- Advertisement -

Кәсіптік білімнің көкжиегі кеңейе түседі

101

- Advertisement -

Қазір өзгерістер кезеңі. Күн санап жаңғырып отырған ақпараттық технологиялар мен биотехнология саласындағы революциялар адамзаттың өмірін өзгертуде. Міне, сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, білім беру жүйесін жаңа өмірге тез бейімдеу қажет.
Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосудың жолы – қолжетімді және заманауи білім. Ол үшін осы саланың дамуына жаңа, қуатты серпін керек. Бұл серпілісті не тудыра алады? Нұр-Сұлтан қаласында өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соны атап өтті. «Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтердің нақты қажеттіліктерінің есепке алынбайтыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курстармен және семинарлармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласының барлық сатысын дамытуға бастайтын нақты тапсырмалар берді. Ол қалай жүзеге асырылады? Кәсіптік-техникалық білім беру үдерісінде қандай өзгерістер күтіп тұр? Осыған тоқтала кетсек. Білім берудің осы сатысында «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Елімізде 484 колледжге дуалды білім беру жүйесі енгізілді. Бұл алдағы уақытта колледждердің 50 пайызында типтік оқу бағдарламасын жұмыс берушілердің қалауына қарай, кәсіби стандарт негізінде өзгертуге болады деген сөз. Сондай-ақ колледждерге академиялық еркіндік жүйесі енгізілуде.
Президент осы саладағы қолданылып жатқан «Жас маман» жобасын сынады. Ал бұл түйткілдердің түйінін тарқату үшін қазір қандай қажетті мамандықтар қажет екенін нақты саралап алуға тиіспіз. Соған сәйкес ең керекті жабдықтар да алынады. Мұндай қадам әсіресе алдағы үш жылда ең үлгілі 180 арнаулы білім беретін оқу орнын қалыптастыру үшін керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, уақыт талабына сай колледждерді сенімгерлік басқаруға беру қажет шығар. Бірақ мұндай маңызды қадамға барар алдында сала ісін жақсы түсінетін, ірі инвесторлар мен оқыту бағдарламаларын өзгертуге әзір кәсіпорындарды лайықты таңдау керек.
Еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету үшін сенімгерлік басқаруды сенімді қолға табыстау керек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Колледждерді жабу мәселесі де түпкілікті зерттеуді қажет етеді. Ондағы студенттер саны аз болғаны үшін жаба салуға тағы келмейді. Мәселен, бір ауданда жалғыз кәсіптік-техникалық білім ошағы болса, балалар қайда барады? Бұл өз кезегінде кәсіпке ұмтылмайтын жеткіншектер мен жұмыссыз жастар қатарын көбейтеді», – деп бұл саладағы түйткілді тап басып көрсетіп отыр.

Мая Бағылбекова,
Құлан агротехникалық колледжі
директорының орынбасары.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support