- Advertisement -

«Жұлдызым Жібек жолы бойындағы…»

114

- Advertisement -

Ғасырларды-ғасырларға жалғаған көне Тараздың әрбір ғимаратының маңайы бүгінде жайнап тұр. Негізгі мекемелердің маңы тұнған пейзаж дерсің. Тотыдайын таранған шаһардың жаңарған келбеті кім-кімді де тебірентпей қоймасы ақиқат.
Соңғы екі жылдың бедерінде көне шаһар адам танымастай өзгеріп, сұлуланып сала берді. Бұл ғажайып өзгерістер облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамаларымен және қолдауымен жүзеге асып отыр. Кейінгі жылдарда құлпырған Таразды, жаңарған ғимараттарды жарыса жазып, облыс тұрғындарына кеңінен таныстырып жатырмыз. Мұның бәрі тарихтан тамыр тартқан аймақта жанды жұмыстың бар екенін айғақтай түседі.
Қазіргі кезде облыс әкімдігі ғимаратының маңайы да түрленіп сала берген. Жұпар аңқыған түрлі гүлдер адамның бойын сергітіп, жанын жадыратады. Мұндағы жаңғырту, көгеріштендіру жұмыстарын облыс әкімінің бастамасымен «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды.
Алаңға қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі ерекше сән беріп тұр. Әсіресе, тасқа қашалған қошқар мүйіз оюлар алыстан көз тартады.
Облыс орталығындағы бас ғимараттың алдындағы ғажайып көрініс мұнымен шектелмейді. Аталған алаңға алуан гүлдер егілген. Олардан шыққан хош иіс төңірекке жұпар шашады. Гүлдердің егілуі де талғаммен, әдемі үйлесіммен жүзеге асқан. Мәселен, «Сальвия» гүлінің түсі – қызыл, «Тогетес» гүлі – сары, «Катарантус» гүлі ақ-қызыл түстерімен алаңның ажарын ашып тұр. Одан бөлек «Канн» деп аталатын гүлдің де қызарып, сұлулықты үстей түсетіні бар. Олардың бұдан бөлек те ерекшеліктері көп. «Катарантус» гүлі ыстыққа өте шыдамды екен. Биылғы жазда орын алған аптап ыстықта осы гүл төзімділік танытып, өзінің қалпын бұзбапты. Ал «Сальвия» гүлі суыққа төзімділігімен ерекшеленеді. Бұл жөнінде бізге «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дизайнер-агрономы Гүлнар Оразалина айтып берді.
– Мұндағы гүлдер қала тұрғындарына керемет әсер, әдемі көңіл күй сыйлайды. Шаһарға сырттан келген қонақтарға да ғажайып демалыс орны болатыны анық. Алайда сол гүлдерді суарып, баптау оңай жұмыс емес. Жаз бойы біздің мекеменің жұмысшылары осы сұлулықты сақтау жолында талмай тер төгеді. Гүлдерді үнемі қадағалап отырамыз, – дейді ол.
Ғимарат алдының ажары жүрекке жылылық ұялататыны сөзсіз. Мұндағы субұрқақтар, заманауи орындықтар келушілердің бір мезгіл тынығуына да ыңғайлы.
Дәл осы ғимараттың алдындағыдай қошқар мүйіз ою-өрнектер Ы.Сүлейменов көшесіндегі «Jastar aleıasynda» да бар. Ол жұмысты «Жасыл ел – Тараз» мекемесімен келісімшарт негізінде жұмыс істеген «Байжанова» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырыпты.
– Қаланың келбеті келісіп, ажары ашыла түскені – баршамыз үшін зор қуаныш. Сондықтан мұндағы жұмыстардың тиянақты түйінделуіне бар күшімізді сарқа жұмсадық. Ол еңбектің өтеуі елдің алғысымен қайтып жатыр. Осы маңнан өткен жүздеген тұрғындардың сұлу пейзажға сүйсінуі көңілімді көтереді, – дейді дизайнер Майя Байжанова.
Жаңғырған шаһардың жаңарған келбеті жайлы шаһар тұрғынынан да сұраған едік.
– Қаланың көрікті жерлерін жиі аралап, тамашалап жүремін. Шаһардың жас тұрғындарының бірімін. Алдағы уақытта «Шахристан» этномәдени орталығы, «Тектұрмас» тарихи кешенінің ашылатынан естіп ерекше қуандым. Қаланы көркейтіп жатқан басшы ағаларға рахмет айтамын. Біздей жастар демалатын, бас қосып түрлі мәселелерді ақылдасатын орындар көбейіп келеді. Облыс әкімдігінің алды да ғажайып кейіпке енген, – дейді қала тұрғыны Мұхтар Қонарбаев.
Көне қаланың бүгінгі жаңа кейпі баршамыздың мерейімізді өсіреді. Атағы алысқа кеткен шаһардың жасарғаны, жаңарғаны жарасып тұр. Себебі тарихи қалаға, Әулиеатаға еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті сырт елдерден келетіндер өте көп. Олар қаланың көркіне тамсанып жатса, бәріміз үшін абырой. Сол абырой деген қастерлі ұғымды жұмысына кіріскен сәттен ойлап, қаланы сұлулықтың ордасына айналдырған облыс әкіміне жұрттың алғыстан басқа айтары жоқ. Тараздың бүгінгі келбетін көріп отырып:
«Жұлдызым Жібек жолы бойындағы,
Өреңді өркениет мойындады», – деген Алаштың аяулы ақыны Күләш Ахметованың өлең жолдары еріксіз ойға орала береді…

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support