- Advertisement -

Жоспарлы жұмыстар жүйелі атқарылуда

49

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қазақстандық, яғни Назарбаев моделінің негізінде өркендеудің жаңа кезеңіне шығу жолын айқындады. Бұл құжат Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі болып табылатын бес басымдықты белгілеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп ерекше атап өтті. «Ата заңымызға сәйкес азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы бар» екендігін баса айтты. Осыған сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудандық әкімдіктегі 4 мемлекеттік мекеме басшысының жұмыс кабинеті ғимараттың төменгі қабатына ауыстырылды.
Мемлекет басшысы шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды тапсырды. Бұл бағытта ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ биыл өткен жеті айдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 33,3 пайызға өскен.
Аудан егін өсіруге де, мал баптауға да географиялық тұрғыдан өте қолайлы аймақ. Есепті мерзімде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі 9 миллиард 720,7 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,1 пайызға жоғарылаған. Оның басым бөлігін мал шаруашылығы өнімдері құрап отыр.
Биыл Чехиядан асыл тұқымды 64 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның 3-еуі сүт, 1-еуі ет, тағы 1-еуі өсімдік майын өңдеу кәсіпорындары.
Жалпы, ауданда 4487 шағын және орта кәсіпкер жұмыс істеуде. Олар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құны 91 миллион теңгені құрайтын 6 жобаны іске асырды. Ал Жастар жылы аясында жас кәсіпкерлермен жалпы құны 32 миллион теңге 15 жоба іске асырылып отыр. Сондай-ақ 6 жоба бағдарлама аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамы арқылы пайыздық мөлшерлемесі субсидияланса, кепілдік беру бойынша 5 жоба несиемен қамтылды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 66 адамға 225 миллион 800 мың теңге шағын несие берілген.
Президент төртінші міндетінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін айқындады. Бүгінде аудан бюджеті экономиканы дамыту, адами капиталдың сапасын жақсарту және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастыруда.
Сапалы білім беру, оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Білім беру саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданда 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 8 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы білім саласына өткен жылы – 5,6 миллиард, биыл 5,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Биыл 3 IT сынып ашылды. Аудандағы 13 мектеп робот техникасы кабинеттерімен жабдықталған. Осы оқу жылында тағы да 10 мектепті жабдықтау жоспарлануда.
Жолдауда аталғандай, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясы кеңейтіліп, жұмыс жаңа деңгейде жалғастырылуда. Осыған орай, бірінші кезекте қажетті мамандықтарға басымдық берілуде.
Президент Жолдауда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау міндетін қойды. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажеттігін айтты. Бүгінгі күні аудан бойынша 112 спорт нысанының барлығы тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін қолжетімді болып отыр.
Ауданның табиғат көздерін дұрыс пайдалану мақсатында «Көксай» каналының бойынан 18 мВт құрайтын су электр стансасы салынуда. Оның жалпы құны 5,2 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС жүргізуде. Нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын үй алқабын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандардың құрылысын салумен қатар кезекте тұрған 170 азаматқа жер телімін беру көзделген.
Биыл 5 көп балалы және аз қамтылған отбасына кәсіпкерлердің демеушілігімен және «Бауыржан Момышұлы» қайырымдылық қоры есебінен баспана сатып әперілді. Енді жыл аяғына дейін 2 отбасына пәтер алып беру жоспарлануда.
Президент тұрғындардың таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына біркелкі қол жеткізуді тапсырды. Бүгінде елді мекендердің 31 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Оны 2023 жылға қарай 85,7 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазір Қарасаз ауылына таза ауызсу жүйесі тартылуда. Оған республикалық бюджеттен 616,29 миллион теңге бөлінген. Нысанның құрылысын «КДСМ» ЖШС жүргізуде. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарының 70 пайызы атқарылған.
Ауданда 49 елді мекеннің 15-і газдандырылған. 2027 жылға дейін 19 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2 жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа 306,4 миллион теңге бөлінген. Бөлінген қаражат бойынша 15,4 шақырым жаңа жол жөндеуден өтті.
Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмысын жақсарту, жұмыспен қамту, инфрақұрылымдарды дамыту жөнінде жүктелген міндеттерді орындау бағытында ауданда мақсатты жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

Нарбай ЕРГЕБЕКОВ,

Жуалы ауданының әкімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support