- Advertisement -

Азамат тық бақылау институтына жүктелген міндет көп

28

- Advertisement -

Жұрттың пікірін
білу маңызды

Жергілікті әкімдіктер жанынан құрылған Қоғамдық кеңестердің өкілеттігі бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айқындалған. Өзінің алғашқы құрамын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң талабына сәйкес, 2016 жылдың ақпан айында 3 жылдық мерзімге арналып қалыптастырған облыстық Қоғамдық кеңес биыл ақпан-наурыз айларында кеңестің кезекті мерзімге тағайындалатын жаңа құрамын жасақтады.
Бұдан кейін жұмыстардың сапалық көрсеткіштері қорытындыланды. Қоғамдық кеңестер қызметінің негізі міндеті – маңызды бар мәселелер бойынша жұртшылықтың пікірін білдіру. 3 жылдық қорытынды есептің нәтижелері бұл қадамның оң екенін көрсетіп отыр. Жалпы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 5-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің бекітуіне ұсынылатын азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу біздің жұмысымыздың құрамдас бөлігіне айналды. Жеке тұлғаларды қабылдап, олардан түсетін ұсыныс-пікірлер мен кейбір арыз-шағымдарды уақтылы қарап, оларды шешуге ұмтылыс жасау да осы жылдар ішінде қалыпты жағдайға айналды.
Кеңесте бұрын 29 мүше болса, биылғы таңдауда алғашқы қалыптасу кезеңінің үш жылында белсенді қызмет етіп, қоғамдық кеңес жұмысы сынынан өткен адамдар мен жаңадан мүшелікке талап білдірген үміткерлер арасында іріктеу үдерісі жүргізілді. Сөйтіп, заңды күші бар құжаттарға енгізілген және республикалық көлемдегі бірнеше қоғамдық талқылаулар мен ақылдасуларда қаралған ұсыным-өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Кеңес мүшелерінің саны 29-дан 19-ға ықшамдалды. Тұрақты комиссиялардың саны бұрын 5 комиссия болса, бұл жолы қайта құру жолымен 3 комиссияға дейін оңтайландырылып отыр.
Жаңа төраға сайланды. Ал ұзақ жылдар бойы ұйымдастырушылық-идеологиялық, шаруашылық салаларында жетекшілік қызмет атқарған тәжірибелі азамат Шәбден Тілеумұрат кеңес хатшысы болды. Сонымен қатар «Әдістемелік-үйлестіру кеңесі» мен «Эксперттік топты» басқару міндеті мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаттың екі шақырылымының депутаты Жандар Кәрібайұлы мен құқық қорғау-қоғамдық тәртіп қызметінің ардагері Мұрат Ақылбаевқа жүктелді.
Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің құрамында саяси-әлеуметтік, шаруашылық-өндірістік, мәдени-рухани салаларды басқарып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтар мен жастардың бастамашылығын қолдау саясатына қызу араласып, қоғамдық-ақпараттық жүйенің ортасында жүрген белсенді жастар бар. Бәрі жоғары білімді, еліміздегі мемлекеттік құрылымдардың сан саласының өкілдері, түрлі мамандық иелері. Кеңес мүшелерінің дені ер- азаматтар. Дегенмен гендерлік саясат та назардан тыс қалған жоқ.
Кеңестің кезекті отырысында жұмыс жоспары бекітілді. Онда жергілікті атқарушы билік тарапынан ұсынылған әлеуметтік маңызы бар құжаттардың адам құқықтары мен олардың бостандықтарына, азаматтардың міндеттері мен олардың азаматтық қоғам алдындағы жауапкершілігіне сәйкестігін қамтыған тақырыптар қарастырылған. Соған сәйкес бұл құрылым қоғамдық бақылау, мониторинг жүргізу, мемлекеттік атқарушы органдар тарапынан түскен саяси-әлеуметтік, өндіріс-шаруашылық салаларын дамытуды қарастырған заң және тәртіптік күші бар құжаттардың айналымға енуін қадағалап отырады.
Арнайы жасалған жұмыс жоспарлары – нақты нәтижеге жетудің жолы. Біздің қоғамдық ұйымның жаңа құжатын әзірлеудегі мақсатымыз – түрлі деңгейдегі шешімдердің қабылдануына, тұрмыстық-әлеуметтік саланың «Жол карталарының» арқауына айналған мәселе, яғни мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік көмек түрлерінің қолжетімді болуы үшін олардың жария да ашық түрде әділ таратылуына қоғамдық ықпал ету. Ықпал ету тетіктерінің негіздері де тек ашықтық, жариялылық жағдайында бақылауда болуы керек. Түрлі деңгейдегі басқару органдары жетекшілері мен аудан әкімдерінің кеңес президиумы алдындағы есептерін тыңдау туралы шешім де осындай мүддеден туындаған. Себебі азаматтық қоғам азаматтық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың бастамашыларымен бірлесіп, ақылдасып, пікір-ұсыныстар алмасып, қоян-қолтық жұмыстар жүргізу арқылы қалыптасады.
Жұмыс жариялы болуы тиіс

