тағы бір америкалық тәсіл аутизмді көз алмасының қозғалысынан анықтауға мүмкіндік береді екен, яғни бұл әдіс арқылы баланы туғаннан бастап, аутизм белгілері бар-жоғын білуге болады. Осындай емдеу түрлері біздің елімізде де енгізілсе, қазақстандық аутист балаларға көмегі көп болары сөзсіз.

Камила БОРАШОВА,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support