- Advertisement -

Жас әскерилер ант қабылдады

49

- Advertisement -

«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін.
Егер мен өзім қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қатаң жазаны өтеуге әзірмін».
Бұл – Ұлттық ұланның 5513 әскери бөліміне келген 345 жастың Отан алдында қабылдаған әскери анты.
Республикамыздың елордасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарынан шақырылған жас сарбаздар енді қоғамдық тәртіпті сақтап, түзету мекемелерін күзететін болады.
Ант беру рәсімінде мінберге шығып сөйлеген жас сарбаз Ермек Тұрсынбай әскери ант қызметтегі міндеттерді заң жүзінде мінсіз атқаруды талап ететін мемлекеттік құжат екенін баса айтып, берген антына батыр бабаларымыздай адал болатындықтарын жеткізді. Ал Алматы қаласынан келген Арман Әжетбековтің анасы Оразкүл Шенекбаева жас сарбаздардың өз борыштарын адал атқаруына тілектестік білдіріп, ақ жол тіледі. Ал Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жар стансасынан келген Маржан Жаңабекова ұлы Мансұр Жаңабековтің Отан алдындағы борышын Жамбыл жерінде өтейтіндігіне риза.
– Қазір ата-аналар бүгінгі тәртіп пен армиядағы жағдайларға байланысты уайымдап, қобалжуы мүмкін. Біз ол кісілерге киелі Тараз жерінің ынтымақ-бірлігі жарасқан өңір екендігін, сондықтан еш алаңдамаса болатындығын жеткізгіміз келеді. Мұнда ешқандай тәртіп бұзушылық пен зорлық-зомбылық болмайды деп толық айта аламын. Рәсімге Тараз қаласы полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Мұрат Құдайбергеновтің қатысуының өзі соған кепіл бола алады деп есептеймін. Ал жас сарбаздар, антта айтылғандай, Отан алдында борышын өтеу барысында ешбір жазаға тартылмауын тілеймін, – деді.
Облыстық полиция департаменті және Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымының төрағасы, Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, запастағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин.
Салтанатты шара соңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ата-аналар іс-шараны ұйымдастырушылардан өз сауалдарына жауап алды.

Тараз қаласы.

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support