Бір айта кететіні, қоғам мен билік арасын байланыстырушы ұйымның жұмысы жариялы болуы тиіс. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 7-бабының, 2-тармағы, 3-тармақшасы талаптарына сәйкес, біз БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы кеңестің алғашқы құрамының атқарған жұмыстардың нәтижесін көпшілікке жеткіздік. Осыдан кейін ғана сапқа жаңадан қосылғандарға өздеріне жүктелер міндеттер мен жұмыс әдістері, алда атқарылар жұмыстардың ерекшеліктері туралы танымдық-әдістемелік кеңестер берілді. Сұрақ-жауап сағаттары, тәжірибемен бөлісу үшін кездесулер ұйымдастырылды. Оларға кеңестің жұмыс ырғағы мен күнделікті жұмыс графигінің ерекшеліктері таныстырылды. Сонымен қатар біз аудандарда жаңа құрамда сайланған Қоғамдық кеңестермен автономдық, дербестік қағидаларын ұстана отырып азаматтық-әріптестік байланыстар орнату мақсатында жеке кездесулер өткіздік.
Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі мақсат-мүддесі – мемлекет пен қоғамдық ортаның арасындағы ақылдасу алаңы, келісім мен түсінушілік тетігі болу. Ортақ істе олқылықтар кездеспеуі үшін біз осыны тағы бір пысықтап, қоғамдық-бұқаралық ортаның талап-тілектері мен азаматтық бастамаларды әрқашанда назарда ұстау үшін тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек.

