- Advertisement -

Тағылымы мол орталық

86

- Advertisement -

Адам баласының туып-өскен жерге деген сағынышы, сірә басылмас. Кісінің қайда жүрсе де елге қарай аңсары ауып тұратыны да содан. Ал сол мәңгілік сағынышты, зор құрметті өз ісіңмен көрсетіп, атамекеннің көркеюіне атсалысу – үлкен азаматтық. Елбасының «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деген сөзі туған жерді қадірлеуге үндейді.

Бүгінде Ұлт Көшбасшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып, өзінің туып-өскен ауылына, білім алған мектебіне қайырымдылық жасап жатқан түлектер аз емес. Солардың бірі – ғалым Жұлдыз Саурықова. Атап айтсақ, Жұлдыз Саурықова жақында өзі білім алған Жамбыл атындағы мектеп-гимназияға «Рухани жаңғыру» орталығын ашып берді. Орталықты ашуға үш миллион теңге көлемінде демеушілік жасап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қатысып, осы игі іске бастамашы болған Жұлдыз Мейірханқызына алғысын білдірді. Жиынға қатысқан ардагер ұстаздар «Рухани жаңғыру» орталығының жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап айтты.
Мектеп-гимназияның директоры Нұртас Ұзақұлы осында білім алатын 800 бала енді Қазақстанның тарихынан бөлек, Мойынқұм ауданының тарихымен де кеңінен танысуға мүмкіндікке ие болып отыр дейді. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдық тарихы, Керей мен Жәнібектің дана бастамалары, Жамбыл Жабаев, Биназар батыр, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев туралы орталықта дерек мол. Бұл тек жастар ғана емес, осында еңбек ететін 160 қызметкердің де, ауыл ардагерлерінің де бас қосар рухани ордасы болары анық.
Орталыққа арнайы жауапты маман бекітілген. Мектеп мұғалімі Жания Әлменова мектепішілік радио арқылы аталған орталықтың жаңалықтарын жариялап тұрады екен. Шалғай аудандағы мектеп оқушылары үшін осының өзі үлкен жаңалық. «Ауылымызда осындай «Рухани жаңғыру» орталығының ашылғанына қуанамыз. Енді біздің іні-сіңлілеріміз өңір тарихына қатысты мәліметтерді іздесе осы жерден табары анық. Соны түсініп, өзі білім алған мектебіне қолдау көрсеткен Жұлдыз Саурықова апайға рахмет», – дейді мектеп түлегі, «Алтын белгі» иегері Динара Изатілдаева.
Жұлдыз Мейірханқызы алтын ұя мектебіне әр уақытта қолдау көрсетуге дайын. Себебі ел дамуы үшін алдымен жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау қажет дейді ол. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалпы педагогика мамандығы бойынша аспирантураны, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде педагогика мамандығы бойынша докторантураны бітіріп, «Жаңартылған білім мазмұны аясында пәнаралық байланысты жүзеге асырудың педагогикалық шарттары» тақырыбындағы үлкен зерттеу еңбегін қорғаған ғалым ауылдан әлі талай мықты зерттеуші, инновациялық идеяларға бай жаңашыл, талапшыл таланттар шығарына сенеді.
Иә, бүгінде Жұлдыз Мейірханқызының ұзақ жылдардағы ізденістері жеміс беріп, бірнеше монографиялық еңбектері жарық көріп, жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінде кең қолданыс табуда. «М.Ж.Көпеев дүниетанымы және тәлім-тәрбиелік мұралары» атты монографиясы ғылыми ортада үлкен сұранысқа ие. Ал педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қалдыбек Бөлеевпен бірлесіп жазған «Қазақ халқы тарихи тұлғаларының педагогикалық мұралары», «Қазақ тарихи тұлғаларының педагогикасы», «Дәстүрлі келін тәрбиесі», Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, доцент А.Құралұлымен бірге зерттеп, топтастырған «Салт-дәстүрге, тарихқа, дінге байланысты терминдер мен сөз тіркестерінің түсіндірме сөздігі», «Казахские народные приметы и поверья» және тағы басқа оқу құралдары – студенттер мен жас ізденушілерге ғана емес, жалпы ұрпақ тәрбиесіне аса терең талғаммен қарайтын оқырмандар үшін рухани азық.
Сонымен қатар ол – отыздан астам ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы. Ғылыми зерттеулері жоғары көрсеткішке ие, шетелдік және Қазақстан Республикасы білім мен ғылым саласындағы бақылау комитеті тізбесіне енетін басылымдарда жарияланған. Жолдасы екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Өмірлік жары Ерболат Саурықов – филология ғылымдарының докторы, профессор, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры.

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support