Әліппенің қайта оқытылатыны қуант ты

6

Зымыраған уақыт. Міне, көзді ашып-жұмғанша жазғы демалыс уақыты да аяқталды. Ал мұғалімдер биылғы оқу жылын ерекше қуанышты көңіл-күймен бастайтыны сөзсіз. Өйткені ұстаздардың дәстүрлі Тамыз кеңесіне қатысқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көкейде жүрген бірнеше сұрақтың жауабын берді. Мемлекет басшысы Үкіметке төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есе көтеруді тапсырды. Бұл дегеніміз – педагог қызметкерлеріне жасалып отырған үлкен қолдау.
Тамыз кеңесінде көптен бері қоғамдық талқыға түсіп келген әліппе мәселесі де оңтайлы шешімін табатыны айтылды. Бұл өте орынды деп санаймын. Алғашқы әріпті әліппені ашып үйренген баланың сауатты болатынына сенімдімін. «Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізіледі. Әліппе – сынақ өткізетін алаң емес. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме бойынша әзірлейміз», – деді сала министрі Асхат Аймағамбетов.
Министр сондай-ақ жаңартылған оқу бағдарламасына көшу жалғаса беретінін айтты. Биыл 4, 9, 10-сыныптар осы жүйеге көшсе, келесі жылы тек 11-сынып көшіріледі. Сонымен 2021 жылы білім берудің жаңартылған мазмұны толықтай тәмамдаламақ.
Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеуге күш салатын боламыз. Жақсы жаңалыққа толы жаңа оқу жылына үлкен ықылас пен қуанышты күйде аяқ баспақпыз. Әріптестеріме сәттілік тілеймін.

Айгүл ҚАРАШЕВА,
Жамбыл атындағы шағын орталықты
орта мектебінің мұғалімі.

Шу ауданы.

Comments are closed.