Кеңестің қоғамдық-әлеуметтік қызметтері

Бүгінге дейін кеңестің 14 отырысы өтті. Оның ішінде 9-ы президиум отырысы, 5-еуі кеңейтілген отырыстар. Бір айта кететіні, бұл жиындарда 77 мәселе қаралса, соның 74-і – нормативтік-құқықтық актілердің жобалары. Басқосуларда бүгінгі күннің өзекті мәселелері – көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, тұрмыстық жағынан кенжелеп отырған жекелеген азаматтарға берілетін әлеуметтік атаулы көмек, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған іс-шаралар, мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін жақсартуға арналған жұмыстар мен денсаулық сақтау, алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелері сөз болды.
22 ақпанда өткен кеңес отырысында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің есебі тыңдалды. Өңір басшысы өз өкілеттігі шеңберінде Президент айқындап берген тапсырма-міндеттерді 2018 жылы қалай атқарғанын, бекітілген индикативті жоспар негізінде қандай жұмыстар жүзеге асырылғанын, 2019 жылға бағытталған алдағы мақсаттары туралы толық баяндап берді. Жалпы индустрияландыру мен оны цифрландыру үрдісін жалғастыру, инвестиция тартудың жолдарын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамыту, тұрғындарды тұрмыстық-әлеуметтік жағынан қамту бағытында өңірде ауқымды шаралар қолға алынғанын, оның алғашқы нәтижелері көріне бастағанына жамбылдықтар да куә болып отыр. Жиында Асқар Исабекұлы бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықты азайту, Тараз қаласы мен облыс көлеміндегі басқа да қала, елді мекендерді көркейту-көгалдандыру, қылмыстық факторлардың өсуіне жол бермеу аса маңызды мәселе екенін айттып өтті. Жас ұрпаққа білім беру мен жастар тәрбиесін назарда ұстау, тұрғындар денсаулығына мән беріп, азаматтық қоғам мүшелерінің мәдени-рухани сұраныстарын қанағаттандыруға күш салу, тұрғын үй құрылысы мен жол құрылысын үздіксіз жалғастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін жандандыру, өлкеміздің экспорттық әлеуетін арттыруға себі тиетін тауарлар өндірісін ұлғайту жолдарын жетілдіру мақсаттары да назарда. Өз сөзінде осыны баса айтқан өңір басшысы: «Әлеумет пен атқарушы биліктің арасындағы келісім алаңы, ақылдасудың алтын көпірі іспетті құрылым Қоғамдық кеңес десем артық айтқандық емес. Заң талаптарына жүгінсек, атқарушы билікке қарағанда әлеуметтік ортаға сіздер бір табан жақын тұрасыздар. Кеңес өз жұмыс жоспарының негізінде тұрғындармен кездесу өткізіп, қолға алынып жатқан барлық жұмыстардың қай деңгейде орындалып жатқанына бақылау-сараптау жүргізеді. Әлеуметтік өтініштер мен жекелеген арыз-шағымдардың кеңеске бізден әлдеқайда тезірек жететіні де содан», – деуі бекер емес.
Әкімнің есеп беру басқосуына облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов қатысып, жаңа сайланған құрамның жұмысына табыс тіледі. Алдағы ауқымды міндеттердің – халықтық сайлау сүзгісінен өткен бірден-бір өкілетті орган, яғни әртүрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттармен тығыз байланыста атқарылатындығына сенім білдірді.
Қоғамдық кеңес бүгінде дәрі-дәрмектердің бағасы, оның ішінде тегін берілетін дәрілердің қолжетімді әрі жеткілікті болуына қызметтік бақылау жасау жұмыстарына да жазбаша мониторинг жасауда. Нәтижелері кезекті отырыстарда талқыланады. Біз сәуір айында қоғамдық көлік қозғалысының жағдайы, қалалық тасымал көліктерінің сапасы, жүргіншілерге қызмет көрсету мәдениеті, аялдамалардың ахуалын саралау үшін тиісті мамандардан жасақталған арнайы топ құрғанбыз. Олардың жұмысы кешіктірілмей облыстық телеарна және әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Қоғамдық кеңестің «Эксперттік тобының» жетекшісі мен құрылымның 2 мүшесі бастаған бақылау-мониторинг топ құрамына жол полициясының арнайы экипажы, Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және Бақылау комитетінің облыс бойынша экология департаментіне қарасты сынақ зертханасы мамандары мен баспасөз өкілдері болды. Жүргізілген рейдтен кейін бақылау актілері толтырылып, сынақ зертханасының қорытындысы негізінде дайындалған акт және департамент басшысы бекіткен растама хатын алдық. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

Арнайы комиссия құрылды

Қоғамдық кеңестің шешімімен наурызда «Облыс аумағындағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар жөніндегі» арнайы комиссия құрылып, оның 10 адамнан тұратын мүшелері мен комиссияның жұмыс ережесі бекітілді. Олардың құрамына: «Ақжүніс» аналар бірлестігінің, ата-аналар комитетінің, қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің, мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен «Қызыл Жарты Ай» қоғамының төрайымы, Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы, салалық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы және бизнес өкілдері тартылған. Бұл комиссия көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін табу үшін жүйелі жұмыс жүргізеді деп сенемін.
Атап айтсақ, комиссия көпбалалы аналарға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың дұрыс әрі толық көлемде тағайындалып, төлемдердің адресті таратылуын зерделеп, жәрдемақылар тағайындауға қажетті құжаттар топтамасын дайындауға көмектеседі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Олардың көмекші және компенсаторлық құралдар алуға, шипажай жолдамаларына кезекке тұруға қатысты құжаттарын дайындауға жәрдемдесіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың жұмысқа жарамды мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту үшін зерделеу жұмыстарын жүргізуі керек.
Қазір аталған комиссия осы ұстанымдар шеңберінде көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек, тұрмыстық жағдайлары төмен отбасылары мен мүгедек жандарға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек, осы санаттағыларға бөлінетін баспаналардың ашық және жария кезек арқылы таратылу тәртібінің сақталуы сияқты әлеуметтік маңызы зор мәселелерді қолға алып, жұмыс жүргізуде. Бұл – атқарушы билік пен әлеуметтік ортаның өзара жақындаса түсуіне себепкер болатын факторлар. Осы арқылы жетілген азаматтық қоғам құруға белгілі деңгейде әсер ете алатын орта қалыптаса бастайды, азаматтардың өзін-өзі басқаруға деген құлшыныстары артады.
Мысалы, қазір облыстық білім басқармасы жанынан құрылған арнаулы кеңес мүшелері балалардың жазғы лагерьлері жұмысына қоғамдық бақылау жасап отыр. Біз қоғам дамуы барысында кездесетін кейбір түйткілді мәселелерді ашық талқылап, азаматтардың ойында жүрген ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салып зерделеуді көздеген арнайы шешім қабылдап, оны БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабарлағанбыз. Бүгінде жер-жерден ауызша және жазбаша түрде хабарламалар түсе бастады. Ұсыныс берген азаматтардың ішінде Нарынбек Оңлабеков, Кеңесбек Нұрдынов, Смайыл Көбесовтың жеке бастың шаруасы емес, жалпы халықтық-қоғамдық мәні бар тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді көтерген. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Осының өзі әлеуметтік ортаның азаматтық қоғам құру үдерісіне тікелей атсалысуға деген құлшыныстарының бірте-бірте артып келе жатқандығының белгісі болса керек.
Кеңес жұмысының тәжірибесінде алғаш рет азаматтардың қайырымдылық белсенділігіне жүгіндік. Ұзақ жылдар мүгедектер арбасына таңылған тараздық Жан Рахимованың ауруын емдеуге биыл шетелдік медициналық орталық келісімін берген болатын. Сол үшін Жанның емделуіне қажетті қомақты қаржы жинау мақсатымен, облыс тұрғындарын қайырымдылық шарасына шақырдық. «Алыстағы Салоники қаласында орналасқан «Эвексия» оңалту орталығы қызметіне төленуге тиісті қомақты қаржы қажет! Сол үшін, ардақты жамбылдықтар, егер де Жан қызымызға қолұшын беріп, көмек көрсетейік десеңіздер, мүмкіндіктеріңізше қаржыны, Жан Рахимованың Kaspi Bank және Halyk Bank қаржы мекемелерінде ашылған арнаулы қайырымдылық есепшоттарына аударуларыңызды өтінеміз!» деп, облыстық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа өтініш-үндеу тастадық. Қайырымды жандардың арқасында қызымыз қазір Салоникидегі сал ауруларын емдейтін «Эвексия» орталығында ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсарып, науқастың беті бері қарады деген жақсы хабар алып, қуанып отырмыз!
Қоғамдық кеңес мүшелері облыстағы әртүрлі арнайы комиссиялардың мүшелері есебінде де көптеген мәселе-ұсыныстардың өз шешімін табуына қолұшын беріп келеді. Олар биылғы басты саяси оқиға – Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы науқанына байланысты да құрылған бастамашыл топ мүшелері көптеген жұмыстарды атқарды.
Аудандарға шығып әлеуметтік-электоралды ортада пікір алмасып, сайлаушылар тарапынан түскен көптеген сұрақтарға тыңғылықты жауап берді. Сайлауалды жұмыстардың нәтижелі жүргізілуіне бағытталған көмектер көрсетті.
Қорыта келе айтарымыз, қоғамдық дамуда, мемлекеттік өркендеуде демократия ұстанымдарын ұстанған еліміздің индустриялық-экономикалық, шаруашылық-өндірістік, тұрмыстық-әлеуметтік және мәдени-рухани жағынан дамуына, қоғамдық татулық пен келісімнің кемелденуіне бағытталған жұмыстарға әлеумет атынан азаматтық бақылау жасау институты – Қоғамдық кеңестердің атқарар жұмыстары жалғаса бермек. Біз сіздерді қоғамдық белсенділік танытуға шақырамыз.

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,
Облыстық Қоғамдық
кеңестің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support